Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тұмау мен суық тиюдің алдын алу- денсаулықтың негізгі кепілі


3 февраля 2017, 04:16 | 1 784 просмотра



Жаз, күз өтіп, қыс лебі сезіле бастаған кезде тұмауратушылардың көбейіп кететіні ежелден белгілі. Сондықтан одан сақтана білген жөн. Тұмау – бұл жіті респираторлық вирустық инфекциялар (бұдан әрі – ЖРВИ) тобына кіретін тұмау вирусы тудыратын жіті ауру. Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық кезеңде ЖРВИ-мен және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады. Тұмаумен ауыратындардың саны артқан сайын, тұмаудың ас­қынуы да өршиді, бұл – заңдылық. Бұдан кейін вирус ешқайда кетпейді. Сырқаттанушылықтың маусымдық артуының себебі бола отырып, адамдар арасындағы циркуляциясы жалғаса береді. Тұмау вирусы барлық елдерде және құрлықтарда таралған. Қысқы айлардағы сырқаттанушылық шегі адамдардың, әсіресе балалардың, жұмыс орындарында, мектептерде, балабақшаларда және қоғамдық көлікте тығыз байланыста және өте белсенді болуымен түсіндіріледі. Тұмау вирусы ауадағы белсенділігін төрт сағатқа дейін сақтайды. Вирустар төмен температураны «жақсы көреді» – плюс 4°С-ге жуық температура (тұрмыстық тоңазытқыштағы жағдай) оңтайлы болып табылады. «Жақсы көреді» деп айту себебім, тек осы температура кезінде вирус ұзақ сақталады. Осымен қатар, олардың көбюіне ыңғайлы температура – бұл адам денесінің температурасы. Сілекей мен қақырық тамшыларында болатын тұмау вирусы, осы тамшылар төсек-орында, жұмыс үстелінде, т.б. кепкен соң және оларға сіңгеннен кейін белсенділігін екі аптаға жуық, ал бөлме шаңында бес аптаға дейін сақтайды! Барлық дезинфекциялаушы құралдар тұмау вирусын тез жояды және осы құралдарды қолданып, стандартты ылғалды тазалау – үй-жайларды зарарсыздандырудың тиімді тәсілі. Бөлмелерді жиі желдетіп тұруды да ұмытпаған жөн. Жоғарғы тыныс жолдарына түскен кезде вирус жасушалардың қабықшаларын зақымдап, оның ішіне кіреді. Жасушалардың ішінде вирус тез көбейеді. Жұқтырылғаннан кейін алғашқы тәуліктердің аяғына қарай бір вирус ондаған триллионнан аса вирустық бөлшекті түзеді. Көбейген вирустар жоғарғы тыныс алу жолдарынан шыққаннан кейін жасушалар бұзылады. Тұмаудың алғашқы симптомдары – мұрынның бітелуі және тамақтың жыбырлауы осыған байланысты. Жасушалардан шыққаннан кейін кейбір вирустар қанға өтеді және қанмен бірге ары қарай бүкіл организмге таралады. Және де қан тамырларын және ішкі органдарды зақымдайды. Қан тамырларының өте анық байқалатын өзгерістері өкпеде және мида байқалады. Тұмау вирусы адам ағзасының иммунитетін төмендетеді. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бастап 2-3 күнге дейін созылады. Тұмаудың жеңіл түрімен ауыру ұзақтығы – бір апта. Дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, көз қарығу, буынның және бұлшық еттің, бастың және тамақтың ауыруы, жөтелу, мұрынның бітелуі аурудың негізгі белгілері болып табылады. Тұмаудың асқынуларына құлақ, тамақ, мұрын аурулары, жүйке жүйесіне байланысты асқынулар, сондай-ақ созылмалы аурулардың: жүрек-қан-тамырлық, өкпе, бронх тарапынан, қант диабеті және эндокриндік жүйенің басқа да ауруларының өршуі жатады. 2 жасқа дейінгі балаларда, созылмалы аурулары бар және жасы үлкен адамдарда тұмау ауыр түрде өтеді. Сондай-ақ, ерекше қауіптілік тобына жүкті әйелдер де жатады. ЖРВИ және тұмау жүкті әйелдердің иммунды жүйесін де, эндокриндік жүйесін де бұзуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүкті әйелдерде әлсіздік пайда болып, ұйқысы бұзылады және созылмалы аурулары өршиді. Әдетте жүкті әйелдер тұмауға шалдыққан кезде балаға қанның жүруі күрт азаяды, осыған сәйкес бала жолдасы арқылы ұрық организміне оттек аз беріледі. Жүкті әйелдердің тұмаумен ауыруы жүктіліктің 12-аптасына дейін, яғни ұрықтың органдары мен тіндері қалыптасатын кезде өте қауіпті. Тұмаудың жүкті әйелдерге қауіптілігі – түсік тастауы немесе мерзімінен бұрын босанып қалуында. Сонымен қатар, шала туудың жиіленуін көрсететін нақты мәліметтер бар. Өкінішке қарай, жағдайы нашарлаған дер кезінде емдеу мекемесіне келмеген науқастарға қалыпты жағдайда жиі қолданы­латын жекелеген препараттар көмектеспеуі де мүмкін. Сондықтан өз бетінше емделуге болмайды. Балалар мен жүкті әйелдерді емдеу тек дәрігердің тағайындауы бойынша және дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалысымен дәрігерді үйге шақыру жөн. Кез келген ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған дұрыс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын, халықты тұмаудан қорғайтын жалғыз және тиімді іс-шара ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынды. Тұмауға қарсы вакцинациялау еңбекке жарамсыздық қағазы бойынша төленетін төлемдерді және өндірістік шығындарды (ішкі жалпы өнім – ІЖӨ), тұмауды және ЖРВИ-ді, сондай-ақ олардың асқынуларын емдеуге кететін шығындарды 2 есе қысқартатыны дәлелденді. Шетелдік және отандық авторлардың  мәліметтері бойынша, ұжымдарда тұмауға қарсы қыз­меткерлердің жартысынан көбін егумен қамтыған кезде тұмаумен сырқаттанушылық 5 есеге дейін төмендейді; қысқы кезеңде жастары ұлғайған қарт  Адамар  арасында пневмония, миокард инфаркты және инсульт жиілігі 3 есеге дейін төмендейді. Тұмауға қарсы егілгендерде инфекция жеңіл өтеді, асқынулар мен өлім-жітім жиілігі азаяды. Сонымен, егілген пациенттер арасында егілмегендермен салыстырғанда, бронхиальды астмамен, жіті орташа отитпен ауру 3 есеге дейін сирек байқалады. Қазақстанда жыл сайын тұмауға қарсы егілушілер саны өсіп келеді . Егілгендер арасында вакцинадан кейінгі асқынулар байқалмайды.  

Аурудан қалай қорғануға болады? Түшкірген немесе жөтелген жағдайда аузыңыз бен мұрныңызды қол орамалмен жабыңыз. Қолыңызды жиі сабындап жуып тұрыңыз. Науқас адамдармен қарым - қатынаста болуды шектеңіз. Егер тұмауға шалдықсаңыз, жұмысқа немесе мектебіңізге бармағаныңыз жөн. Сонымен қатар іссапарға шығу, дүкенге не өзге де қоғамдық орындарға барудан бас тартқаныңыз дұрыс.

Автор:
А.Туганбаева, Токжайлау дәрігерлік амбулаториясының дәрігер-терапевт. Алакөл ауданы.