Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Құрылыс жұмыстарының қарқыны қандай?


28 октября 2016, 03:34 | 944 просмотра



Жетісу аймағы басшысы Амандық Баталов Талдықорған қаласында құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысанды аралады, деп хабарлайды  zhetysu.gov.kz сайты.  

Алматы облысы әкімдігі сайты ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Аралау сапарында әкім ең алдымен қаланың әуе қақпасы саналатын әуежайдың жаңғырту жұмыстарын көруден бастады. Салынып жатқан арнайы көліктер тұрағының құрылысымен танысып, әуежай қасбетінің сәулеттік шешімі, ғимарат сыртының жобалық шешімі қандай болатынына қазірден назар аударуды тапсырды. Әуежай ғимаратының жылыту жүйелерінің жұмысына, ғимараттың сыртқы жарықтандырылуына қатысты бірқатар сын айтты.

Шығыс шағын ауданында орналасқан «Талдықорған» индустриалды аймағына атбасын тірелді. Мұнда инженерлік-коммуникациялық жүйелерді салу, кәсіпорындардың орналасу, жабдықталу деңгейі туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасының басшысы М. Мұрат таныстырды. Оның айтуынша, темір жол құрылысы қарашаның басында аяқталады. Сол сияқты электрлендіру, сумен қамту, кәріз жүйелерін жасау жұмысы да аяқталуға жақын. Телефон байланысы желілері толығымен жүргізіліп болған. Облыс әкімі осы өнеркәсіп аумағында құрылысы еш қозғаусыз тоқтап тұрған ғимараттардың иелерімен іскерлік бағытында әңгімелесу жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар индустриалды аймаққа алып баратын тротуардың сапасыз төселіп жатқанына сын айтып, қайтадан сапалы етіп төсеуге тапсырма берді.

«Қаратал» шағын ауданындағы бұрынғы бассейн аумағында да қазір құрылыс жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Мұнда заманауи бассейн салынып, дәл ортасынан 25-30 метр биіктікке дейін су көкке шапшитын субұрқақ орнатылмақ.  Субұрқақ түнде түрлі түске боялып, жарық шашып тұрады. Бұл аймақта да болған облыс әкімі А. Баталов бассейн маңына асфальт төсеп, автокөлік тоқтайтын орынға лайықтау, жағалауға шағыл құм төгу, киінетін орын, дәретхана секілді барлық қажетті орындардың қарастырылуы қажеттігін айтты. Маңайындағы қураған ағаштарды ғана кесіп, ретке келтіру жайы да сөз болды.

Орталық алаң жанындағы сквер де реконструкциядан өткізіліп жатыр. Орындықтар жаңаланып, тотығу салдарынан беті ақтаңдақтанып кеткен мрамор төсемдері ауыстырылуда. Жұмыстарды сапалы жасауды қадап тапсырған облыс басшысы Мәдениет сарайының сыртқы келбетін сақтай отырып, жаңалау қажеттігін ескертті.

Мұнан соң Абай мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы әкімшілік ғимаратының жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл – 1948 жылы салынған ғимарат. Мұнда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан «Ауыл Құрылыс» ЖШС әр қабаттың ортасына қойылған тозығы жеткен ағаш балкаларды швеллермен ауыстырып, ғимаратты жаңалауда. «Мұндай тарихи ғимараттарды сақтап қалуымыз керек. Жаңғыртылып, жаңа кейіпке ие болған ғимаратқа облыстық басқармалар орналасатын болады», - деді А. Баталов.

Арбаттың бойын аралап, «Асыл тау» ЖШС жүргізген көріктендіру жұмыстарын көрді. Біржан сал мен Ақын Сара көшелерінің аралығындағы Тәуелсіздік көшесінің бойындағы скверді осы кейпін сақтай отырып, жаңалауды тапсырды.

Қаланың оңтүстікке шығатын үлкен даңғылын АКЛ базарына дейінгі абаттандыру ісінде де бірқатар олқылықтарды атап көрсетті. Ескертулер жарықтандыру, қарағай егу мен гүл отырғызу жиілігі, тротуарлардың сапасы, орындықтардың түсіне қатысты айтылды.  

Сонымен қатар облыс басшысы іргесі қаланып жатқан жаңа драма театрының, Салтанат сарайының құрылыс жұмыстарымен де танысты. Аталмыш ғимараттарды тұрғызумен BI GROUP компаниясы айналысуда. Құрылыс жұмыстарының барысымен компания өкілі А. Тұрсынжанов хабардар етті. Салтанат сарайының сыртқы кейпі, холл, 1-ші және 2-ші залдары, мейрамханасының жобаларын көрсетті.

Облыс әкімі А. Баталов қаланың тиісті құрылымдарына Салтанат сарайы мен драма театрының арасына түсетін жаңа көшенің құрылысын да ерте көктемнен бастауды тапсырды.

- Жалпы, құрылыс жұмыстарының қарқыны жаман емес. Жұмыстың бет алысын байқау мақсатымен осылай аралап көріп тұратын боламыз. Талдықорған ең әдемі қалалардың қатарында болуы керек. Қаланың эстетикалық келбетін сақтау үшін әрбір тұрғын да өз үлесін қосуы қажет. Заңсыз құрылысқа жол бермеңіздер, принципшіл болыңыздар, - деді  А. Баталов қорытынды сөзінде. 

Автор:
ЖД ақпарат Алматы облысы «Ішкі саясат басқармасы» тапсырысы бойынша