Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Халық әлеуеті тәуелсіздік жылдарында


28 октября 2016, 03:43 | 1 493 просмотра



Әлеуметтік сала - таптар мен әлеуметтік топтардың, ұлттар мен халықтардың мүдделерін, қоғам мен тұлғаның ара қатынысын, тұрмыс пен еңбек, денсаулық пен бос уақытты қамтитын қоғамның негізгі салаларының бірі.  Әлемнің барлық елдерінде экономиканың өсуі әлеуметтік қорғау мәселелеріне баса көңіл бөлуде. Жаһандық өзгерістерге қарамастан, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі саяси дамуымыздың маңызды беталысы.  Қазақстанның тәуелсіздік жылдары халықты әлеуметтік қорғау саласында реформа жүргізу және халықтың әл-ауқатын жақсарту Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басым стратегиялық бағдарының бірі болды. Сондықтан мемлекетіміз азаматтардың әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтарын жүйелі және тұрақты түрде ерекше қамқорлыққа алады. Осыған орай мемлекеттік бюджет есебінен түрлі жағдайларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылар, қосымша әлеуметтік төлемдер мен көмектер қарастырылған. Әлеуметтік қамсыздандыруды реформалау, өнімді жұмыспен қамту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға көмектесу мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы аясындағы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Қазан айының соңғы жексенбісінде  Елбасының Жарлығына сәйкес әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні болып бекітілген. Биыл Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтеді. Осы уақыт ішінде  мемлекетіміздің әлеуметтік саласындағы өзгерістер көптеп орын алды. Тәуелсіздік жылдарында халықтың әлеуметтік  жағдайы қалай өзгерді?  Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы қаншалықты өсті?  Осы сұрақтарға жауап беру үшін  нақты деректер мен статистиканы ұсынайық...

Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы

Қазақстанда соңғы 20 жылда (1996 мен 2015 жылдар аралығында) азаматтық қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 17,6 есеге (4 мың 813 теңгеден 84 мың 722 теңгеге дейін) ұлғайды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауларына сәйкес бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет: 2006 жылы - 32%-ға; 2007 - 30%-ға; 2009 және 2010 жылдары - 25%-ға, 2011 - 30%-ға ұлғайтылды.

2014 жылғы 1 сәуірден бастап барлық мемлекеттік ұйымдар мен қазыналық кәсіпорын қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайы үшін лауазымдық ақының 10%-ы көлемінде үстемақы төлеу енгізілді.

Сонымен қатар, ҚР Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасын орындау мақсатында 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметкерлердің жалақысы олардың біліктілігіне қарай ұлғайтылды: денсаулық сақтау саласында -  7%-дан 28%-ға, білім беру саласында – 15%-дан 29%-ға, өзге салаларда –28%-дан 40%-ға дейін.

Бала тууға байланысты жәрдемақыға келетін болсақ. Соңғы 11 жылда (2003-2015 жж.) баланың тууына орай төленетін бір реттік жәрдемақы отбасындағы бала санына байланысты 7,8 есеге дейін ұлғайды (13 мың 177 теңгеден 103 мың 758 теңге дейін).

Әлеуметтік қолдаудың аталған  түрі еліміздегі туу көрсеткішіне оң әсер етті. Атап айтқанда, жоғарыдағы жәрдемақы енгізілген уақыттан бері бүгінге дейін бала туу 60% артқан. Бұл ретте халықты аталған жәрдемақымен қамту көрсеткіщі 2,5 есеге ұлғайды.

2006 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істемейтін әйелдердің бір жасқа дейінгі бала күтіміне  төленетін жәрдемақы енгізілді. 2006 жыл мен 2015 жылдар аралығында аталған жәрдемақы көлемі 3,7 есеге ұлғайды (алғаш туған балаға - 3 мың 90 теңгеден 11 мың 417 теңгеге, екінші балаға – 3мың 605 теңгеден  13 мың 498 теңгеге, үшінші балаға  4 мың 120 теңгеден 15 мың 559 теңгеге дейін). Төртінші және одан кейін туған балаларға жәрдемақы 3,8 есеге,  4 мың 635 теңгеден 17 мың 640 теңгеге дейін артты.

2010-2015 жылдар аралығында мүгедек-баланы тәрбиелеп отырған тұлғаларға төленетін жәрдемақы 1,5 есеге, 14 мың 952 теңгеден 22 мың 433 теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды (тұлғаларды) қолдау үшін мемлекет тарапынан отбасының әр мүшесіне мекенжайлық әлеуметтік жәрдемақы қарастырылған. 2002-2015 жылдар аралығында аталған жәрдемақының көлемі 2,7 есеге ұлғайды  (с 816 теңгеден 2 мың 179 теңгеге дейін).

Қазақстанда 1999 жылдан бастап ҰОС ардагерлері, мүгедектері мен оларға теңестірілген тұлғалар, көпбалалы аналар мен отбасылар, барлық топтағы мүгедектер және т.б., барлығы азаматтардың 20 санатына мемлекеттік арнайы жәрдемақы (МАЖ) төленіп келеді.

Соңғы 17 жылда МАЖ көлемі 7 есеге,  926 теңгеден 6 мың 474 теңгеге дейін артты.

Еске салайық, көрсетілген жәрдемақылардың көлемі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде жыл сайын индекстеліп отырады. 2016 жылы АЕК 2 мың теңге 121 теңгені құрады.

Зейнетақы көлеміне тоқталып өтсек. 1999-2015 жылдар аралығында Қазақстанда ынтымақты зейнетақының орташа көлемі 9,4 есеге ұлғайды. 1999 жылы ынтымақты зейнетақының орташа көлемі 4 мың 179 теңге болды, 2015 жылы аталған көрсеткіш 39 мың 379 теңгені құрады.

Көрсетілген кезеңде зейнетақы шығындары 1999 жылы 99,1 млрд.теңгеден 2015 жылы 918,4 млрд. теңгеге дейін 9,3 есеге жуық өсті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы ынтымақты зейнетақының көлемі жыл сайын инфляция деңгейінен 2% басым көрсеткішпен индекстеледі. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы төлемдері 9%-ға өсті. Ағымдағы жылғы 1 наурыздағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 1,9 млн. зейнеткер бар.

Жалпы 1999-2015 жылдар аралығында мемлекеттік әлеуметтік төлемақыларға бағытталған республикалық бюджеттің шығыны 6,9 есеге өсті (25,8-ден 177,5 млрд. теңгеге дейін).

Аталған кезеңде мүгедектікке байланысты әлеуметтік төлемақылардың орташа көлемі 7,3 есеге өсті: 3 106-дан 22 710 теңгеге дейін.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемақының көлемі 4,8 есеге өсіп, 2015 жылы 20 555 теңге болды (1999 жылы – 4 250 теңге).

Жас ерекшелігіне байланысты жәрдемақы 5,7 есеге өсті: 1999 жылы 1 951 теңгеден 2015 жылы 11 110 теңгеге дейін.

Отанға 957 мың қандасымыз оралды

1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 261 мың 104 отбасы немесе 957 мың 772 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл еліміз тұрғындарының жалпы санының 5,5% құрайды.

Қазақстанға келген оралмандардың көпшілігі, яғни, 61,6% - Өзбекстаннан келген, сондай-ақ, 14,2% - Қытайдан, 9,2% - Моңғолиядан, 6,8% - Түрікменстаннан, 4,6% - Ресейден және 3,6% - өзге елдерден оралған қандастарымыз.

Олардың 21,2% - Оңтүстік Қазақстан облысына, 16,3% - Алматы облысына, 13% - Маңғыстау облысына, 9,4% - Жамбыл облысына, 40,1% - еліміздің өзге өңірлеріне қоныстанды.

Елге оралған қандастарымыздың 55,6% - еңбекке қабілетті жаста болса, 18 жасқа дейінгілері - 39,9%, зейнеткерлер - 4,5% құрайды.

Еңбекке жарамды оралмандардың 8,8%-ның жоғарғы білімі бар болса, 20,6%-ында орта арнаулы білім бар, 60,8% - жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 9,8%-нің білімі жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 24 қарашада Елбасы Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның көші қон мен халықты жұмыспен қамту салаларын әрі қарай жетілдіруді жүзеге асыруға бағытталған «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын.

Заңда этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ыңталандыру мақсатында:

- этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі;

- этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік пакет беру. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері қарастырылған.

- оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді.

Жұмыссыздық көрсеткіші азайды

1999-2015 жылдары Қазақстанда жұмыссыздық көрсеткіші 2,7 есеге төмендеп, 5%-ды құрады (1999 - 13,5%), жұмыссыз адамдардың саны 1999 жылғы 950 мың адамнан 2015 жылы 451,1 мың адамға азайды.

Жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші – экономикалық белсенді тұрғындардың жұмыссыздарға шаққандағы қатынасы.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы жұмыссыздыққа жол бермеу бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР ДСӘДМ тұрақты түрде жұмыс орындарын сақтау мен азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша белсенді шаралар жүргізіп келеді.

2015 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру шаралары аясында 156 мың адам жұмысқа орналастырылып, оның ішінде 142,3 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Автор:
Мадина Омарқұлова Алматы облысы «Ішкі саясат басқармасы» ММ тапсырысы бойынша