Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Қазақты қашан көбейтеміз, Мақаш?..»


7 мая 2010, 17:37 | 1 741 просмотр



немесе ғалым, саясаттанушы Мақаш Тәтімов жайлы

Бүгінде әлем таныған атақты ғалым Мақаш Тәтімов демографияға қалай келді, қалай демограф болды? Мәселеге байыппен тереңірек үңілсек, мұның әсте кездейсоқ емес, заңды құбылыс екенін байқаймыз. Себебі, демография – халық туралы ілім. Ал алпысыншы жылдарда атамекенінде азшылыққа айналған қазақтар қатты қағажу көре бастады. Тілі де, ділі де, мәдениетте де, мектепте де, ғылым-білімде, кадр мәселесінде, ұлттық байлық пен әлеуметтік игіліктердің бөлінісінде де жергілікті халық шетке қағылып өгейсітілді. Мұның өзі үлкен ауқымдағы ұлттық кемсіту мен қорлауға айналып бара жатты. Ұлт мұратына қауіп төнді.

Осындай қиын жағдай, өліара мезгілде қа­зақты қорлық пен құрып кетуден құтқаратын, ұлтсызданудан сақтайтын бірден-бір жол – халықтың санын көбейту, оның атамекендегі үлес салмағын өсіру, ұлттық демографиялық тінін жақсарту екенін тереңнен түйсініп, саналы түрде сезінген адамдардың бірі – арманшыл жас жігіт Мақаш Тәтімов еді. Қазақ ұлтының демографиялық ахуалы өзінің төменгі шегіне жете құлдыраған осы шақта өз халқын сүйген, сол бір кезеңнің нақты жағдайын терең түйсіне зерделеген Мақаш сияқты зерделі де пайымды жас азамат демография ғылымына бетті бұрмауы мүмкін емес еді. Бұл кезде Мәскеу отаршылдығынан шынжыр үзіп, тәуелсіздік алу түске де кірмейтін. Тығырықтан шығаратын ең дұрыс, ең парасатты жол – тыныштықта, бақуаттылықта, дамудың табиғи ағысында дау-дамайсыз, дабырасыз жүзеге асырылатын демография майданы болатын. Осыны дәстүрлі даналығымен, ішкі түйсігімен ұғынған қазақ халқы алпысыншы жылдардың басында демография майданына шықты, қазақ шаңырақтарында жетеуден, оннан қара­домалақтар жүгірді, қазақ ауылдарында «демографиялық дүмпу» белең алды. Ұлтының перзенті, болмысынан дегдар Мақаштың да демография ғылымындағы мылтықсыз майданы нақ осы тұста басталды. Біздің ойымызша, өз атамекеніңде 28-29 пайыз азшылықта тұрып бастаған қазақ халқының осы демографиялық майданын үнді халқының ағылшындарға қарсы Махатма Ганди бастаған атақты «азаматтық мойынсұнбауымен» салыстыруға болады. Ал Мақаш алғашында сол майданның үгітшісі, жаршысы болып, келе-келе ту көтеруші, қолбасшысына айналды. Қазақтың демография ғылымын жөргегінен бастап тербетіп, әлемдік деңгейге көтерді. Қазақ мемлекеті жүргізетін демографиялық, көші-қон саясаттарын қалыптастыруда мінеки, жарты ғасыр бойы жанкештілік танытып, әлі күнге дейін өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді.

Мәкең кезінде металлург те болып кете жаздаған. Онда қазақ халқы өзінің бірден-бір демографынан, қоғам қайраткерінен, біздің қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің демографиялық саясатын жасап-ұсынушы саңлақ саясаткерінен көз жазып қалған болар еді. Бақытымызға қарай, бұл жолы құдайдың көзі түзу болған екен. Соған қарағанда, бір халықтың бірден-бір демографы болу маңдайына жазылған Мақаш та тегін емес. Жетінші атасы дүйім қазаққа аты шығып, сүйегі қасиетті Түркістанға қойылған Қалыбай батыр… Тоғызыншы атасы жауырыншы Жүгіней сүйек қарап болжам айтып, қарауындағы халықты көлденең қауіп-қатерден талай аман сақтап қалған дейді. Қаз дауысты Қазыбек бидің жауырыншысы болған. Ендеше, Мақаңның де мографияны таңдап, халқымыздың өткенін шолып, бүгінін байырқалап, келешегін болжауға құзырлы де­мограф болуының өзі, сірә, сол әулиеден ауысқан қасиет шығар!

Қалай болғанда да, Алматының іргесіндегі Талғарда он баланың кенжесі болып туып, әке-шешеден он үш жасында қалған жас Мақаш орта мектепті бітіре сала арман қуып Қазақстан Магниткасын көтеру үшін Теміртауға барады. Болашақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен бірге Украинаның Днепродзержинск қаласындағы техникалық училищеде екі жыл оқиды. Осында 1959 жылы Бүкілодақтық халық санағын жүргізуге атсалысады. 1962 жылы Мәскеуге оқуға аттанады. Онда Мемлекеттік педагогикалық институтының арнаулы психология факультетінің студенті болады. Талапты жас оны да місе тұтпай, өз бетімен Мәскеудің экономика және статистика институтында атағы әлемге әйгілі ғалым, профессор Б.Ц. Урланистен дәріс алып, ғұламаның ізін басады, 1967 жылы осы институттың аспирантурасыңда қалдырылып, жабық тақырыпқа мезгілінен бұрын кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шығады.

