Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Еліміздің спорт медицинасы қаншалықты танымал?


24 февраля 2017, 05:09 | 1 823 просмотра



Қазақстан тәуелсіздік алғалы өзіндік спорттық жетістіктерімен ерекшеленіп келеді. Бокс, күрес, шығыс жекпе-жектері, воллейбол, теннис секілді спорттың сан түрлі жолдарында биіктен көрінген чемпиондар еліміздің мерейін үстем  етуде. Ал спортта басты міндет – тән саулығы.  Күнделікті үздіксіз жаттығулармен қатар дұрыс тамақтану, гигиеналық талаптарды сақтау – бәрі де спорттық медицинаның дамуына алып келді.

Бәрімізге белгілі, кез-келген спорт түрінде спортшының жарақат алып қалу қаупі бар.  Осы орайда медицина ғылымының маңызды бір саласы – спорттық медицинаны дамыту қолға алынған. Әсіресе, спорт саласы үздік дамыған мемлекеттерде арнайы дәрігерлер оқытылып, осы жүйеде маманданған. Кәсіби спорт болсын, жай хобби үшін айналысып жүрген спорт түрі болсын, спорттық травмалар, диета жүйесі, кардиологиялық, хирургиялық аурулар әсерінен болатын асқынулар мен алдын-алу шаралары қарастырылады. Созылмалы аурулар түрі, қант диабеті, демікпе, сүйек, бұлшық ет, сіңірге әсер ететін маңызды  симптомдар мен шамадан тыс немесе жеткіліксіз жаттығу жасау салдарынан болатын физикалық сырқатты емдеумен айналысады.

Жалпы қарапайым халық үшін, соның ішінде спорт әлеміне мүлде қатысы жоқ адамдарға спорттық медицина саласының қызметкерлері таңсық болуы мүмкін. Әдетте олар арнайы мамандандырылған орталықтарда, спорт кешендері мен жаттығу алаңдарында отырып қызмет атқарады. Сонымен қатар түрлі олимпиада, жарыстарда не болмаса маңызды жаттығулар барысында спортшылардың жанынан табылады. Бір қарағанда, олардың басты міндеті – жарақаттармен күресу ғана болып көрінеді. Яғни, спортшы еш жарақат алмаса, дәрігердің қажеті не? Шынымен де, ондай ой болуы әбден мүмкін. Дегенмен, тереңнен бойлаған дұрыс. Спорт дәрігерінің атқаратын қызметі мен міндеті қандай?

Біріншіден, спорт әлеміне аяқ басқан тұлғаның жалпы денсаулық жағдайы, физикалық, психологиялық тұрғыдан тұрақтылығы мен саулығы толықтай тексерістен өткізіледі. Жаттығу барысындағы жүріс-тұрысы мен дұрыс жасау методикасы, кейбір спортшылар қолданатын арнайы биологиялық қоспалар мен дәрумендер құрамы жайлы спортшылардың өзіне әрі олардың жаттықтырушыларына кеңес береді. Салауатты өмір салтын ұстану барысындағы таңғы жаттығулар, диета ұстану, өзін-өзі күту, гигиеналық талаптар туралы кеңес те спорттық медицинаның атқаратын үлкен бір қызметі.

Екіншіден, спорттық командада тек алғашқы көмек көрсететін фелдьшер болады деу – үлкен қателік. Себебі, топ құрамында психолог, физиотерапевт, ортопед, диетолог, реабилитолог, фитнес-тренерлер секілді мамандар да бар. Әр дәрігердің жасайтын өз міндеті бар және соған бағына отырып комплексті ем алған спортшының ем-домы анағұрлым оңай өтеді.

Спорт әлемінде үздіксіз жаттығулар мен сау дене бітімі жеткіліксіз. «Жаны саудың тәні сау» демекші, физикалық жағынан мықты болу үшін психологиялық тұрғыдан да сау болу қажет. Ал спортшылар тағдыры шығармашылық адамдардың өміріне аздап ұқсап келеді. Спорт – халықтың көз алдында жасалатын жұмыс. Жарысқа қатыса отырып, жүлдені иелену үшін жүздеген, мыңдаған көрерменнің алдына шығу керек болады. осы сәтте ең мықты деген спортшы чемпиондар морт сынуы ықтимал. Не болмаса ауыр жұмыстың, толассыз жаттығу әсерінен шаршаған тұлғада уақытша тоқырау кезеңі болып тұрады. Спорт жанрын талғамастан барлығында өтетін кризистік күндермен күресу мақсатында психологтың көмегі аса қажет. Қайта қалпына келу үшін біраз уақыт керек, сондықтан бұл тұста арнайы психолог мамандардың да, жарақат алған жағдайында массаж жасаушылар мен физиотерапевттің қосар үлесі аса зор.

Қазақстанда спорттық медицинаның дамуы қарқынды белең алмаса да, күн сайын өркендеп келеді. 2015 жылы мамыр айындағы кезекті сөзінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы былай деген: «Қазіргі таңда спорттық жетістіктеріміздің басты қозғаушы күші – спорттық медицина. Оны жоққа шығаруға болмайды. Әрине, біз осы бағытта белсенді дамуымыз керек, сондықтан осы сала қызметкерлерін дайындауда өзгерістер енгізудеміз». Осыған орай Қазақстанда бірнеше медициналық сауықтыру орталықтары мен спорттық медицина мекемелері жұмыс жасайды. Әсіресе психологиялық көмек пен қолдау кеңінен етек жайған.

Елімізде ашылған алғашқы мекеме дәрігерлік-дене шынықтыру орталығы Алматы қаласында ашылды. 1948 жылы іргетасы қаланған ғимаратта 6 штаттық бірлік бар. Денсаулық сақтау Министрлігінің емдік алдын-алу бөліміне кірді. ҚР Білім Министрлігінің бұйрығына сәйкес «Спорттық медицина және оңалту орталығы» болып өзгертілді. Сөйтіп республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынға айналды. Қазіргі таңда орталықта 5 негізгі бөлім жұмыс істейді: медико-биологиялық емдеу, спорттық медицина, профиль бойынша мамандар, зертханалық-функционалдық диагностика және оңалту-қалпына келтіру бөлімі.

Осы секілді оңалту орталықтары мен медициналық бөлімшелер әр өңірде өз тамырын жайып келеді. Атағы жер жарған орталықтар болмаса да, кез-келген спорттық үйірмеде фельдшер жұмыс жасайды. Сонымен бірге қалалық немесе облыстық ауруханалар мен емханаларда да спортшыларға жоғарғы деңгейде қызмет көрсетіледі. Болашақта осы салада жұмыс жасайтын жас мамандар саны толықтырыла түспек.

Қазақстан спорты күннен-күнге дамып келеді. Жазғы және қысқы Олимпиада ойындары, Азия ойындары, Универсиада сынды әлемдік деңгейдегі жарыстар, түрлі чемпионаттар мен жекпе-жектік кездесулер барысында тынбай еңбек ететін дәрігерлер қатары көбейсе екен. Адам денсаулығы – баға жетпес байлық. Оны дұрыс күтімде ұстау үшін салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданған жөн. Дегенмен спортта да өзіндік медициналық талаптар мен міндеттер болады. кәсіби спортшы болмасаңыз да, жарыстарға қатысып, бақ сынамасаңыз да, қарапайым үй жаттығуларын жасау үшін де дәрігермен кеңескен абзал. Дұрыс тамақтану, спорттық қимыл-қозғалыстың дұрыстығы, тамақтан тыс пайдаланатын дәрумендер мен қоспалардың құрамы жайлы хабардар болғаныңыз пайдалы.

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА