Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қоғам және орамал


14 ноября 2016, 03:55 | 2 056 просмотров



Конституцияның І тарауының 1-тармағы бойынша Қазақстан Республикасы әрбiр адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады. Ал зайырлылық дегеніміз діннің мемлекеттік саясаттан, мемлекеттік білім берудің діннен бөлінгендігін айғақтайды. Яғни, мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін танытады. Бірақ білім беру оқушының басындағы бір орамалға кедергі болған заманда діни ұстаным әлі де демократиялық сипатта тұр ма?  Бүгінгі таңда түрлі теріс діни ағымдар мен сенімдерді жоямыз деп ата дініміз исламға және оны ұстанушыларға кесіріміз тиіп жатқан сияқты. Биылғы оқу жылында басына орамал тағып жатқан қыздарымызды білім алудан шектеткен  жай бар. Сондай оқиғалардың бірі Талдықорған қаласының М.Ломоносов атындағы №5 мектеп-лицейінде болды.

1 қыркүйекте басына орамал тағып барған 10-сынып оқушысы Амиржанова Нағима  Дидарқызы діни ұстанымы мен таңдауы үшін үлкен дауға тап болды. Бірінші күні «басыңдағы орамалыңды шеш» деп зекіген сынып жетекшісімен түсіністік таппағандықтан анасын ертіп Нағима мектеп директорына кіреді. Алайда іс мүлде насырға шабады. Өйткені мектеп басшысы биылғы оқу жылынан бастап оқушылардың діни сеніммен байланысты орамал тағып жүруіне тыйым салатындығы туралы жазылған бұйрықты көрсетеді.  Анық-қанығын білу үшін Нағиманың өзімен сөйлестік.

№5 мектеп-лицейі бұрыннан бері оқушылардың киім үлгісіне қатты назар аударады. Алайда осыған дейін басына орамал таққан қыздар да білім алған екен. Ендеше сіздің оқуыңызға неге қатты кедергі келтірді?

  • Иә, бізде бұрыннан бері мектеп формасын қатты қадағалайтын. Әйтсе де, былтырғы жылға дейін Айнұр деген хиджабтағы қыз оқып жүрген болатын. Ал осы жаз айында шыққан бұйрық бойынша сабаққа орамал тағуға заңмен тыйым салынғанын айтып директор алдыма екі таңдау қойды. «Не орамалыңды шешіп, оқуыңды жалғастырасың, не басқа білім ордасын іздеп табасың»,- деді.

Талдықорғандағы діни басқармаға барып  шағым түсіріп көрдіңіз бе?

  • Жоқ, ешқандай жерге барып шағым түсірген жоқпын. Тек қана Алматы облысының Мұсылмандардың құқығын қорғайтын Ермек ағаға бардық. Ол кісі басшылықпен сөйлесіп, істің мән-жайын түсіндірді. Дегенмен директор өз айтқанынан қайтпады.

Директордан басқа мектеп ұжымы «орамалыңды шеш» деп қысым көрсетті ма?

  • Қысым болғанда, «орамалыңды шешсең ғана оқисың» деп ультиматум қойды. Мектеп мұғалімдері «Әлі жассың ғой. Шеше салсаңшы» деп ақыл айтып жатты. Дегенмен бұрыңғыдай сабақ беріп, бағамды қойды, маған деген көзқарастарын өзгертпеді. Ал қазіргі мектебімде мүлде қысым жоқ. Бірақ мұғалімдердің назарына орамалым ілігіп қалатыны бар.

Ата-анаңыз, сыныптастарыңыз таңдауыңызды қалай қабылдады?

  • Менің анам ғана бар. «Сенің өз қалауың. Не таңдасаң да келісемін. Сен менің қызымсың ғой»,- деп қолдады. Сыныптастарым болса, алғашында қатты таңғалып, біраз уақыт қабылдамады, сөйлеспей де қойды. Бірақ кейін бәрі бұрыңғы қалпына түсті.

Қаншама жыл білім алған мектебіңіз екен. Неге өз құқығыңызды қорғап қалуға тырыспадыңыз?

  • Иә, 1-сыныптан бастап 9 жыл оқыған білім ордасы болатын. Мен оқу озаты едім. Мектептің атынан түрлі жарыстар мен олимпиадаларға қатысып, облыстық деңгейде жүлделі орынды иеленіп жүргенмін. Оны елеп-ескерген де жоқ. Мәселені басқаша шешуге болды ма, болмады ма білмеймін. Бірақ мен негізі басқа оқушылардай форма киетінмін. Тек тюрбан ретінде ғана басыма орамал тақтым.  Тюрбан деген тек қана шашыңды жауып тұратын орамал тағу әдісі. Ол хиджабқа мүлде жатпайды. Дінге сенетін де сенбейтін де әйел затының бәрі тағады. Мен мектептен тыс жерлерде ғана хиджаб киемін. Барынша мектеп формасына сай киінуге тырыстым.

Басқа мектепке орналасу да оңай болмапты. Әрі біраз уақыт оқудан шектетіліп қалыпсыз. Жаңа мектебіңізде бұндай кикілжін қайталанды ма?

  • Иә, мектеп ауыстыру қиын болды. Көбісі хиджабпен қабылдамаймыз деді, кейбірі орын жоқ деп ақталып жатты. 2 апта оқусыз қалдым. Қыркүйектің 29-ы құжаттарымды алдым. Қазір қаладағы №17 мектепте оқимын. Директоры рұқсат еткенімен ұстаздарым әлі орамалыма көндіге алмай жүр. Жаңа сыныптастарым да дұрыс қабылдамайды.

Осы оқиға баланың біліміне емес оның киіміне баса назар аударатынымыз көрініп-ақ тұр. Қара көздеріміз шариғаттың заңымен жүремін деп қоғамнан соққы көріп жүргеніне кімге кінә артамыз? Заңды шығарған ел ағаларынан ма әлде дұрыс жолдан адасып дінді жамылған терористерден бе? Қоғам әлдеқашан терроризмді исламмен байланыстырып қойған. Бұл  ұзақ жылдар бойы бастыстың жүргізген  ақпараттық саясатының кесірі. Ал ислам ең алдымен бейбітшілікті  насихаттайтын дін. Бірақ исламның атын жамылып өздерінің арам пиғылдарын асыруды көздеген терросритер салдары шариғат заңы мен сүнетті ұстанған қарапайым халыққа жала жабылуда. Мысалға сақалын өсірген жігітті көрсе «уахабис», хиджаб киген қызды «саляфит» атап алған.  Осы адасқандармен алысамыз деп жүріп дәстүрлі дінімізге, оны ұстанушыларыға кесіріміз тиіп жатқанына бас ауыртар адам бар ма? Деген сұрақ ойға оралады. Бүгінгі қоғамда ата діні ислам деп жүрген адамдар ішінен діннен қорқу үрдісі пайда болды. Қарапайым халықтың негізгі діни сауатының аздығынан шынайы иманды азамат пен теріс ағымды экстремистті ажырата алмайды. Білім ең алдымен ақ пен қараны ажырата білу үшін қажет. Ал бүгінгінің жағдайы әрі шындығы сол – мектепте діни сауаты бар педагогтер жоқ. Олай болса мектеп жасындағы балалар ненің теріс, ненің оң екенін қайдан білсін. Шыны керек, егер білім ордаларында діни істер бойынша білікті маман болса, жоғарыда баяндалған жағдай орын алмас еді. Өмірдің оң солын енді түсініп келе жатқан жеткіншекті оның ұстанымы, діни сенімі үшін мән жайды білмей жатып қудалау –өркениетті дамыған мемлекеттің педагогикасы үшін үлкен сын. Ұстаз деген жол сілтеуші, білім беруші, қараңғылыққа жарық беруші. Алайда  мұғалімнің мәртебесіне дақ түсірерлік жағдай.  Бала кезден құқығы қорғалмаған қара көзіміз өскен соң қайтіп ата заңына сенім артады?!

Бұндай  даулар Қазақстандағы барлық қалаларда орын алып жатыр. Көрші Ресейде сотқа шағымданып,  жеңіп шыққан мектеп оқушысы хиджабпен білім алуын жалғастыруда. Ал біз болсақ қарындасымыз атап өткеніндей «ультиматум» қоямыз. Дізеге жеткізбей қысқа белдемшелі, омырауы ашық қыз көшенің сәні, әурет жерін жапқан әйел заты сөмкесіне жарылғыш асынып алған « терорист» болып кеткен қазіргі қауым үшін. Хиджабтағы қызды жылатамыз да, «хиджаб қазаққа тән киім емес» дегендердің абыройынан айырылып, бауыр еті баласын тастанды етіп, өлтіріп жатқанын жарыса жазамыз. Бірақ осының шешімін іздеп көрген адам бар ма? Адамға білімнен бұрын тәрбие бермеуіміз керек. Ғалым Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай «Тәбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы».   Адамға рухани тәрбиені дін береді. Ислам ешқашан қан төгуді уағыздамайды. Ол адасқандардың ісі.  Қыз бала балиғат жасына толғаннан бастап орамал тағып, хиджаб киген. Осылай ол өзін де өзгенлерді де күнәдән сақтайды. «Хиджаб» деген арабтардың ұлттық киімі емес, бұл термин сөз. Аудармасы «қалқан», «шымылдық» деген мағынаны береді.

Мектеп қабырғасында болып жатқан осындай дауларға қатысты дін өкілі ұстаз Ризабек Батталұлы орамал төңірегінде өтініш білдірді: «Ұлттың ұлт болып, адамның адам болып қалыптасуына орамал кедергі деу қате тұжырым. Ешқандай ел орамал таққаннан ұтылып, көштен қалған жоқ. Орамал тағу-арабтану емес. Орамал-біздің мәдениетіміз. Дін арабтікі емес, Алланыкі. Жыртық шалбар кисе, шаш бояп, қызтеке болса, Еуропа болды демейміз. Ал орамал тағып, діндар болса, араб болды дейді. Бұл Қазақ қашан оянады?! Алаш арыстары осыған күйінді емес пе сауатсыздыққа?! Ең болмаса, намазхан кыздарымызға жеке мектеп арнап берсін.Тіпті мектеп те керек емес, жеке сыныптар болса да аздық етпейді. Себебі, орамал тағатын, балиғат жасына жеткен қыздар өте аз.»

