Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тәуелсіздігімізге еш нұқсан келмейтінін кесіп айтамын


14 мая 2010, 11:57 | 1 471 просмотр



Біздің сұхбат

- Бисенғали Шамғалиұлы, дағдарыстан кейінгі даму тұжырымдамасы бекітілді. Нақты және қаржы активтері рыногында болуы ықтимал көпіршіктердің алдын алу, оны болдырмау, қаржы секторының тәуекелдігін барынша төмендету механизмдерін жасау керек екені тұжырымдамада атап тұрып көрсетілді. Осы тұрғыда Ұлттық Банк мойнына қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуде үлкен жауапты шаруа жүктеліп отырғаны белгілі. Бұл Ұлттық Банктің рөлі бұрынғыдан да күшейтілді деген сөз бе?

- Қаржы жүйесін дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасы қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге және макропруденциалдық реттеуді жүзеге асыруға жауапты орган ретінде Ұлттық Банктің рөлі күшейтілді деп есептеуге болады. Бұдан былай қаржы секторын реттеу және жүйе құрайтын қаржы институттары бойынша шешімдер қабылдауға белсенді түрде қатысады. Яғни реттеудің негізгі бағыттары мен реттеуші шаралардың мақсатты параметрлері жасалады. Егер бұрын қаржы жүйесін, атап айтқанда, банк секторын реттеу кезінде қаржы және нақты секторлардың арасындағы өзара байланыс ескерілмей келген болса, қазіргі кезде әзірленіп жатқан реттеу моделі бойынша экономиканың қаржы секторында да, сонымен қатар нақты секторында да оқшауланған барлық тәуекелдер кешені ескерілетін болады. Макропруденциалдық реттеуді пайдалана отырып, қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері проблемаларды жүйелі түрде көруді есепке ала отырып, кешенді түрде шешілетін болады.

- Макропруденциалдық реттеудің ерекшеліктерін таратып айта кетсеңіз...

- Оның ерекшелігі - экономика тәуекелдерінің барлық нақты және қаржы секторларының, жүйе құрайтын институттардың, активтер нарығындағы «көпіршіктерді» болдырмаудағы өзара іс-әрекеттерге баса назар аударылатындығында. Ұлттық Банк қаржы жүйесінің тұрақтылығына ықпал ететін барлық факторларды есепке ала отырып, реттеудің жалпы бағыттарын және мақсатты параметрлер жасайтын болады. Ал оны техникалық деңгейде жүзеге асырумен және реттеу рәсімдерін әзірлеумен өз кезегінде Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарының жұмысын реттеу мен қадағалау агенттігі айналысады. Мұндай тәсіл бір жағынан, Ұлттық Банктің ресурстарын барынша тиімді іске қосуға мүмкіндік берсе, екіншіден, екі ведомствоның жұмыс істеу барысында бірін-бірі қайталамауын қамтамасыз ететін болады.

- Ұлттық валютаны белгіленген дәлізден шығармай отырудан біз не ұттық? Аталған шара өнімдеріміздің шетелдерге экспортқа шығарылуын ұлғайтуда қалай көрініс табуда?

- 2009 жылы теңгенің ауытқуын белгіленген дәлізден шығармай ұстап тұру ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін мойындау керек. Ең алдымен бұл ішкі валюта нарығында тұрақтылықтың орнығуына жағдай жасап, дағдарысты құбылыстардың ары қарай таралуына тосқауыл болды. 2009 жылғы ақпанда теңгенің құнсыздануынан кейін халық та, кәсіпорындар да жаңа бағамға бейімделе білді. Тұтастай алғанда, шетел валютасы нарығындағы ахуал тұрақты болды. Сонымен қатар ресми түрде жарияланған бұл валюталық дәліз бақылау мен басқаруы өте қиынға түсетін құнсызданулардың азаюына да жағдай жасады. Теңгенің айырбас бағамына қысымның күшеюіне дейін алып баратын валюталық алып-сатарлардың белсенділігін төмендетті де. Естеріңізде ме, өткен жылы доллардың айырбас бағамы өсіп кетпекші деген дақпырт көтерген жағдай бір-екі рет қайталанып, арандауға түсіп қалғандардың да біраз болғаны. Яғни халықтың арасында дүрбелең тудырып, өз ұпайларын түгендеуге тырысатын алып-сатарлар бүгінде тыныш тапты.

