Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Мүгедектер қамқоршысы - медбикелер, алайда мүгедектер құқығы қорғалмай отыр


14 мая 2010, 11:56 | 1 921 просмотр



Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде мүгедек жандардың әлеуметтік қамсыздандырылуына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Алайда, осы санаттағы адамдардың заңнамамен айқындалған құқықтары қорғалмай отыр. Мәселен, Қызылорда облыстық прокуратурасының кезекті тексеруі барысында бірнеше заңсыздықтардың беті ашылған. «Мүгедектерді оңалту» бағдарламасы бойынша 2008-2009 жылдары белгіленген шаралар тиісінше орындалмай, жарымжан жандардың құқықтарына нұқсан келтірілген. Бағдарламаны жүзеге асыруға белгіленген қаржы жергілікті бюджеттен толық берілмеген. Мәселен, 2008 жылы 115 млн. теңгенің орнына тек 59 миллион теңге бөлінген. Өткен жылы да жоспарланған қаражат түгелімен берілмеген. Соның салдарынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 201-і санаториялық көмек, ал 259-ы арба, есту құралы сияқты жабдықтарды алмаған.

Нұрлыбек Жолдасбаев, ҚР ЕжХӘҚМ Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастығы:

- Кресло бойынша 289 адамға біз беруіміз керек дегенбіз. Ол 193-ақ адамға беріліп тұр.

Өткен жылы 121 мүгедекке алты ай бойы тиісті емдеу көмектері көрсетілмеген. Оған кадрлардың жетіспеушілігі себеп болды,-дейді денсаулық сақтау басқармасы мамандары. Ал, облыстық психикалық жүйке аурулар интернатында мүгедектердің жәрдемақысы басқа мақсатқа жұмсалған.

Ғабит Тобажанов, Қызылорда облыстық прокуратурасы әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының аға прокуроры:

- Жәрдемақыларды заңсыз жұмсау фактілері оның ішінде мысалға жергілікті бюджеттен жекелеген азық-түліктер бойынша қаржы қаралса да, олардың жәрдемақылары есебінен қосымша тағы сатып алып берілген. Одан бөлек олардың жәрдемақыларын жұмсау барысында алдын-ала қорғаншы, қамқоршы орындарынан рұқсаттар алынбаған.

Осы интернатта тұратын 5 азамат 9 жылдан бері өздеріне тиесілі жәрдемақыларын ала алмай келеді. Себеп – олардың әлі күнге жеке куәліктері жоқ, Одан кейін мекемеде заңгер болмағандықтан бөлінген қаржыны жұмсауда кемшіліктер болып жатыр, деген уәж айтады интернат басшылығы. Сондай-ақ, мүгедектерді жұмыспен қамтуда заң бойынша барлық жұмыс берушілерге жұмыс орнының 3 пайызын осы санаттағы азаматтарға беру керектігі міндеттелген. Мамандардың айтуынша, еңбекке жарамды мүгедектердің өзін қызметке орналастыру қиын.

Нұрлыбек Жолдасбаев, ҚР Еңбек және ХӘҚМ Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастығы:

- 258 мүгедек бар екен. Соның 64-і ғана жұмысқа орналасқан. 24-8 пайыз ғана. Бұл адамдар бір жылдың ішінде міндетті түрде жұмысқа тұру керек.

Досхана Қырымов, Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы:

- Енді мүгедекке әдейі жұмыс орнын дайындап, оған 4-5 сағатқа ақша төлеуге ешкім ынталы емес, шынын айтқанда.

Прокуратура қызметкерлері тиісті мекеме басшыларына кемшіліктерге жол берген лауазым иелерінің тәртіптік жауапкершілігін қарауды тапсырды.

Автор:
«ЖД» ақпарат