Имам Арман Қуанышпаев уағызында: «Әйелдің көзге көрінбейтін адам тартатын нұры болады. Адам қараған сайын сол нұрды алады. Сол себепті де әйел заты тез кәртиеді. Әйел оралса ғана, жат көзінен тасалау тұрса ғана сол нұры сақталады»,- десе,  ал Әбдуғаппар Смановтың «хиджаб қазақ қызына тән дүние емес, әжелеріміз олай киінген емес» деп оранып, бүркеншігін жамылған қызды айыптаған «қазіргі заман стилімен киінген әйелге» айтқан жауабын ерекше атап өтуге болады. Имам әйелге қарап: «Жоқ, біздің әжелеріміз дәл сіз сияқты киінген»-деп ащы сатиралық әзіл айтқан екен. Шынымен-ақ, әжелеріміз жас күнінде дәл қазіргі жастардай жеңін қысқартып, көкірегі ашып, шашын жайып жіберіп пе еді. Жоқ, олар қыз 13-ке толғанан бастап тұрмысқа берген. Исламда айтылатын балиғат жасы осымен сәйкес келеді. Тұрмыс құрған соң басына орамал тағып, жеңі де, етегі де ұзын көйлек киеді емес пе!? Ары қарай желек, кимешек киеді. Хиджаб деген қатып қалған қара көйлек пен қара орамал емес қой. Қазақ қызы әрқашан етегін қымтап, жабық киінген. Медицинада да орамал тағудың пайдасы айтылған. Күннен келетін зиянды сәулелерді ең бірінші біздің шашымыз тез қабылдайды екен. Сондықтан ыстықтадым деп ашылып, жеңіл киінгеннің орнына, жамылып оранған дұрыс дейді мамандар.

«Мен мұсылманмын. Бірақ хиджабқа қарсымын» деген көпшілік ойларын талдап көрейік. Нендей сұрақ болсын оның жауабын Алланың кітабынан қараймыз. Олай болса, Құранда хиджаб туралы  нақты айтылған бе екен? Соған тоқталайық. 24-Нұр сүресінің 31-аятында: «Мүмін әйелдерге айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа. (Беті, қол-аяқтары)  Және бүркеншіктерін  омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ: Ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңілдерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерінбілмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй мүміндер, түгел Аллаға тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар»,-деп айтылған. Құранды бірнеше қайтара оқып шыққан мұсылмандар неге хиджаб туралы Алла кітабында жазылғанын жоққа шығарады деген таңғалысыңды жасыру қиын. Ал ап-ашық аяттарды оқығаннан кейін қалайша сол бәз баяғы «ұлттық киім, саляфизм, терроризм» ұғымында қалуға болады, халқым?! Өз азаматтарымыздың, өсіп келе жатқан жас жеткіншектеріміздің құқығын таптайтын болсақ, оладың құқығын кім қорғайды?! Ата дініміз ислам бола тұра, қоғамымыз «исламофобия»  дертіне тап болды. Өз дінінен өзі қорқатын күнге жеттік. Бұл қорқыныштан арылмаған халық қалай оң солын ажыратпақ? Бұл өркениеттілікке жатпайды. Бүкіл әлемнің үлкен қауіпі – экстремисттік-терроризм. Осы жаумен күресу үшін, теріс ағымды дәстүрлі исламнан тани білу   қажет. Ақиқатты іздеудің орнына басын жерге тыққан страус сияқты қорыққан кейіпте жүре беру –терроризммен күресті күшейтпейді. Исламофобиялық көзқарас бізді терроризмнен құтқармайды, керісінше одан да үлкен өшденділікке алып келеді. Жақында ғана  Канада Парламенті исламофобиялық әрекеттерге қарсы заң жобасын мақұлдады. «Бұл, тіпті, миға сыймайды. Исламофобия – өшпенділіктің, жеккөрушіліктің бір формасы. Онымен күресу қажет. Қандай адам осындай құжатқа қарсы шығады?!» – деп атап өтті Томас Малкейр есімді канадалық депутат. Оның бұл пікірін отырғандардың көбісі қолдап, исламофобияға заңмен тыйым салынды. Бізге де осындай көзқарастардан арылу керек. Білместік надандыққа әкеп соғады. Тарихтан білеміз надандық салдарынан шаш ал десе бас алған оқиғалар болды. Бүгін ормал таққан үшін мектептен қуады, ертең көшеде ұрып соғып кетпейтіне, тіпті одан сорақысына қоғам бармайтынан кім кепіл?  Қоғамдық бірлік, ұлттық тұтастықты сақтау үшін мемлекетіміз үшін халықтың діни сауаттылығын арттыру ауадай қажет.

Автор:
Әсем ЖҰМАҚАН ЖМУ-дың журналистика мамандығының 2 курс студенті