Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Николай трошин: қазақ тілін үш айда үйрендім


24 августа 2017, 08:24 | 2 156 просмотров



Еліміз егемендік алғалы 26 жыл болып қалды. Экономикада, мәдениетте ұлан-асыр табыстарға жеттік. Қаланың да, ауылдың да бет-бейнесі түбегейлі өзгеріп, әлемдік өркениеттің озық үлгілеріне қол жеткіздік. Сөйтсе де өзіміздің қаракөз бауырларымыз тарапынан мемлекеттік тілімізді меңгеруге керенау көзқарасты байқағанда еріксіз қынжылады екенсің. Сондағы айтар уәжі – «Орыс мектебінде оқып едім», «Тіл үйренуге уақытым жоқ». Керісінше өзімізбен қатар еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдерінің қазақша сайрап тұрғанын немесе ойын қағазға іркіліссіз түсіретінін көріп, еріксіз сүйсінесің. Солардың бірі – Мәртөк аудандық ішкі істер бөлімінде жол-патрульдік полицияға жетекшілік ететін аға лейтенант Николай Викторович Трошин. 

Атауы айтып тұрғандай жол-патрульдік полиция қызметінің адамдарында бос уақыт бола бермейді. Беймаза тірлікте шыңдалған біздің кейіпкеріміз кішіпейіл, ақжарқын жігіт екен. Тілегімізді жықпай сауалдарымызға сыпайы жауап қайтарды. Ресей Федерациясында неміс отбасында туып-өсіпті. Мектепте оқып жүргенде әкесінің қызмет ретімен Мәртөк ауданындағы Хлебодар ауылына көшіп келген, осында орыс мектебін тәмамдайды. 2000 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырылды.– Дәм-тұз Тараз қаласынан бұйырды, – дейді ол. – Батальонда бірге қызмет ететіндер түгелімен қазақ жігіттері. Ортасында жалғыз неміс – мен. Бұйрықтар, басшы құрамның пәрмен-талаптары бірыңғай қазақша, орыс тілінде сөйлеп тұрған ешкімді көрмедім. Содан намысқа тырысып, тіл үйренуге мойын бұрдым.Бір шаруаның соңына түскен адам межеге жетпей қоя ма? Николай алғашқы айда-ақ қазақша әңгімені түсінетін жағдайға жетті, бірте-бірте өзі сөйлеуге бейімделген. Бас-аяғы үш айда толық меңгеріп шығады, мемлекеттік тілде ән шырқайтын да болды. Батальондағы сарбаздар елгезек, көпшіл жігітті бауырына тартты. Мұндай құрмет оны бөлімше командирлігіне көтерді.Әскери борышты аман-сау өтеп, оралғанда ауылдастары таңданысын жасыра алмапты. Қазақшасы судай азамат еш іркіліссіз күзет басқармасында қызметке қабылданған. Соңғы үш жылдан бері Мәртөк аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етіп жүр.– Жол патрулін полиция айнасы десек қателеспейміз. – Трошин әңгімесін байыппен жалғастырды. – Біздің сала қызметкерлері тәуліктің қай уақытында да халықтың көз алдында жүреді. Күтпеген жерден жүрек ауыртар оқиғаларға кезігесің. Мұндайда сабырмен қимылдау керек. Әртүрлі жарақат алған адамды медициналық емдеу мекемелеріне жеткіземіз. Орыс тілімен қатар қазақшаны меңгеріп алғанымның көп пайдасын көрдім.Николай – полиция қызметінің қатаң тәртібіне әбден көндіккен азамат, сонымен бірге үлгілі отбасы иесі. Балаларының үшеуін де қазақ балабақшасына берген. Ол өмірлік қосағы – орыс қызының тұрғылықты халыққа, оның салт-дәстүрлеріне деген ізет-құрметін сүйсіне айтады. Үйде аптасына бірнеше рет қазақша ет асу, бауырсақ пісіру дағдыға айналыпты. Перзенттері қазақ балабақшасында қазақша ән шырқайды, тіпті бата беруге де машықтаныпты, үйді өздері жинап, тазартады, әке-шешенің ақылымен қоқысты арнайы жәшіктерге салады, осыдан келіп өздерінде тазалыққа құмарлық қалыптасатынын түсінген.Трошиннің бізге ұнаған тағы бір пікірі – бірыңғай қазақтар жиналған ортада ұлты өзге бір немесе екі адам болған жағдайда бірден орысша сөйлеу дағдыға айналғанын жақтырмайды екен. «Қазақстан сияқты бейбіт, тыныш мемлекетте өмір сүріп жатқанда, айналасындағыларға тек жақсылық ойлайтын қазақтардың ортасында жүргенде сондай көркем елдің мемлекеттік тілін меңгеру парыз емес пе?» дейді ол. Шіркін, әрбір отандасымыз осылай ойласа дейсің…