Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Атауы қайдан шыққанын ұмытпағайсыз...


17 марта 2017, 11:22 | 1 314 просмотров



Заманның, технологияның дамуына байланысты медицина жаңалықтары көптеп ашылуда. Әсіресе ауруға қарсы тұратын дәрі-дәрмектер саны көбеюде. Алайда, дәрілердің пайда болғанына қарамастан ауру түрлері әлі өрши түсуде. Бұған басты себеп не деп ойлайсыз? Адам ағзасында ауруға қарсы иммунитеттің болатыны белгілі. Бірақ сол иммунитетіміз әлсіреген кезде біз көбіне дәрігерге емес, антибиотиктерге көптеп жүгінеміз. Бұл қаншалықты дұрыс? Жауабын білмесек те, біздің халық дәрігерден гөрі дәріге сенетін секілді. Жалпы, біз сіздерге бүгінгі мақаламызда антибиотиктердің пайдасы мен зиянын, оны көп қолданған жағдайда қандай ауруға әкеп соғатыны жайлы жазатын боламызү

Тарихы  бар...

Антиобиотиктер атауы бертін келе зерттелгенімен,  тарихы терең. Антибиотик сөзін грек тілінен аударғанда autі — қарсы және  bіos — тіршілік деген мағынаны білдіреді. Бұл дегеніміз- микроорганизмдердің өсуін, көбеюін тежейтін немесе тоқтататын микробтар. Өсімдіктер мен жануарлар жасушасынан алынатын органикалық зат болып есептелінеді. Антибиотиктер микробтар мен кейбір қатерлі ісікке әсер етіп, олардың дамуын тежейді немесе жойып жіберуге қауқары бар десек болады. Бірақ көп жағдайда емес.  Антибиотиктердің пайда болуы микробтар дүниесінде кездесетін бір-біріне қарама-қарсылық әрекетіне негізделген. Антибиотиктер тарихының бастауы 70-жылдардан басталады, десе де микроағзалардың жұқпалы аурулар дамуындағы рөлі XIX ғасыр­дың екінші жартысында-ақ мәлім болған. «Антибиотик» ұғымын стрептомицинді алғаш ашқаны үшін, 1952 жылы Нобель сыйлығын алған америкалық микробиолог З. Ваксман қолданысқа енгізген болатын.

Жалпы антибиотиктердің 9000 астам түрлері белгілі болса, олардың 200 қосылысы медицинада және басқа саларда қолданылады. Антибиотиктер химиялық құрылысының шығуына байланысты бөлінеді:Пенициллиндер, цефалоспориндер, эритромицин тобының препараттары, левомицетин препараттары, полимиксиндер және тағы басқа. Бұлардың әрқайсысының шығуы әр қилы. Ең көп қолданылатын пеницилин тарихын 1929 жылы Флеминг өз зертханасында кездейсоқ жағдайда ашқан болатын. Бірақ дәрінің әсеріне сенбей, оны зерттеуді тоқтатқан. Кейіннен оны таза күйінде 1940 жылы Г.Флори және Э.Чейн зерттеді. Алайда Флеминг еңбегі ақталмай қалмады.

1999 жылы, «Тайм» журналы Флемингті пенициллинді ашқаны үшін ХХ ғасырдың жүз ең маңызды адамдарына жатқызып оның жасаған дәрісі инфекцияға қарсы өте белсенді құрал және бұл тарихты өзгертеді деп баяндама жасаған. Ия, ол үміт ақталды. Алайда уақыт өте келе, антибиотиктер өз күштерін жоя бастауы қазіргі кезде дүниежүзілік мәселе қатарына жатқызылған жайы бар. Бұған басты себеп антибиотиктерді шамадан тыс, жиі қолдану болып табылады. Сонымен қатар, дәрігердің бақылауынсыз өз беттерінше дәрі-дәрмекке жүгіну. Яғни, адам бойындағы бактерия антибиотиктерді көп қолданған жағдайда әсер етуін азайтып, өз күшін жойып отыр.  Қазіргі таңда жаңа антибиотиктерді шығаруда жұмыс жасап отырған мамандар аз. Жаңа антибиотиктер мүлдем жоқ деуге де болады. Оған себеп ешбір мердігер компания 5-7 жыл ғана әсер ететін дәрі-дәрмектерді шығаруға көптеп қаржы жұмсауға мүдделі емес көрінеді.

Зияны қандай?

Жоғарыда антибиотиктердің әсер етпеуінің себебіне тоқталып өттік. Біздің организміміздегі пайдалы бактериялардың біздің өміріміз үшін маңызы зор екенін еске салған жөн. Бактериялар – тамыр және жасушалардың дұрыс дамуын қамтамасыз ете отырып, иммунитет үшін керекті ферменттердің пайда болуын қадағалайды. Асқорыту жүйесінде жұмыс жасайтын бактериялардың көбі, денедегі гармондық тепе-теңдікті сақтап тұрады. Антибиотик дәрілері үздіксіз қолданылған жағдайда, пайдалы бактериялар өзгеріске ұшырайды да, зиянды бактерияға айналады. Нәтижесінде денедегі гармондық тепе-теңдіктің болмауы және ас-қорыту сияқты проблемалар мазалай бастайды. Осындай ауру-сырқаттарды туғызбаудың бірден-бір жолы антибиотиктерді мүмкіндігінше аз пайдалану. Болар болмас тұмау, суық тию  кездерінде антибиотик қолданбауға тырысу керек. Тек, ауру нақтылы белгілі болған жағдайда және дәрігердің кеңесімен, антибиотик қолданған жөн.

Сондай-ақ антибиотиктерді жиі қолдану денедегі аурудың микроптарының да қарсы тұру қабілетін арттырады. Бұл микроптарды жеңу үшін бұрынғыдан да ауыр антибиотиктер қабылдауға тура келеді. Нәтижеде аурудың жазылуы да ұзап, дене де ауыр антибиотиктердің әсеріне тап болғандықтан басқа мүшелерге де зиянын тигізері хақ.

Сонымен қатар,антибиотиктерді жаңа туған сәбиге дәрігердің рұқсатынсыз алатынымыз жалған емес. Ал, бұл дегеніміз өз қолыңызбен балалаңызды өкпенің қабынуына әкеліп соқтыратынын білгеніңіз жөн болар. Әлемдік ғалымдардың антибиотиктердің зиянын тексеруде тышқанның баласына тәжірибе жасаған. Зерттеу барысында иммунитетке керекті бактериялардың ішекке өтуіне антибиотиктердің кедергі жасайтыны байқалған. Мұның соңы тыныс алу жолдарының нашарлауына әкеп соққан.Осылайша, ғалымдар зерттеу нәтижелері бойынша антибиотиктер балалардың өкпесін қабындыратын микроорганизмдер салдарынан шетінеп кетуіне себепші болуы ықтимал деген қорытынды жасап отыр. Сондай-ақ, мамандар антибактериалды препараттар туа бітті демікпесі жоқ адамдарды да осындай ауру түріне шалдықтыруы мүмкін дейді. Және де бір айта кетер жайт, біз көбінесе тұмау тисе немесе жөтелсек, қызуымыз көтерілсе антибиотиктерді қабылдай саламыз. Бірақ сол антидәрілердің осы ауруларға еш көмегі болмайтындығы. Сондықтанда антибиотиктер қолданбай тұрып, оның кейінгі зардабы туралы ойланғаныңыз абзал.

Шетелдегі шектеу...

Антибиотиктердің сатылуына шетелде көптеген елдерде тиым салынған. Әсірсе дамыған елдерде, соның ішінде, Еуропада бұл жүйе енгізілген. Тек ғана дәрігердің рұқсатымен антибиотиктерді қолдануға рұқсат етілген.

Кеңес үкіметінің құрамында болған барлық мемлекеттердің басында  антибиотиктер мәселесі бар.  Салыстырмалы түрде алып қарасақ, бұл елдер  Еуропаға  қарағанда антибиотикті төрт есе көп қолданады. Себебі біздің елімізде ашық медициналық жүйе қалыптасқан, яғни дәрі-дәрмектің барлығы дәріханаларда еркін саудаланады. Ал Еуропа елдерінде  дәрі-дәрмек сатылымы шектеулі, бұл мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынған. Науқас дәрігердің нұсқаулығынсыз ешқандай антибиотикті сатып ала алмайды.

— Антибиотиктердің пайдасы мен зияны бірге жүреді. Ол іштегі зиянды және  ағзаға қажетті микроорганизмдерді қатар жояды. Сондықтан  тек қана дәрігердің нұсқауымен  қабылдаған жөн. Себебі  маман емделушіні жан-жақты тексеруден өткізеді және бұрын қандай аурумен ауырғанын, қазіргі  ауруының жағдайы қандай екенін анықтап, дәрі тағайындайды. Осындай  жағ дайда ғана пациенттің денсаулығы үшін терапияның тиімділігі артады, — дейді Ерлан Шаймерденұлы.

Біздің пікір...

 Антибиотиктердің әсері, зияны жайлы жоғарыда айтып өттік. Осы антибиотиктердің қолданылу аясы жайлы Талдықорған қаласының тұрғындары арасында біраз сұрақтар қойған болатынбыз. Антибиотиктерді жиі қолданасыз ба? Дәрігердің рұқсатымен аласыз ба әлде өз білетін антибиотикті қабылдай бересіз бе?  Антибиотиктер жайлы қаншалықты білесіз?