60-шы жылдары қазақ мектептері бірінен соң бірі жабылып жатты. Қазақ ауылдары болашағы жоқ, «перспективасыз» деп жарияланды. Қазақ тілінің тұнығы лайланып, аясы тарылып, тұншықты. Домбыраны «мыңқылдатпай», мәдениетімізден аластап, сахна маңына мүлде жолатпауға ұсыныс жасалды. Қазақтар өз атамекенінде түрлі жағдайда, түрлі деңгейде, басы Димаш Ахметұлы Қонаев болып, кемсітушіліктің небір көкесін көреді. Ұлттық мүддеміз Орталық тарапынан аяққа басылды. Осы бір ауыр кезеңде Мұрат Әуезов, Мақаш Тәтімов және басқалары бас-

таған мәскеулік қазақ студент-жастары қазірде аңызға айналған атақты «Жас тұлпар» ұйымын құрды.

Мақаш ұйым қатарында жүріп қазақ халқының Кеңес өкіметі жылдарындағы демографиялық тарихын һәм сол кездегі демографиялық ахуалы мен болашағын зерделеген лекциялар оқыды. Қазақ ұлты демографиялық даму барысында көрген қиянаттар мен әділетсіздіктерді суыртпақтап айтып отырды. Сол кездегі саяси жағдайда бұл көзсіз ерлік еді. Бұл уақытта ХХ съездің «жылымығы» ұмытылып, саясаттағы ауа райы қайтадан ызғарланып, тоталитарлық тоңы қатая бас­таған-тын. Міне, бүгінгі халықнамамыздың темір­қазығына айналған мәш­һүр ғалым Мақаш Тәтімов қазақ демографиясындағы алғашқы қадамдарын осылай жасаған болатын. Студенттік кездің өзінде-ақ ғылыми ортада «Қазақстанның Урланисі» атанған Мақаш қазақ халқының саны мен құрамы және орналасуыоралған соң Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында, 23 жыл бойы Ғылым академиясында өзінің жаны сүйген, соның халық зарын айта білетін ащы шындығынан өзегі күйген ғылыммен дендеп шұғылданды. Қазақстан мен қазақ халқының демографиялық даму сатыларының өткенін, бүгінін талдап-сараптады, болашағын пайымдап, болжады. Қазақ және орыс тілдерінде жиырмаға жуық кітап, іргелі монографиялар жазды. Солардың әрқайсысы алыс-жақын жұртшылықты елең еткізіп, ғылыми-мәдени өмірде бір-бір толымды оқиға болып отырды.

«Демография – халықтану», «Развитие народонаселения и демографическая политика», «Өркені өскен өлке», «Социальная обусловленность демографических процессов», «Ауыл­дағы демографиялық ахуал», «Халық­нама немесе Сан мен Сана», «Қазақ әлемі», «Дербестігіміз – демографияда», бас-

қа да кітаптары халықтың демографиялық сауатын ашты. Қаншама ғылыми мақалалар жариялады, сұхбаттар берілді. Мәкеңнің 1989 жылдың басыңда «Жұлдыз» журналында шыққан «Мешін жылғы апат» атты мақаласы әлі есімізде. Жұртты дүр сілкіндіріп еді. Ақиқатымен. Алмастай өткірлігімен.

Шынында, батыстың ғалымдары Мақаш Байғалиұлын әу бас

тан-ақ бағалады да, мойындады да. Сонау 1979 жылдан бастап оған үзбей сілтеме жасап отырды. Тәтімовке жүгінсек,– дейді америкалық саясаттану докторы Роман Солжанук, – 2000 жылы Кеңес Одағындағы орыстардың үлес салмағы 43-45 пайызға дейін кемиді. Қазақтардың саны қазірдің өзінде 7 миллионға жақындап қалған. Бұлай ашық айту – кеңес ғылымындағы бірінші һәм өте батыл қадам.

1985 жылы ағылшынның демография профессоры Шиху Энна мен немістің саясаттану докторы Бэсс Браун былай деп жазды: «Тәтімов қазақтар 1970 жылы ғана 5-6 миллионға жетіп, өзінің бұрынғы санын қалпына келтіре алғандығын растайды. Бұл арада ол КСРО-дағы идеология мен саясат тұрғысынан тыс, шетін тұсқа аяқ басқан… Тәтімов адал ғалым ретінде қазақтар бұрынғы санын қалпына келтіріп отыр дегенде, ұжымдастыру кезінде күштеп көшіру мен отырық­шыландырудың салдарынан қазақтардың орасан зор құрбандықтарға ұшырағанын айтып отыр».

