Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Мен Құлагерді қазақтардан қызғанамын...


18 ноября 2016, 03:34 | 2 658 просмотров



 Тәуелсіздік тұғырға көтерілгелі, әділетсіздікке ұшыраған ақын-жазушыларымыздың еңбектері жаңартылып, олардың есімін еш қиналмастан айтуға мүмкіншілік туды. Сонау сұрапыл жылдарда қазақ қоғамының қаймағын сыпырып алып кеткен кезең бастан өтті. Сол бір заман құрбандарына айналған Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді қазақ зиялыларының есімдері қазіргі таңда ерекше аталады. Кезінде осы ардақтыларымыздың есімін де, шығармашылығын халық санасынан өшіруге ұмтылған қитұрқы саясаттың салдары қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлкен нұқсан келтірді. Қайта туған феникс сияқты, алаш ардақтыларының есімі қайта жаңғырды. Олардың еңбектері қайта жарық көріп, шығармаларының том-том кітаптары шықты. Олардың есімдері мемлекетіміздің ірі университеттеріне, көшелері мен мәдениет сарайларына берілді. Әрқайсының еңбегін зерттеп, зерделейтін ғылыми орталықтар жұмыс істеуде. Әдебиет ғылымында Шәкәрімтану, Сәкентану, Ілиястану сияқты ғылыми жұмыстар жаңашыл серпін әкелді. Бүгін біз Жер жәннаты- Жетісу жерінің тумасы Ілияс Жансүгіров жайлы сөз қозғағалы отырмыз.

Бәрімізге ақын, драматург, лирик, прозашы ретінде танымал І.Жансүгіров жайлы не білеміз? Не білмейміз? 1938 жылы репрессияға ұшырап жазықсыз айып тағылған атамызды қазіргі ұрпақ қаншалықты таныды? Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атамыздың атымен аталған университет, музей, мәдениет сарайы, көше атауларының берілу сыры неде? Құлагердей ақынның артында қалған еңбектері қанша? Зерттеліп жатқан ақын өмірі қаншалықты толықтырылды.

 Өнерге   ұмтыл,  өнерді біл  замандас!

І.Жансүгіров 1894 жылы мамыр айының бірінші жұлдызында Қапал уезінің Ақсу болысына қарасты «Қызылтаң» ауылының маңындағы Кіндікқоңыр  қыстағында дүниеге келген. Жастайынан анадан айырылған Ілиясты Жансүгір өзі тәрбиелеп, өзі өсіреді. Балаға қатал әке Ілиясты мезгілінде хат танытып, оқуға деген құлшынысын оятып, қазақ арасындағы белгілі ақын – жазушылардың, жыраулардың жыр шумақтарымен, халық ауыз әдебиетімен ерте таныстырады. Бастапқыда әкеден білім алған Ілияс, 1910 жылдан бастап Қасен молдадан сабақ алғаннан кейін, 1912 жылы күзде Қарағаштағы «Мамания» мектебіне оқуға ілінеді. Осы жылдардан бастап алғаш шығармашылық жолын бастайды.  Бірақ белгілі себептерге байланысты бұл оқуын да жалғастыра алмайды. Өзінің білімінің аздығын түсінген Ілияс 1920 жылы Ташкент қаласына барып, сондағы мұғалімдер даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына оқуға түседі. Сол жылдан бастап алғаш журналистік қызметін бастаған ақын «Ақ жол» газетінде кооректор қызметін атқара жүріп, «Жас Алаш » газетінің шығуына үлесін қосқан. Ақын  денсауылығының нашарлауы себепті 1921 жылы Белтоған ауылында мұғалімдік қызметке орналасады. Осы уақыттарда ол өз өлеңдерін «Кедей еркі», «Тілші» газеттеріне жіберіп тұрған. Ілияс 1922 жылы Қосшы одағының шақыруымен Алматыға келіп «Тілші» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс жасайды.  Ілиястың шыңдалып, ширалған уақыты осы сәттен басталды артық айтпаймыз. Ақын өзінің бос уақытын кітап пен баспа беттеріндегі өзі қатарлас ақындардың мақалаларын оқуға, қиялындағы сан түрлі ойларын қағазға түсірумен айналысқан. Ілияс осы екі жылдың ішінде 50-ге тарта өлең жазған.  Алайда, ол білімінің әлі де жетіспейтіндігін сезініп, 1925 жылы Мәскеудегі Коммунистік  журналистика институтына оқуға түседі. Осыдан кейін, Ілиястың журналистика саласына деген қызығушылығы одан әрі артып, құлшына жұмыс істейді. Талпыныс пен құлшыныс арқасында ақынның 1928 жылы «Сығанақ» атты тұңғыш кітабы жарық көреді. Кейін «Еңбекші Қазақ» газетінде қызмет атқарып, 1932 жылы 18 мамырда ҚазАПП –тың соңғы жиналысында Қазақстан Кеңес жазушыларының ұйымдастыру комитеті құрылып, Ілиясты төраға етіп сайлады. Құрамында 10 адам жұмыс атқарды.  Ілияс атамыз 1935 жылға дейін осы қызметті атқарған. Өмірінің соңғы жылдарында нақтырақ айтсақ, 1935-1937 жылдары көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін  басқарыпты.

