Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Кітап оқу несімен пайдалы ?


20 января 2017, 06:20 | 2 106 просмотров



Адам өмірі қамшының сабындай ғана деп жатады көбі. Көзді ашып-жұмғанша өтіп кететін ғұмырды пайдамен өткізгенге не жетсін? Бар өмірі бойы көптеген жан өзін физикалық түрде жетілдіріп, түр-сипатына аса мән береді. Сонымен бірге бұл жағдайда рухани дамуды ұмытпаған жөн. Әрине, бұл толығымен шығармашылық жолға түсіп кету деген сөз емес. Дегенмен қай сала маманы болсаңыз да, кітап қорын көбейтіп, музыка тыңдағаныңыз абзал.

Жалпы ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, кітап оқитын адамдардың жүйке жүйесі анағұрлым берік, яғни олардың күйзеліске ұшырауына мүмкіндік аз. Одан бөлек қартаю процесі де ақырын өтеді-міс. Адам бойында кездесетін аурулардың басым көпшілігі психологиялық кеселдер мен жан күйзелісінен болатын ауру белгілер. Барлық организмге тікелей әсер ететін бірден-бір ағза – ми. Ал миды толық жұмыс істетуді кітаптың көмегімен жүзеге асырылады. Әсерлі әрі қызық кітап оқу барысында мидың ағзаға жауапты бөлігі толығымен істеп, жаттыға түседі. Тән саулығын физикалық жаттығулармен шыңдар болса, рухани азық нәрі – кітап оқу арқылы адам өзінің тұлғалық қасиетін қана қалыптастырып қоймай, өз денсаулығына орасан пайда әкеледі. Бастысы – түрлі психологиялық аурулардың алдын алу.

Өзіңіз ұнататын не болмаса аса қызық кітап оқу барысында оқырман түрлі эмоцияларды бастан өткізіп, өзге өмір кешеді. Сол арқылы ол өз бойына керекті ақпаратты жинап, бір арнаға түсуге мүмкіндік алады. Демек, адам тек сабырлық пен шыдамдылыққа ғана емес, сонымен бірге алдына мақсат қойып, армандауды да үйренеді.

Кітап оқудың тағы бір өзіндік ерекшелігі – ұзақ өмір сүру қабілеті. Жапондық ғалымдардың пайымдауынша, ең ұзақ өмір сүретіндер – филосовтар, ғалымдар және көркемөнершілер екен. Ән айту, сурет салу, кітапқұмарлық, өнердің өзге де саласымен қызығу – адамның дамуына өз септігін тигізіп, оның жақсаруына үлесін қосады.

Бүгінде қоғамда кітап оқитын жастар қатары көбейіп келе жатқандығы көңіл қуантады. Кітапханадың босағасында отыратын бұрынғы кезек болмаса да, жаңа заман талабына ілескен жас ұрпақ электронды кітаптың көмегіне көп жүгінеді. Тіпті қарапайым смартфондар арқылы ұнаған кітапты жүктеп, оны оффлайн режимде оқу уақытты да, қаражатты да үнемдеуге мүмкіндік береді. Десе де, қолға ұстаған кітаптың әр бетін тамсана ашқанға не жетсін. Бір жағынан көңіл қуанышы болған хобби екінші жағынан денсаулыққа пайдалы тиімді әдістің бірі болмақ.

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА