Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

А. Цой Маңғыстау облысына жұмыс сапары


31 марта 2017, 03:29 | 951 просмотр



  ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой Алматы облысына жұмыс сапары барысында облыстың медициналық қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өткізіп, Елбасының халыққа Жолдауындағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойынша негізгі бағыттарды жүзеге асыру туралы хабарлады. Сонымен қатар,міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (әрі қарай - МӘМС) жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндірді. Ол 53 мыңнан астам тұрғындарға, оның ішінде 35 мың адамға амбулаторлық қызмет көрсететін Талдықорған қаласындағы №2 емхана жұмысымен танысты.

 «Денсаулық сақтау саласын жаңғырту шаралары аясында кезең-кезеңімен енгізілетін электронды денсаулық сақтаудың бірегей платформасы биыл еліміздің барлық өңірлерінде пилоттық тәртіпте қолданылмақ. Пациент денсаулығы туралы барлық ақпарат қамтылған интероперабельді платформа негізінде амбулаторлық форманы электронды түрде жүргізу жоспарланып отыр. Мұнда барлық статистикалық мәліметтер автоматты түрде жүйеленетін болады», - деді Алексей Цой.

Әрі қарай сапар барысында вице-министр облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың халық алдындағы есебіне қатысты. Шарада МӘМС-ті енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу бойынша аймақтық штаб мүшелері, облыстық медициналық ұйым басшылары мен өкілдері болды.  Кездесу барысында ол саладағы жүргізіліп отырған реформалардың негізгі бағыттары туралы, МӘМС жүйесіндегі негізгі артықшылықтар жайында мәлімдеді.ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі медициналық сақтандыру саласындағы заң жобаларына енгізілетін жаңалықтар туралы да айтты. Онда жарна төлеушілердің барлық санаты бойынша төлем мөлшерлемесін төмендету, жарнасы мемлекет есебінен төленетін азаматтар санатын кеңейту бойынша, сонымен қатар, ӘМСҚ-ның кіріс-шығыс есептері мен ұйымдастыру шаралары да қарастырылған.Ол МӘМС жүйесіне белсенді емес тұрғындардың (өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтыған азаматтар) қатысу тетіктерін, олар төлейтін жарналардың көлемін 1 ЕТЖ-дан (ең төменгі жалақы көлемі) 5%-ға дейін төмендету ұсынылып отырғаны туралы толыққанды ақпарат берді. Осылайша, ресми кірісі жоқ адамдар салыстырмалы түрде Қорға аз жарна төлеу арқылы МӘМС аясында медициналық көмектің кеңейтілген пакетіне қол жеткізе алатыны туралы атап айтты.Ол МӘМС жүйесіне жұмыссыз азаматтардың қатысуы туралы тұрғындардың сұрақтарына жауап бере отырып, аталған санат азаматтары бойынша жұмыспен қамту саласындағы уәкілетті органдардың кәсіпорындар мен ауылдағы өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың статистикалық мәліметтерін жүргізуі керектігін атап айтты.«Еліміздің барлық азаматтары, мемлекет, жұмыс берушілер – барлығы денсаулықты қорғау саласында ортақ жауапкершілікті сезінуі керек. Ең алдымен, әрбір адам медициналық сақтандыру жүйесіндегі артықшылықтар туралы білуі тиіс. Бұл, атап айтқанда, қымбат оталар, оңалту медициналық көмек түрлері. Мәселен, азаматтардың ағзаларды транспланттау, экстракорпоральды ұрықтандыруға керекті қаражатты өздігінен таба қоюы қиын екенін білеміз. Медициналық сақтандыру – медициналық көмектің кеңейтілген пакетін алуға мүмкіндік береді. Сондықтан, ішкі саясат басқармаларынан бастап барлық салалық құрылымдардың МӘМС-ті түсіндіруге жұмыла кірісулерін сұраймын», - деді вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылғы 31 қаңтардағы Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа жолдауында ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы тапсырма берді.

Қазақстан  Республикасында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қажеттілігі алғаш рет «Институттық реформаларды жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам»» жоспары мен Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында анықталған болатын.

2015 жылғы қарашада «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңы қабылданды.

2016 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Мұнда МӘМС-ті енгізу мерзімін ауыстыру қарастырылған.

Аталған құжатқа сәйкес Медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар мерзімі 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды.

Жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалардың Қорға төлейтін жарналары 2017 жылғы 1 қаңтардан 2017 жылғы 1 шілдеге ауыстырылды. Жалдамалы жұмысшылардың жарна төлеу мерзімі бұрынғыдай – 2019 жылдан басталады.

МӘМС жүйесіндегі жеке тұлғалардың медициналық көмек алу, денсаулық сақтау ұйымын таңдау мен медициналық көмектің көлемін анықтау құқығы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылатын болады.

Медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің мақсаты мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген медициналық көмек көрсету міндеттемелері мен кепілдік берудің тұрақты әрі үйлестірілген жүйесін құру болып табылады.

Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіндегі әрбір азаматтың қатысу деңгейі мен жауапкершілігі нақты анықталатын болады.

Қазіргі таңда жарна төлеушілердің барлық санаты бойынша төлем мөлшерлемесін төмендету, жарнасы мемлекет есебінен төленетін азаматтар санатын кеңейту бойынша, сонымен қатар, медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыс істеу тетіктері көрсетілген заң жобасы дайындалуда.

Анықтама үшін: Қазақстанда «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес (парламентке енгізу жоспарланып отыр), МӘМС-ті енгізуге қатысты төмендегі жарна мен төлем мөлшерлемесі қарастырылған:

- жұмыс берушілердің жарналары: 2017 жылдың шілдесінен бастап мөлшерлеме 1 %; 2018 жылы - 1,5%, 2020 жылы - 2%, 2022 жылы - 3%;

 - жеке кәсіпкерлер, нотариустар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар – кірістен, 2017 жылғы шілдеден бастап 2 ЕТЖ-дан 5% кем емес;

- жұмыс күші тобына кірмейтін (өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтығандар) азаматтар жарнасы -2017 жылғы шілдеден бастап 1 ЕТЖ-дан 5%;

- халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобы үшін мемлекет төлейтін жарна 2018 жылдың қаңтарынан - 3,75%, 2019 жылдан бастап - 4%, 2022 жылдан - 4,5 %, 2025 жылдан - 5% болады. 

Автор:
ҚР ДСМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ.