Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Майдангер – дәрігер туралы естелік


7 мая 2010, 17:32 | 1 651 просмотр



Ардагерлерімізді ардақтайық!

Дана халқымыздың «Деңсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» - деген тәмсіл сөзі бойында иманы бар әрбір адамды бей-жай қалдырмасы анық. Жасымда көп ауырған мен бұның мағынасын жақсы түсінемін. Шалғай ауылда, емханасы, білікті дәрігері жоқ жерде өмір сүргендіктен тәуіп – балгерлерге қаралдық. Аурудың бірінен жазылсақт а, бірінен арыла алмадық. Қатты қиналып, есім бірде бар, бірде жоқ күндерде болды. Әйтеуір, есім бір кіріп, көзімді ашқанда әжемнің басымда жылап отыратыны есімде. Бір күні әжем әкеме:

-«Ыбрайымды шақырт, мен айтты десең келеді», – деп айтқаның естідім.

Аудан орталығы 50 шақырымнан асатын Тентек деп аталатын Қант зауыты бар қалашық (қазіргі Балпық би кенті). Аудандық аурухананың бас дәрігері - майдангер Ибрагим Ыскақұлы Измайлов - халық пір тұта тын, аса білгір дәрігер еді. Әкесі Ысқақпен менің атам Әбусағат және әжелерім жақсы араласқан дос-жар болатын. Әжемді «жеңгей» деп ерекше қадірлейтінін кейін білдім. Сол дәрігер мені емдеп жазды. Ішімнің бүріп ауыра беретіні жазылып, жақсы болып кеттім. Жоғары оқу орнын бітіргенімше сол ағаның бақылауында болдым. Ауылымыздағы талай адамдарды емедгенін де көрдім. Кейіннен Ибрагим Ысқақұлы 1960 жылдан бастап Республикаға танымал, қолы шипалы өкпе ауруы сырқатының жоғарғы санатты дәрігер хирургы болды.

Ол 1914 жылы 19 желтоқсанда Самарқан қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, Самарқан медициналық институтына оқуға түсіп, оны 1937 жылы бітіреді. Сол жылы Самарқан қаласындағы бір ауруханада хирург-ординатор болып қызмет істейді. Ұлы Отан соғысы басталғанда, ер-азаматтармен бірге 1941 жылы майданға аттанады. Жауынгер-хирург майдан даласында қызмет етіп, соғыстың соңына дейін жауынгерлердің ауыр жарақаттарына мыңдаған операциялар жасап, көбін ажалдан арашалап қалады. Сол қажырлы еңбегімен білітілігі үшін Ибрагим Ысқақұлы КСРО Президиумының жарлығымен ІІ-дәрежелі Отан соғысы және Қызыл жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталады. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң ол Киров ауданына (қазіргі Көксу) келіп, орталық аурухананың меңгерушісі болып қызметке орналасады. Осы ауданда үзбей дәрігер-хирург бола жүріп, небір ауыр сырқаттарға операция жасап, халықтың мейірбанды құрметіне бөленді. 1956 жылы ол кісіге аудандық аурухананың бас діәрігерлік қызметіне қоса, соғыс кезінде жабылып қалған денсаулық сақ тау бөлімінің қызметін қоса алып жүруді міндеттейді. Әскери тәртіпке пісіп дағдыланған майдангер, өзіне де басқаға да қатаң тәртіп қоя білетін ұйымдастырушылық қабілеті, зор білікті маман бұл міндетті жоғарғы жауапкершілікпен атқарады.

Ибрагим Ысқақұлы күнделікті өмірде жылы жүзді өте кішіпейіл және жоғары мәдениетті адам еді. Ол алғаш ауданда өкпе аурулары емханасын ұйымдастырды. Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің келісімімен оның ішінен хирургия бөлімін ашып, өзі бас дәрігер және ауданның жетекші дәрігер хирургы болып, 1981 жылға дейін үздіксіз қызмет етті. Оның дарындылығын жоғары бағалайтын әріптестері Мәскеу Ленинград қалаларындағы үлкен клиникаларға күрделі операцияларды жасатуға шақыртушы еді. Әлі есімде 1966 жылы Мәскеуде бір айда 40 адамның өкпесіне күрделі операция жасап, Одақ көлеміне аты жайылғаны. Оған осы жылы Қазақ КСР-не еңбегі сіңген дәрігері атағы берілген еді. Сонымен қатар, Ибрагим Ысқақұлы өз ісіне машықтанған көптеген жоғарғы санатты дәрігерлер дайындап шығарған ұстаз. Оның шәкірттері С.Садықов, Ә.Тұтқабаев, Е.Рамазанов, Д.Хван, Б.Желдікова бүгіндері бүкіл облысқа әйгілі дәрігерлер. Аталған дәрігерлердің бәрімен 1965 жылдан бастап, қоян-қолтық қызмет істесіп, өзінің бай тәжірибесін үйретуден жалықпады. Тіпті 1981 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін өзінің сүйікті кәсібі – хирург мамандығын тастамай, халқына қажымай, талмай қызмет етті. Оның денсаулық сақтау жолындағы баға жетпес еңбегі үшін үкімет Ленин және Құрмет белгісімен марапаттады. КСРО-ның Денсаулық сақтау ісінің үздігі омырау белгісін де кеудесіне тақты. Кейіндері Көксу ауданының Құрметті азаматы атанды. Ибрагим Ысқақұлы бірде өзі бір сырқаттанып қалғанда өзін емдеген терапевт-дәрігер, медицина ғылымының кандидаты Меңісов Асылбек Қасабекұлына соғыс кезінде атақты Бауыржан Момышұлын көргенін:

«Мен сенің Бауыржан атаңды көргенімді айтып берейін. 1941 жылы желтоқсанда Мәскеу түбіндегі орман ішінде біздің көшпелі госпиталь тұрды. Аса алыс емес жерде бір разъезд болды. Сол жерге немістер келді деп естідік. Олардың бізге шабуылдауы әбден мүмкін. Жүздеген жаралы жауынгерлер емделіп жатыр, өте қауіпті жағдай. Не істерімізді білмей састық. Бір кезде атойлаған зор дауыстар шығып, біздің жаққа қарай келе жатқан әскерилерді көріп абдырап қалдық. Ақ боз атқа мініп, қол бастаған командирдің түрі өте сұсты екен. Шауып келеді...Біз қорыққанымыздан қаша бастадық. Мені тіпті қорыққаным сонша, өсіп тұрған зәулім қарағайдың басына қалай шығып кеткенімді өзім де білмей қалдым. Біздің дәл жанымыздан разьездке қарай шауып өтті. 4 сағаттан кейін бізге Бауыржан Момышұлы бастаған сарбаздар немістердің көзін жойып, разъезді жаудан босатты деген хабар келді. Мен көрген ақ боз аттың үстіндегі кісі - Баукең екен... Міне, мен сенің атаңды осылай көргенмін.»,- деп әңгімелеп берген екен.

Үлкен жүректі, даңқты жоғары санатты дәрігер хирург Ибрагим Ысқақұлы Измайлов 1982 жылы дүниеден өтті. Ол өмірден өткен соң, қазіргі Балпық би кентіндегі аудандық аурухана және басқа да мемлекеттік мекемелер орналасқан көшеге оның есімі берілді.

Автор:
Сансызбай ШОЛПАНҚҰЛҰЛЫ, Көксу ауданы