Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Құстар біздің досымыз


28 августа 2017, 05:02 | 2 695 просмотров



Құстардың адамның рухани өмірінде алатын орны ерекше. Қазақстанның «Қызыл кітабына» құстардың 57 түрі тіркелген. Еркіндіктің нышанына айналған құстар адамзат баласына жақын ғажайып жаратылыс иелері. Құстар ауыл және орман шаруашылығы үшін зиянды жәндіктерді жеумен қатар, олардың санын елеулі дәрежеде азайтушылар қатарына жатады. Мысалы, үлкен сары шымшық балапандарына күніне 350-390, қызыл құйрық торғай 220-240, тоқылдақ 300 рет жем әкеліп береді екен. Балапандарын қоректендіріп қана қоймай, құстар бау-бақша, егіс, орман ағаштарын зиянкестерден де қорғайды. Ауыл шаруашылығы зиянкестерінің бірі – тышқандар көбейген кезде ақсары күніне – 14, күйкентай – 9, жапалақ – 12 тышқанды қорек етеді. Мамандардың есебі бойынша, бір тышқан жылына 2 килограмға дейін астықты құртатындығын ескерсек, жыртқыш құстардың адамдар үшін қаншалықты пайдалы екендігіне көз жеткізе түсеміз. 

Бүгінде жәндіктермен қоректенуші қанаттыларды ауыл шаруашылығы дақылдары егістігінің маңына ­топтастыру маңызды міндет болып отыр. Зиянды жәндіктермен күресу үшін құстарға ұя жасау, арнайы тамақтандыру алаңдарын әзірлеу қажет. Әсіресе ағаш дің­гегінің қуыстарына ұялайтын шым­шықтарды, қаратамақ торғайларды, шы­бынқаққыштарды және т.б. құстарды бау-бақшаларға үйір ету керек.Бұрын жыртқыш құстарды аңшы­лық кәсібінің басты жауы деп санаған. Сондықтан адамдар басқа құстарды жеп шығынға ұшыратады деп олардың көздерін құртып отырған. Кейін келе жыртқыш құстардың қоршаған ортадағы рөлі айқындалып, олардың зиянды кеміргіштердің санын реттеп отыратындығы белгілі болып, қорғауға алынды. Атуға рұқсат берілмеді. Жыртқыш құстарды қолда көбейтіп, содан кейін табиғатқа жіберу, ­азайып бара жатқан құстардың санын қалпына келтіруде жақсы нәтиже беруде. Жырт­қыштар мен оларға қорек болатын құстардың арасында өзара тепе-теңдік болу керек, өйткені олар тіршілік етуі үшін бір-біріне себепкер болады.Улы химикаттарды пайдалану жырт­қыш құстардың өміріне қауіпті. Ал концентрация мөлшерінің көп ­болуы олардың көбеюіне кедергі болады. Адамдардың тікелей немесе жанама әсерлерінен жыртқыш құстар түрлерінің сиреуі де арта түседі. Осындай олқылықтардың орын алуына жол бермеуіміз керек.Қазіргі таңда көптеген елдерде қырғауылдарды, құрларды, бөденелерді, үйректерді қолда ұстап, оларды аңшылық өңірлерге жіберіп отырады. Польшада аңшылық шаруашылығында және арнайы қырғауыл өсіретін жерлерде жүз мыңға дейін қырғауыл өсіріп, соның елу мыңын жылма-жыл аңшылық өңірлерге жібереді. Францияда аңшылық құстарды ауыл шаруашылығында көбейтеді. 1968 жылы осы шаруашылықта шамамен фазанның 2 млн жұмыртқасы мен балапанын, 1,6 млн бөдененің және 1 млн жабайы үйректерді дайындап берді. Олар жылына аңшылық өңірлерге 2,5 млн қырғауыл және 0,4 млн құрларды жіберіп отырады.Аңға құс салу аңшылардың, құсбе­гілердің ежелден келе жатқан ата-кәсібі. Әсіресе сұңқармен, қаршығамен, бүркітпен Орта Азияда, Қазақстанда, Кавказда кейбір Еуропа елдерінде аң аулау күні бүгінгі күнге дейін маңызын еш жойған емес. Құстардың әуесқой және спорттық аңшылардың нысаны ретінде де маңызы бар. Мұның өзі адамды сергітіп, еңбекке қабі­леттілігін, денсаулығын жақсартады. Кәсіпшілік мәніне ие құстар көптеген елдердің экономикасында елеулі орын алады. Еркін аулау, аңшылық өңірлерінің азаюы, қоршаған табиғи ортаның ластануы, улы химиялық заттарды пайдалану секілді теріс әрекеттердің салдарынан аталмыш құстардың қоры азаюда.Біздің елімізде аңшылық маңызы бар құстарды қорғау шаралары қолға алынған. Олардың сирек кездесетін түрлерін аулауға тыйым салынған, ату мерзімі мен мөлшері де белгіленген. Мезгілсіз, рұқсат қағазынсыз ататын адамдармен күрес, аңшылық кәсіптің өнімділігін арттыру үшін биотехникалық шараларды іске асыру, аңшылық өңірдегі құстардың санын арттыру, ұяларды қорғау және т.б. шараларды ұйымдастыру дұрыс жолға қойылған. Аңшылық құстардың санын арттыруда тек қорықтар­мен шектеліп қоймай, бірнеше жыл қатарынан аң аулауды тоқтатқан қорық­шалар ұйымдастырылып, аңшы­лық шаруашылықтарда олардың сан мөлшері реттеліп отырады.Қорыта айтқанда, аңшылар ен далада бүркітті немесе буаз түлкіні бақылау­сыз ататын шоферлер мен тракторис­терді, геологиялық экспедицияның мүшелерін, атуға тиым салынған жануарлар арасынан өзіне олжа іздегендерді жөнге салып отыруы тиіс. Аңшылық ережелерді сақтау, аң-құс қорын қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ететін елеулі шаралардың бірі екенін естен шығармағанымыз жөн.

Нұржан МОЛДАХАНОВ,Махамбет Өтемісов атындағыБатыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты

Автор:
anatili.kazgazeta.kz