Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ежелден ер тілегі-ел тілегі, Адал ұл ер боп туса-ел тірегі!..


7 мая 2010, 11:20 | 3 227 просмотров



Облыс Әкімінің жүлдесіне

Адал ұл ер боп туса-ел тірегі!..

Соғыс ...– адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз.

Өйткені, соғыс атаулы адамзатты қырып-жоюға бағышталады. Адам адам болғалы осылай... Талай рет үстемдік, байлық үшін адам қаны судай аққан... Арыға бармай-ақ, 50 миллионнан астам өмірді жалмаған соңғы соғысты алайық. Кімге қажет болып, не мақсатты көздеп еді сол соғыс?.. Әдетте, соғысты әділетсіздік, жауыздық, қанішерлік бастайды ғой. Ол - сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес...

Сол күні жау адамдардың тәтті ұйқысын ғана бұзған жоқ. Зұлмат жау бейбіт өмірге бүлік әкелді. Ана баласымен, қыз жігітімен қоштасты... Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады... Ойда диханшы трактордан түсіп, танкіге отырды. Бір күнде бүкіл ел солдат болып шыға келді. Сол жылдардың бозбала, бойжеткендері ақын болуды, инженер болуды, оқымысты болуды армандамады дейсіз бе?!. Қаншама жас боздақтардың қыршын Жаны қиылды... Ішінде ақыны да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қаншама Абайлар, қаншама Шоқандар кетті екен ?!.

Содан бері зымырап 65 жыл өте шықты. Фашистік Германия тізе бүкті... Бірақ, сол сұм соғыс өзімен бірге 10 миллионнан астам немістің өмірін алып кетті. Оны жеңген Кеңес Одағы 27 миллион адамның өмірін берді. Талай ғасырлар бойы жасалған материалдық және мәдени қазынаны құртты.

Міне - соғыстың әкелген қасіреті. Сондықтан, адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек. Осыдан 65 жыл бұрынғы Жеңіс сонысымен ерекше. 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Әрине, жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға 1,3 миллион ұл мен қыз аттаныпты. Бәрі де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аты аңызға айнала оралды. Солардың бірі - Талдықорған облысы, Сарқан ауданындағы Бақалы- Мұқаншы ауылының төл тумасы Мухамедкәрім Мухамеджанұлы. Кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Дүмпуі төрткүл дүниеге жеткен Ұлы Отан соғысының тауқыметі, сол сұрапыл жылдардың азабы мен тозағын бастан өткерген Мухамедкәрім ақсақал көзімен көріп, қолымен жөнелткендерін көзі тірі кезінде «Қысқаша өмір тарихым» деп ұрпағына естелік ретінде жазып кетіпті. Осы естелікті біздің редакциямызға ардагер ақсақалдың қызы Дәния Мұхаметжанова, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің дәрігері жеткізіп берді:

« Мен 1923 жылы қантар айының бірі күні кедей шаруа, Жантемір ұлы Мухамеджан марқұмның семьясында дүниеге келдім. Шешем 5, әкем 12 жасымда қайтыс болып, әпкем Қадиша марқұмның қолында тәрбие алып, оқу оқи жүріп жастайымнан ауыл шаруашылық жұмыстарына араластым. 1938 жылы ВЛКСМ қатарына алындым. 1940 жылдан 1942 жылы әскер қатарына жүргенге дейін, түрлі-түрлі шаруашылық жұмыстарын атқардым. 1942 жылы 8 наурыз күні Қызыл әскер қатарына алынып, 1945 жылдың қаңтар айына дейін қырғын соғыста Отан қорғаушылыр санында болдым.

Сол 1942 жылы Ашқабаттағы әскери-соғыс училищесін бітіріп, қарашаның 20 –шы күні Сталинград майданына, Волга бойындағы Калач қаласы арқылы, фельдмаршал Паулюс басқарған фашистік армияға қарсы соғысқа кірісіп кеттік. Аязы 30-40 градус, қатты қыста, қалың қарға қарамастан, Отанымыз дың тәуелсіздігі үшін, жаңбырша себелеп турған оқпен, аспаннан жауған бомба, снарядтарға төзе жүріп, алға жылжумен фашистердің арамиясын қоршауға алдық.

Қар төсеніп, мұз жастана, кейде аш, кейде тоқ, айналаң қып-қызыл оттың ортасында жауға ойран салдық. 30 мың фашистік армияны тұтқындаған соң, Дон өзенінен жүзіп өту кезінде жараланып, дала госпиталінде емделдім. Денсаулығымды қалпына келтірісімен Ветлуга қаласындағы 2 –ші Горьковский танк училищесінің 3 айлық курсын бітіріп, сол жерден Т-34 танкілерді поездарға тиесіп, Орал-Курск-Белград майданына аттандым. Неміс-фашист басқыншыларына күйрете соққы беріп, біздің айбынды жауынгерлеріміз, жауды өз апанына дейін қуып, қашып тығылуына мәжбүр етті. Хмельницкий атындағы 120-шы гвардиялық 34-танк полкы жауды дүркірете қуып Одер өзеніне тоғытты. Міне, осы Одер өзенінен өтіп, фашистердің соңына түсіп, қуып кележатқанда танкіміздің астынан мина жарылып тоқтап қалдық. Есімді жиған кезде танкімен қоса жанып барады екенбіз. Үстіңгі люкті ашып, шалшық суға аунап, қаулаған отты әзер сөндіргенімді білемін. Тағы да есім ауып кеткен екен, біреудің жұлмалағанынан көзімді ашсам, танкіні жүргізуші, ішін снарядтың сынығы жарып кетіп, ішегін шұбалтып маған жеткен. Қалған үш адам танкінің ішінен шығуға шамалары келмесе керек, танкімен бірге жанып кеткенге ұқсайды. Өйткені бізді медсанбатқа алып кеткенше танк жанып біткен еді.

Бұл 1944 жаз айлары кезіндегі даңқты жыл болып еді. Төртінші Украина фронтының құрамына жататын 120,26,34-ші танктер полкі фашистердің сан қилы қорғаныс шектерін бұзып, жаяу әскерлерге жол ашып беріп отырды.Сөйтіп, жау ордасы жолындағы қала-селоларды басып өтіп, 1945 жылдың қаңтарында Берлинге 60 шақырым жердегі қиян-кескі алпарыста тағы да үшінші рет жараланып Чуся деген қалада емделдім. 5 қараша күні елге, яғни туған-туысқандарыма қосылдым».

Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі, соғыс жылдарында бір неше медальдар мен ордендермен марапатталған ардақты Мухамедкәрім Мухамеджанұлы марқұм соғыстан кейінгі жылдары комсомол комитетінде, партия, Совет органдарында қызмет атқарып, ауыл шаруашылығының сан алуан салаларында жұмыс істеген. 4 ұл, 5 қыз өсіріп, немере - шөберелерін құшағына алған Мухамедкәрім қария жұбайы Ырыстыбаламен бейбіт өмірдің де қызығын көрген...

Дүние-байлық, билік, қызмет дегеннің бәрі мәңгілік емес, уақытша нәрсе. Ал байлығың - денсаулығың, бақытың - жарың, жанұяң, балаларың, ел-жұртыңның амандығы. Ардақты қарияларымызға, “Қазіргi мына заманда тәуелсіздігіміздің көк байрағын желбіретіп, бейбіт өмір сүріп жатқанымыз - сіздердің арқаларыңыз. Ерен ерліктеріңіз мәңгі ұмытылмайды!» - деген алғысқа толы тілегімді білдіремін.

Мухамедкәрім қарияның өсиет сөздерінен үзінді:

Балам маған кейіме

Әкем айтпай кетті деп,

Сырын білмей бой ұрма,

Атасы оның текті деп.

Турлаусыздан сөз ұқпа,

Аузы оның епті деп.

Істемей қолмен іс болмас,

Құрғақ сөзде күш болмас.

Балам саған айтқаным,

Аңғырттанбай ғылым жый.

Албырттықты әсерлі,

Құрбыңа еріп көрме сый

Көрінгенге қызығып

Әуреленбе, нәпсің тый.

Әкеңнің айтқан аз сөзін

Құтысына көңліңнің

Шайқап алмай дәлдеп құй.

Автор:
Жанна ЕРАЛИНА