Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Ұят пен Ар қымбат…»


28 августа 2017, 05:04 | 2 130 просмотров



Қазақтың тарих сахнасында екі ғасырдың заманауи оқиғаларының куәгері болған  Қаздауысты Қазыбек би. 1667 жылы Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданында дүниеге келген. Даңқты бидің туғанына биыл 350 жыл толып отыр. 18 жасынан, яғни XVІІ ғасырдың жаугершілік заманында мемлекеттік істерге араласа бастайды. Тәуке хан кезінде «Жеті жарғы» әдет-ғұрып, салт-дәстүр заң кодексін жасаушылардың жетекшісі атанған ірі тұлға. Өз заманында Қазақ хандарының ақылшысы, мемлекетаралық шиеленістерді бейбіт жолмен шешуді жақтаған парасатты елші-мәмілегер.

Ол бір ел басына түскен ауыр жылдар еді. 1723-ші жылы қазақ жерін жоңғар қонтайшысы Цевен Рабданның балалары Қалдан Церен мен Шона Доба жүз мың қолмен тұтқиылдан шауып, Жетісудың шығыс жағын, Шығыс Түркістанды басып алды. Сөйтіп қазақ халқын «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратты. Бұған дейін қазақ жерінің Шығысын, Оңтүстігін, Оңтүстік батысын қалмақ-жоңғар шапқыншылары жаулап алған болатын. Осылай қазақ елінің тағдыры қыл үстінде тұрған кезде Қазыбек би Төле би мен Әйтеке биді Ұлытаудың Арғанаты тауының етегіндегі «Сырғанақ тастың» түбіндегі «Балбұлаққа» шақырады. Үш би ақылдасып, қазақтың ел болып қалу тағдырын әңгімелеріне арқау етеді.Біз Қаздауысты Қазыбек биді қай жағынан алып қарасақ та оның бір адамның бойына сыймайтын бірнеше қасиетін көреміз.Ә дегенде, оның өз елін өз жанынан артық көретінін байқаймыз.Екіншіден, ол асқан шешен, ақын, ұшқыр ойлы көреген кісі.Үшіншіден, ел басқарып, қиындықта жол тапқан әділ қазы.Төртіншіден, ол халықаралық дәрежедегі елші-дипломат, қоғам қайраткері.Бесіншіден, көріпкел-әулиелік қасиеті тіптен таңғалдырады.Бірде жаугершілікте Қазыбек би жоңғардың Қоңтәжі хонтайшысына барымта дауына байланысты барғанда былай деген екен:– Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз, досымызды сақтай білген елміз, дәмі, тұзын ақтай білген елміз. Атадан ұл туса құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызын құл-күң ғып отыра алмайтын елміз, – деп Қазыбек одан әрі белгілі толғауын тақпақтап кетеді.– Сен темір болсаң, біз көмірміз, еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз, танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға келмесең, шабысқалы келгенбіз, сен қабылан болсаң, біз арыстан, алысқалы келгенбіз, жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз, бітім берсең жөніңді айт, бермесең соныңды айт, – депті.Өзінің жеңілгенін Қонтәжі хонтайшы кейін мойындап:– Сендер білген жоқсыңдар! Сөзді өңменімнен сұғып айтқан кезде, екі иығынан екі аю аузынан от шашып, «тыпыр етші, көрейін» деп тұрды. Мен содан қатты сескендім. Сендерге көрінбегенмен маған көрінді. Менің енді бұған қайтарып айтар сөзім жоқ, мал мен жанын есептеп, алдына салып беріндер, – депті.Қазыбектің табандылығы мен тапқырлығының арқасында ғана осы сапарда қазақ елшілері теңдікке жетіп, қалмақ шапқыншылары байлап әкеткен адамдарын, айдап әкеткен малдарын қайтарып алып қайтады.Шоқан Уәлихановтың «XVІІІ ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген мақаласында «Үш жүздің батырларынан сіз кімді артық көресіз?» деп Абылайдан сұағанда, ол «Бізге дейінгі екі кісіге таңғалуға болады. Олар тоқсан туысын тұтқыннан құтқарып алған Қаракесек Қазыбек және тағы сондай өзінің тұтқында кеткен адамдарын босатып алған Уақ Дербісәлі» деп жазылған.Қазыбек бидің сөзі естіген адамға ерекше әсер ететіні оның сирек кездесетін аса жағымды үні екен.«Қоңыр қаздың дауысындай болып қарсы алдындағы жотаға естіледі екен» дейді. Халық оны «Қаздауысты Қазыбек» атағаны да сол себептен болар.Бірде үш жүздің адамдары бас қосып, ақылдасатын бір мәселе болып, ел ағасы деп Төле бидің алдына келіпті. Төле би:– Уа, әлеумет, осы аттың күші қай жерінде, – дейді. Сонда біреу «Аттың күші алдында», біреуі «Аттың күші артында», енді біреу «Аттың күші алдында да, артында да емес, ортасында» дейді. Төле «Ортасында» дегенге қарап:– Аттың күші ортасында болатын себебі қалай? – дейді.– Бас басшы, ат қосшы, астында төрт тіреуі бар, ортасы арқалық емес пе? – дейді соңғы айтушы. Тағы да Төле:– Бұрынғылар айтқан екен, «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Ел үшін үш жаққа тартып, дау бітімі бытырамасқа «Төбе би» атап қойса қалай болар еді? – дейді.Оған қауым дұрыс дейді. Бірақ төбе билікке талас болады. Ұлы жүз «Біз боламыз, өйткені жасымыз үлкен ағамыз», Кіші жүз «Біз боламыз, өйткені қара шаңыраққа иелік жолымыз үлкен» дейді. Сонда манағы аттың күші ортасында деген жігіт:– Аға төреші болмайды, алдында қай­мығары жоқ, іні төреші болмайды, артында қайырылары жоқ. Айбар қылар алдында ағасы бар, қаймығарлық артында інісі бар, екі жағынан да қаупі зор, сол себепті әділ айтатын төбе билік ортаншы ұлға лайық! – дейді. Төле сонда жігіттерден жөн сұрайды. «Аттың күші ортасында» деген Қаракесек Қазыбек болып шығады.Қазыбек биге бір адам: «Кім жақын, не қымбат, не қиын?» дегенге жауап беріңізші деп қиылыпты. Сонда атақты би былай деп жауап қайтарған екен:Тату болса – ағайын жақын,Ақылшы болса – апайың жақын.Бауырмал болса – інің жақын,Инабатты болса – келінің жақын.Сыйлас болса – нағашың жақын,Адал болса – досың жақын.Еркелейтін немерең жақын,Өз ұрпағың шөберең жақын,Бәрінен де әйелің жақын.Құт-берекең атаң қымбат,Аймалайтын анаң қымбат,Мейірімді апаң қымбат,Туып-өскен елің қымбат,Кіндік кескен жерің қымбат,Ұят пен Ар қымбат,Өзің сүйген жар қымбат.Арадан шыққан жау қиын,Таусылмайтын дау қиын,Шанышқыласа сөз қиын,Жазылмаса дерт қиын,Іске аспаған серт қиын,Ақылыңнан адасыпӨзің түскен өрт қиын.Тентек болса ұл қиын,Не істеріңді біле алмай,Ашиды сонда бас – миың.Қазыбек би бата бергенде былай деген екен:Өркенім өссін десең,Кекшіл болма –Кесапаты тиер еліңе.Елім өссін десең,Өршіл болма –Өскеніңді өшірерсің.Басына іс түскен пақырғаҚастық қылма –Қайғысы көшер басыңа.Жанашыры жоқ жарлыға,Жәрдемші бол асыға.Қиын-қыстау күндерде,Өзі келер қасыңа.Бүгін сағы сынды деп,Жақыныңды басынба!Қанша ғасыр өтсе де Қазыбек бидің нақыл сөздері өзекті.Билік айтып, заң шығарумен айналысқан, дипломатиялық істерге араласқан, Қазақ халқының рухани көсемі деңгейіне көтерілген тарихи тұлға Қазыбек бидің есімі туған халқымен бірге жасай береді.

Серік ТІЛЕУБАЕВ,ҚР Мәдениет қайраткері,ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі

Автор:
anatili.kazgazeta.kz