Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕДИЦИНАНЫҢ ІСІ – ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ


27 мая 2010, 23:54 | 2 412 просмотров



«Жәрдемнің» көшпелі редакциясы Талғар ауданында

«Жәрдем» үнжариясының кезекті іссапары Талғар ауданы денсаулық саласына арналды. Атқарылып жатқан игілікті істер, халық денсаулығы күзетіндегі адам жаны арашашыларының еңбегі газеттің бүгінгі санында өзіндік орын алмақ.

Статистикадан басталық, бүгінде аталған ауданда 157 мың, мұның ішінде аудан орталығы Талғар қаласында 54 мыңнан астам халық тұрады. Бұл тек ресми деректер ғана дейді ауданның медицина қызметкерлері. Бұларға сапалы медициналық қызмет көрсету мекемелер санына тоқталсақ, аудан орталығындағы балалар және ересектер емханасы, жедел жәрдем көрсету мекемесі және 11 ауылдық амбулатория.

Ауданның денсаулық саласының бүгінгі тыныс – тіршілігі турасында «Талғар аудандық емханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Нұрлан Ғаббасұлы Құлсейітов былай әңгімелейді.

- Ағымдағы жылғы қаңтар айының 27- ші жұлдызынан бастап бұрын бір емдеу мекемесі болып келген аурухана екіге бөлінді. Бұл Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен жүзеге асты. Бүгінде аудандық аурухана өз алдына бір мекеме болып саналса, емхана дербес емдеу орны ретінде жұмыс жасай бастады. Емханаға аудан көлеміндегі бірқатар мекемелер енді. Қаржыландыру облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жүзеге асады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі енгізген жаңа жүйемен облыс көлемінде алты аудан халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Мұның тиімді жағы бар ма деген орынды сұрақ туындайды. Мен оның екінші жағына тоқталып өткенді жөн санаймын. Рас, емдеу орындары бөлінгелі ғимаратымыздың тығыздығы, кабинеттердің жетіспейтіндігі байқалып қалды. Қалыптасқан жұмыс кестесінде де өзгеріс болды.

- Нұрлан Ғаббасұлы, «кадрлар бәрін де шешеді» деген қағида өзінің өміршеңдігін жоғалта қойған жоқ сияқты. Аудан медицина салысының кадрлармен қамтамасыз етілу жайна тоқталсаңыз.

- Сұрағыңыз орынды. Ауданымызда кейбір дәрігер мамандар жетіспейді. Бізге рентгенолог, емханаға бірнеше терапевт қажет. Бірақ, тұйықтан жол тауып отырмыз. Мамыр айының басында Алматыдағы Ұлттық медицина университетінде жәрмеңке болып өтті. Біз соған қатысып, өзімізге керек деген дәрігер – мамандарға сұраныс беріп қайттық.

Орта буын медицина мамандарынан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Себебі, Талғар медицина колледжімен байланысымыз жылдар бойы қалыптасқан.

Бір айта кетерлігі, жас мамандарды толыққанды жұмыспен қамти алғанымызбен, оларға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға келгенде ұяттымыз. Бұл аудан және ауылдық округтер басшыларының еншісіндегі жұмыс дер едім. Тұрғын үй салу үшін жер бөлу, ипотекалық негізде пәтер алуға ықпал жасай аламыз.

Ал ауылдық жерлердегі амбулаториялардың жағдайы жақсы деуге негіз бар. Мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктерге ие. Ғимараттары бүгінгі талаптарға жауап береді. Күрделі және ағымдағы жөндеулерден өткізіліп тұрады. Маман кадрлармен қамтылу деңгейі де жаман емес. Жедел жәрдем көрсететін арнайы көліктері бар. Қазіргі таңда Қайрат және Еңбекші ауылдарында облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа ауылдық дәрігерлік қосынның құрылысы жүргізілуде.

Нұрлан Ғаббасұлы Құлсейітов: 1982 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. Еңбек жолын облыстық ауруханада хирург-дәрігер ретінде бастаған. Бұл емдеу мекемесінде үш жыл жұмыс жасаған Нұрлан Ғаббасұлы Қалқаман ауылындағы ауруханаға бас дәрігердің орынбасары, кейіннен бас дәрігер қызметін атқарады. 2000 жылдан 2005 жыл аралығында Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінде бөлім меңгерушісі міндетін атқарады. Соңғы бес жылда ол Талғар аудандық ауруханасының бас дәрігері, ал ағымдағы жылғы қаңтар айынан бері емхана директоры қызметінде.

«100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталығында жаңа үлгідегі аурухана құрылысы жүргізілуде. Бұл ғимарат алдағы желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Аурухана 150 төсек орындық, ал екі емхана күніне шамамен 300 адамды қабылдау мүмкіндігіне ие болмақ.

- Салаға енген Ұлттық бірыңғай медициналық қызмет көрсету бағдарламасын іс жүзіне асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстар жайында не айтар едіңіз?

- Елбасы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Халық денсаулығы- ол Қазақстанның өзінің стратенгиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі. Бүгін біз медициналық қызметке нәтижелерге бағдарланған қаржыландыру мен ақы төлеу жүйесін енгізудеміз. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімді жүйесі үшін барлық қажетті базалық жағдайларды жасадық» деп атап көрсетті. Бұдан аңғарғанымыз, қазірдің өзінде медицина саласына жан-жақты жағдайлар жасалып жатқандығы. Жаңа медицина мекемелері, ғимараттар салынуда. Олардың соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етуде де оң өзгерістер байқала бастады.

Жаңа бағдарламаның ерекшеліктері әрине жетерлік. Науқас адам емдеу мекемесін, дәрігерді таңдауға құқылы. Бұл емдеу-

ші дәрігерге үлкен жауапкершілік жүктейді.

Бүгінде ана мен бала денсаулығы, туберкулез, бруцеллез, кейбір жұқпалы аурулар жөніндегі көрсеткіш көңіл толтырып отырған жоқ. Деседе, адам денсаулығын қорғауды міндетіне алған ауданымыздың ақ халатты жандары қолда бар мүмкіндіктер мен біліктіліктерін аямауда. Яғни, аудан рейтингісіне әсер ететін көрсеткіштерді төмендетуге барын салуда.

Мен айтар едім, адамның денсаулығы біріншіден оның өзіне тікелей байланысты. Барлығын бір дәрігерге жүктеп қою деген де артықшылық. Халқымыздың амандығы мен саулығы кез-келген ведомствоның міндетіне айналған тұста салауаттылық өмір салты орнығары ақиқат.

- Әңгіме басында қойылған сұрақтың жал-

ғасы болсын. Бүгінде жоғары және арнаулы орта оқу орындары даярлап шығарған жас кадрларға көңіліңіз тола ма?

- Бұл сауалыңызға екі түрлі жауап беруге болады. Біріншісіне келсем, оқу орындарында да білікті оқытушы-профессорлық құрам қалыптасқан. Олар да барын салып, өз міндеттерін атқаруда. Қай ұстаз жаман маман даярласын? Ол олай жасамайды. Яғни, жас мамандардан үміт күтуге болады. Екіншіден, кейбір жастар арасында «әйтеуір бір диплом алсам болды емес пе?» дейтіндер де жоқ емес. Міне солардан жақсы маман шығады деп айта алмаймын.

- Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңызда тек сәттілік болсын!

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ. Талғар ауданы.