Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Білім іздеген білімдіні біріктірген оқу ордасы


17 марта 2017, 11:26 | 737 просмотров



І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті – білім іздеп келген сан мыңдаған студентті қанатының астына жинаған жоғарғы оқу орны. Мен – сол жоғарғы оқу орнына білім қуып, арман жетелеп түскен студенттің бірімін.

Бүгінгі таңда сүйікті университетімнің «Журналистика» мамандығында білім алып жатқан төртінші курс студенті болсам да, осы оқу ордасына түскенім кеше сияқты. Қазіргі уақытта студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын көріп жүре сескеніп жүрген жаңа ұстаздарға да ет бауырым езіле бауыр басып кеттім. Бүгінгі күні оқу орныма тонның ішкі бауындаймын. Уақыт өте келе ЖМУ студенттерін бақылауды ермек етіп алдым. Студент көп, бәрі әртүрлі. Бірі аузын буған өгіздей, енді біреулердің әңгімелері жарасқан. Кейбіреулері арқаны кеңге салып шалқайып кетіп бара жатады. Ең қызығы ұрыдай ұрлана қарап, ат-тонын ала қашып бара жатқан студенттердің бейнесі. – Әсіресе емтихандарға отымен кіріп, күлімен шығатын осы студенттер ғой, – деп езу тартып қоятын кездерім де болған. Сабаққа кешігіп келетіндер де «ештен кеш жақсы» деген оймен есік тоқылдататындай көрінеді... Асы барда беріп жүріп ел танитын асханамыздың айналасына студенттер мереке болып жатқандай үймелейді. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» студенттердің жалғанды жалпағынан басқандай бейнелері мені қуантады, бұл бейненің барлығы университетіме суретшінің көзіндей қарауды үйреткен сыңайлы. Өмірдің қызыл-жасыл бояуларына осы екінші үйімде қанығамын. Университетім адамдарды басқа қырынан тануыма мүмкіндік ашуда.

Жалпы, көптің екінші үйіне айналған оқу орнының үйретері мен оқытары көп. Дәрістер кешенінен бөлек, тәжірибе уақытында өз ойыңды, барлығын өзің істеп көруге мол мүмкіндіктер бар. Мысалы, мен оқып жатқан «Журналистика» мамандығында әлі есімде, тәжірибе уақытында телехабарлардың, газеттердің баспаханадан қалай шығатынын ұстазымызбен барып, өз көзімізбен көріп, біреуіміз «тележурналист», ендібіріміз «газет журналисі» боламыз деп алдыға мақсат қойған болатынбыз. Міне, түлеп ұшқалы тұрсақ та, сол кездегі мақсаттары бүгінгі уақытқа дейін еш өзгеріссіз қалған. Армандарға қол жеткізу үшін университет ұстаздары бар күш-жігерін салып, бізді білім нәрімен сусындатуда.

Тіпті, университетімнің бас ғимаратының алдында тұрған Ілияс Жансүгіров ағамыздың ескерткішіне маңынан өткен сайын сүйсіне қараймын. «Неге?», – дейсіз ғой? Ол кісінің бейнесі адамды мұқият тыңдап отырған тыңдарманды елестетеді. Тіпті, кей-кейде, ауладағы орындықтың бірінде отырып, тас мүсінге ұзақ қарап, ойша Ілияс ағамызбен сырласамын. Кезінде тіпті Гарвард университетінің президенті болған У. Чарльз Элиот та кез келген адамның сөзіне ден қойып тыңдауды өнер, этика санаған. Ілияс  ағамның бейнесін көру, онымен сыр бөлісу мені сол Гарвард университетінде оқып жүргендей әсерде қалдырады. Басқа студенттерді білмеймін, салқын ескерткіштің аздап жымиғаны да алпыс екі тамырымды босатады.

Кез келген журналист ретінде мен де теңіздей ақпарат көзі тасыған жерлерге ынтықпын. Не айтқым келіп отырғанымды түсінген де боларсыздар. Әрине, ол ЖМУ кітапханасы. Ең алғаш кітапханаға кіргенімде «ақ түйенің қарны жарылған» байлық көзін тапқандай күйде болғанмын, әлі де сондай күй кешудемін. Өйткені, біздің кітапханадан оқуыңа, сабаққа қатысты кітаптардан бөлек әлем әдебиеттерінің мол қоры кездеседі. «Құмарлық – ой әкесі», - деп У.Шекспир айтқандай, кітап оқуға деген құмарлығым осы күнге дейін басылған емес.

Шаттығыма шаң жұқтырмай, көкірегімді оятып жүрген Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ оқытушыларына дән ризамын. Біздің университетіміз «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген М.Әуезов атамыздың өсиетін жерге тастамай, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!», – деген Мағжан ағамыздың сөзін желге ұшырмай сенімін ақтап жүрген оқу орны екеніне кәміл сенемін. Себебі, тепсе темір үзер жастар да осы оқу ордасынан… «өзегі өрт өлеңге толы ақын» жандар да сезім тамшыларын білім бәйтерегінің жапырағынан тамызуда.

Автор:
Еңлік ҚАБДЕШ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 4-курс білімгері.