Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СПОРТ ТЕК ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЕМЕС, СОНЫМЕН ҚАТАР ТӘРБИЕ


27 мая 2010, 23:53 | 3 353 просмотра


Біздің сұхбат

Мемлекеттің ең басты құндылығы адам ресурсы десек, ал адам денсаулығы – қоғамның өлшеусіз байлығы.

Баршаға аян, Елбасы биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласына, оның ішінде саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру мәселесіне үлкен ден қойып, жаңа міндеттерді алға тартты. Әрине, Жолдаудың орындалуы ең алдымен жергілікті жердегі атқарушы органдардың, мекеме басшыларының осы бағыт-бағдардағы жүргізіп отырған саясатына тікелей байланысты. Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Махамбет БЕЙДАЛИМЕН әңгімеде аудандағы осы бағытта атқарылып жатқан нақты шаралар жайында болмақ.

– Махамбет Бейдалыұлы, еліміздің күнгейіндегі бас шаһардың ең ірі әрі элиталық ауданын басқарғаныңызға да біраз уақыттың жүзі болыпты. Әдетте, қай басшы болсын бірінші кезекте экономикалық салаға ден қойып, халықтың денсаулығын, оның тұрмыс сапасын жақсарту мәселесін соңына қалдырып жатады. Сіздің ұғымыңызда салауатты өмір салты дегеніміз не, оны қалай түсінесіз?

– «Халық денсаулығы – ол Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі» деп Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы дәстүрлі Жолдауында атап өткеніндей, шынында да, қоғамның дамуы, әр түрлі бағдарламалардың, мейлі ол мемлекеттік, не мемлекеттік емес болсын, қандай да бір жүйелі істердің жүзеге асуы тікелей адамға байланысты. Оның тұлғалық қасиеттеріне, қабілеттеріне, интеллектуалдық мүмкіндіктеріне, денсаулығына, сайып келгенде, ішкі жан-дүниесіне және өмірлік күшіне тәуелді. Осы тұрғыдан қарағанда, Елбасы айтқандай, салауатты өмір салтын қалыптастыру ең маңызды мәселенің бірі және ол мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып табылады. Елдің денсаулығын көтере отырып, Елбасы халықтың кем дегенде 30 пайызының спортпен айналысу қажеттігін алға тартты. Қалай дегенде де, дене шынықтыру мен спорт, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды рухани тәрбиелеу азаматтар денсаулығын жақсартудағы ең маңызды құралдардың бірі. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезектегі міндеті– барлық тұрғындар үшін қолайлы спорт және дене шынықтыру бағытында шаралар ұйымдастыру.

Әлбетте, ертеңгі күні дамыған, бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көріну үшін халықтың денсаулығын жақсартуымыз керек. Жастарды есірткіден, ішімдіктен, темекіден және басқа да жаман әдеттерден алшақ ұстағанымыз абзал. Бұл әрі әрбір ата-ананың, әрбір отбасының міндеті де.

Бүгінде кейбір адамдардың түсінігінде денсаулық аурухана, емхана, дәрі-дәрмек ұғымдарымен араласып кеткен сияқты. Көп азаматтар өзінің денсаулығын ауыра бастағанда, болмаса бір жері жарақаттанған кезде ғана есіне алады. Сөйтіп, дәрігерге барып, түрлі дәрілерді іше бастайды. Меніңше, мұндай шаралар адам денсаулығын жақсарт-

пайды, тек аурудың әрі қарай дамуын, оның асқынып кетуін ғана тоқтатса керек. Оның үстіне дәрі құрамындағы химиялық заттар бір жағынан емдесе, екінші жағынан зақымдап отырады. Сондықтан, емделуді ғана ойламай, сол аурулардың алдын алу мәселелерін қарастыру қажет. Ол – дене шынықтыру, спорт.

Адамның өмірлік күші немесе өмірлік қуаты деген түсінік бар. Оның деңгейі адамның денсаулығына, психологиялық және көңіл-күйіне, жалпы ішкі жандүниесіне тәуелді болады. Дана халқымыз айтқандай, «Дені саудың – жаны сау». Егер адам әр уақытта дене шынықтырумен айналысып, әр уақытта өзінің денсаулығын түзету үшін түрлі спорт жаттығуларын орындап отырса, ол тек дені сау болып қана қоймай, өмірдің барлық саласында табысты болуына мүмкіндік жасайды. Бірақ, спортпен айналысу керек екен деп мөлшерден тыс дене шынықтыру жаттығуларын жасаудың қажеті жоқ. Әр нәрсенің өзінің жөні, реті болады. Қазіргі таңда бізге салауатты өмір салтын қалыптастыру, оған бұқара халықты тарту үшін арнайы ғылыми-зерттеулер негізінде жасалған сауықтыру бағдарламаларын жасау қажет. Сол бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы стратегиялық міндеттердің бірі – дені сау ұлтты қалып тастыра аламыз.