Бірнеше ай қатарынан бағамның тұрақты болуы халықтың теңгеге және тұтастай алғанда, банк жүйесіне сенімін арттыруға ықпал етеді. Тұрақты бағам экономиканы дамыту үшін маңызды. Ішкі өндіріс дамиды және халықаралық сауда қатынастарында, бірінші кезекте ұзақмерзімді келісімшарттарда тұрақтылық кепілдігі болып табылады. Сондай-ақ төлем балансының жағдайына, халықаралық резервтер деңгейінде, қаржы нарығына қатысушылардың сенімдері мен күтулері деңгейіне қолайлы ықпал жасайды.

- Бисенғали Шамғалиұлы, кейбір сарапшылар елде шын мәнінде инфляцияның болатындай еш мүмкіндігі жоқ, айналымда қобырап, бос жүрген мол қаржы да жоқ, біздегі инфляция өндірістік шығындардың көптігіне қарай туындауда дегенді алға тартады. Техника тозған, жаңа инновациялық технологиялар енгізілмейді, соған орай өнім бағасы да қымбат дейді. Сіздің пікіріңіз?

- Жалпы, инфляция экономикалық, саяси, әлеуметтік және көптеген басқа факторлар ықпал ететін күрделі және сан қырлы процестерді білдіреді. Экономикадағы тауарлар мен қызмет көрсетулердің бағалары өссе, инфляция болады деген сөз. Яғни инфляция сұраныс пен ұсыныс арасындағы баланстың үйлесімсіздігін көрсетеді және ақшаның құнсыздануынан көрініс табады. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы мен зейнеткерлердің зейнетақысы, студенттердің стипендиясының көлемі өсірілгенін жақсы білесіздер. Яғни сұраныс көлемі өсуі мүмкін.

Әрине, өндірістің өнім шығару процесінде шығын көп болса, өнімнің бағасының жоғары болуына ықпал жасайды. Сондықтан мен сарапшылардың бұл пікірімен келісемін. Яғни өндірісшілер шығарған шығындарын тұтынушылар қалтасы есебінен өндіріп алуға ұмтылады. Тұрақты және теңдестірілген даму туралы Елбасы биылғы Жолдауында таяудағы онжылдықта жеделдетілген әртараптандырулардың және ұлттық экономиканың бәсекелестік қабілетін арттыру мен еңбек өнімділігінің күрт өсуін беруге тиісті еңбек өнімділігінің кешенді өсуі есебінен қамтамасыз етілетінін айтты. Бүгінде экономиканы әртараптандыру, оны жаңа техника және озық технологиялармен қамти отырып, индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруға еліміз кірісіп те кетті.

- Дағдарыс кезінде ҰБ екі майданда бірдей күрес жүргізгені белгілі. Біріншісі - инфляцияны ауыздықтап ұстау, екіншісі - ұлттық валютаның ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету. Бұл мақсаттарды жүзеге асыруда қандай шаралар тиімді болды деп ойлайсыз?

- Шындығында да Қазақстан дағдарыс кезінде бірқатар проблемалармен бетпе-бет келді. Ахуалдың нашарлағаны қаржы нарығында да, сонымен қатар нақты секторда да байқалды. Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесе отырып, теңгенің айырбас бағамының тұрақтылығын, еліміздің қаржы секторының тұрақтылығы мен баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған алдын ала шаралар қабылдады. Алдын ала қабылдаған шаралардың алға қойған мақсаттарға қол жеткізумен айқындалатынын айта кетуге тиіспіз. 2009 жылы Қазақстанда макроэкономикалық ахуал экономикалық өсімнің төмен болғанына қарамастан, 2007-2008 жылдармен салыстырғанда үлкен тұрақтылықпен сипатталды. Бірнеше жыл қатарынан болған едәуір өсімнен кейін (жылына шамамен 10 пайыз) нақты ІЖЈ 2009 жылы алдын ала деректер бойынша 1,2 пайызға өсті.

Экономикада инфляциялық жағдай 2009 жылы ең төменгі деңгейде қалды. 2009 жыл қорытындысы бойынша, 6,2 пайыз деңгейінде қалыптасты. Соңғы бірнеше жыл қатарынан ең жоғары деңгейге (20,1 пайыз) жеткен 2008 жылдың тамызындағы инфляциямен салыстырғанда 3 еседен астамға төмен болды.

2009 жылғы ақпанда жүргізілген теңгенің құнсыздануы төлем балансының жағдайын жақсартуға, елдің алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік берді. Бұдан басқа ішкі валюта нарығындағы және банк секторындағы ахуал тұрақтандырылды. Осы шаралар Ұлттық Банкке 2010 жылғы 5 ақпаннан бастап теңгенің ауытқу дәлізін кеңейтуге мүмкіндік берді: 150 теңге/доллар (+) 10% немесе 15 теңге, (-) 15% немесе 22,5 теңге.

Қазір біз мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп отырған заңды тұлғалардың ғана емес, жеке тұлғалардың да банктердегі депозиттерінің өсімін бақылап отырмыз. Јткен жылы халықтың банктердегі салымдарының өсімі 29,1 пайыз болды. Бұл банктерге деген сенімнің нақты қалпына келтірілгенінің дәлелі болса керек. Депозит нарығына жеке тұлғалардың бес миллион теңгеге дейін салымдары бойынша кепілдік берілген орнын толтыру сомасының жоғарылауы, сондай-ақ Ұлттық Банктің жыл сайын 10%-ға толықтыру туралы жоспарлаған Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жарғылық капиталын 110 млрд теңгеге дейін ұлғайту ынталандырарлықтай әсер етті.

Осылайша біз алға қойған міндеттерді орындап шықтық деп ойлаймын. Алайда елдегі макроэкономикалық ахуалдың қазіргі кезде жақсарғанына қарамастан, бұрынғы қалпына келтіру баяу жүретін болады. 2010 жылдың басында ел Президенті өз Жолдауында экономиканы жаһандық қалпына келтіруге және оның сыртқы тегеурінді талаптарға тұрақтылығын арттыруға дайындау үшін қаржы жүйесінің орнықты және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету маңыздылығын айтты. 2020 жылы ТМД-да және Орталық Азияда ислам банкингінің өңірлік орталығы болуға және Азияның жетекші қаржы орталықтарының ондығына енуге тиісті отандық қор нарығын жұмыс істеуге мәжбүрлеу қажет. Отандық қаржы жүйесіндегі реттеу дағдарыстан кейінгі тегеурінді талаптарға және қатерлерге барабар жауап беруге тиіс, оның міндеттемелерінің жиынтық мөлшерінде банк секторының сыртқы міндеттемелеріндегі үлесінің төмендеуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте сыртқы қарыз алулардың басым бөлігі тиімді және бәсекеге қабілетті өндіріс құруға көзделуге тиісті. Банктерді анық немесе жасырын аффилирленген құрылымдардан кесіп тастау, банктердің тек банктік қызметпен айналысуларын және олардың қызметтерінің соңына дейін айқын болуын қатаң қадағалау қажет.

Бұл Ұлттық Банктің де, Үкіметтің де алдында экономиканы тұрақты және сапалы өсім жолына шығаруда әлі көп жұмыс тұрғандығын білдіреді.

- Бүгіндері бар қиындық артта қалған секілді көрінеді. Әйтсе де мемлекеттік бюджет тапшылығы, әлеуметтік қысымның өсуі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қатаң шаралар жүргізуге мұрша бермейтінін әлем сарапшылары айтуда. Соған қарағанда, дағдарыс жаңғырығы әлі де біраз уақытқа дейін жаңғырып тұратын болуы керек. Қалай ойлайсыз, сондай тәуекелділіктер Қазақстанда қай шамада?

- Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің 2009-2010 жылдарға арналған экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөнінде бірлескен іс-қимыл жоспары шеңберінде дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыруға қаражаттың Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан уақтылы бөлінгенін, бюджетке қысым көрсетпегенін және әлеуметтік салаға мемлекеттік шығыстардың қысқаруына жеткізбегенін атап өтуге тиістіміз.

2009 жылғы экономикалық көрсеткіштер: инфляцияның төмендігі, ІЖӨ құлдырауы жоқтығы және төлем балансының жақсарғандығы Қазақстанның дағдарысқа қарсы уақтылы қабылдаған шаралардың арқасында дағдарыстан ең төмен шығынмен шыққандығын көрсетеді.

(Жалғасы келесі санда)

Автор:
Алма МҰХАМЕДЖАНОВА