Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Шешендік сөз шеттеп кеткен жоқ па?


14 мая 2010, 11:56 | 2 459 просмотров



Қазақ халқы сонау ықылым заманнан бері кесек-кесек ойлар айтқан, ақпа-төкпе шешендігімен, көсемдігімен, алты алашты аузына қаратқан әділділігімен көзге түсіп, тіпті қажет кезінде биліктің де тұтқасын ұстаған ақын-жырауларды әділет жаршысы ретінде жоғары бағалаған.

Өйткені қарапайым жұрттың ханға, төреге айта алмаған арман-тілегін қырғи тілмен қиялай жеткізетін жезтаңдай ақын-жыраулардың қазақ қоғамының әлеуметтік және саяси-құқық жүйесін дамытып жетілдірудегі алатын орны бір төбе болды. Майқы биден бастап, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиембет, Бұхар жырау сынды аузы дуалы дала билері мен жыраулары қайшылықты дәуірдің төрелік биігінен көрінген ерекше тұлғалар болды. Халықтың қайғы-мұңын жеңілдетіп, қуанышын көкке көтерген құдіретті өлең-жыр иелері «тура биде туған жоқ» деген семсер ұғымды ұстанып, «айттым- шешілді, кестім - үзілді» сынды әділдіктің өлшемі іспеттес бәтуагер жыр төккенін осынау інжу-маржан қазынаны қайталап парақ-

таған кезде сезінуге болады. Әрқашан ақиқатын айтқан ақиық ақын-жыраулардың төрелігінен әділет пен адалдықтықтың, ерлік пен өршілдіктің туын жоғары ұстаған қасиетін байқайсың.

Тіпті «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегенді есте жоқ ескі заманда ұрпаққа мұра етіп қалдырған ақын-жыраулықтың арғы атасы Майқы бидің кесімді ойларында қаншама сыр жатыр?! Өткен дәуірдегі қазақ қоғамының ақындары ағын судай ағатын, би-шешендері мақалдап-мәтелдеп, пікір-ниетін тастай түйіндейтін бәтуалы сөз, кесімдібітімнің иесі болғаны анық. Мәселен: «Адам бақсаң, атаң бақ, көзжұмар сапар аттанып, Сөз білген атаң ата-ақ, айтқаны қалар жатталып» деген Майқы бидің сөзінде қаншама мән-мағына жатқанын көкірегінде сәулесі бар жан ұқса керек-ті. Ауыздан-ауызға таралып айтылып жүрер бұл асыл дүние тумысы, бітімі бөлек абыздың аузынан шығары ақиқат. Сол абыз-атаның аузынан шыққан мынандай ғибрат уағызды қай құлақ жатсынады: «Ексең,балам,ағаш ек, Жеті жасар бала асырамайды, Жеті жылғы ағаш асырайды». Немесе: «Жауға салма жалғызды, тұқымы құрып кетер-ді, Жаман болса қыз балаң, жеті атаңа жетер-ді».

Өмірден түйгендерін түйдектеп төгіп, ақыл таразысына салатын Майқы би сөздері мірдің оғындай әрі өткір, әрі өктем. Табиғат тылсымын, замана тынысын алдын ала сезінетін әулиелік қасиеттің де хас иесі болған ол, болашаққа да ой оздырып, төмендегідей жорамал айтады. Болғанда ақырзаман - су тартылар, Жігітке қарап тұрған қыз артылар, Көз жұмсам, һәмме бүлік көріп тұрам, Бұдан соң қалай көңіл шарты болар?» деген ойы бүгінгі таңдағы қоғамымыздың келеңсіз жақтарының бірін дөп басып айтып тұрған жоқ па?! «Айдаса қойдың көсемі, сөйлесе тілдің шешені» бол-

ған Қазтуған жырау да, «Сөйлегенде сөзі аузына сыймаған, қызыл тілін тыймаған» Шалкиіз жырау да қай кезде де құрметке бөленген, әділетті биліктің тізгінін ұстаған.

Әлеуметті аузына қаратып, «қара қылды қақ жарған» ақын-жырауларымыз от басы, ошақ қасын ғана емес, иісі қазақты елең еткізер қорғасындай ойымен ерекшеленеді. Осы ретте қазақ мемлекетінің негізін қалаған Әз-Жәнібек ханның ақылшысы болған Асанқайғы бабамыздың: «Арғымаққа міндік деп, артқы топтан адаспа, Күнінде өзім болдым деп, кеңпейілге таласпа» деп ой түюі билік иелеріне айтқан салмақты ескертпе екені дау тудырмайды. Сондай-ақ жыр өзегіне арқау болған ел басқару ісі, жер мәселесі, тәртіп, құқық жайын қарапайым әрі түсінікті түрде бір шумақ өлеңге сыйғыза жайып салу шешендіктің, көрегендіктің, тапқырлықтың шынайы үлгісі.

Өткен дәуірдегі арқалы ақын-жырауларымыздың өшпес мұрасына көз жүгірткен әр қазақ аталы сөздің салмағын сезінер еді. Дүлдүл ақын-жыраулардың арасында лайықты орын алатын ақберен ақын Ақтамберді: «Жасым жетіп он беске, кірер ме екем кеңеске» дегенде нені меңзегені белгілі - суырылып шығып сөйлеп, елге, жұртқа ақыл айтар күнді аңсайды. «Ел жазылып жайлауда, жақсылар кеңес құрғанда, Мұртымыз өрге шаншылып, бұрын да сөйлер ме екенбіз?!» деп құлшынады, төрелік айтуға ұмтылады. Әділет туын көтеруге, көсемсөз қуатын көсеуге дайын екендігін атойлап тұрып айтады. Шешендік, әділдік, билік турасындағы «от ауызды, орақ тілді», наркескен ақын-жыраулар ұғымы, нанымы бір жерден шығып түйісіп, билік айту, шешім айту нысанасына әрқашан дөп тиіп жатады. Тоқтамды сөз, әділ билік айтып, жұртты аузына қаратқан семсер тілді, ұшқыр ойлы ақын-жыраулар жүрегінің дүрсілі қазақ сахарасының жалпақ жұртына тезірек естіліп, жылы қабылданып, олардың ой-санасынан мәңгілік орын алғанын тарихи ақиқат деп білеміз. Сол үшін олар шаршы топ алдына шығуға шамданбай, өздерінің ақиқат сөздерін түбірімен, сарқып айтуға дағдыланған.

Халық қамын әрқашан өз мүддесінен жоғары қойған қаз дауысты ақын-жыраулардың, әділ билердің өлең-жырымен кейінгі ұрпақ үнемі сусындап отырса, жер қадірін, ел қадірін тереңірек ұғына түсер еді. Дана ақын-жыраулардың айтқан ақиқатына, әділ төрелігіне ден қояр еді.

Автор:
Жапар ӘЛДИБЕКОВ заң ғылымдарының кандидаты, Д.А. Қонаев атындағы университеттің профессоры