Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛҒАН АБЗАЛ


17 марта 2017, 05:23 | 871 просмотр



Қазір ауруды асқынғанында емес, алғашқы сатысында емдеу жолы, яғни медициналық-санитарлық алғашқы көмекті ұйымдастыру қолға алынып отыр. Одан бөлек, елімізде медициналық туризмді дамыту да – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Аталған істі соңына дейін жеткізу үшін не істеу керек? Отандық медицина қазіргі заман талабына сай ма? Бұл туралы №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері, профессор Манас Рамазанов әңгімелеп берді.

– №1 аурухананы көпшілік минералды суы арқылы біледі. Мұнда жылына қанша адам ем алады? – Жылына 20 мыңға жуық адам емделеді. Бізде минералды көздер, физиоемдеу жасайтын бөлімше бар. Бұл ғимаратты Д.Қонаев 1983 жылы ашқан. Негізінен, бұдан шипажай жасау ойда болған. Кейін көпсалалы ауруханаға айналды. Мұнда үлкен-кішісін қосып санағанда, барлығы 25-ке жуық бөлімше бар. 460 төсек орынның 420-сы тәу­лік бойы қызмет көрсетсе, қалған 40 төсек күн­дізгі стационарға арналған. Ауруханада 850-ге жуық маман жұмыс істейді. Бізге науқастар көбіне созылмалы аурулармен түседі. Орталықтандырылған зертхананың жұмысы күшейтіледі. Сол жерде зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Өйткені бәрі бір тәртіппен жаса­луы тиіс. Мысалы, науқас өзінің тіркел­ген ем­ханасында қан тапсырса, оны курьер зерт­ханаға жеткізеді. Қазір қала бойынша осындай 6 орталық жұмыс істеп тұр. Олар: №1, №4, №5, №7 аурухана, орталық аурухана мен Жедел медициналық көмек ауруханасы.– Бұл тиімді ме?  – Мысалы, бір мекемедегі құрылғы 200 мың адамға шақталған, ал оның көмегіне жү­гі­нетіндердің саны 20 мың адам ғана болуы мүмкін. Енді бір жерде керісінше, құрылғы 20 мың адамды қамти алмайды. Осы тұрғыдан ал­­ғанда, орталықтандыру қаражатты да үнем­дейді.– Қазір мамандардың біліктілігін арттыру басты назарда. Оған қанша қаражат жұмсай­сыздар?  – Бюджеттен бөлінетін қаражаттың 5-10 па­йызы мамандарды оқытуға жіберіледі. Жыл са­йын кемінде мамандардың 20 пайызы мін­дет­­ті түрде білімін жетілдіреді. Былтыр ол үшін 7 миллион теңге жұмсадық. 2017 жылға 10 миллион бөліп отырмыз. Бізге басқа елдер­ден де мамандар келіп, тәжірибесімен бөлі­се­ді.– Медициналық міндетті сақтандыруға тоқтала кетсеңіз… – Ол үшін 2018 жылы біз республикалық аккредиттеуден өтуіміз керек. Биылғы жыл­дың 1-шілдесінен төлем жүргізіле бастай­ды. Яғни, біз – жұмыс берушілер кірістің 2 пайы­зын қызметкерлердің әрқайсысы үшін қорға бөлеміз. Бұл сома 2020 жылға дейін 5 пайызға дейін өседі. 2018 жылдың қаңтарынан бастап қордан сақтандыру төлемі жүргізіле бастайды. Мысалы, қызметкердің біреуі ауырып қалса, емделуі үшін қордан ақша бөлінеді. Қор үш жер­ден ақша алады: жұмыс берушіден, қыз­мет­­керден және мемлекеттен. Жұмыскер қор­ға 2019 жылдан бастап қана ақша төлейді. 2019 жылдан бастап сақтандыру қорына жалақы­ңыз­дан 1 пайыз берсеңіз, 2020 жылдан бастап ол 2 пайызға өседі. Сонда қорға екі жақтан 7 пайыз жарна төленеді. Көпбалалы аналар, мүгедектер, студенттер және басқа да топтар үшін – барлығы 15 категория бойынша мем­ле­кет ақша төлейді. Демек, олардың жалақы­сынан бір тиын алын­байды. Жекемен­шік меке­мелер де осы жүйеге бағынады. Жүр­гі­зу­ші немесе сол сияқты «көлеңкелі» жұмыс істейтіндер медициналық көмекті уақытында алу үшін жұмыссыздығына байланысты бир­жаға тіркеуге тұруы қажет. Өйткені сол жағ­дай­да ғана науқас үшін мемлекет ақша тө­лей­ді. Егер ресми тіркеуде болмасаң, мемлекет жұ­мыс тауып беруі тиіс. Жұмыс істегің кел­месе, заң бойынша міндетті түрде орташа ай­лық жалақы көлемінен 2-ден 7 пайызға дейін қорға ақша төлеу керек болады. Салықтан қашатын, жалақысын жария еткісі келмейтін, бірақ өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды да заңды түрде қорға ақша төлеуге міндеттейді. Бір жағынан, бұл мем­ле­кетке салық түсіреді, екіншіден, әркім медици­налық көмекті уа­қы­тын­да алады. Сондай-ақ медициналық көмек кө­лемі сендегі қорда жиналған ақшаңа бай­ла­ныс­ты болмайды. Одан бөлек, сақтан­ды­ру қо­рында жиналған ақшаға қажетті құ­рал-жаб­дық­тарды алуға, дәрігерлердің білік­ті­лігін арт­­­тыруға, жалақысын көтеруге де бо­лады. Дәл қазір тегін медициналық көмек­тің кепіл­ден­­дірілген көлемі деген бар. Сол арқылы елі­­міздің басқа да облыстарынан біздің пор­тал­ға тіркеліп, емделуге келеді.