Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Артық қылам деп, тыртық қылмаңыз ...


17 марта 2017, 11:25 | 749 просмотров



Халық арасында «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл бар. Дұрыс-ақ пікір. Алайда алдын алу осы екен деп артық кетіп қалатындар да жоқ емес. Денім сау болсын, ұзақ өмір сүремін деген оймен түрлі жаттығу алаңдарынан 24 сағат бойы шықпай, одан қалса түрлі дәрумендер мен биологиялық қоспаларды оңды-солды іше беретін «науқастар» саны көпшілік. Әрине, дәруменді пайдаланып, жемістер мен көкеністерді көптеп жеген дұрыс. Себебі олардың құрамындағы минералды заттар мен витаминдер қоры адам организмін нығайтып, иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді.  Десе де, мөлшерден тыс қабылданған дәрумендер мен қоспалар деннің саулығын емес, аурудың алдын дамытады.

Небәрі 30 жас шамасында химия мен кванттық механика принциптеріне сүйене отырып, молекула құрамындағы атомдардың өзара әрекеттестігі заңдылығын қарастырған жас ғалым Лайнус Полинг те кезінде үлкен қателікке жол берген-ді. Өзінің таңғы асына шамалы өзгеріс енгізбек болған 65 жасар Полинг таңертеңгілік апельсин шырынына С дәруменін қосып ішуді әдетке айналдырған. Бұл дегеніміз коланың құрамына қант салып ішкенмен бірдей екендігіне қарамастан өз ісінің дұрыстығын алға тартқан қарт мұның пайдалылығына кәміл сенді. Бір қызығы, Калифорния технологиялық университетінде қызмет жасап жүрген ғалым тіпті демалыс күндері де өте ерте тамақтанған-ды.

Сөйтіп «С дәруменінің дәуірі» басталып та кетті.  Өзінің 1970 жылы жазылған «Қалай ұзақ өмір сүріп, өзіңді жақсы сезінуге болады» атты бестселлер кітабында витаминнің қосымша қабылдануы суық тигенде көмектеседі дегенді алға тартқан. Ол күніне 18 000 мг, яғни 18 г дәрумен қолданған. Ал бұл дегеніміз берілген дозадан 50 есе артық!

Кітабының екінші басылымында С дәрумені күресе алатын аурулар қатарына тұмау ауруын енгізген. Ал 1980 жылдары АҚШ аумағында ВИЧ кеңінен тарала бастағанда, Полинг аталған дәруменнің бұл сырқатқа да қауқары барын жариялады. 1992 жылғы «Тайм» газетінде дәрумен жүрек-қантамыр ауруларын, катарактаны, тіпті қатерлі ісікті де жаза алады деген фактілер келтірілген. Одан бөлек қартаю процесінің баяулауына да себепші болады деп айтылған. Мұның арты нарықтағы мультивитаминдер мен биологиялық қоспалардың сатылымы да Лайнустың абыройы сияқты бірден өрлей түсуіне алып келді. Алайда ғылыми тұрғыдан қарастырғанда, нәтиже көңіл көншітерлік бола қоймады. Көптеген зерттеулер соңы витаминнің аталған аураларға еш әсері болмайтынын анықтады-мыс. Шынына келгенде, Полингтің апельсин шырынан қосып қабылдап жүрген С дәрумені пайдасынан бұрын зияны көп екені анықталып, ғалымдармен дәлелденген де болатын.

Полингтің жүргізген зерттеуі мен теориясы С дәруменінің де Е дәрумені, бета-каротин және фолий қышқылы жататын антиоксиданттар тобынан екенін айтады. Олар еркін радикалдар деп аталатын шектен тыс белсенді молекулаларды бейтараптандырады. Сондықтан олар пайдалы деп есептелінеді. Алайда 1954 жылы Нью-Йорк штатының Рочестер университетінің қызметкері Ребекка Гершман антиоксиданттардың кері әсері барын ділелдеп көрсеткен. Ал бұл гипотезаны Калифорния университетінің лабораториясындағы Денхам Харман әрі дамытты. Оның пайымдауынша, әлгі еркін радикалдар адам ағзасындағы жасушаларды құртып, түрлі аурулардың тууына себепші болатын бірден-бір басты салдар. ХХ ғасыр дәуірі осы теорияның дұрыс-бұрыстығын зерттеуге арналып, ақыры Харманның ойы бүкілхалықтық қолдауға ие болды.

Жоғарыда айтып өткен дәрумендер әсерінен радикалдан тым белсенділік танытып, жанындағы өзге жасушаларға зиян тигізетін көрінеді. Дәлірек айтқанда, өмірлік қорны толықтыру мақсатында ДНҚ, ақуыз секілді маңызды молекулардың электронын тартып алады. Демек пайда табу үшін қабылдайтын көп мөлшерлі дәрумендер де, тағамға арналған биологиялық қоспалар да өзіндік жағымсыз әсерін әбден тигізе алады.

Аталған теорияны тереңірек зерттеу мақсатында ғалымдар түрлі лабораториялық эксперименттер жасаған-ды. Соның бірі: 70-80 жылдары қоспасы бар тағамдарды тышқандарға беріп, антиоксиданттың әсерін анықтауға тырысқан. Барлық тәжірибенің соңы бір ғана қорытындыны берген: дәрумендер мен қоспалар кәрілікті мүлде баяулатпайды және оның ауруды емдеуге де еш қатысы жоқ. Әрі тышқандардың еш реакциясы байқалмаған.

Жануарлармен салыстырғанда адамдарға тәжірибе жасау анағұрлым қиынырақ. Оларды бөлмеге немесе торға қамап қойып, қинау жарамайды. Сондықтан өмір сүру салты, тұрғылықты жері және жасы ұқсас адамдарды жинап, оларды 2 топқа бөлді. Бірінші топқа биологиялық қоспалар берілсе, екіншісіне еш әсері жоқ таблеткалар қабылдау ұсынылады. Бастысы – екі топ мүшелері де өздеріне беріліп жатқан емді білмеуге тиіс. Мысалы, 1994 жылы Финляндияда 50 мен 60 жас аралығындағы 29 133 темекі тартатын адамдардан құралған зерттеу ұйымдастырылды. Бета-каротин қосылған қоспа қабылдайтындарда өкпеның қатерлі ісігіне шалдыққандар саны 16%-ға артқан.

Осы типтес зерттеудің бірі американдық әйелдерге де жүргізілді. 10 жыл көлемінде күн сайын фолий қышқылын, яғни В дәруменінің бір түрін қолданғандардың мүлде пайдаланбағандармен салыстырғанда сүт безі обырына шалдығуы 20%-ға дейін өскен.

Бар-жоғы 4 жыл ғана бета-каротин мен А дәруменін тағамына қосып ішкен адамдардың арасында өкпе обырына шалдығуы 28%-ға, ал өлім-жітім 17%-ға ұлғая түсті.

Бета-каротинді ішіп жүрген топтарда плацебо қолданатын топқа қарағанда 20 адамға көп өлім жағдайы кездескен-ді. Демек 4 жыл ішінде 80-нен астам адам өмірімен қош айтысқан.

2012 жылғы зерттеу қорытындысы бойынша, өткізілген 27 тәжірибенің тек 7-уі ғана адам организміне өз пайдасы барын дәлелдеген. Яғни бұл зерттеу жұмыстарында қатысушылардың жүрек-қантамыр ауруы мен ұйқы безі обырының қаупі бәсеңдей түсті. 10 эксперименттің қорытындысы бойынша, науқастардың бойынан еш өзгеріс байқалмаған. Ал қалған 10 сынақта адамдардың антиоксидант қабылдағанға дейінгі халімен салыстырғанда кейінгі жағдайы өте нашарлап кеткен. Сонымен бірге қатерлі ісікке шалдығу қаупі де өскен.

Адамзат дамуы басталғалы өмірімізге қатер төндіретін түрлі нәрселер болған, бар және болады. Басында оттан қорыққандар бүгінде оны өз игілігіне пайдалануды үйренген. Дәл сол секілді денсаулыққа қауіпті дейтін дәрілер пайдалы болып, ал нағыз емдеп жазушы деген дәрумендеріміз ағзамызды зақымдауы әбден мүмкін. Денсаулығыңды сақтап, салауатты өмір салтын ұстанған дұрыс, әрине. Спортпен шұғылданып, зиянды фаст-фуд орнына көкөністер мен жеміс-жидектерді жеу керек. Бірақ тым артық кетіп, витамин қоры өте көп тағамды тоқтаусыз асай берудің қажеті шамалы. Өз тағдырыңызды қалай жүйеде ұстаңға тырыссаңыз, ағзаңыздың саулығын да дәл солай бір қалыпқа келтіргеніңіз абзал.

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА