Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ГМО: АШТАН ЕМЕС, АСТАН ӨЛМЕЙІК


6 марта 2017, 04:10 | 5 593 просмотра



Біздің күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыздың, әсіресе, жеміс-жидек, көкөністердің құрамы, дәмі, түрі, пішіні, сақталу мерзімі уақыт өткен сайын өзгеріп барады. Мысалы, бұрын алмалар қандай еді? Иісі мұрын жарып, тәттілігі аузыңнан кетпейтін. Қазіргі алмалардың сырты жылтырап тұрғанымен іші су татиды. Тістесең, қап-қатты ағаш тәрізді. Шие мен құлпынайдың қызанақтай үлкен болғанына да, қияр мен тәтті бұрыштың әп-әдемі қалпында ұзақ уақыт сақталып тұра беретініне де көзіміз үйренді. Азық-түлік өнімдерінің табиғи қалпынан алшақтап, жасанды бола түсуінің басты себебі, олардың құрамына гендік тұрғыдан модификацияланған организмдер (ГМО) қосылғанында болып тұр.

Бізге қайдан келді? Гендік модификацияланған өнімдер – биотехнологиялық әдіспен генетикалық құрамы өзгертілген организмдер. Нақтырақ айт­сақ, бір ағзаның геніне бөгде бір ағ­за­ның генін енгізіп, шағылыстыру арқылы суыққа тоңбайтын, ыстыққа күймейтін, ші­рімейтін, бұзылмайтын, ұзақ сақ­та­латын түрін жасап шығару деген сөз. «Махаббат пен аштық әлем­ді билейді» демекші, ген­дік инженерияның та­бысты саласы болып са­налатын гендік түрлен­діріл­ген өнімдер алғаш рет адамзатты аштық­тан құтқару мақсатын­да ойлап шығарылған. Ғалымдардың бол­жауын­ша, жер шары не­бәрі 12 млрд адам­ды асырауға есеп­тел­ген. Қазіргі таңда дү­ние­жүзіндегі ха­лық­тың са­ны 7 миллиардқа же­тіп отыр. 2020 жылы бұл сан 8 миллиардқа өсуі мүмкін. Онсыз да қазіргі күні әлемде жыл сайын 1 миллион адам аштықтан қырылады екен. Демек, енді аз уақытта күллі адамзат азық-түлік тапшылығын тартады деген сөз. Осы түйткілді мә­селені алдын ала болжап біл­­ген ғалымдар генетикалық құрамы өзгертілген өнімдерді жасап шығарды. Оның түп-тамыры 1952 жылы ДНҚ-ның молекулалық құры­лы­мын ашқан америкалық биологтар Джеймс Уотсон мен Фрэнсис Криктің ғылыми жаңа­лығынан бастау алады. Олар гене­тикалық материалдың ұрпақтан-ұрпаққа берілуіне, сақталуына, дамуы мен қызме­тіне ДНҚ жауапты екенін анық­та­ған­нан кейін 1972 жылы тағы бір аме­ри­калық био­химик Т.Берг екі түрлі орга­низмнің ДНҚ молекулаларын бір-біріне қо­сып, бұ­рын-соңды болмаған басқа бір түрін құ­растырып шықты. Осылайша, ол жануар­лар, өсімдіктер және басқа да орга­низмдерді будандастыру арқылы қолдан көбейтуге, өсіруге болатынын ашты. Гендік инженерия саласында ашылған бұл тәсіл алғашында өсімдіктерді үсіп кету­ден сақтау үшін пайдаланылды. Кейін астық­ты бірнеше есеге көбейтуге, тағамды мо­лайтуға қолданыла бастады. Осы әдісті іліп әкеткен Қытай 1992 жы­лы пестицидтер қосылған темекі өнді­ріп шығарды. Содан кейін камбала балы­ғы­ның генін қосып, суыққа төзімді қыза­нақ­тар өндірді. Осылайша, ГМО дәурені жүріп сала берді. 1993 жылы ГМО қосылған жасанды та­ғамдар жаппай сатылымға түсе бастады. Қазақстанға да трансгендік өнімдер осы кезде таралды.Табиғи өнімнің бәрі пайдалыжасандының бәрі жаман ба? Жаңадан ашылған бірде-бір технология дәл ГМО-дай көп талқыланбаған шығар. Оның басты себебі, гендік тұрғыдан өзгер­тілген астың адам ағзасына қаншалықты әсер ететіндігі әлі толық зерттелмегенінде. Осыған қатысты пікір қайшылығы өте көп. Ғалымдар қолдан өсіріліп көбейтілген өнімдерге қатысты нақты бір байламға әлі күнге келе алған жоқ. – Гендік өзгеріске ұшыраған өнімдер зиянды дейтіндердің басым көпшілігі мұн­дай тағамдар аллергиялық реакцияларды көбейтіп, ісік ауруларын туғызатынын алға тартады. Тіпті жасанды тағамды көп тұтын­ғандар бедеулік пен белсіздікке ұшырайды деген де пікір бар. Алайда осы саланы ұзақ зерттеп жүрген ресейлік әйгілі биолог-ға­лым Александр Панчин бұл оймен келіс­пей­ді. «Табиғи тағамның бәрі пайдалы, ал пай­далысы міндетті түрде табиғи болуы шарт емес. Мысалы, шешек деген – нағыз табиғи патоген. Ол адам ағзасына өте қауіп­ті. Осы ауруды жеңу үшін оған қарсы вак­цина ойлап табылды. Мұндай жасанды екпе болмаса, не істер едік?! Сол сияқты та­лай адам табиғи патогендер туындатқан не­ше түрлі инфекциялық аурулардан көз жұмып жатыр. ГМО-дан өлді деген бірде-бір жағдайды естіген жоқпыз» дейді ол. ГМО-ның пайдасы дегенде алдымен дәстүрлі медицина саласы еске түседі. Ең алғаш рет 1982 жылы гендік өзгеріске ұшы­раған бактериялардан алынған инсулин әлі күнге дейін қант диабетіне қарсы басты ем болып тұр. Фармацевтика өндірісінің адам ағзасындағы ақуыз негізінде және гене­тикалық өзгертілген микроор­ганизм­дер­ден жасап шығарып жатқан дәрі-дәрмегінде есеп жоқ қазір. Ол-ол ма, бүгінде ГМО қо­сылған жеміс-жидектердің құнарлылығы артып, оның құрамындағы дәрумендер көбейеді деген де пікір бар. Мысалы, же­міс-жидекке қанық түс беретін антоциан атты пигменттік зат ісік аурулары мен диа­беттің алдын алатын көрінеді. Гендік мо­дификацияланған күріштің құрамы А дәру­менімен байытылған деп те айтылады. Әлемдік ғалымдардың екінші бір бөлігі ГМО адам ағзасына зиянды деген пікірді алға тартады. Мысалы, француз биологы Жиль-Эрик Сералини егеуқұйрықтарға тә­жірибе жүргізіп, оларды гендік моди­фи­кацияланған жүгерімен қоректендірген. Нәтижесінде, кеміргіштерде ісік жасу­шалар түзілгені, тіпті ұрпақ өрбіте алмай­тын әлсіз жағдайға жеткенін жария етеді. Тағы бір ресейлік биолог Ирина Ермакова трансгендік заттармен қоректенген өсім­діктердің сабағы домбығып ісіп кеткенін ай­тады. Алайда осы екі ғалымның да зерт­теулері «ғылыми дәлелдері жеткіліксіз» де­ген желеумен елеусіз қалған. Мүмкін, оның астарында «ГМО-ның зияны дәлел­ден­се, оның өндірісіне кедергі көбейе­ді» де­ген ой да жатуы мүмкін. Өйткені қазір ГМО өндірісі қып-қызыл пайда көзі болып тұр. Бұл туралы өзіміздің ғалымдар не дей­ді? «Байтақ – Болашақ» экологиялық альян­сы ұйымдастырған пікір-талас алаңын­да олардың да ойын білген едік.