– Порталға тіркелгендер кезегін ұзақ күтіп қалмай ма? – Неврологиялық, кардиологиялық сияқ­ты көп кездесетін ауруларды емдейтін бөлім­дер­де орын болмай қалған жағдайда, нау­қас­тың 3-4 айға дейін кезек күтуіне тура келетін кездер болады. Соған байланысты, науқас аз келетін бө­лім­дердегі бос орынды кезек күткен бөлімдерге қосамыз. Бас дәрігерлер портал кезе­гін үнемі қарап отырады.– Дәрігерлердің өз жұмысына деген ұқып­ты­лығы қаншалықты қадағаланады? – Бір орынбасарым осы жұмысқа тікелей жауап­ты. Сонымен қатар науқастарға қолдау көр­сету қызметі бар. Осындай мәселелердің 90 пайызы адам факторынан туындайды. Мейірбикелердің емделушілермен дұрыс сөй­лесе алмауынан, дөрекі болуынан арада келіс­пеу­шілік болады. Сондықтан науқасты қабыл­дағаннан бастап, шығарып салғанға де­йін оған көңіл бөліп, бақылау жүргізуі керек.– Медициналық-санитарлық алғашқы көмекті ұйымдастыру қайдай деңгейде жүргізіліп жатыр? – Науқастың көбі бізге емханалардан немесе портал арқылы түседі. Олармен мін­детті түрде кері байланыс орнатамыз. Науқас қай күнге жазылса, сол күні келуін қа­дағалаймыз. Кейбір дамыған елдерде меди­циналық көмектің 90 пайызы МСАК кезінде көрсетіледі. Бізде республика бойын­ша меди­ци­­налық көмектің 70 пайызы стацио­нар­лар­да, 30 пайызы емханада көрсетіледі. Бұл кері­сінше болуы қажет. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы да осыны мақсат етеді. Бізде «ем қону үшін міндетті түрде ауруханада жа­тып шығуың керек» деген түсінік қалып­та­сып қалған. Негізінен, бұл емді емханалардан-ақ ала беруге болады. Батыс елдерінде кері­сін­ше, ине салғызудан қорқады. Себебі, ЖИТС, ге­па­тит, түрлі инфекциялар жұғып кетеді деп сес­кенеді. Қайта оның орнына дәрі-дәрмек сұрайды. Себебі, қаншама инфекция қан арқылы жұғады.– Көбіне батыс елдерінің тәжірибесіне сүйе­­неміз, отандық медицина сол талаптарға сай ма? Медициналық мекемелердегі сервисті дамытуға қаншалықты көңіл бөлінеді? Өйткені сервистің нашар болуынан, көбі жекеменшік емхана­лар­ға барғанды жөн көреді… – Оның екі себебі бар: маман білімінің төмендігі және жалақының аздығы. Дәрігер­лердің киім киісінен бастап, сөйлеу мәнеріне дейін мінсіз болғаны абзал. Халықаралық стандартқа келуіміз керек. Екі тіл тұрмақ, үш тілді білген дұрыс. Осы мәселелерді реттеу қажет. Себебі, емделушілермен жылы сөйле­су­дің өзі мәселені шеше алады. Мысалы, қазір біз­дегі палаталарға бір-екі мейірбике жетпей­ді. Сол үшін бөлімге бірнеше жұмыскер алуға бо­лар еді, алайда оларға төлейтін қаражат жоқ.– Осыған дейін де жаңа құрылғылар алын­ды. Мамандар онымен жұмыс істей ала ма? – Біз өзіміз жұмыс істей алатын құрыл­ғы­лар­ға ғана тапсырыс береміз.– Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар? – Жоспарда: ауру-сырқауды, өлім санын азайту, ем көрсету ауқымын көбейту. Жаңа құрылғылар мен дәрілер алып, жаңа әдістер енгізу керек. Инвестиция тарту жоспарымызда бар. Өйткені медициналық сақтандыру ен­гі­зіл­геннен кейін адамдар емделетін орнын таңдайтын болады. Аурухананың видео-роликтерін жасатып, ақпараттандыру жұмыс­та­рын жүргізбекпіз. Бұл да еліміздегі меди­ци­на­лық туризмнің дамуына үлесін тигізер еді.– Әңгімеңізге рақмет!

Автор:
Сұхбаттасқан Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ. «Айқын» газеті.