Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бизнес және ғылым: сұрақ көп, жауап жоқ


2 декабря 2016, 08:19 | 1 048 просмотров



Кәсіпкерлерді отандық ғылыми жаңалықтарды пайдалануға шақырды

Бизнес пен ғылым арасында неліктен байланыс жоқ? Қазақстандық ғалымдардың инновациялары тиімді ме? Ауылшаруашылық кәсіпкерлері отандық ғылыми жаңалықтарға неге қызықпайды?

Осы және өзге де сұрақтар бизнес-қауымдастықтың Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басшыларымен және Ғылыми-зерттеу институтының жетекші мамандарымен өткен кездесуінде талқыланды.

Орталық былтыр агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық дамытуға ықпал ету мақсатында құрылған еді. Алайда, қазірше бұл салада өндіріске заманауи ғылыми зерттеулер мен инновациялық технологияларды енгізудің тиімді жүйесін жасау мүмкін болмай тұр. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Асқар Наметов, негізгі мәселе зерттеулердің қолжетімсіздігіне тіреліп тұрғанын айтады.

«90-шы жылдардың басында біз өзіміздің жаңа сұрыптарымыз бен технологияларымызды ұсына алмадық. Бүгінгі таңда қазақстандық ғалымдар осы бағытта біраз жетістіктерге жеткен. Алайда ғалымдардың жұмыс нәтижелері кәсіпкерлер арасында таралмаған. Егер екі саланың өзара іс-қимылын сөз етер болсақ, қазіргі таңда ғалымдар зерттеулермен де, оларды қолданысқа енгізумен де айналысып жатыр. Мұндай жағдайда жұмыс жүргізіп, оны дамыту мүмкін емес», – деп түсіндірді А.Наметов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, жаңалықтар ғылыми институттарда зерделенгеннен кейін, оларды базалық шаруашылықтарға белсенді түрде енгізу қажет. Алайда бұдан ары қарай өзара жұмыс жүргізу мәселе шешусіз қалды. Мұнда жауаптан гөрі сұрақ көп. Кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бөлімінің сарапшысы Дана Жамболатова атап өткендей, кәсіпкерлер әріптестік орнатуға дайын, бірақ отандық зерттеулерді әлі де жетілдіре түсу қажет.

«Кәсіпкерлер жаңа технологияларды енгізудің маңызды екенін түсінеді. Бүгінде шаруа қожалықтарының көпшілігі шетелдік сұрыптар мен технологияларды пайдаланады. Кәсіпкерлердің айтуынша, отандық зерттеулер әрқашан оң нәтиже бере бермейді. Сондықтан, бағасының қымбаттығына қарамастан, жергілікті өндірушілер шетелдік сұрыптар мен тұқымдарды сатып алуға мәжбүр», – деді сарапшы.

Талқылау кезінде кәсіпкерлерді субсидия берудің мерзімі мен шарттары көбірек толғандырды. Олардың пікірінше, қазіргі талаптар мен ережелер тиімсіз. Фермерлерге биыл Ауыл шаруашылығы министрлігінде заңнаманың жаңа жобасы әзірленіп жатқандығы айтылды. Ол бойынша, градациялар, құжаттар жинау және субсидия берудің басқа да жаңа тармақтары бойынша өзгерістер енгізілмек. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерді аталған мәселе бойынша ұсыныстар жасауға шақырды.

Автор:
ЖД ақпарат