Заңдарымыз не дейді? Елімізде ГМО туралы әлі күнге нақты көзқарас пен саяси шешім қалыптаса қой­ған жоқ. 1998 жылы Қазақстан Үкіметі ген­дік модификацияланған бидайды елі­міз­дің аумағына кіргізуге тыйым салғаны есімізде. Одан кейін бұл тақырып жабық күйін­де қалғандай еді. Тіпті 2000 жылға дейін жағдай бақылауға да алынбаған. 2000 жылдың ортасында еліміздегі эко­логиялық дақылдарды зерттеумен айна­лы­сатын қор ірі сауда орындарда сатып алын­ған әртүрлі азық-түлік өнімдеріне тәжірибе жүр­гізіп, нәтижесінде, баланы тамақтан­дыру­ға арналған өнімнен ГМО тапқан. Бұл үлкен қоғамдық резонанс туғызады. Содан кейін барып халық гендік өзгеріске ұшы­раған өнімдер туралы хабардар болып, заң­дарымызда да бұл туралы айтыла бастады. Бүгінгі таңда «Тамақ өнімдерінің қауіп­сіздігі туралы», «Міндетті экология­лық сақтандыру» заңдарында, «Халықтың денсаулығы және денсаулық жүйесі тура­лы» кодексте тамақ қауіпсіздігі, оның құрамы, тіркелуі, ГМО қосылған болса, ол мін­детті түрде тауарда таңбалануы керек секілді талаптар қойылған. Қазақстан сон­дай-ақ биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық Картахен хаттамасына, ГМО туралы ақпараттың жұртшылыққа ашық және қолжетімді болуын қамтамасыз ететін Орхусс конвенциясына қол қойды. Дегенмен де гендік инженерия қыз­метін реттейтін заңнамаларды әлі де жетіл­діре түсу қажет. Мамандар гендік моди­фи­кацияланған өнімдерді қоршаған ортаға шығаруды, ондай тағамдық өнімдер мен ауыл шаруашылығы дақылдарын елімізге импорттауды, ГМО-ны өндірісте, азық-тү­лікті өңдеуге пайдалануға заңдық тұрғыдан тыйым салу қажеттігін, осылайша, Қа­зақ­стан аумағын гендік модификацияланған өнімдерден таза экологиялық қауіпсіз ау­мақ­қа айналдыру керектігін айтып жүр.

Төрегелді ШАРМАНОВ, 

академик, Қазақ тағамтану академиясының президенті:

– Мен гендік модификацияланған өнімді бір кісідей-ақ зерттеп келемін. Тағамды гендік өзгерту арқылы көбейтуді алдымен америкалық ғалымдар 50 жылдары ашқанын жұртшылық жақсы біледі. Содан бері әлемде трансгендік өнімдер туралы неше түрлі пікір айтылып жүр. Бірақ ешқайсысы нақты ғылыми тұжырымдалған жоқ. Сондықтан оның қаупі бар деп алдын ала байбалам салудың керегі жоқ. Тосқауыл саламыз деп те басты қатырудың қажеті шамалы. Қазір АҚШ, Жапония, Қытай, Корея сияқты елдердің бәрі гендік өзгеріске ұшыраған жаңа өнімдерді қаптатып шығарып жатыр. Бұл өнімдер жылдан-жылға көбеймесе, азаймайды. Қайсыбіреулер гендік модификацияланған азық-түлік ісік ауруларын туғызады, ағзаны зақымдайды, генді бұзады, иммунитетті төмендетеді деп жүр. Мұның бәріне сене беруге болмайды. Адамның гені тамаққа бола бұзыла салатындай оңай нәрсе емес. Оның бірнеше қабат қорғаныс күші бар. Ағзаның генетикалық кодын бұзу үшін радиация мен химиялық жойқын күш керек. Сондықтан қауіп тамақта емес. Қайта құрылымы, пішіні өзгерген тамақтың құрамы әртүрлі дәрумендермен байытылып, нәрлілігі арта түседі. Кезінде жануарлардың асылтұқымын, өсімдіктердің ерекше сорттарын, пайдалы микроорганизмдердің штампыларын жаңартып шығаратын селекция әдісі пайда болған кезде күллі дүниежүзі дүрлігіп, оған қарсы тұрды. Бүгінде оның пайдасы көп екеніне көз жеткіздік. Сондықтан тағамды молайтуға мүмкіндік жасап отырған технологияның шыққанына қуану керек.

Евгений КЛИМОВ, 

эколог-биолог:

– Гендік модификацияланған өнімдердің зиянын көптеген мамандар айтып жүр. Мен де олардың пікірімен келісемін. Біз 2002 жылы ГМО қауіпсіздігі және экотуризмді дамытумен айналысатын қоғамдық қор құрдық. Осы уақыттан бастап, трансгендік өнімдерді жан-жақты зерделей келе, мұның шынымен де өзекті мәселе екеніне көз жеткіздік. Жасанды тағамдардың пайдалы екенін айтып жүргендердің көбі – өнімдерге аз уақыт қана зерттеу жүргізгендер. Негізінен, генетикалық тұрғыдан өзгеріске ұшыраған ағзалардың адамға қалай әсер ететінін білу үшін ұзақмерзімді зерттеу қажет. Модификацияланған өнімдерді тұтыну тұрмақ, осындай азық-түлікті өсіріп шығаратын елдерде қуықалды безі мен сүт бездерінің қатерлі ісігі басқалардан төрт есеге көп болатыны анықталған. ГМО әсіресе, енді жетіліп келе жатқан организмге қауіпті. Сондықтан баланың тамағына трансгендік қоспалар араласқанын құптамаймын. Балаға шырын, басқа да сусындарды, қалбыр, шыны ыдыстарда сатылатын тамақтарды сатып аларда сақ болыңыздар, міндетті түрде сыртқы жазуын оқып, ГМО қосылған болса, алмауға кеңес беремін. Сондай-ақ мұндай өнімдер бала туу жасындағы әйелдерге де зиянды. Белгілі ғалым Ирина Ермакованың зерттеулері соны меңзейді. ГМО туу көрсеткішін кемітіп, жер бетіндегі адамдар санын азайту үшін ойлап табылған деген пікірдің жаны бар. Асқа асылық айтпаймыз десек те, көзге көрінгенді жей берген де дұрыс емес екенін есте ұстаған жөн.

ТҮЙІН:

Генетикалық тұрғыдан өзгертілген өнімдер туралы, оның адам ағзасына әсері жөнінде нақты ғылыми дәлелденген байлам болмайынша, ГМО бәрібір күмәнді екенін ешкім жоққа шығара алмас. Жоғарыда мұндай өнімдер адамзатты аштықтан құтқару үшін пайда болғанын айттық. Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жері бар, небәрі 17 миллиондай халқы бар Қазақ еліне жасанды тамақ тұтынудың қандай қажеттілігі бар? Кейбір сарапшылар айтып жүргендей, ГМО қоспасы бар өнімдерді эскпортқа шығаратын ауыл шаруашылығы өнімдерінде пайдалану керек те, еліміз экологиялық таза, қауіпсіз азық-түлікті тұтынғаны жөн. Дұрыс ұқсата білсе, Қазақ елінің қауқары халықты қауіпсіз азық-түлікпен толыққанды қамтамасыз етуге артығымен жететіні сөзсіз.

Автор:
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