Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Медициналық сақтандыру: Нені білуіміз керек?


18 ноября 2016, 03:50 | 1 604 просмотра



 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында «Тұрғындардың денсаулығын сақтау саласындағы басты міндет – міндетті медициналық сақтандыруды енгізу», деп атап көрсеткен еді. Нәтижесінде, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» арнайы заң жобасы жасалып, денсаулық сақтаудың жетілдірілген жаңа жүйесі 2018 жылдың

1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілу жоспарлануда. Яғни еліміздің денсаулық сақтау саласын қаржыландыру және медициналық қызмет көрсету бағытында түбегейлі өзгерістер күтілуде. Алайда, қолданысқа дайындалып жатқан жаңа жүйе туралы әлеуметтің ақпараты аз болып тұр. Тіптен,  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі дегеніміз не, оның артықшылығы мен тиімділігі неде деген мәселелерде түсінік таяз. Оған редакциямыздың хат-қоржынына келіп жатқан оқырман хаттары куә. Олқылықтың орынын толтыру мақсатында оқырман сауалына орай мамандардың жауабын назарға ұсынып отырмыз. Сонымен…

МӘМС дегеніміз не?

Айгүл Сыздықова,

Аста­­на қаласының тұр­ғы­ны:

– Жасыратыны жоқ, елі­міз­­дің ден­саулық сақтау саласы реформа­лар­дан көз ашпай келеді. Бірақ, бұл ре­фо­р­ма­­лардың нәтижесінде меди­ци­налық қыз­­мет көрсетудің сапасы жақ­сарып кете қойған жоқ. Енді міне, мін­дет­ті әлеуметтік медициналық сақ­тан­ды­­ру жүйесі енгізілмек екен. Қысқа қай­ырғанда, МӘМС дегеніміз не?  Бұл өзі қай елдің тәжірибесіне негізделіп отыр?

Серікжан Сабыралиев,

Ден­сау­лық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің бас сарапшысы:

– Біріншіден, міндетті әлеуметтік сақ­тандыру жүйесінің басты мақсаты – еліміздегі медициналық қызмет көрсету жағдайын жақсарту, азаматтардың тегін медициналық көмек алуына қажетті кепілдіктерді қалыптастыру болып табылады. МӘМС жүйесі жұмыс істей бастаған кезеңде қорға жарна төлемеген азаматтарға тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде жедел медициналық көмек, санитарлық авиация көмегі, әлеуметтік мәні бар аурулармен сырқаттанған адамдар­ға қажетті медициналық көмек көрсеті­ле­ді және сауықтыру екпелері жасала­ды. Табысы жоқ және қорға жарна аудара алмайтын азаматтарға 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін алғашқы медицина­лық-санитарлық көмек тегін көрсетіледі.

Қазіргі кезде медициналық сақ­тан­дыру жүйесі көптеген елдердің тә­жі­рибесінде тиімді жұмыс істеп тұр. Мәселен, еуропаның 16 елінде. Атап айтқанда, Түркияда (1945 жылдан бері), Жапонияда (1961 жылдан бері) әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесі бюджеттік жоспарлауды алмастырып, тиімді жұмыс істеп ке­леді. Қазақстандық МӘМС моделін әзір­леу кезінде біз Германия, Ресей Федерациясы, Литва және Шығыс Еуропа елдері – оның ішінде Словакия, Чехия, Польша елдерінің тәжірибелерін не­гізге алдық. Осы елдерде қолданылып келе жатқан МӘМС моделінің озық үлгі­лері қазақстандық тәжірибеде іске асырылатын болады.

 Ауылдағылар қайда емделеді?

Кәмеш БОРИН,

Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Үшсарт ауылынан, жеке шаруа:

– Біз ауылдық жерде тұрамыз. Қазір ауылы­мызда жекелеген шаруа қо­жалық­та­ры ғана жұмыс істейді. Соңғы жылда­ры зайыбым да, өзім де ешқандай жер­де жұмыс істемейміз. Үш баламыз бар. Жұмыссыз ретінде тіркеліп көрген емеспіз. Қолдағы азын-аулақ малымызды өсіріп, күнімізді көріп келеміз. Біз МӘМС жүйесі бойынша медициналық қызмет түрлерін қалай пайдаланамыз? Ауылда аурухана да, дәрігерлік-фе­льд­шерлік пункт те жоқ. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса қайда барамыз?

Ләззат ШОМАНОВА,

Денсау­лық сақтау және әлеуметтік да­му министрлігі медициналық қыз­мет­ке ақы төлеу комитетінің тегін медици­налық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілген медициналық қызмет­тердің көлемін бақылау басқармасының басшысы:

– МӘМС жүйесіндегі басқа да меди­ци­налық көмекке (амбулаториялық-емханалық, стационарлық, стационарды алмастыратын, паллиатив­тік, оңалту көмектері және жоғары технологиялық медициналық қыз­мет­тер) қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін сіздер жеке кәсіпкер ретінде тір­­келулеріңіз немесе жұмыспен қамту орта­лығына барып жұмыссыз ретінде тір­келулеріңіз қажет. Сонда сіздер өзде­рі­ңіз қорға қаржы төлеу немесе сіз­дер үшін мемлекет жарна төлеу тәртібін рет­ке келтіретін боласыздар. МӘМС жүйе­сіндегі барлық медициналық көмек сіз­дің балаларыңызға тегін көрсеті­леді. Өйткені, сіздің балаларыңыз үшін МӘМС қорына тиісті жарналарды мемлекет төлейтін болады.

Қазір Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарасты Үшсарт ауылын­да 182 тұрғылықты адамдар тұрады. Сіздің ауылыңызға медициналық қызмет­ті Қызылсай медициналық пунктті көрсетеді. Бұл медициналық пункте ор­та білімді мейіргер қызмет көрсетеді және бұл пункт арнайы санитарлық көлікпен қам­тамасыз етілген. Сонымен бірге, бұл ауыл тұрғындарына Қорғалжын ау­дандық орталық ауруханасы мен емха­налары кез келген уақытта қажетті медициналық қызмет көрсетуге міндетті.

 Жарнаны кім төлейді?

Алтынгүл ӘМІРОВА,

Астана қа­ла­сының тұрғыны, дәрігер:

– Мен ұзақ жылдардан бері Денсау­лық саласындағы мемлекеттік емханада қызмет істеп келемін. МӘМС жүйесі жұмыс істей бастағанда денсаулық са­ласы қызметкерлерінің жалақысы кө­бейеді деген сөз бар. Ол қалай жү­зеге асырылады? Сонымен бірге, көп­шілік көкейінде жүрген тағы бір сұрақ, МӘМС қорына кім және қанша көлемде жарна төлейтін болады?

Ләззат ШОМАНОВА:

– МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді сатып алу әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру қоры арқылы мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдардың тең дәрежеде қатысуы негізінде жүзеге асырылатын болады. Медициналық қызметтерді қор арқы­лы сатып алу кезінде денсаулық сақ­тау саласында аккредиттеуден өткен, тиісті медициналық көмек көрсету сала­сы бойынша үш жыл үздіксіз тәжірибесі бар денсаулық сақтау субъектілері басымдыққа ие болады. МӘМС жүйесі енгізілген кезде емделуші үшін және оған сапалы қызмет көр­сету үшін бәсекелестік күшейеді. Бәсе­кеге қабілетті денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайы жақсарады. Осыған байланысты бұл мекемелерде жа­лақы деңгейін арттыруға және еңбек жағ­дайын жақсартуға қол жеткізі­леді. Бағ­дарлама бойынша дәрігерлер­дің жала­қысын кезең-кезеңмен 2030 жыл­ға дейін еліміздің экономикасы саласындағы орташа жалақы­мен салыстырғанда кемінде екі есе арттыру көзделініп отыр.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, МӘМС жүйесі бойынша Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму ми­ни­стрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің база­сында арнайы қор құрылады. Қазақстандықтар аталған қорға ай сайын міндетті жарна­­ларын аударып отырады. Жарна­лардың мөлшерлемесі орташа айлық жалақының 7 пайызын құрайды. Бұл ретте мөлшерлеме кезең-кезең­мен ұлғайтылады. Қорға аударыла­тын жарналардың 5 пайызын өз жұмыс­кер­лері үшін жұмыс берушілер аударады. Бұл ретте кезең-кезеңмен ұлғайтылатын мөл­шерлеме межесі: 2017 жылы – 2 пайыз­ды, 2018 жылы – 3 пайызды, 2019 жылы – 4 пайыз және 2020 жылдан бастап 5 пайызды құрайды. Ал жұ­мыс істеушілердің өздері үшін қорға төлейтін жарналары жалақының 2 пайызын құрайды. Бұл жарнаны аудару 2019 жылдан бас­тап 1 пайыз көлемінде болса, 2020 жылдан бастап 2 пайызды құрайтын болады. Өзін өзі жұмыспен қамтитын азаматтар, яғни жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және азаматтық құ­қықтық шарттар бойынша кіріс алатын басқа да жеке тұлғалар кіріс­терінің 7 пайызы көлемінде жарна төлейді. Республикалық бюджет ту­ралы заңға сәйкес тиісті қаржы жы­лына белгіленген ең төменгі бір жа­лақы мөлшері бизнес субъектісіне ар­налған арнаулы салық режімінде қол­данатын жеке кәсіпкердің немесе фер­мер қожалықтары басшысының немесе мүшесінің кірісі болып табылады.

Сақтандыру полисі беріле ме?

Сәмиға ТҰЯҚОВА,

«НұрГаз ПромСтрой» ЖШС-ның менеджері, Орал қаласынан:

– МӘМС жүйесі енгізілген кезде медициналық қызметке қол жетім­ділік қандай дәрежеде болады? Бү­гінде «жаңбырдан кейін қаптаған са­ңы­­­рауқұлақтай» қаптап кеткен жеке мен­шік медициналық орталықтар көр­сететін медициналық қызмет түрлері қол­жетімді бола ма? Өркениетті елдерде азаматтарға медициналық сақтандыру по­лисі беріледі. МӘМС жүйесі енгі­зіл­ген кезде біздің азаматтарға полистер беріле ме?

Айгүл ӘБІЛДАЕВА,

Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму мини­стрлігі медициналық  қыз­мет­ке ақы төлеу комитетінің мони­торинг және бірыңғай ұлттық ден­сау­лық сақтау жүйесін дамыту бас­қар­масының бас сарапшысы:

– Медициналық сақтандыру жүйе­сі тұрғындарды медициналық қыз­мет­ке жұмсалатын шығындардан қар­жылық тұрғыдан қорғау, сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету саласының тиімділігін және қаржылық тұ­рақтылығын жақсарту мақсатында қол­данысқа енгізілгелі отыр. Осыған бай­ланысты елімізде МӘМС жүйесін қол­данысқа енгізу денсаулық сақ­тау саласында біршама сапалы өз­ге­рістерге қол жеткізуге мүмкіндік бе­реді деп күтілуде. Атап айтқанда, ал­ғаш­­қы медициналық санитарлық кө­мек­­ті басымдықпен дамытуға, жал­пы тәжірибедегі бір дәрігерге тиетін жүктемені 2 000-нан 1 500 адам­ға дейін кезең-кезеңмен азайтуға, ме­ди­циналық қызметтердің көлемін арт­тыруға жағдай жасайды. Бұл шаралар өз кезегінде медициналық көмек­тің сапа­сын арттыруға және емханалар­да­ғы ке­зек­терді қысқартуға алып келеді. Бұл жүйе жоғары мамандандырылған оңал­ту және паллиативтік көмекті ұлғайтуға, аза­маттардың осы медициналық көмек түр­леріне қолжетімділігін арттыруға, өлім-жітімнің төмендеуіне және адам­дардың өмір сүру жасының артуына қол жет­кізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, елі­міз­дің денсаулық сақтау саласында сапалы медициналық көмекке барлық емделушілердің қолжетімділігі артады.

МӘМС жүйесіне қарасты меди­ци­налық мекемелерде дәрігердің тағайын­дауы бойынша дәрілік заттар тегін немесе жеңілдікпен беріледі. Тегін немесе жеңіл­дікпен берілетін дәрі-дәрмектің атау­ларын және аурулардың тізбесін Ден­саулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бекітеді. Бұл тізбелер бұ­қаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жан-жақты насихатталады. МӘМС жүйесінде жоғарыда айтылған те­гін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектер тізбесін кеңейту кезең-кезең­мен, яғни қордың кіріс бөлігінің ұл­ғаюына байланысты жүзеге асыру жос­парланған. Мәселен, созылмалы ау­рулар бойынша дәрі-дәрмек құнының 100 пайызын, негізгі және жұқпалы ауру­лар бойынша дәрі-дәрмек құнының 70 пайызын, жалпы сипаттағы аурулар бойынша дәрі-дәрмек құнының 30 пайызын МӘМС қоры төлейтін болады. Біздің елімізде МӘМС жүйесі бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру полисі берілмейді. Емделушінің мәртебесі ЖСН арқылы электрондық деректер базасымен расталатын болады.

Автор:
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»