Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жас аспаздар бәсекесі


2 декабря 2016, 08:21 | 1 419 просмотров



Бас аспаздар студенттердің жұмыстарын бағалады

Талдықорған сервис және технология  колледжі Дуальды білім беру жол картасының қатысушысы. Кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен, білім ордасының базасында Ресурс орталығы құрылды. Жақында колледжде 3-курс студенттері арасында «Аспаздар бәсекесі» байқауы өтті. Болашақ аспаздар колледж қабырғасы мен тәжірибеде жинаған кәсіби шеберліктерін көрсетулері қажет болды.

Студенттердің жұмыстарын «Карамель» мейрамханасының бас аспазы, Қазақстан және Еуропа аспаздар қауымдастығының, Дүниежүзілік аспаздар қауымдастығының мүшесі, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Фарида Жүзбақиева төрағалық еткен кәсіби қазылар алқасы бағалады. Есімі әлемге танымал бас аспаздардың қалалық байқауға қатысуы шараның беделін көтеріп қана қоймай, студенттерге оның объективті бағасын алуға мүмкіндік берді. Қазылар алқасының құрамында колледждің түлегі, «Нұр» мейрамханасының қазіргі бас аспазы Айдар Баймулдин, «Статус» ойын-сауық кешенінің бас аспаздары Александр Смирнов пен Сергей Кисловтар болды.

Айта кетерлігі, Алматы облысының бизнес-қауымдастығы білім беру мекемелеріне белсенді қолдау көрсетіп жүр, олармен әріптестік орнатып, кәсіби бағыттау жұмыстарына қатысып келеді. Сол арқылы кәсіби білім беру мен кәсіпкерлік бастаманың танымалдығын арттырады. Кәсіпкерлер палатасы адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаеваның айтуынша, кәсіпкерлер білікті мамандарға мұқтаж.

«Бүгінде бизнес өкілдері мамандарды даярлау жұмысына қатысудың маңыздылығын түсінеді, өйткені болашақта өздері сол мамандармен жұмыс істейді», – деп атап өтті А.Оңғарбаева.

Байқау екі кезеңде өтті. Бірінші айналымда қатысушыларға котлет қоспасынан тартылған ет рулетін әзірлеу тапсырмасы берілді. Барлығына бірдей өнімдер бөлінді. Әрқайсысы ерекшеленуге тырысып, жаңа тағам ойлап тауып, оны креативті түрде безендіріпті. Процесс барысында қазылар алқасы байқауға қатысушының сыртқы келбетін, жұмыс орнын, тазалық сақтауын, гигиеналық және технологиялық процесс ережелерін сақтауын бағалады. Екінші айналымда бас аспаздар үй тапсырмасының нәтижесі бойынша үздіктерді анықтады. Студенттер майонез қосылған көп қатпарлы салат әзірлеп, оны жақсылап таныстырды.

Сонымен, аспаздық бәсеке бойынша ең үздік қатысушы ретінде «С32П» тобының студенті Фарух Ниязов танылды. ІІ орынды Денис Сергиенко (С33П тобы) мен Евгения Калинина (С32П тобы) өзара бөлісті. Никита Чернов арнайы аталым бойынша марапатталды. Ал қазылар алқасының шешімімен, «Салатты үздік безендіру» марапаты Әлішер Шаяхметовке берілді. Жеңіпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Байқауды ұйымдастырушы, өндірістік оқыту шебері Ирина Истинаның айтуынша, байқау – дарынды студенттерді анықтап, оларға қолдау көрсетуде жақсы мүмкіндік.

«Кәсіби шеберлік байқаулары мамандарды даярлау сапасын арттыру мәселесін тиімді шешуге көмектеседі, тұлғаны дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыруға, кәсіби біліктіліктер мен машықтарды жетілдіруге мүмкіндік береді. Байқауға қатысу креативті ойлау жүйесін дамытып, кәсіби ортада шығармашылық тәжірибені қалыптастыруға көмектеседі. Мұнда біздің әлеуметтік әріптесіміз болып саналатын кәсіпкерлердің рөлін ерекше атап өткіміз келеді», – деді И.Истина.

Автор:
ЖД ақпарат