Ілияс Жансүгіров тек ғана ақын емес, сонымен қатар көпке белгілі сатирикте болған. Оның жазған әр фельетонының астарында белгісіз сыр мен терең ой жатады.   Ілияс өзінің фельетондарында көбіне лақап аттармен шығарған көрінеді. Кейбіреуіне көз жүгіртер болсақ, Жа-жа, Сақа, Ағын, Салпаңқұлақ, Матай, Құйқұлақ, Балгер  және т.б.  Сонымен қатар  әр жазған шығармаларына тақырыбы мен мазмұнына сәйкес орынды да ұтқыр атау таба білуі де өзіндік ерекшелігі деуге болады. Сатириктің қазір газет беттерінде кедесіп жүрген фельетондарының жалпы саны 50- ден асады. Айтар болса, «Сөз Қамысбаевқа», «Жарапазан», «Құқ», «Шалқыбай», «Пұшық мұрынға кетік ыдыс» сынды очерктерін атауға болады.  Ілиястың сатирасын айтқаннан кейін, айтыскер болғандығын айта кеткен жөн болар. Оның суырып салмалығымен, мысқыл сөздерді орынды қолдана білуі оның біліктілігін көрсетіп тұратындай. Біз ол айтыскер болды деп, ойдан құрап айтып отырған жоқпыз, көп зерттеген тарихшылардың сөзінен іліп алып отырмыз. Айтыс өнерінде  жүріп алғаш айтысқандарының бірі 84 жастағы Ысқаққызы Айтолықтың 17 жасында 23 жастағы  Ілияспен айтысқандығы жайлы мәліметтер кездескен. Ақын 1928 жылы қайтып оралған кезде , оны ауыл тұрғындары естіп  жинала бастаған. Үйге сыймай кеткен адамдардың ішінен «жас ақынмен айтысамын» деп бірер ауыз сөзді бастап жіберген Тойымбала деген  ұзын бойлы келген бір жас келіншек еді дейді.  Шешінген судан тайынбас деген Ілияс әр сөздің мән-мағынасына, ішкі құпиясы, түп- төркін көздей отырып , оған жауап қайтарады. Бірақ айтыстың соңы алыста жүріп бір-бірін тапқан екі ағайындының жүрек жарды өлеңдерімен аяқталады. Бұл дерек Қабдолдаев Жұманның «Ақынның үнін тыңдаған»  деген мақаласында  жазылған. Ол өз заманында Орынбай, Кемпірбай, Тазбала, Бала сияқты белді ақындармен айтысып, тілінің ащылығымен, қарымдылығымен көзге түскені біз айтпасақта әдебиет тарихынан белгілі. Ілияс сатирасы көпке үлгі өнеге боларлықтай. Әр фельетоны шынайы  өмірге негізделіп жазылған.  Сатиралық шығармаларының басқа жанрдағы туындыларынан бөлек «Құқ» деген атпен 1935 жылы 123 беттік еңбегі  шықты. Ілияс ақталғаннан кейін 1961-1964 жылдар арасында жарық көрген 6 томдық шығармалар жинағына 1963 жылы «Әңгімелер мен фельетондар» деген атпен 328 беттік көлемде кітап баспадан шыққан.

Ілиястың  жан – жақты ақын екені белгілі. Соның дәлелі аудармалары. Ақын 1923 жылдан бастап ол орыс және батыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне  аударумен айналысқан. Оның ішінде А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына байланысты «Евгений Онегин» романын Ілияс уақытының аздығына қарамастан, 1936 жылы 6 айдың ішінде аударған. Бұл ақынның дарындылығымен талабының биік екенінің тағы бір дәлелі. Ақын бұл шығармамен тоқтамаған бұған дейін, Пушкиннің «Гаврилиада», Лермонтовтың «Шеркестер», Некрасовтың  2 вариантта «Темір жолын» және т.б. белді жазушылардың шығармаларында өз қолтаңбасын қалдырған.

Шаттық жыр ағыл-тегіл, жаз қаламым

Есімі жиі айтылатын Талдықорған қаласында ақынның өмір жолын зерттеп, еңбегін жинастыруда, әр өлеңдерімен поэмаларына жаңа ғасыр көз-қарастарын білдіріп, жастарға Ілияс ақынды танытып жүрген орталықтар аз емес. Солардың арасында ақын атымен аталған білім ордасында орналасқан «Ілиястану ғылыми- практикалық » орталығы мен жазушының  мұражайы. Ең бірінші, Талдықорған қаласында Жетісу Мемлекеттік университеті жайлы айтар болсақ, 1972 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институты аталса, 1999 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университеті деген атау берілді.Университет құрылымына 7 факультет: физика-математика; мәдениет және өнер; педагогика және психология; гуманитарлық; заң; қаржы-экономикалық; жаратылыстану-техникалық факультеттері кіреді. Оқу үрдісін 24 кафедра қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда университет қабырғасында бакалавр бойынша күндізгі бөлімде 3223 білімгер,  қашықтықтан оқыту бөлімінде 2437 студент болса, магистратурада 350, доктарантурада 18 білімгер білм алуда. Сондай – ақ, бакалаврда 40 мамандық, магистратурада 21 мамандық болса,  докторантурада 6 мамандық бойынша білім беріледі. Солардың ішінде Ілияс атамыздың ізін басар жастар филология және журналистика мамандықтары бойынша білім ала алады.  Және де университет ішінде Ілияс атамыздың әдебиеттерін, еңбектерін зерттеуге арналған жеке орталық ашылған.  Бұл 2007 жылы «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығы деген атаумен осы уақытқа дейін жұмыс атқарып келеді. Толық мәлімет алу үшін орталықтың қазметкрі Ілиястанушы Шара Асетқызымен әңгімелескен болатынбыз.

- «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығы ақын, журналист, жазушы, драматург, әдебиет зерттеушісі, жинаушысы, қоғам-мәдениет қайраткері, Сталиндік репрессияның  құрбаны – классик ақын  Ілияс Жансүгіровтің мұрасын табу, тану, танысу, насихаттау, жаңа көзқараста зерттеу, білім беру ісімен және білімгерлерді оқулық, оқу құралдарымен қамтамасыз етумен шұғылданады. Ұлы ақынды жазықсыз тәркілеу, «халық жауы» ретінде ұсталып, айыпталған шағында қолды боп кеткен мұраларын іздеп тауып,  шығармаларындағы педагогикалық көзқарастарын саралау; І.Жансүгіров шығармаларын орта мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында оқытуда жинақталған әдістемелік еңбектердің жазылуына басшылық жасау, оларды өңдеп, толықтырып, кітап шығарып, сұранысты өтеу бағытында жұмыстар жасау.

-Жұмыстар жасалынып жатқаны қазірдің өзінде көзге көрініп тұрады. Соларды толықтырып айтып өтсеңіз...

- Орталықтың аға ғылыми қызметкер, доцент Қ.Сарбасова  «І.Жансүгіров поэмаларының тілі», академик Т.Бейісқұлов «Тамұқта тартқан қасірет» (І.Жансүгіровтің тергеу материалдарының көшірмесі, ғылыми талдау), кіші ғылыми қызметкер, магистр Андас Қажет  «Өткен күнде белгі бар», Аңсабаев Дүйсеннің «Талантқа тағзым» сынды кітаптары жарыққа шықты. Сонымен қатар, Тұрсын Сыздықовтың Ілияс Жансүгіров және дәстүр жалғастығы, І.Жансүгіров ХХІ ғасыр көзімен, Рух пен Интеллект көкжиегі (зерттеулер мен мақалалар), М.Иманғазиновтың Ілияс Жансүгіров атты монографиялық еңбегін атауға болады. Және мен өзім жазған «Аңызға бергісіз ғұмыр», «Дария кеуде-тау мүсін», «Ілияс тағылымы» атты әрқайсысы 25-30 баспа табақ көлеміндегі кітаптарды құрастырып, жарияладық.

-    Жастарға таныстыру, дәріптеу үшін қандай жұмыстар жүргізіледі.

- Жастар тәрбиесіне де өзіндік үлес қосуда. Университеттің   ұйымдастырушылық, береке-бірлік, ғылыми әлуетінің қандай деңгейде екенін республика көлеміне  мәшһүр етуде «Ілияс әлемі» атты студент-жастар фестивалінің орны бөлек. Жыл сайын жастар арасында қала, облыс, республика бойынша Ілияс оқулары болып тұратынын айта кету керек. І.Жансүгіров  шығармашылығын зерттеуге студенттер мен магистранттарды тарту – ол орталықтың басты мұраты. Олар «Ілияс шығармаларына жаңаша көзқарас» деген Ғылыми-практикалық орталықтың басты зерттеу обьектісін негізге алып, ғылыми қызметкерлердің жетекшілігімен өздерінің қарастырып жүрген тақырыбы деңгейінде ізденулеріне, материал жинауға, өткен басылымдар мен қазіргі көзқарастарын салыстыра отырып ғылыми тұжырым жасауға, мақала жазуға төселіп, ой дүниелерінің баюына, дүниетанымдарының кеңеюіне жол ашады.

- Орталықтың алға қойып отырған міндеттері жайлы айтып өтсеңіз...

  • Ілияс Жансүгіровтің ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жазылып, баспасөзде жарияланған, ел аузында сақталған туындыларын жинап, оның нұсқаларын салыстыра отырып зерттеп, негізгі әдеби мұрасына қосу.Социалистік идеология талабына сай өзгертіліп, бұрмаланғантуындыларын І.Жансүгіровтің қолжазбалары мен немесе бұрынырақ жарияланған кітаптарының мәтіндерімен салыстыра отырып, бастапқы негізін қалпына келтіру.І.Жансүгіров шығармаларына тоталитарлық жүйе идеологиясы тырнағын көп батырған. Ақынның кезінде большевиктік керағар саясаттың қылышынан жасқанып, айтпақ ойын астарлап жеткізетін тұстары өте көп. Ол оның аса құнды эпикалық туындыларында жеткілікті. Тарих, философия ғылымдарының үздік әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, ұлы ақынның жасырын, қуатты ойларын аршып, оқырманға шындықты жеткізу. Алдағы уақытта 40-қа жуық кітап шығаруды жоспарлап отырмыз.

Бұл еңбектердің нәтижесінде мектеп те, жоғары оқу орны да ұлы қаламгер мұрасын оқып үйренетін методологиясы берік, әдістемелік тұғыры биік еңбекке қолы жетеді. Оқырмандар да қилы тағдырлы үлкен талантпен күмәнсіз табысады. «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығы шығаратын еңбектер Жетісу өңірін қамтумен шектелмей, күллі республикамызға тарайтынына сенімдіміз».

Жер таппан жерде жетер Жетісуым

Алдыға қойған жоспарлар өте биік. Ілияс атамыздың есімі Талдықорған қаласының әр жерінде ойып тұрып орын алған десек артық айтпаймыз. Оған дәлел өте көп. Келесі қаламыздың көркі болып тұрған орталықта орналасқан Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы. Алғаш 1962 жылы бой көтерген бұл ғимарат 1965 жылы ақынның 70 жасқа  толуына орай  Ілияс Жансүгіров мәдениет сарайы деп  аталған. 2002 жылы Талдықорған қаласы Алматы облысының орталығы болуына орай қалалық Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайына айналды. Алматы облыстық әкімдігіне қарама-қарсы салынған мәдениет үйі Талдықорған қаласындағы әсем де көркем ғимараттардың бірі. Екі мекеменің арасындағы орталық алаң- қала тұрғындары мен қонақтарының демалуына, серуендеуіне, мерекелік шерулер мен мәдени іс-шаралар өткізуге арналған бірден-бір қолайлы тамаша алаң. Сондай – ақ, бұрын Кирова атауымен аталған көше біз тәуелсіз ел болып шаңырақ көтергелі бері Ілияс атамыздың есімімен аталып жүр. Бұған тағы бір түрткі болған жайт сол көшенің дәл ортасында ақынның атымен аталған университеттің болуынан.

