Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Есімі өшпес аңыз адам


18 ноября 2016, 03:43 | 1 430 просмотров



Жетісу жерінде еңбегімен ел құрметіне бөленіп, жақсы игі істерімен халық жадында жүрген азаматтар жетерлік. Кезінде ауыл-аймақ тұрғындарын сан-түрлі шаруаларға жұмылдырып, тынымсыз еңбек еткен жаны жомарт, елгезек ағамыз жайлы сыр шертпекпін.  Шаймұханбет Сәпиев ағаның іс-тәжірибесі өнеге, көңілі қамқор, ел экономикасын көтеруде қосқан үлесі ерекше. Оның ел үшін атқарған қызметін ұмытуға, көңіл төрінен таса етуге  хақымыз жоқ.  Ол кісінің қиындыққа толы жүріп өткен жолдары қазіргі және кейінгі ұрпаққа берері мол үлкен өнеге мектеп болып қала бермек. Шаймұханбет аға өзі үшін емес, қоғам үшін еңбек етіп тер төкті. Бойындағы бар күш-қайратын, халық шаруашылығын дамытуға жұмсады. Соның арқасында сый-құрметке бөленді. Кеңес заманында мыңнан біреу ғана бұйыратын Социалистік еңбек ері атағын иеленді.

Шаймұханбет Сәпиев Қазақстан халқы Нұрмолда Алдабергенов арқылы атын жақсы білетін әйгілі Шұбар ауылында 1926 жылы туылған. Сол ауылда орта мектепті бітірген соң 1945 жылы Шұбар ауылдық кеңесінің хатшысы болып қызмет атқарады. Ал 1949 жылы қыста Талдықорған ауаткомына хатшы болып ауысады да, көп ұзамай сол жылдың күзінде Төлеңгіт ауылдық кеңесінің төрағасы қызметіне жоғарылатылады. Содан 1952 жылы Талдықорған ауаткомы төрағасының орынбасары болады. Бұл жерде  үш жылдан астам істегеннен кейін 1955 жылы күзде Талдықорған облаткомында бөлім меңгерушісі болады да, ол қызметінен 1959 жылы Бөрлітөбе ауаткомының төрағасы қызметіне жоғарылайды. Содан әбден еңбекте ысылған соң, сол жылы Андреев аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болады. Бұл қызмет ол кезде аса жоғары бағаланатын. Бұл отыз үш жастағы жігітке көрсетілген үлкен сенім әрі іскерлігіне берілген жоғары баға болыпты. Ал 1962 жылы сәуір айында сол ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайлануы партия мен үкімет тарапынан Шаймұханбет аға көрсетілген аса жоғары сенім екенін түсінуге болады.

1962 жылдың желтоқсанында республикамыздағы ірі аудандардың бірі саналатын Панфилов ауданына партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Ол кезде Шаймұханбет аға әбден ысылған, аудан мен обылыс көлеміндегі талай-талай келелі іске өз үлесін қосып, терін төккен беделді басшылардың біріне айналған еді. Панфилов ауданы аталатын Жаркент өңірі – табиғаты мен шаруашылық ыңғайы жөнінен республикадағы айрықша аймақ. Ол ара мал өсіруге де, егін салуға да аса қолайлы, малдың жайылымына ыңғайлы өрісі, жайлауы мен қыстауы, күзеуі мен көктеуі – бәрі бар, сондай-ақ егінге қажетті суы мен топырағының құнары да, жылылығы да бар. Сонымен қатар шөлі мен шөлейті де бар жер. Тағы бір ерекшелігі – облыс орталығынан әрі шалғай жатқан, әрі шекаралы аудан. Қысқасы, басқару оңай бола қоймайтын өте күрделі аймақ.

Соның бәрін Шаймұханбет Сәпиев жанымен түсінген секілді. Бұған дейін Алматының Абай атындағы пединститутын сырттай оқып бітірген ол енді Талдықорғандағы зоотехникалық техникумға сырттай оқуға түсуі осы жауапкершіліктен туған.

Аға Панфилов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып 1962 жлдың желтоқсанынан 1973 жылдың мамырына дейін ұзын-ырғасы он жылдан астам уақыт істеді. Ол кісінің осы  ауданға атқарған еңбегі туралы көзі көргендер көп жақсы пікір айтады. Шаймұханбет ағамен қызметтес болған Кеңес Аухадиев былай естелік жазған еді:

«Ол кісі бұл ауданға келгенде мен  мен сонда аукомолдың бірінші хатшысы болып істеп жүрген едім және аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болатынмын. Сондықтан көп жағдай көз алдымда өтті десем болады. Шәкең келе сала-ақ өзінің еңбекқор, ауыл шаруашылығын өте жақсы білетін адам екенін таныта білді. Ол кез аудан еңбеккерлері жүгері өсіруді жаппай қолға алып, ауданның негізгі экономикасын сол арқылы көтеруді қолға алып жатқан тұс болатын. Бұл ауданның жүгері өсіруге табиғатының ыңғайы да, топырағының құнарлылығы мен суының молдығы да өте қолайлы екенін түсіне білген Шәкең бірден іске құлшына кірісіп кетті. Ең әуелі қатаң тәртіп орнатты. Шаруашылық башыларына қатаң талап қойды және соны бұлжытпай орындатты. Соған орай өзі де адал, әділ болуға тырысты. Таныстыққа, тағы басқаға бұру емес, ең алдымен нақты істеген еңбек бағалана бастады. Соның жемісі мен игілігін Шәкеңнің өзі де көрді, Жаркенттің ел-жұрты да көрді. «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозының басқарма төрағасы Николай Никитич Голавацкий, жүгеріші Мәриям Ниязова, аудан басшысы Шәкеңнің өзі 1966 жылы Социалистік Еңбек Ері деген зор атаққа ие болды». Кеңес Одағы кезінде Социалисттік еңбек ері атағы халық шаруашылығында ерекше жетістіктері үшін үлкен табыстарға жеткен мамандарға берілетін.  Шаймұханбет Сәпиев ерекше ұйымдастыру қабілетімен, біліміді мамандарды ісіне қарай тану көрегендігімен оларды басшылық қызметтерге тағайындап, жалпы ауданның экономикасын өте биікке көтеріп, халықтың тұрмысын жақсартып, өркендеткені үшін осы жоғары атаққа ие болды.

 Шаймұханбет Сәпиев басшылық жасаған тұста Панфилов ауданындағы жүгері өсіру жұмысы қатаң ғылыми жолға қойылған екен. Жаңадан жүгері өңдеу және сұрыптау зауыты, Жаркент және Көктал арасандары салынып, еңбекшілердің денсаулығы мен тұрмыс жағдайына баса көңіл аударылды. Дәнеш Рақышев бастаған халық театры ашылды. Аудан еңбекшілерінің арасынан жаңа Социалистік Еңбек Ерлері мен орденді озаттар топ-тобымен шығып жатты. Ел-жұртқа жақсы береке орнады. Соның бәрі ауданның экономикалық әрі мәдени деңгейін дүр көтерді. Аудандағы жүгері егісінің көлемі ұлғайды. Жаңа сорттар еңбеккерлері жүгерінің жоғары сортты тұқымымен аудан мен республикадан асыл Совет Одағының облыстарын қамтамасыз ететін дәрежеге жетті. Аудан ондай абыройға, сөз жоқ, сол кісінің  шебер, көреген, білгір басшылығының арқасында көтерілді. Шаймұханбет аға жаңашыл, үнемі ізденісте жүретін, жігерлі кісі еді. Ол кісінің тікелей тапсырмасымен жүгері собығын пайдаланатын жем-шөп дайындаудың жаңа әдісі игерілді, құс шаруашылығын кеңейту арқылы ауданды етпен қамтамасыз ету мәселесін жедел шешу қолға алынып, ол жөнінен аудан бүкіл республикаға үлгі болды. Ал екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Н.Головацкий басқарып отырған «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозының құс өсіру тәжірибесі бүкіл Одаққа таратылды.

Жаркент өңірінде жеміс-жидектің мол өсуіне мүмкіндік бар екені ескеріліп, арнайы жеміс-жидек совхозы ұйымдастырылып, шарап зауыты салынды. Соның бәрі ел тұрмысына тамшы болып қосылып жатты. Соған орай ел де ағаны сыйлай білді, құрметтей білді. Аға өте талапкер, әділетті білгір басшы болды. Ол кісінің көңілінің тазалығы, пәктігі ерекше еді.  Кейбір басшылар лауазымын пайдаланып, өз жағдайын ойлап, елге жақсы көрінгенімен жалпақ шешейлік жасап, жұмыста тәртіп болмай, маңайына жағымпаздарды жиып алып жақсы болғысы келетін. Ал басшы қатал да талапкер болу үшін өзі таза болу керек, бірақ ол кейбір жалқаулар мен жемқорларға ұнамауы мүмкін. Ал Шаймұханбет аға болмысымен, тұла бойымен адал жан еді. Ол ешқашан қызметпен барған жерлеріне өз артынан туыстарын, жолдастарын (командасын)ертіп барған емес.  Жергілікті елдің тұрғындарымен жұмыс жасап, оларды көтеріп отырды. Панфилов ауданын шыңға шығарып, бірнеше Социалисттік еңбек ерлерін: Ғалым Тұрғанбаев, Азат Машуров, Қуаныш Сұлтанов сияқты белгілі шаруашылық басшыларын тәрбиеледі. Бұл тұлғалар республика көлемінде танымал болды.

1973 жылы Жаркент халқы Шаймұханбет ағаны сый-құрметпен Талдықорған облпарткомының хатшысы қызметіне шығарып салды. Содан ол 1978 жылы Қазақ ССС Жоғарғы Советінде бөлім меңгерушісі қызметіне ауысып, сол арадан зейнетке шықты.

 Шаймұханбет аға қандай да болмасын жоғары лауазымды қызмет атқара жүріп өзінің қарапайымдылығын, адамгершілік қасиетін, кісілігін кішілігін сақтай білетін. Оның айтқан ақылы, тұспалдағаны айдай анық келетін. Мен 1969 жылы Семей қаласының мединститутын бітіріп, Талдықорғандағы облыстық ауруханаға дәрігер-хирург болып орналастым. Біраз жұмыс істегеннен кейін мені облыстық денсаулық бөлімі басқа жерге басқару жұмысына жібермек болады.Сонда Шаймұханбет ағамен ақылдасқанымда «сен алдымен жақсы дәрігер маман болуың керек, әкімшілік жұмысқа араласуға әлі үлгересің» деді.  Жақсы маман болу үшін мол тәжірибе жинау маңызды. Хирургияның қыр-сырын әбден меңгеріп алуды аға ұсынды. Ағаның сөзін тыңдап, 10 жыл бойы өзімді маман ретінде жетілдіруге ұмтылдым. Сөйтіп жоғары дәрежелі дәрігер-хирург деңгейіне жеткенге дейін жұмыс істедім. Талмай еңбек етіп, тәжірибең өскен сайын маман ретіндегі дәрежең де өседі. Сөйтіп 1978 жылы мені денсаулық сақтау бөлімі  облыстық аурухананың бас дәрігерінің  орынбасары қызметіне тағайындады. Одан кейін ұзақ жылдар бойы осы аурухананың бас дәрігері де болдым. Шаймұханбет ағаның сол кездегі айтқан ақылы мені жетілдірді, өсірді. Маған үлкен пайда әкелді. Ағаның парасаттылығы мен көрегендігі таңғалдырмай қоймайтын. Ол кісі мен үшін жаға болған жақсы аға болып қала бермек. « Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» дегендей халықымыз әр заманда әр ауылдың, ауданның, облыстың, әр өңірдің ауызы дуалы , ел таңдайтын азаматтары болған. Сондай асыл азамат Шаймұханбет аға Сәпиев. Ол өз басның кісілік болмысымен, адамгершілік қадір қасиетімен елдің ерекше сеніміне ие болған, қарапайым ел ортасынан шығып өмірдің өзі ешкеп биікке көтерген бүкіл алты алаш мойындаған жан.

Бір өзі бір әлем еді. Терең, текті еді. Айбарлы, айбынды еді. Жүрегі кең, мейірім шапағатқа толы болды. Айналасындағылардың көңіл күйін дөп басып отыратын. Шаймұханбет Сәпиев заманының әйгілі тұлғаларының бірі болды. Биыл Шаймұханбет ағаның туғанына 90 жыл толып отыр. Көзі тірісінде дүркіретіп той жасар едік. Бірақ амал нешік ардақты ағам туралы естелік жазу бұйырыпты. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы? Өлмейтұғын артынан із қалдырған» деп қазақтың бас ақыны Абай  жырлап өткендей, Аға сіз өлген жоқсыз, сіз мәңгі естесіз!

Автор:
Шаймерден Сыдықов, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі