Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тема: Профилактика

Дифтерия – ең ауыр жұқпалы аурулардың бірі


31 марта 2017, 08:58 | 860 просмотров


Ауру себептері

Сырқаттанушылық қоздырғышы – Леффлер бацилласы, қоршаған ортада өте төзімді. Сырқат ауа – тамшы жолдары арқылы дифтериямен ауырған науқас адамнан немесе дені сау бактерия тасымалдаушыдан жұғады. Кей жағдайларда қолданыс заттары, тағам арқылы жұғады. Инфекция мұрын жұтқыншағының шырышты қабатына түскен жағдайда, дифтерия таяқшалары жедел түрде көбейеді.

Клиникалық белгілері

Дифтерия жайылу түріне қарай жұтқыншақта, тыныс алу жүйелерінде, мұрын қуыстарында кездеседі. Сирек жағдайда, көз, жыныс мүшелері, тері жабындылары зақымдалады. Сырқаттанушылықтың ең кеңінен таралған түрі жұтқыншақ дифтериясы (тіркелген жағдайдың 95%). Аурудың бастапқы кезінде науқастың дене қызуы көтеріледі, улану белгілері ұлғаяды. Қарау кезінде бадамша бездерінде тегіс, шекарасы анық ақ жағынды пайда болады. Жағындыны алып тастау мүмкін емес.  Егерде пинцетпен жағындыны алып тастау әрекетін жасаса, орнында қанаған жарақат қалады. Токсикалық түрінде дене қызуы 39,5-41°С дейін  жылдам көтеріліп, организмнің улану белгілері өсіп, жөтел пайда болып, жұтқыншақтың ісінуінен науқастың тыныс алуы қиындап, дауысы жоғалады.

Асқынулар

Дифтерия таяқшасын бөлетін токсин тез арада қанға таралып, ауыр және қауіпті асқынуларға әкеліп соқтырады. Салдарынан тыныс алу жеткіліксіздігі пайда болып, өлім жағдайына алып келеді.

Дифтерияның емі

Ауырлық дәрежесіне қарамастан, ересектер мен балаларда дифтерияның барлық түрі  ауруханада емделеді. Науқасқа дифтерияға қарсы сарысутағайындалады. Сонымен қатар антибиотиктер курсы тағайындалып, нәтижесінде қоздырғыштар жойылып, улану белгілері де төмендейді.

Сырқаттанушылық бойынша атқарылатын шаралар

Науқасты тез арада оқшаулап, қарым-қатынаста болғандарды  бактериологиялық тексеруден өткізеді. Қарым-қатынастағылар бұрын алған екпелеріне байланысты иммундаумен қамтылады. Бактериятасымалдаушылар анықталған жағдайда, оларды да оқшаулап  ем тағайындалады. Бала бақшаларда, мектептерде шектеу шаралары енгізіледі. Науқас болған бөлмелерге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді.  Науқас ауруханадан толық айыққаннан кейін және бактериологиялық зерттеу қорытындысы 2 реттік теріс нәтиже берген кезде ғана шығарылады. Дифтериямен ауырған адамда жұқпаға қарсы тұрақты иммунитет қалыптаспайды. Болжамды 10 жыл өткеннен кейін ол қайта сырқаттануы мүмкін, бірақ ауру жеңілірек өтеді.

Алдын алу шарасы

Кез-келген ауруды,әсіресе осындай қауіпті дифтерия ауруын емдегенше, алдын алған оңай. Негізгі арнайы алдын алу шарасы ол- вакцинация. Вакцинация сәбидің 2 айлық (2,3.4 ай, 18 ай, 6 жас) кезінен басталады. Бұл жұқпаға қарсы вакцинация Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген.  Балалрға АбКДС және ересектерге16 жастан бастап АДС-М  вакцинасы қолданылады. Ересектерге инфекцияға қарсы иммунитетті қалыпты ұстау үшін, әр бір 10  жыл сайын қайталама вакцинация жасау қажет (16,26, 36 жас және ары қарай).

Дифтерияға қарсы екпе жасау керекпе? Әрине, бірақ егілгендердің де сырқаттанатынын білуіміз қажет, бірақ ауырған күнде ауру жеңіл өтіп, асқынулар туындамайды.

Автор:
Е. Сыдыманов, Алматы облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто