28 октября 2016, 03:28 | 1 256 просмотров
Қазақстанда 277 мыңнан астам адамның қант диабетімен ауыратындығы белгілі болды. Қазаққа бұл ауру қайдан келді? Осының жайын ойладық па? Денсаулық – ең үлкен байлық. Біз сол байлықты жоғалтып жатырмыз...
Мамандығым дәрігер емес, әйтсе де осы қант диабеті қалайша кеңінен тарап кетті деген сұрақтың төңірегінде ойланамын. Дәрігерлер бұл аурудың негізінен алғанда, жүйке жүйесінің бұзылуынан туындайтындығын айтады. Жүйкеміздің жұқаруына не себеп? Алдымен осыны анықтайық. Осы күнгі қазақтың тұрмыс, тіршілігіне сырттан бір көз салып көрейікші. Не байқайсыз? Бірінші кезекте қазақтың ұйқысы дұрыс емес. Түрік, күрд, әзірбайжан көршілеріміз бар. Қалай сағат кешкі тоғыз болады: солай барлық жарықты өшіріп, отбасымен жаппай ұйықтап қалады; біз тоғыз түгілі түнгі бірдің өзінде төсекке жата қоямыз ба? Жоғарыдағы 277 мыңнан астам адамның көбісі қазақ ұлтынан екеніне дау жоқ. Сонда не түйдік? Биологиялық цикл деген болады. Мұны құс екеш құстың мысалынан-ақ көру қиын емес. Қалай күн ұясына батады, іңір түсіп, қараңғы болған сәтте құс атаулы ұясына тығылады. Қалай таң сібірлеп атады: солай шықылықтап оянады; міне, тап осы заңдылық бізде бұзылған. Түнгі 2-3-ке дейін сең соққандай сенделіс; үлкен де, кіші де ұйықтамайды, аңдығаны теледидар, одан қалды смартфон...Содан түн ортасы ауғанда сүріне жығылып ұйықтаған жұрт таңғы тоғызға таяу көзін әрең тырнап ашады; жұмысына жүгіреді, жастар сенбі-жексенбіде түске дейін жатып ұйықтайды... Таныс көрініс пе? Таныс. Осыдан кейін жүйке бұзылмағанда, не бұзылады? Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының алдына әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндетін қойды. Бұл үшін бәсекелестіктің заманы туғанын атап көрсетті. Бүкіл ұлттың жұмыла кірісетін міндеті ме? Міндеті! Ал енді осы межеге қалай жетеміз? Ұйықтап жүріп жетеміз бе?!. Біз ұйықтап жатқанда біреу келіп, біздің жұмысымызды істеп бере ме?!. Оңтүстік Корея мемлекетінің қалайша серпінді дамып жатқанын бәріміз білеміз. Бұл елде таңғы 5-тен кейін ұйқыны періп жататын бір пенде жоқ. Бүкіл кәріс баласы таң атқаннан күн батқанға дейін тынымсыз әрекет үстінде. Үлгі ме? Үлгі! Өршіл мақсатқа жету үшін өлермен әрекет керек. Және бірді-екілі адамның пысықтығы емес, барлық қазақ баласының жанталаса ұмтылысы болуы тиіс. Осындай бір мақсатқа жаппай жұмылу байқала ма бізден?!. Тіпті күнделікті қолданыста айтар сөзіміздің бәрі: отырсақ та, тұрсақ та, жүрсек те тек қана «жатыр» деген сөзге тіреліп қалғанын қараңызшы... Еріксіз ерін тістейсіз. Қарапайым ғана бір жағдайды алып қарайықшы. Жаңбыр жауып тұр. «Құдайдың тығыны ағытылып кетті ме, неге тоқтамайды бұл жаңбыр?» дейтін кім? Бәріміз солай дейміз. Әлемдегі дамыған елдердің ең алдында келе жатқан Жапонияда жаңбырдың жауғаны үшін құдайды тілдеу – құдайға қарсы келумен бірдей болып бағаланады екен. Жаңбыр да, қар да – Жаратушының құзырындағы нәрсе. Осыны ұғыну бізге қиын болғаны ғой. Біз неге қарсылық білдіреміз? Өйткені бұл – біздің ойлау үрдісіміз. Адам баласы белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін ең алдымен өзінің ОЙЫН дұрыстауы керек екен. Дүниежүзіндегі ең атақты адамдардың кез келгенінің өмір жолын қараңыз. Бәрі де бірінші кезекте ОЙ-ды дұрыстап алған! Ой мен ниет оңынан болмайынша, отыз елге жетпек түгілі, отырған орнымыздан жылжуымыздың өзі қиынға түседі. Жаппай ұйықтап жатқан елдің болашағы қалай болатынын көз алдымызға елестетудің өзі қиын... Сонда ұлт Көшбасшысы дамыған 30 елдің қатарына қосылу туралы идеяны кімге, неге айтты?!. Қанша ғасыр қол-аяғы маталып, атажұрты оталып келген қазақтың маңдайы жарқырайтын мезгіл – тап біздің Тәуелсіздігіміздің тұсы еді ғой! Бұрын ғой барлық сорды отарлау жүйесінен, кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйеден көріп келдік. Жамандығымыздың бәрін соған жауып құтылдық. Енді кімге жаппақпыз? Кімнен көрмекпіз?!. «Оян қазақ!» деген сөзді айтқанда Міржақып Дулатұлы қазақтың өзге жұрттан қалыңқы тіршілігін еске алмады деймісіз? «Тірі болсам, қазағыма қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзді айтқан Әлихан Бөкейхан сол заманның өзінде Жапонияны неге үлгі тұтты? Тіпті «Бірлік – ақылға бірлік» деген Абайдың аталы сөзіне неге тоқтамаймыз осы? «Ақылға бірлік» деген не? Бұл жаңа ғана айтып өткен ОЙ бірлігі емес пе?!. Ақылыңды, ойыңды бір бағытқа жұмса деп отырған жоқ па, қайран қара шал?!. Елбасы да «Бір ел, бір тағдыр, бір мүдде» деген сөзді айтты. Сөз ұғар қазақ баласы болса, әдеқашан қалың ұйқыдан оянатын, қырандай сілкініп, қомданатын, ұлттық мүдде жолындағы барлық тірлікті қаз-қатар қолға алатын заманды Тәуелсіздіктің беріп отырғанын аңдамас па?!. Жанталасқан жаһандану заманында «басқа ұлттар мен ұлыстардан қалып қоймайық, алға ұмтылайық, есеміз бен еншімізді жібермейік, бұл үшін намысымызды қайрайық, жаттың табасына, жақынның наласына қалмайық» деп тайлы-таяғымыз қалмай әрекет жасайтын кезіміз келгенін неге қаперден шығарып отырмыз?!. Басынан өткізген кез келген адам біледі: тіршілік атаулының өзегі – қозғалыс! Қимыл! Қарекет! Абай да «орынды қарекет қыл!» деп зар жылап өтті... Өкінішке қарай, қалың қазақ – қалың ұйқыда! Қанша ғасыр жатамыз?.. Тұманның да сейілетін тұсы болады. Біздің қазақтың ұйқысы қашан сейіледі?!.