Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Салауатты Қазақстан» алты бағытта жүзеге асады


7 мая 2010, 11:46 | 1 836 просмотров



Жаңа жоба

Қазақстан денсаулық саласына қатысты екі жиын қатар өтті. Алдымен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Парламентаризм институты «Салауатты Қазақстан» 2011-2015 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіп, жаңа жобаның артықшылықтары мен кемшіліктерін талқылады.

- Жобаның негізгі мақсаты - ел азаматтарының денсаулығын жақсарту және еліміздің әлеуметтік-демографиялық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру, - деді дөңгелек үстелге қатысқан Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев. Жиын барысында халық арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қорытындысы көпшілік назарына ұсынылды. Өңіраралық емделуге жатқызуды талдау барысында анықталғаны - науқастардың көбі, негізінен, өзінің тұрғылықты жерінен тыс жерге барып емделуді қалаған. Мәселенки, олардың басым көпшілігі Алматы облысынан (7,6%) Алматы қаласының медицина ұйымдарына, Ақмола облысынан (5%) Астана қаласының медицина ұйымдарына, Қызылорда (3,1%), Атырау (2,6%), Жамбыл облыстарынан (2,7%) Астана қаласына барып емделуді қалаған. Мемлекеттік бағдарламаның жобасы денсаулық сақтау жүйесін заңнамалық, инвестициялық, құрылымдық, экономикалық және кадрлық жағынан жетілдіруді, медициналық қызмет нарығын, медицина ұйымдарының арасында бәсекелестік қатынастарды одан әрі дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды көздейді. Ол негізгі алты бағытта жүзеге асады. Олар: 1. Азаматтардың денсаулығын қорғау мәселелері бойынша ведомостволар және секторлар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру; 2. Халықты жаппай тексеру, профилактикалық іс-шараларды күшейту, негізгі әлеуметтік маңызды аурулар бойынша пациенттерді емдеу және диагностиканы жетілдіру; 3. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметті дамыту; 4. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмекті ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыруды жетілдіру; 5. Медициналық, фармацевтік білім беруді жақсарту; медицинада инновациялық технологияларды енгізу және дамыту; 6. Дәрі-дәрмек құралдарының халыққа қолжетімділігін арттыру. Екінші бас-қосу - «Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу: келешекке көзқарас» тақырыбындағы халық-

аралық ғылыми-тәжірибелік конференция Денсаулық сақтау министрлігінің өзінде өтті.

Мұнда Ресейден келген ғалымдармен бірге еліміздің ақхалаттылары қатерлі ісікті алдын алу жөнінде кеңесті. Олардың келтірген мәліметтеріне сәйкес, Еуропада бұл науқастан әрбір 15 минутта бір әйел көз жұматын болса, Қазақстанда бір күнде екі әйел-анадан айырылып отырады екенбіз. Әлбетте шүкірлік етер дерек емес. Жиынға арнайы келген «В.И.Кулаков атындағы Акушерлік, гинекологиялық және перинатологиялық ғылыми орталығы» Федералдық мемлекеттік мекемесінің ғылыми қызметкері Светлана Роговская медицинасы бізден озық дамыған Ресейдің өзінде жыл сайын аталған сырқаттан 6 мыңнан аса әйел қайтыс болатынын жеткізді. - Сондықтан жатыр мойны ісігі сырқатына көп аурудың бірі ретінде қарауға болмайды. Ол мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болуы тиіс. Бұған көз жеткізген көп ел бұл ісікке қарсы мемлекеттік деңгейдегі күресті бастап та кеткен. Себебі сыр-

қат саны артып бара жатқанын көрсеткен статистика осыған мәжбүрлеп отыр, - дейді ресейлік маман.

Роговская сөз еткен статистика бойынша, жатыр мойны ісігі әйелдердің онкопаталогиясының құрылымында алдыңғы орындарға шыққан. Мәселен, Ресейде ЖМІ 100 мың әйелдің 11-інде кездессе, АҚШ-та бұл көрсеткіш - 13, Үндістанда - 43, Бразилияда - 80, ал Қазақстанда - 8-ді құрайды. Жыл сайын республикада ісіктің жаңа 1000 оқиғасы тіркеліп жатады. Ең ауыры - науқастар саны жыл санап өсіп барады. Дәрігерлердің айтуынша, ісіктің пайда болуына папиллома вирустары себеп болады екен. Бұл вирустар жыныс жолдарымен берілетінін ескерсек, әйелдердің 85 пайызында вирус жұқтыру қаупі кездеседі екен. Сондықтан жай ісікті қатерлі ісікке айналдырмаудың бірден-бір жолы - алдын алу, яғни тұрақты түрде тексерілу болып табылады. Дәрігерлер бұл орайда Dіgіne-тест аталатын әдісті ұсынып отыр. Ол адам ағзасында қауіпті вирустың бар-жоғын бар болғаны 2,5 сағатта анықтап береді екен. Бұл әдіс көптеген елдерде қолданылып, сәтті нәтиже беріп жатқанына қарамастан, Қазақстанда тек қана Оңтүстік Қазақстан облыстық Онкологиялық диспансерде ғана қолданылады.

- Қазақстанда жатыр мойны ісігімен ауыру күшейіп келе жатыр. Соған орай министрлік пен ел басшылығы аурудың алдын алу және сол арқылы өлім көрсеткішін төмендетуге күш салуда. Республикада бұл сырқатқа шалдығушылар 100 мың әйелге шаққанда 8,5 пайызды құрайды, - деді аталмыш диспансердің онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Нұржан Махмұтов. Ал Ұлыбританиядан келген маман Альберт Сингер Dіgіne-тесттің көмегімен Англия әйелдерінің 80 пайызына скрининг жасалғанын атап өтіп, бұл тәжірибенің Қазақстан үшін де сәтті болатынын еске салды. Жатыр мойны ісігі әйелдер қасіретіне айналып үлгерсе де, әлі күнге дейін оған қарсы дәрі-дәрмек жасалмаған. Соған сай халықаралық сарапшылар күн тәртібінде осы міндеттің тұрғанын жеткізді. Бұл орайда адамның ағзасындағы папиломма вирусына қарсы вакцина бүгінде әзірленіп, ол бірінші сынақтан өткен екен. Алайда ол тек 5 жылдан кейін ғана қолданысқа беріледі.

Автор:
Нұрболат Аманжол