Мақаштың өзі де демографиялық ақпараттарды ашық айтамын деп 1986-87 жылдары «Правда» газетінің қаһарына ілініп, Желтоқсанның демократиялық дүрбелеңінде басты ұйымдастырушылардың бірі деп танылып, құрбандыққа ұшырай жаздағаны бар. «Правда» газетінің сондағы Мақашты төмпештеп сынағанын «Еуропа дауысы» «Правданың» орашолақ пікірі деп мысқылдаған-ды.

Демография қоғам мен халық өмірінің барлық саласына араласады. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарында демограф Мақаш жөніндегі тырнақалды монографиялық ғылыми еңбегі – «Цифрлар шежіресін» (1965 жылы) жазып бітірген-ді.

Мақаң жетпісінші жылы елге, Алматыға Тәтімовтің күрескерлік, қайраткерлік, саясаткерлік, азаматтық тұлғасы одан әрі тұғырланып, айқындала түсті. Өз ұлтының адал перзенті әлдекімдер ұнатпай қалар деп үрікпей-ақ, «Желтоқсан», «Азат», «Алаш» сынды отаншыл қозғалыс, партиялардың жұмысына белсене қатысты. Тікелей және қоғамдық қызметімен «үлкен ресми саясатқа» да игі ықпалын тигізе білді. Тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық татулық пен азаматтық келісімді сақтау, саяси тұрақтылықты нығайту, демографиялық және миграциялық саясатты қалыптастыру жолында да күш-жігер мен ғылыми зердесін, талант-қабілетін аянбай жұмсап келеді. Бұл орайда, әсіресе, Президенттің және Министрлер Кабинетінің ақпараттық-талдау орталығында аға сарапшы, Стратегиялық зерттеулер институтында бас ғылыми қызметкер болып істеген жылдарында толымды жұмыстар атқарды.

Мақаң жүрген жерінде әрі күлдіріп, әрі байыпты түрде «Көк көрпе бүлкілдей берсін» деп насихат айтса, ол керауыздық немесе бейпілдік емес. Ол Қазақстан халқын сан және сапа жағынан өсіруге шақырған азамат ғалымның жанайқайы, өмірлік мұраты деп білуіміз керек.

Мақаш Байғалиұлы мен Елбасы арасында жаймашуақ достық қатынас орнаған. Бір кезде бірге оқыған досымен 31 жылдан кейін, 1991 жылдың маусымында кездескенде «Әділеттің ақ жолы» деген кітабына: «Құрметті Мақаш! Жас кезімізде өмір жолын бірге бас-

тап, металлург мамандығын бірге игерген тәтті күндердің ескерткіші» деген қымбатты қолтаңба жазып беріп еді.

2008 жылы Днепродзержинскіде бірге оқығандардың Теміртауда болған бейресми кездесуінде Нұрекең: «Әй, Мақаш, сен бұл жерде қыдырып жүргеніңде өзің көп айтатын көк көрпені басқа біреу бүлкілдетіп кетіп жүрмесін», деп демографиялық астарлы қалжың айтып жұртты ду күлдірген. Президентіміздің демография мәселелерін өте нәзік әрі терең түсінетіндігіне Мақаш та тәнті. Сол себептен де өткен жылы еліміздің демографиясымен сабақтастыра «Елбасы және ел саны» атты кітап жазып шығарды. Осы еңбекпен қатар өзінің ауырыңқырап жүргеніне қарамастан, ашаршылық зобалаңы жайында «Зұлмат пен зардап», одан соң орыс тілінде әлем халқының өсуі мен дамуының әлеуметтік-саяси проблемаларын зерделейтін «Глобализация демографии» атты толымды еңбегін жақында ғана бітірді. Құдай бұйыртса, бас демографымыздың басты еңбегі осы кітап болмақ.

Қазір, 2010 жылдың ортасына қарай, Қазақ елінің тұңғыш Президенті

Нұрсұлтан Назарбаев пен оның Днепродзержинскіде бірге оқыған досы, қазақтан шыққан тұңғыш демограф Мақаш Тәтімов бірінен соң бірі 70-ке толатын мерейлі жылы өз атамекеніндегі қазақ ұлтының мерейі биік, мұраты асқақ. Бұл күндерде Қазақстандағы қазақтар 10 миллионан еркін асты, үлес салмағы 64 пайызға жетті. Әлемдегі алаш жұрты он бес миллионды еңсеріп барады. Ал бұл жәйт өзінің шешуші ұлттық майданында қазақ халқының жеңіп шыққанын көрсетеді. Бұл туған халқын бақытты болашаққа сарабдалдықпен бастаған Елбасымыздың да жеңісі. Біз мұны сонымен бірге Елбасына дұрыс демографиялық саясат жүргізуге қанаттаса септесіп, «Дербестігіміз – демографияда!» деп ұран көтеріп шыққан, демографияны ғашық жарындай сүйетін (Майра жеңгеміздің құлағына алтын сырға) Мақаш Тәтімов ағамыздың да басты жеңісі, ақжарылқап қуанышы деп білеміз.

Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір кездескен сайын: «Қазақты қашан көбейтеміз, Мақаш?» деп әзіл-шыны аралас сұрап жүреді.

Автор:
Қорғанбек АМАНЖОЛ.