Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Елімізде 4,2 миллион адам темекі шегеді


24 мая 2010, 12:08 | 1 776 просмотров



«Қазақстан заңнамасын Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясына сәйкес үйлестіру» деген тақырыпта Парламент Мәжілісінде өткен жиында темекіге қарсы күресте заң қабылдауда Қазақстанның ТМД елдерінің көшбасында тұрғандығы атап көрсетілді.

Отырыста халық қалаулысы Д. Нөкетаева: «Елімізде 4,2 миллион азамат темекі шегеді. Қазақстандықтардың темекі тұтыну деңгейі соңғы жылдары күрт артты. Бүгінде трансұлттық темекі өндіретін корпорациялар әрбір қазақстандыққа күніне 7 темекі бере алатын жағдайға жетті» -десе, депутат Г.Сейітмағамбетова Қазақстандағы темекі өнімдеріне салынатын салықтардың төмендігі балалар мен жасөспірімдер арасында шылымқорлар санының артуына ықпал етіп отырғанын тілге тиек етті. «Темекі өнімдеріне салынатын салық көлемі елдегі барлық салықтардың 28 пайызын құрайды. Ал темекі өнімдеріне берілетін акциздің бағасы не бары 11 пайыз. Осыған дейін елімізде темекі өнімдерін 40-50 теңгеге сатып алуға болатын еді. Соңғы рет аталмыш өнімдердің бірқатарының бағасы көтерілді. Бірақ бұл мүлдем аз. Темекі баға

сының 20-ақ пайызға көтерілуі мемлекетке емес, керісінше темекі өндіретін компанияларға тиімді болып отыр», - деді ол. Г.Сейітмағамбетованың айтуынша, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерде темекіге салынатын салық 55 пайыздан кем емес. Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымы темекі өнімдеріне салынатын акциздердің деңгейі бойынша Қазақстанның ТМД мемлекеттері арасында 10-шы, ал жалпы салынатын салық бойынша 12-орында тұрғандығын айтып отыр.

Дөңгелек үстелде Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының «Темекісіз өмір» жаһандық бастамасының директоры Д.Бетчерд темекі өндіретін компаниялардың қандай да бір іс-шараларға демеуші болуына тосқауыл қою керектігін мәселе етіп көтеріп, «Қазақстан темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салу, арнайы белгіленген орындарда ғана темекі шегу сияқты темекіге қарсы бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырды. Алайда Қазақстан тарапынан қолға алынуы тиіс тағы бір мәселе бар. Темекі өнімдерін өндіретін компаниялар демеушілік көмек көрсету арқылы өздерінің өнімдерін өткізудің амалын тауып жүр.

2006 жылы Парламент Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясын заңды түрде бекітіп, «Жарнама туралы» заңға темекі өнімдерін жарнамалауға қатаң тыйым салынатыны туралы құқықтық негіз берді. Ізінше «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданды. Темекіге қарсы күресте атқарылып жатқан іс-шаралардың барлығы жоғарыда аты аталған конвенция мен кодекс негізінде жүргізіліп жатыр.

Автор:
Қанат МАХАМБЕТ, Астана