Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Келер нәрестелер дүниеге...


24 мая 2010, 12:11 | 1 681 просмотр



Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі Жолдауларында әлеуметтік саланы дамытуды, ана мен баланы қолдауды негізгі мақсаттың бірі екенін айқындап отыр. Жолдаудан туындаған тапсырмалар аясында аталмыш салада қордаланып қалған көптеген түйткілді мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр.

Бұған ең алдымен, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерінің жыл сайын ұлғайып жатқаны септігін тигізуде. Алысқа бармай-ақ, Елбасының былтырғы Жолдауын алайық. Онда Президент 2009-2011 жылдарға арналған жаңа үш жылдық бюджетті мемлекеттік әлеуметтік және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін 2009 жылдан бастап жыл сайын орта есеппен 9 пайызға арттыруды; сәби бір жасқа толғанға дейін күтіп-бағуға берілетін ай сайынғы жәрдемақыны 2010-2011 жылдары кезең-кезеңмен өсіруді, орта есеппен алғанда 2007 жылғы жәрдемақының мөлшерінен 2,5 есеге арттыруды; 2010 жылдан бастап 4 және одан да көп балаға берілетін біржолғы жәрдемақылардың мөлшерін 2007 жылға қарағанда 4 еседен асыра өсіруді тапсырған еді. Үкімет Елбасының бұл тапсырмасын тиянақты орындады. Бұл - кім-кімді де қуантарлық жайт. Бірақ әлі де ескерілмеген тұстар көп. Мысалы, статистикалық мәліметтердегі некеге тұрған әйелдердің орташа жасы 24 жас болса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 27 жасты құрайды екен. Ал басқа статистиканы, яғни құрылған отбасылардың (әйелдердің) бала тууының орташа көрсеткіші 30 жас. Статистика отбасын құрған жандардың өзі балалы болуға асықпайтындығын көрсетіп отыр. Бұл - өте жағымсыз көрсеткіш. Себебі әйелдердің физиологиялық құрылымын ескерсек, 18-25 жас аралығы - бала көтеруге ең ыңғайлы шақ. Ал 30 жастан кейінгі аналардың бала туу мүмкіншілігі азайып, дені сау баланы дүниеге әкелуі қиындай түседі. Алматы қаласы бойынша, осыдан 8-10 жыл бұрын жастардың жыныстық қарым-қатынасқа түсуі 16 жастан басталса, бүгін бұл көрсеткіш 12 жасқа дейін жасарған. Яғни 12 жастан бастап жыныстық қарым-қатынасқа түскен қыз-бозбалалар 24 жаста жанұя құрса, 12 жыл ішінде түрлі жұқпалы ауруларды жұқтыратындығы ғажап емес. Яки олардың ұрығы сапасызданып, құрсағы «сүрленген». Біздің балаларымызды «тәрбиелейтін» көгілдір экраннан төгіліп жатқан зорлық-зомбылыққа толы көріністер екенін біле тұра, ештеңе істей алмай отырғанымыз қынжылтады. Оған темекі шегу, арақ ішу, дұрыс тамақтанбау, ұйқы тынышсыздығы, жүйке әлсіздігі қосылар болса, жастарымыздың арасында дені саулары бар ма екен деп, тағы бас қатырасың. Жастар оқу оқиды, жұмысқа тұрады, отбасын құруға тіпті де асықпайды. Неге? Олардың берер жауабы - «өз басымды асырай алмай жүргенде, бала мен әйелді қайтіп асыраймын». Дәлірек айтқанда, жоғары оқу орындарында оқитын жастар арасында, сауалнама жүргізіп көргенімде, күнкөріс (азық-түлік, жол жүру, пәтер жалдап тұру, киіну т.с.с.), ақпарат алу (интернет, ұялы байланыс) құны өте қымбат.

Автор:
Cалтанат БАЙҚОШҚАРОВА, Адам ұрпағын өрбіту институтының директоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі