Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Деген екен


28 мая 2010, 05:54 | 2 296 просмотров


Атақты «Тас мешін» толғауының авторы Әбіқай Нұртазаұлының баласы Ахметхан Әбіқаев шешен, ақын, домбырашы, әнші, жыршы - сегіз қырлы, бір сырлы кісі еді. Ол кісінің қасында алты ай бірге жүрсеңіз де, бір айтқан әңгімесін екі қайталамай, бірінен соң бірін ағылтатын. Тіпті әңгіме қызығына түскенде, тамақ ішуге де қолы тимей қалатын. Сондайда Ахаң:- Шіркін, кұдай әу баста Ахметхан ғып жаратқан соң, екі ауыз неге бермеді екен, бір аузым сөйлеп отырғанда, екінші аузым тамақ іше берер еді ғой, - дейтін.

1) Бір сөзді бір сөз түртеді

Ахаң бір әңгімеден соң бір әңгімені ағылтады да отырады. Сондайда біз:- Аха, осының бәрі қайдан шыға береді? - деп таңғаламыз. Сонда ол:- Шырақтарым, бір сөздің құйрығын бір сөз түртеді, - дейтін.

2) Сомтемір емес, сым темір

Ахаң бірде ауыл арасында келе жатып, үй арасына керілген сымға соғылып, алдыңғы тістерін опырып алыпты. Мұны естіген Ғалым Сомтеміров деген құрдасы:- Тісіңе не болған? - деп қазбалап сұрай берсе керек. Сонда Ахаң:- Онда нең бар, тісімді опырған Сомтемір емес, сым темір! - деген екен.

3) Өшірет

Ахметхан Әбіқайұлымен ең соңғы рет сексенге аяқ басқан шағында жолықтым. Ахаң ақ таяғына сүйеніп тұрып, ентіге сөйледі:- Қарақтарым, сендер аман болыңдар, біз - өлімнің өшіретінде тұрған адамдармыз ғой!

4) Сақтық

Туған құдам Досан деген кісі қартайған шағында қысы-жазы тоңып ауыратын болды. Сол кісі бір күні кемпіріне:- Егер өліп қалсам, үстіме қара тонымды жаба салшы, - дейді.- Неге? - деп таңғалады кемпірі.- Тоңып қаламын ғой...

5) Жарқанат пен марқа

Үйдің қасына машина келіп тоқтағанын дыбысынан біліп отырған үй иесі баласына:- Бар, сыртқа шығып қарап келші, келген кісілер кімдер екен? - дейді.Баласы сыртқа шығып, қайтып келіп:- Жарқанат пен Марқа ғой, - депті жайбарақат қана.Қонақтар ештеңе түсінбей, аң-таң қалады.Сөйтсе, жарқанаты - қалқан құлақ ауданның прокуроры да, марқасы - Марқабай деген шашы бұйра совхоз директоры екен.Құдіреттің құдіретіНақып деген молда бір күні ойланып отырып-отырып:- Құдай да құдіретті-ау, адамның алақандай бетін өзгертіп шығара береді, шығара береді, - депті.

АйлаӘбіл деген ағамыз бірде машинасымен жүйткітіп келе жатып, бір әйелді қағып өтіпті. Зәре-құты ұшып кеткен ол машинадан түсе салып, әйелдің бетіне үңілсе, еш жері жарақаттанбаған, сап-сау дейді.Енді бұл пәледен қалай құтылудың жолын ойлаған Әбекең:- Қап, мына қатын әлі өлмеген бе, мен мұны қайта қағып өтейін, - деп, машинасына қарай жүгіреді. Осы кезде «әзірейілге де жан керек» деген емес пе, әйел «ойбай» деп ұшып тұрып, қаша жөнеліпті.

Автор:
Дайындаған Ермахан