Арман Асанов,  қала тұрғыны

  • Кез келген дәрі, антибиотик болмасын дәрігердің рұқсатымен алуға, кеңес сұрауға тырысамын. Ауырып қалсам, міндетті түрде дәрігерге қаралып, содан кейін ғана дәрі аламын. Бірақ бас ауырған жағдайда немесе жеңіл-желпі ауырған сәтте таблеткалар мен шөп шәй қолданамын.

Назерке, 3 курс студенті.

  • Антибиотиктерді қолдануда аса абай болған абзал. Оның шығарған фирмасына, құрамына қараған жөн. Ал маған келер болсақ өз басым антибиотиктерді мүлдем қолданбаймын. Оған өзіндік себептерімде бар. Менде антибиотиктерге аллергия болғандықтан кішкентайымнан дәрігердің қарауынсыз ешқандай артық дәрі қабылдаған емеспін. Сіздерге де сондай кеңес беремін. Қазір бізде дәрігерлерге сенбеушілік деген тема шығып жатыр. Оны да екі пікірмен алып қарастыруға болады. Ең бастысы маман өз ісін жақсы біледі. Сондықтан оған сене білген дұрыс.

Антибиотикті қолдану кезінде дәрігермен кеңесу қаншалықты маңызды?

Жазира, медицина қызметкері.

  • Ең маңыздысы осы. Міндетті түрде қандай ауру болмасын, тіпті жай ғана тұмау, жөтел кезінде де дәрігердің рұқсатымен ғана антибиотикті қолданған абзал. Аурудың себебін сұрай келе, емделушімен сұхбат жүргізгеннен кейін оның қандай дерт екенін немесе тұмау, жөтел ғана болған жағдайда да дәрігерге жүгінер болса, көптеген үлкен аурулардың алдын алуға қауқарлы болар едік. Бірақ, біздің халықтың көпшілігі өз бетімен ем алғанды жөн көреді. Ал, оның зардабы үлкен боларын аңғармайда қалады. Сондықтан да, ақ халатты абзал жандардан әрқашан кеңес алу артық етпейді.

Сіз білесіз бе?

Бұл тақырыпшаны алудағы себебіміз, көп қолданатын антибиотиктердің орнына халықтық ем-домды яғни шөп шәймен  жидектер арқылы жасалған табиғи антибиотиктер тізімін ұсынып отырмыз. Ең алғашқысы хрен атымен аталатын ақжелкек тамыры тыныс алу жолдарының  дұрыс жұмыс жасауына көмектеседі. Екінші, мүкжидек зәр шығару жолындағы зиянды бактерияларды жоюда әсері өте күшті. Күнделікті өмірде қолданып жүрген сарымсақта мықты антибиотик екенін білерсіз. Ол ішкі органдар мен тыныс алу жолдарының зиянды бактериялары, ішек паразиттері және вирустарды жоюға көмектеседі. Ол қан қысымын төмендетеді және қанның ұюын болдырмайды. Сарымсақ ісікке қарсы және денені зиянды заттардан тазартады, соның арқасында антиоксиданттық қасиеттерге ие. Келесісі базилик қазақша баламасы райхангүл ағзаны көптеген инфекциялардан қорғайды. Және де баспаға өте пайдалы. Соңғы тізімде көкжидек.  Бұл жидектің құрамында ауруды төмендетіп, созылмалы қабыну салдарын жоюға көмектесетін табиғи аспирин бар. Көкжидек зәр шығару жолдарының бактерияларын жойып, антибиотик ретінде әрекет етеді. Міне, жай ғана жидектердің өзі көптеген ауруларға сеп болады. Химиялық антибиотиктерден қарағанда табиғи дәрің әлдеқайда тиімді және пайдалы. Ағзаның саулығы үшін бұл маңызды. Біздің тек ғана ой тастаймыз. Қалғаны сіздің қолыңызда.

Сөздің соңында айтарымыз, қандай ауру болмасын оның алдын-алуға әрқашан мүмкіндік бар. Тек ғана сол мүмкіндікті пайдалана білгеніміз дұрыс шығар. Дәрігерлерге сенім артып, қанша жұмыс көп болса да, жылында кеміне бір рет толық тексеруден өту артық етпейді. Өз бетіңізбен  шешім қабылдап антибиотиктерді шамадан тыс, дәрігерлердің кеңесуінсіз қолданар болсаңыз, оның соңы немен бітерін жақсы білгейсіз. Тағы айтарым, антибиотиктердің атауы қайдан шыққанын ұмытпаңыз -  «antibios» - өмірге қарсы!

Автор:
Дайындаған: Аймарал ДАУЛЕТБЕКҚЫЗЫ