Келесі кезекте ақынның шығармашылығымен танысу үшін Талдықорған қаласындағы Ілиястың есімімен аталған мұражайға бас сұққан болатынбыз. Кіргеннен қазақтың қонақжайлылығын көрсетіп қарсы алған ұжымның ықыласы Құлагер жазышыны тану үшін келген әр адам үшін ерекше әсер қалдыратыны сөзсіз. Ең алғаш ғимараттың негізі 1905-1907 жылы қаланған көрінеді. Кейін 1918 жылы осы үйде қызыл гвардияшы отряды , 1919 жылы облыстық «Қосшы» одағының бөлімі орналасқан. Ілияс Жансүгіров 1920-1923 аралығында осы ұйымның белді мүшесі ретінде танылғандықтан, табаны тиген қара шаңырақ екені есеріліп, 1984 жылы ақиық ақынның 90 жылдығына орай ақсақалдардың өтінішімен «Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі» болып ашылған. Толығырақ мәлімет алу үшін біз мұражайдың меңгерушісі Жауынбаева Нұргүл Қызырбекқызымен тілдескен едік. Мұражай 6 бөлмеден: Ілиястың туып өскен ортасы; Ақынның азаматтық тұлғасының қалыптасу жолы; Ақынның жұмыс бөлмесі; Ілияс Жансүгіровтың айыпталуы, ақталуы: ақынның басты шығармалары, поэмалары ; Ақын творчествасын жалғастырушы ізбасарлары сынды жеке-жеке бөлмелерден  тұрады. Мұражайда жалпы 6000 – нан астам қор бар. Солардың арасындағы ең құндысы  «Күй» поэмасына арқау болған Молықбай атамыздың қобызы дейді мұражай меңгерушісі. Бұл қобыздың негізгі ерекшелігі заманауи техникамен жабдықталғандықтан қазіргі таңда қобыздың үні шығады. Ол дегеніміз келген әр тамашалаушы экспонаттарды көрумен қатар, қобыздың үнін де ұйып тыңдауға мүмкіндік алады. Және мәжіліс залында қабырғаларға ілінге Ілияс Жансүгіровтің портреттерін атауға болады. Бұлар ақынның 70-80-90 жылдығына арналған тарту сыйлар көрнеді. Мысалға, Қызылордалықтар сыйға тартқан таза күріштен жасалған ақын бейнесі көзге бірден түседі.  Мұражайдың жаңалықтары да аз емес. Жақында ғана жазушының «Құлагер»  поэмасы неміс тілінде жарық көріпті. Қазақстан- Гёте институтының қолдауымен Германия баспасында басылып шығарылған. Оны тәржімалаған Герт Хайденрайх деген неміс жазушысы екен. Ол аударма қазіргі таңда мұражай қорында сақтаулы. Талдықорған қаласындағы Ілияс шаңырағында болып қайтқан қарт жазушымен сұхбаттасқан ұйым мүшелері таңқалғандарын жасырмайды. Қайраткер  ақынның бізге айтып қуантқаны мына жаңалық: германия қаласында аптасына 2 рет «Құлагер» поэмасының неміс тіліне аударылған нұсқасы радио желісінде неміс тыңдармандарына жол тартады екен. Және жазушы «Мен Құлагерді қазақтардан қызғанамын » деп айтыпты сөз соңында. Бұл дегеніміз біздің асыл тұлғаларымызды қазақтар ғана емес әлем мойындағандығының тағы бір дәлелі.

Иә, Ілияс Жансүгіров не бары 44 жыл өмірінің 20 –дан астам жылын шығармалыққа арнаған жан. Ол аз уақыттың ішінде артында өшпес із қалдырды. Талайды жылатқан, мұңайтқан, ойландырған Құлагерді қалдырды. Адам өмірінің ғұмырын өлеңімен әрледі, өз заманын кейінгі ұрпақтың көруіне мүмкіншілік берді. Кейінгі ұрапағына ұмытпастай мұра сыйлады. Мақтасаң сөзің де жетппейді, жеткізе де алмайсың. Жоғары да айтып өткендей, тек қазақ халқы ғана емес ақын жазушыларымызды әлем мойындауда. Бұл дегеніміз қазақ елінің атар таңы мен бағындырар белестері әлі де алда деп есептейміз...

Автор:
Аймарал ДАУЛЕТБЕКҚЫЗЫ