– Ендеше, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен құрылған Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен байланыстарыңыз қалай? Өйткені, жұмыс жүйелі түрде жүру үшін осындай маманданған мекемелермен жұмыс жасаған, әлбетте, тиімдірек болса керек…

– Дұрыс айтасыз. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін оған қажетті инфрақұрылымды дамыту қажет. Әркім өзінің денсаулығына өзі жауапты. Солай бола тұрса да, бүгінгі күні мемлекет бұл мәселеден шет қалып отырған жоқ. Қазір біз салауатты өмір салтын дамыту үшін, жоғарыда айтқанымдай, ғылыми-зерттеулерге негізделген және халықаралық тәжірибеге сай сауықтыру бағдарламаларын жасауымыз қажет. Осы ретте өзім көп жылдар бойы сауықтыру мәселелерімен айналысып, тиісті бағдарлама жобасын әзірлеумен шұғылданып жүрмін. Халықты сауықтыру бағдарламасы адамдардың денсаулығын жақсартуға, әр түрлі сырқаттардың алдын алуға, спортпен, дене шынықтырумен үнемі және тұрақты түрде айналысуға бағытталған. Жобаның тағы бір ерекшелігі, ол халықты тек спортқа баулу ғана емес, денсаулығы мықты азаматтарды қалыптастырумен қатар, ерік-жігері мықты, өзіне сенімді азаматтарды тәрбиелеп шыға аламыз. Ендеше, спорт тек дене шынықтыру емес, сонымен қатар тәрбие. Егер адамдар спортпен үнемі айналысып, дене шынықтыруда белгілі бір дәрежеге жететін болса, ол оның өзіндік «менінің» өсуіне әсер етеді. Адам спортпен шұғылдану барысында, ең алдымен, өзінің ішкі жан-дүниесімен, осал тұстарымен, әлсіздіктерімен бетпе-бет келеді. Шынығу ол өзінің өмір сүруіне, дамуына, өсуіне кедергі жасап жүрген әдеттерді жеңуге көмектеседі. Сондықтан ауданда спортпен айналысуды насихаттау, сауықтыру үрдісін жүзеге асыру мәселелері ерекше назарда. Бүгінде ауданда орналасқан мемлекеттік органдар, әр түрлі ұйымдармен жоғары және орта білім беру орындарында тұрақты түрде осы сала бойынша жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мектепаралық, жоғары оқу орындары арасындағы спартакиадалар өтеді. Оның жеңімпаздары аудандық, қалалық, керек десеңіз, республикалық деңгейдегі жарыстарға жолдама алады.

Біздің алдымызда, мемлекеттік орган ретінде, бұқара халықты жаппай дене шынықтырумен айналысуға тарту міндеті тұр. Дені сау ел болу – бұл біздің мүддеміз. Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті болу идеясы кеңінен насихатталуда. Ол өзінің бастауын ең алдымен денсаулықтан бастайды. Адам ағзасы әр уақытта қандай да болмасын ауыртпалықтарға дайын болуы тиіс. Дене еңбегімен, тіпті, ой еңбегімен айналысатын адамдар жұмыс барысында бірталай күш жұмсайды. Спорт бір жағынан денсаулық кепілі, екінші жағынан төзімділік қалыптастыру факторы болып табылады. Міне, спорттың осы ерекшеліктерін ескерсек, оның адам өміріне, жалпы қоғамға тигізер пайдасы көп. Сондықтан ауданда спорттық-сауықтыру шаралары жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Мәселен, жыл сайын «Қыр

ғауылды», «Баспалдақ», «Молочные старты», «Ұлан» әскери-спорттық ойыны, «Былғары доп», «Медеу марафоны», «Айналайын қыздар, темекі шекпеңіздер!», т.б. шаралар өткізіліп тұрады.

– Қай басшыға болсын өзі басқаратын ұжым қызметкерлерінен жұмысты талап ету үшін алдымен жағдай жасау керек. Мәселен, сіз басқарып отырған әкімдікте қызметкерлердің спортпен шұғылданып, денсаулықтарын түзеуге қандай шаралар жасалған?

– Соңғы жылдары мемлекеттік басқару саласын, мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту, реформалау мәселелері ерекше назарда тұр. Бұл салада айтарлықтай нәтижелерге де қол жеткіздік. Жалпы мемлекет көп құрылымды, бір-бірімен тығыз байланысқан салалардан тұратын күрделі жүйе болып табылады. Сол жүйенің іс-әрекетін қамтамасыз етіп отырған қозғаушы күштердің бірі – мемлекеттік қызметкер, яғни адам. Қандай да міндеттердің орындалуы адамның мүмкіндіктеріне, әлеуетіне байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінде біздің алдымызда басшы ретінде әкімдікте қызмет жасап жүрген әріптестерімізге өз міндеттерін атқаруға барлық жағдайларды қолайлы етіп жасау қажеттігі тұр. Бұл басқару қағидаттарының бірі болып табылады.

Қызметкерлердің денсаулығы, көңіл-күйі, жалпы олардың эмоциялық жағдайы еңбек өнімділігіне тікелей әсер ететін факторлар қатарына жатады. Мемлекеттік қызметкерлер өз міндеттерін атқару барысында жұмыс уақытында жан-жақтан түскен көптеген ақпараттарды талдап, түрлі шешімдер қабылдайды. Туындаған мәселелерді қарастырып, жалпы еңбек үрдісі барысында біраз күш жұмсайды. Сол себепті шығындалған күшті қалпына келтіру қажеттігі туындайды. Осы ретте біз аудан көлемінде мемлекеттік қызметкерлерді сауықтыру әдістемесін енгізіп, оларды кеңінен дене шынықтыру мен спортқа баулу мәселелерін қолға алдық. Бүгінгі күні аудан әкімдігі ғимаратында тренажерлік зал жұмыс істейді. Онда аппарат қызметкерлері, аудан тұрғындары келіп жаттығуда. Сонымен қатар, аптасына екі рет жұмыс уақытынан кейін спортзалда футбол, волейбол ұйымдастырамыз және де әр сенбі сайын аппарат қызметкерлерімен «Тереңқұр» өзені бойымен жаяу жүрумен, жүгірумен айналысамыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