Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

УНИВЕРСИАДА – 2017: МОЛ ҮМІТ КҮТЕМІЗ


18 ноября 2016, 03:41 | 2 204 просмотра



Алдымызда келе жатқан 2017 жылдың басты жаңалықтарының бірі – қысқы универсиада ойындары. Осымен 28-ші рет ұйымдастырылатын бұл жарыс биыл әсем қала – Алматыда өткізіледі деп жоспарлануда. Қаңтар айының 29-нан 8 ақпанға дейін жалғасатын шараға шамамен 5000 жуық студенттер келіп, өз бағын сынамақ. Қала және оның маңынан қысқы ойындарға арналған 10-ға жуық нысана белгіленіп те қойылды. Ал қатысатын мемлекеттер саны – 57. Бұл универсиада тарихында бұрын-соңда болмаған-ды. Жапы саны 195 спорттық және 16 мәдени шараларды өткізуді алға қойған биылғы универсиада өзіндік тартымдылығымен ерекше болмақ.

Қашан? Қайда?

Қазақстан ТМД мемлекеттері ішнде универсиаданы өткізуді қолға алған алғашқы ел болып саналады. Дегенмен, атамекенімізде болатын жарыс жайын бірі білсе, бірі біле бермейді. Ел арасында, әсіресе спортқа мүлде қызықпайтын жандар үшін универсиада мен олимпиаданың еш айырмашылығы жоқтай көрінеді емес пе? Алайда егер мән берер болсаңыз, басты ерекшелік – жарысқа қатысушылардың жас шамасы, дәрежесі. Сонымен бірге ұйымдастырылатын спорт түрлерінің саны. Олимпиадаға спорт әлемінде өзіндік орны бар спортшылардың жасына аса үлкен мән берілмес, алайда универсиада 17-28 жас аралығындағы жоғарғы оқу ордасының білімгерлеріне ғана қатысу мүмкіндігін береді. Яғни, университет қабырғасында білім алып жүрген студенттер, магистранттар және ЖОО түлектері. Универсиада – Халықаралық Университеттік Спорт Федерациясының ұйымдастыруымен студенттер арасында өтетін халықаралық жарыс. Бұл дүбірлі доданы «Бүкіләлемдік студенттік ойындар» немесе «Бүкіләлемдік университеттік ойындар» деп те атайды. Мыңдаған талантты жастардың басын қосатын бұл ойындар екі жылда бір болып тұрады. Яғни бір жылы қысқы спорт түрлерінен өтсе, келесі жылы жазғы ойындар ойналады.Оның үстіне сынға түсетін спорт түрлерінің де саны анағұрлым аз. Мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, биатлон, сноубординг, шаңғы жарысы, керлинг, шайбалы хоккей секілді қысқы спорт ойындарынан құралған шарада жалпы саны 3 мыңдай еріктілер жұмыс жасап, қолғанат болмақ. 2017 жылғы қысқы универсиаданың тұмары ретінде сұңқар белгісі бейнеленген. Нағыз жастардың сұңқардай самғап, ерік-жігері жалындап тұрған шағын, талпынысын дәл суреттейтін тұмардай.

Студенттік спорт тарихы 1905 жылдан басталады. Осы жылы АҚШ-та студент жастардың алғашқы халықаралық жарысы өтті. Бірінші Дүниежүзілік студенттік ойындар 1923 жылы Парижде ұйымдастырылды. Алайда, Универсиада деген атау алған алғашқы спорт жарысы 1959 жылы Италияның Турин қаласында өтті. Содан бергі кезеңде Универсиада әлемдегі ең айшықты халықаралық бұқаралық спорт және мәдени оқиғалардың біріне айналды. Универсиаданың бір мақсаты – спортты білім беру жүйесінің маңызды элементтерінің бірі ретінде ілгерілету.

Алғаш 1905 жылы бастау алған универсиаданы өткізу барысы АҚШ-та орын алған. Халықаралық студенттер жарысы өткізілгеннен кейін 1923 жылы Париж қаласында халықаралық студенттер ойын болып өтті. Алайда бұд кезде универсиада атауы берілмеген еді. Ол өзіндік есіміне тек 1959 жылы Италияның Турин қаласында өткен додан кейін ғана иеленді. Содан бері әлемдік аренада жекеше атау алған универсиада ойындары бүгінгі таңда маңызды шаралардың бірі болып есептеледі.

Осыған дейін Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындарын әлемнің 15 мемлекеті өз елінде өткізу құқығына ие болды. Соның ішінде бұл байрақты бәсекені ең көп өткізу мәртебесіне ие болған Италия болса (6 рет), Чехословакия мен Испания елдері әрқайсысы үш реттен өткізіп екінші орында тұр. Ал Аустрия, Болгария, Польша елдері әрқайсысы екі-екіден өткізу мәртебесін иеленіпті. Франция, Швейцария, Финляндия, АҚШ, Жапония, Корея, Словакия, Қытай, Түркия елдері бір-бірден жарысты ұйымдастыру құқығына ие болыпты. Міне, осы елдердің қатарына 16-шы болып қазақ елі қосылмақ.

 Алатаудың төрінде

Универсиаданы Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде қабылданды. Осылайша, Алматы бұрынғы кеңестік кеңістік елдерінің ішінде бірінші болып, 2017 жылы өтетін XXVIII қысқы Универсиаданың астанасына айналды. Бұған дейін 1973 жылы Мәскеу және 2013 жылы Қазан қаласы жастардың тек жазғы спорт ойындарын қабылдаған болатын. Универсиада туын Алматы қаласына беру салтанатты рәсімі 2015 жылғы 15 ақпанда Испанияның Гранада қаласында өтті.

Айта кету керек, Универсиаданың танымалдығы жыл санап артуда. Егер 1959 жылы Турин Универсиадасына әлемнің 43 елінен 400 спортшы қатысса, 2003 жылы Кореяның Дэгу қаласында өткен жазғы Ойындарға әлемнің 174 елінен 6600 астам спортшы қатысты.

«Сұңқар» халықаралық шаңғыдан секіру кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Алатау» шаңғы-биатлон стадионы, Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау-шаңғылы курортында, сонымен бірге «Табаған» демалыс кешені келер универсиаданың ресми объектілері болып бекітілді. Жалпы саны – 8. Әлі де дайындық жүріп жатқан «Универсиада-2017» жобасының басты жетекшісі – Иманғали Тасмағамбетов. Қазіргі таңда спортшылар үшін арнайы Атлеттер қалашығы құрастырылған. Екі секцияға бөлінген 8 тұрғын үй блогынан тұратын кешенде шамамен 1300 пәтер жалға беріліп, кейіннен ол халық игілігіне айналмақ. Құрылыс мерзімінен 2 ай бұрын аяқталып, қазірде ол пайдалануға берілген.

Ел үмітін ақтар саңлақтар

Еліміздің мойнына жүктелген жауапкершілігі мол жобалардың бірі – Универсиада-2017. Әлемнің елуден астам мемлекетін күтіп алып, 5 мың спортшы мен 3 еріктілердің тұруына мүмкіндік беретін шара Қазақстанның туризмін дамытуда да қалыс қалмайды. Қысқы спорт ойындарында елімізге азы-кемі 30 мыңдай турист келеді деп күтілуде. Осы уақытқа дейін Түркия еліндегі универсиадаға 2011 жылы 52 мемлекет қатысқан болатын. Ал Қазақстандағы қатысушы елдер саны бұл күнде 57-ге жетіп отыр. Оның ішінде 45 елдің азаматтары визаның көмегінсіз-ақ келе алса, төртеуі елшілікте, ал жетеуі Қазақстанның аэропортында бірден алуына болады.. Еліміз үшін бұл аса маңызды. Сондықтан ел мерейін үстем етер спортшылар да бізге керек-ақ. Мәдениет және спорт минмистрі Арыстанбек Мұхамедиұлының мәлімдеуінше 227 спортшы жарысқа қатысу үшін тынымсыз еңбек үстінде. Оның ішінде 121-і ер бала және 106 қыз қатыспақ. Еліміздің үздік спортшылары Денис Тен, Юлия Галышева, Айдар Бекжанов, Станислав Палкин, Жанбота Алдабергенова, т.б. қысқы универсиада ойындарына қатысып, Қазақстанның көк туын желбіретуді мақсат қойған. Дереккөздерге сүйенер болсақ, 543 медаль сарапқа салынбақ.

Бүгінгі күнге дейін, 1993 жылдан бастап Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы 8 рет бағын сынап, 700 қазақстандық спортшы жарысқа түсті. Жеткен жетістіктеріміз де қуанарлық. Жалпы саны 125 медаль бұйырыпты: 35 алтын, 39 күміс, 51 қола. Осы жолғы бәйге де еліміз мықты спортшыларын қатыстыра отырып, үздік атануға дәмелі.

 Қонақжай халық дайындығы

Жетпіс екі  күннен кейін басталатын әлемдік дода қазірде талай жастың жүрегіне от жағып, үмітін жандырып отыр. Отанын алдыға шығарып, әнұранын асқақтатамын деуші студенттер үшін 2,5 айдан кейін маңызы зор жарыс басталмақ. Ал Қазақстан өзінің кезекті универсиадасында тек қонақ болып қоймай, әлемнің елуден астам мемлекетін жоғарғы деңгейде күтіп алатын үй иесі болмақ. Сондықтан дайындық барысы өте маңызды. Осыдан бірер күн бұрын ғана еліміздің вице-министрі Иманғали Тасмағамбетов «Универсиада-2017»-ге жауапты тұрға ретінде Алматы қаласында орналасқан барлық дерлік нысандарды тексеріп шықты. Жасалып жатқан жұмыстар мен спорт кешендерінің дайындығына көңілі толатындығын айта келе, бірнеше тапсырмалар легін берді. Іс-шараны өткізу, сайысқа қатысушыларды қабылдау аясында қала инфрақұрылымының әзірлігін қамтамасыз ету керек екенін сөз етті. Сонымен қатар Универсиада қонақтары мен қатысушыларының қауіпсіздігі мен жайлы орналасуын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасау керектігі жайына баса назар аударды. «Қауіпсіздік, энергетикалық жеткіліктілік пен көлік жүктемесін қоса есептегенде, халықаралық іс-шараның кедергісіз өтуін қаматамасыз етуге қалалық қызметтердің толық әзір болуы өте маңызды. Ең бастысы, Алматыға ағылатын қонақтардың көптігін және спортшылардың, жаттықтырушылар штабы мен тілшілердің сайыс өтетін орынға және қонақжайларға барып-келуін есепке алғанда, бұл қала тұрғындары үшін қолайсыздық туғызбауы тиіс»,-дейді өз сөзінде Иманғали Нұрғалиұлы.

Қысқы универсиада ойындары халықаралық дода болып есептелетіндіктен, оны әлемнің барлық-дерлік мемелкеттері қызығушылықпен асыға күтетін болады. Бұқаралық Ақпарат Құралдарының жарыс барысындағы ақпараттарды жеткізудегі рөлі алдыңғы орында. 7 халықаралық арнаның көмегімен 80 елде 1 млрдқа жуық халық тамашалай алады. Ал қазақтандықтар «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Хабар» және Kazsport телеарналарынан тікелей эфирде көре алу мүмкіндігіне ие.

Қатысушылар саны да, туристер саны да, қонақтар да аса көп болғандықтан, спорттық шаралар өтетін нысаналар бүгіннен-ақ пайдалануға беріліп, билеттер де сатылымға түсті. Қазан айының 21-нен бастап жұртылық сүйікті спортшылары үшін жанкүйер болуға дайын.

Өткізілетін универсиада ойындарында көмек қолын созатын қызметшілер саны да аз емес. 6500ге жуық құқық қорғау қызметкерлері жарыстағы қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігіне жауап берсе, мыңдаған волонтерлер де аянып қалмайды. Алматы қаласында 2017 жылы өтетін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың Алауы еліміздің 15 аймағынан Алматы қаласына жеткізілмек. Жуырда Алау жағу эстафетасының бас репетициясы өтікізіліп, Алауды тасымалдайтын шыны сауыт тестіленді.  Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Алмат Үшкемпіровтің айтуынша, Талдықорған қаласында өтетін Алау эстафетасына қазіргі таңда 2 жоғары оқу орнынан, мәдениет, медицина және спорт мекемелерінен 80-нен астам сұраныс келіп түскен. Арнайы комиссия отырысында соның ішінен 60 алаугер іріктеліп алынады. Қазіргі кезде қаланың ішімен алауды алып жүретін көшелер белгіленіп, маршруты жасалуда.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы барысында Алматыда Универсиада-2017 өткізуге дайындықты ұйымдастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Б. Сағынтаев Универсиада жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуі керектігін, себебі мұндай жарыстар спортсүйер қауымды көптеп тартатынын атап өтті.

Премьер-Министр Алматы әкімдігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне барлық ұйымдастырушылық кезеңдер бойынша және еліміздің құрама командасын дайындау бойынша сәйкес жұмыс жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, Премьер-Министр облыстар, Астана және Алматы әкімдеріне Дүниежүзілік Универсиада Алауы эстафетасының өңірлік кезеңдерін өткізуді айрықша бақылауға алуды тапсырды.

Алдымызда келе жатқан жаңа жылдың республикамызға алып келер пайдасы көп. Қыс айларынды Универсиада ойындарын өткізуге жауапты болсақ, жазғы үш ай бойы инновациялық технологиялар жәрмеңкесі аталған ЭКСПО-2017 тағы бар. Қалыс қалып келе жатқан ел туризмін асқақтатып, барша әлемге «қазақ» деген атты танытуға үмітті шаралардың өзіндік жоғарғы деңгейде өтуі нұр үстіне нұр болар еді.

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА, Алматы облысы «Ішкі саясат басқармасы » тапсырысы бойынша