Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жылжымалы медициналық кешендер


2 декабря 2016, 08:27 | 1 164 просмотра



Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Алматы облысының шалғайда орналасқан 25 елді мекеніндегі тұрғындарды профилактикалық тексеруден өткізу мақсатында «25 Жұлдызды күн» акциясының  шеңберінде «Скрининг» шарасы басталды.

Акция шеңберінде Талдықорған қаласындағы Журналистер үйінің алдына «Тәуелсіздікке 25 жыл», «25 жұлдызды шара» деген жазуы бар әдемі плакаттермен безендірілген 5 жылжымалы медициналық кешен арнайы әкелінді. Алғаш болып сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, мұндай алдын алу шараларының денсаулық сақтауда тигізер пайдасы зор екенін атап өтті.

- Кәсіби маманданған қызметкерлер жергілікті жерлерге шығып заманауи медициналық құралдарды қолдана отырып, жоғары кәсіби дәрігерлік көмек көрсетеді, сонымен қатар скрининг және басқа да арнайы тексерулер қолжетімді түрде жүргізілетін болады, - деді А. Байдувалиев.

Сүйінбай атындағы облыстық филармония әншілерінің Отан, ел, туған жер тақырыбындағы әндері шырқалып, жиналғандар жылжымалы кешендерді шалғай елді мекендерге салтанатпен шығарып салды. Бұл жылжымалы медициналық кешендер Көксу,  Ақсу, Еңбекшіқазақ, Панфилов аудандары мен Қапшағай қаласының 25 ауылының тұрғындарына медициналық, консультативтік көмек көрсету үшін жолға шықты. Осы акция аясында ауыл тұрғындары медициналық тексерулерден өтіп, арнайы мамандардың кеңесін ала алады.

Шараның мақсаты – профилактикалық тексеру арқылы сырқатты ерте анықтау, шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін медициналық қол жетімділікті арттырып, сала мамандарының кеңесін және елді мекенде орналасқан медициналық ұйымдарда жоқ диагностикалық, құралдық тексерулерді ұйымдастыру.

Жалпы, бүгінде Алматы облысының 1 981 700 тұрғынына 826 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Оларда  4 732 дәрігер мен 13 564 орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласының 2016 жылғы бюджеті 81,2 млрд. теңгені құрайды. Биылғы жылдың 9 айы ішінде облыстық  ауруханаларда 198 756 науқас емделіп шықты. Скринингтік тексерудің арқасында онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтау 54,1% жетті.

Автор:
ЖД ақпарат