Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Төл теңгенің туғаны


18 ноября 2016, 03:38 | 1 409 просмотров



Тәуелсіз ел боламын деп жаһанға жар салғаннан гөрі, тәуелсіз ел ретінде өмір сүре алатыныңды дәлелдеу үшін де осы бастапқы жылдары тынбастан еңбек етіп, жұртқа игі болар әр бір істен аянып қалмау керек болды. 90-шы жылдардың басында Қазақстанның тағдыры үшін өндірістің ауқымды түрде құлдырауы, экономикалық байланыстардың үзілуі, бұрынғы одақтас республикалармен ақша-кредиттік қарым-қатынастардың коллапсы сияқты жағдайларда қиын-қыстау кезең болды. Үкімет пен Ұлттық Банк алдында маңызды мәселе тұрды –өндірістің жаппай құлдырауы мен жоғары инфляция жағдайларында ұлттық валютаның орнықтылығы мен айырбасталуын қамтамасыз ету қажет болды. «Ұлттық валютаны енгізудің рәсімдік мәселелеріне: жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізуге, ақша айырбастаудың басталу күні мен ұзақтығына, айырбастау коэффициентіне ерекше көңіл бөлінді. Бүкіл жұмыс Қазақстан Республикасы Президентінің жіті бақылауымен және тікелей қатысуымен жүргізілді. Жаңа банкноттардың дизайны туралы шешімді қабылдау кезінде соңғы шешімді Мемлекет басшысы қабылдаған болатын. 1993 жыл - тәуелсіздік шежіресіндегі ерекше жыл. Тарих қойнауында бұл уақыт төл теңгеміздің туған жылы болып қала бермек.

 Төл теңгеміз қалай пайда болды? Оның бастауында кімдер тұрды? Кешегі оқиғалар –бүгінгі тарих. 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертеңгі күні  қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. Ұзақ әрі күрделі жұмыс нәтижесінде жаңа банкноттардың бет жағына Қазақстанның мәдени мұрасына барынша жарқын ізін қалдырған тарихи тұлғалардың: әл-Фарабидің, Сүйінбай Аронұлының, Құрманғазының, Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Әбілқайыр хан мен Абылай хан сияқты тұлғалардың бейнелерін орналастыру туралы шешім қабылданды. Одан басқа, банкноттарда дәстүрлі түрде портреттердің пайдаланылатыны таңдау жасауға әсер етті. Зерттеулер халық тұлғаларды ойша танып-білетінін және бейнелері дұрыс болмаған жағдайда өздігінен сезінетінін көрсетті».

Банкноттардың сырт жағы қазақ жерінің табиғи және сәулет ансамбльдерін:

Бурабайды, Іле Алатауын, Балқаш көлін, сондай-ақ айтулы мешіттер мен кесенелерді қамтыды.

 Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал  15 қараша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңге енгізілді. Сол күндерден естелік : «Ол күні мен жұмыс тобының құрамында едім. Жұмыс тобы Ұлттық банк ғимаратында емес, министрлер кабинетіне қарасты шипажайлардың бірінде орналасты. Әлбетте, негізгі жұмыс ол күнге дейін біткен болатын, біздің жұмыс тобымыз техникалық жұмыстармен айналыспады. Техникалық жұмыстар, сол кезде құрамында 10 000 адам жұмыс істеген ірі ұйым Ұлттық банктің міндетінде болды», - деді kapital.kz порталында жүргізілген онлайн-трансляцияда Ұлттық банктің 1996-1998 жылдары төрағасы қызметінде болған Ораз Жандосов.

Сонымен, 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналысқа енгізілді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.

1993 жылы қараша айына дейін эмиссиялау қызметін тек қана КСРО-ның Мемлекеттік банкі, кейіннен Ресейдің Орталық банкі атқарып келді. Ол кезде Қазақстан аумағында төлем құралы ретінде КСРО Мемлекеттік банкінің немесе Ресей Орталық банкісінің 1961— 1991 жылдары шығарған рублдегі банкноталары мен монеталары қызмет етті. Ендеше сол уақыттары біздің шаруашылық айналымға қажетті Ресейдің рублін сатып алып отырғанымызда жасырын емес. Әсіресе 1 рублдегі қолма-қол ақшаны 2 рубль қолма-қолсыз ақшаға сатып алған. КСРО ыдырағаннан кейін кейбір оның кұрамына енген республикалар өздерінің ұлттық ақша бірлігін айналымға енгізіп, яғни «рубль аймағынан» шығып кеткен болса, ал біздің республикамыз сол аймақта екі жыл бойы қалды. Оның басты себебі, Қазақстанда өзінің банкнота шығаратын фабрикасы мен Монета сарайы болмады.

1992 жылы құпия жолмен біздің алғашқы валюталарымыз 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 номиналдағы банкноталар түрінде төрт ғасырлық тәжірибесі бар ағылшынның пошта маркілері мен банкнота жасауды кәсіп еткен «Харрисон және оның ұлдары» компаниясымен өзара жасалған келісімшартқа байланысты шығарылды.

1992 жылы 26 шілде күні Ресей өзінің төл валютасын енгізгеннен бастап, өзге елдердің, соның ішінде «рубль аймағындағы» Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдердің қаржылық жүйелерін бөліп жібергендігін хабарлады. Сондай-ақ, Ресей Орталық банкі Қазақстанға қазақ нышандары бар рубльді шығарып беруді ұсынған.

Соған қоса, олардың мынадай талаптары болды: біріншіден, егер рубльді пайдалану үшін Қазақстанның Ресейдің құрамына Ресей Федерациясының субъектісі ретінде енуі; екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жинаған небары 700 млн астам АҚШ долларындағы алтын-валюта резервін Ресейдің орталық банкіне тапсыру. Қорыта айтқанда, олар өз рублін бізге пайдалану үшін Қазақстан тәуелсіздігімен төлеуді ұсынды.

Сол уақыттан бастап, Қазақстанда КСРО-ның рубльдері ғана айналыста қалды және өзге рубльден бөлінген аймақтардан олардың келуіне шек қойылмады. Ақыры, оған дейін құнсызданған рубль әрі қарай құнсызданып, инфляция қарқыны 2900 пайыздан асты.

Міне,  осындай келеңсіз оқиғалардың орын алуы Қазақстанның, төл валютасын шығаруға еріксіз жол сілтеді. Сөйтіп, 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық валютаның енгізілуі туралы шешім қабылданып, 15—18 қарашада КСРО-ның 1961 — 1991 жылдарда шығарылған рубльдерін ұлттық валютамыз теңгеге айырбастау шаралары жүзеге асты.

Осы сәттен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі эмиссиялық банк болып табылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық банктің эмиссиялық қызметі оның, құрылымдық бөлімшелері: Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Банкнот фабрикасының банкноттары мен Өскемен қаласында Монета сарайында дайындалған монеталар көмегімен іске асады.

Банкноттар мен монеталарды шығару, олардың айналысын ұйымдастыру, жалған ақша жасаушылармен күрес бірте-бірте ғаламдық проблемалар болып отыр. Бірқатар мемлекеттер банкноталар мен монеталарды алдыңғы қатарлы технологиялары бар компанияларға ішінара және толық бере отырып, өздері оларды жасаудан бас тартады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы қорғалған баспа үшін қазіргі заманғы баспа жабдықтарымен жарақтала отырып, тек ұлттық валюта банкноталарын ғана шығарып қана қоймай, мемлекеттік және коммерциялық тапсырыстар бойынша қорғалған полиграфиялық өнімді де шығарады.

Қазақстан теңге сарайы Берлинде (Германия) беделді Монеталар сарайы көрмесінде жоғары бағаланатын монеталарды шығарады және оған деген мамандар мен коллекционерлер арасындағы қызығушылық күннен-күнге өсіп отыр.

Қазақстан теңге сарайы IS0-9001:2000 халықаралық стандарт бойынша сапа менеджменті жүйесін ендірді және монета өнімдері мен мемлекеттік наградаларды шығаруға сертификаттар алды. Кәсіпорындар үшін шығарылған наградалар ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келетін зергерлік өнердің тамаша үлгілері болып табылады. Басқа орталық банктерден монеталар дайындауға алынған тапсырыстан басқа, ҚТС бірнеше халықаралық монеталар бағдарламасына, оның ішінде Олимпиада ойындары мен футбол бойынша әлем чемпионатына арналған бағдарламаға катысуға шақыру алды. Соңғы жетістіктер ретінде биколорлы монеталарды, эмалі бар proof сапасындағы күміс монетаны, ұлттық валютаны енгізуге 15 жылдыққа арналған салмағы 1 кг номиналы 50 000 теңге күміс және алтын бірегей монеталар шығаруды меңгеруді атап өтуге болады.

Халықаралық сарапшылардың мойындауынша, тәуелсіз Қазақстанның монеталары

ежелгі монета соғушылар мен заманауи технологиялардың дәстүрлерін өздеріне сәтті

үйлестіре білген. Бұл туралы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған  қазан айында өткен «Теңге –тәуелсіз Қазақстан валютасы» атты конференцияда ҚР Ұлттық Банкінің бас дизайнері Виктор Ивженко мәлімдеді.

 Қазақстандық валютаны жасау тарихын болашақ ұрпаққа сақтап қалу мақсатында 1997 жылы 13 қарашада Ұлттық Банктің мұражайы ашылды.Бүгінгі күні мұражайдың қоры 5 мың материалдық мәдениет заттарын жинастырған. Бұл жерде XII — XIV ғасырлардағы, қола және күміс монеталар, революцияға дейінгі Ресейдің, уақытша үкіметтің, РКФСР және КСРО-ның ақша белгілері, сондай-ақТМД елдерінің ақша белгілері сақталған. Мұражай қорында құны 5 және 10 рубль 1898-1899 жылдары шығарылған Николай II патшаның бейнесі бар орыс алтын монеталары, Ұлы Петр, Екатерина II, Николай II бейнесі бар күміс монеталар бар. Сондай-ақ неміс рейхсмаркалары, орыс-поляк монеталары және Қытай, Мексика, Польша, Австро-Венгрия монеталары да бар.

Жәдігерлер арасында ерекше, мысалы «жібек ақшалар», «опиумдық ақшалар»дегендер де аз емес. Құны 5000 теңге салмағы 1 кг 925 сынамды күмістен жасалған Қазақстан тәуелсіздігінің, 10 жылдығына арналған күміс монета мұражайға келушілерді өзінің өлшемімен және дизайнымен таңғалдырады.

Бұл жерде Түркістанның 1500 жылдығына, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған алтын монеталар, ұлттық валютаның 10 жылдығына арнап шығарылған бірінші түрлі-түсті күміс монеталар, «Қазақстан Петроглифтері», «Қазақстанның кызыл кітабы», «Қазақстанның қолөнері», «Сәулет және тарихи ескерткіштер», «Көшпенділер алтыны», «Ертеде соғылған монеталар» сериясындағы монеталар сақталған. Мұражайға келушілер арасында Қазақстандық теңге сарайы шығарған — «Қызыл бөрі», «Регель қызғалдағы», «Шабандоз» алтын және күміс монеталар үлкен қызығушылық тудырады.

Эмиссиялық банктің басты міндеті айналысқа қажетті ақша мөлшерін шығару және артық мөлшерін айналыстан алу. Әрине, ақшаны айналысқа қажетті мөлшерден артық шығару оның құнсыздануына жол береді. 1993 жылы 15 қарашада айналымға 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 номиналдағы теңгелік банкноталар; 1, 3, 5, 10, 20 теңгелік монеталар және 1, 2, 5, 10, 20, 50 тиындық монеталар жіберілді.

1993 жылы алғашқы тиындар қағазбен басылып шыққан болатын. Аз уақыттан кейін осы қағаз тиындар айналымнан алынып тасталынып, олардың орнына монета нысанындағы тиындар айналымға жіберілді.

Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Ұлттық валюта күніне орай ұйымдастырылған  "Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: ұлттық валюта" тақырыбындағы конференция аясында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа 10 000 теңгелік банкнотты таныстырды. Жаңа банкнотада сақтар дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тариx жинақталған. Ондағы галограмма - символдық бейнелер арқылы көрсетілген Астананың панорамалық бейнесіндегі қорғаныш элементтері. Ал ынтымақтастық идеясы Қазақстанның картасы көпұлтты xалықтардың ортақ үйі ретінде бейнеленген. Қазақ Елі монументіндегі Самұрық құс кешегі мен бүгінгінің сабақтастығының белгісі болып табылады. Мерейтолық купюра Президенттің, Ұлт көшбасшысының ел дамуына сіңірген ерен еңбегінің көрінісін бейнелеуге бағытталған.  Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел Тәуелсіздігіне сіңірген еңбегін ескере отырып, аталған купюраны шығару туралы шешім қабылданды. Әлемде ондай тәжірибелер баршылық. "Бұл - жаңа тақырып емес. Нельсон Манделла, Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куан Ю, Уинстон Черчил және тағы басқа көшбасшылар өз елдерінің қазіргі валютасында бейнеленген",- дейді Д.Ақышев. Оның айтуынша, жаңа купюра Президент күні - 1 желтоқсанға қарай шектеулі таралыммен бастырылады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ажырамас атрибуты – теңге. Қазақстан егемендік жылдары көптеген сынақты бастан кешірді, ол сыннан біз күш-жігеріміз арқылы тәжірибе жинақтадық. Нәтижесінде қазіргі кезде Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі болып табылады, оның пікірін тыңдайды және санасады. Орнықты ұлттық валютаның болуы кез келген елдің нарықтық қатынастарын және экономикалық тәуелсіздігін дамытудың негізгі өлшемшарттарының бірі болып табылады. Ақшаның жалпыға белгілі экономикалық функциясымен қатар процестің қоғам үшін елеусіз, бірақ аса қажетті басқа да жағы бар. Бұл –ақшаның сала, ірі индустрия ретіндегі функциясы, ақшаның қолма-қол айналысы –бұл үздіксіз жұмыс істейтін жүйе, қатар жүретін –қызықты және күрделі әлем.

Автор:
ЖД ақпарат Алматы облысы «Ішкі саясат басқармасы» тапсырысы бойынша