Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Темекімен «уланған» жастар көбейіп барады


28 мая 2010, 05:56 | 1 645 просмотров


Таяуда Денсаулық сақтау министрлігіндегі және еліміздің Парламентіндегі бір топ лауазымды тұлға қазақстандықтардың ішінде темекі шегетіндердің жас шамасы жасарып бара жатқанын, мектеп оқушыларының дені темекіге әуестігін және оның қомақты бөлігі тұрақты темекі тартушыға айналғанын, сондықтан да мұндай кеселден құтылудың жалғыз жолы - темекі өндірісіне салынатын салықты 100 пайызға өсіру екендігін айтып, елді елең еткізгендей әңгіме қозғады.

Өкінішке қарай, сол әдемі әңгіме «бықсыды да өшті». Бұл арада мен «темекі өндірісіндегілердің күші басым болды» деуден аулақпын. Өйткені еліміздегі бұл саламен айналысатын жалғыз монополист - «Филип Морис» компаниясы шетелдік. Оның Қазақстан жағынан үлескері бар дегенді естіген жоқпыз. Сондай-ақ темекі егістігімен айналысатын шаруа қожалықтары да біздің экономикада соншалықты маңызды қызмет атқармайды. Ол ол ма, қажет болып жатса, темекі плантациясына бөлінген алқапты басқа дақылдар өсіруге пайдалануға болады. Ел арасында темекі шегушілер «осының зиянын білемін ғой, бірақ бір бастаған соң, қою қиын екен» деген әңгіме айтады. Ал қазіргі әлемдік фармацевтика мен медицина темекі мен адам арасына берік тосқауыл қоятындай ештеңені әлі күнге ойлап тапқан жоқ.

Психотерапевтер мен көз алдаушы емшісымақтар осы салада таныс тауып, майшелпекке кенеліп жүр. Бірақ одан темекі қойып кеткендер мүлде жоқ деуге болады. Темекі - адамзат өркениетінің «санасыз дәуірден» мұраға қалған ең зиянды бір «жәдігері». Оның еш пайдасы жоқтығы, керісінше, зияндылығы әлдеқашан дәлелденген.

Бұл мүлде ақиқатқа жатпайды. Ал алкогольді ішімдіктер мәселесіне келсек, иә, ол мемлекет бюджетінің кірісін толықтырып тұрған бір іргелі сала болуымен қатар, егер бұл салаға салықты өсіріп жіберсек, онда осы нысанда жасырын кәсіпкерлікке жол берілуі ақиқат. Яғни «таяқтың бір ұшын бассаң, екінші ұшы өзіңе тиеді» дегеннің кебі. Мұндайда бәрін есептеп алып, ең дұрыс деген шешімді ғана қабылдау керек. Ал темекіге келетін болсақ, оның «жасанды түрін» шығару мүмкін емес. Әрі-берідесін, жалған кәсіпкерлікпен айналысушы адамдар да ақымақтыққа бармайды.Өйткені бұл саланың табысы араққа қарағанда тиын-тебен болғандықтан жарытпайды, «қолға түсе қалсаң», мемлекетке төлейтін айыппұлды да жаба алмайды. Қорыта айтқанда, Парламенттегі депутат мырзалар осы уақытқа дейін де ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін небір жақсы заңдардың өмірге келуіне мұрындық болып еді.

Бұл жолы да әп-әдемі бастаманы аяқсыз қалдырмас деп ойлаймыз.Өйткені дәл осылай кете берсек, тұтастай ұлтты өкпесі қарайған, мүгедекке айналдыратын кезіміз иек астында тұрғандай. Болашақ қазақстандықтардың ауқымды бір блогі күйінде немесе ана жатырында никотинмен зақымданып жатыр. Яғни бұл жолғы күресте депутаттар «ұлт тағдыры үшін» деген ең маңызды сөзді айтып шыға алады.

Автор:
Таңшолпан БЕКБОЛАТ