28 октября 2016, 03:23 | 1 804 просмотра
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен 28 қазан – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні деп бекітілді. Қазақ елі тәуелсіздігінің 20 жылдығында ел мен жер үшін, халық қамы үшін аянбай тер төгіп жүрген «қолдаушылар» тобы да өзіндік кәсіби мерекелеріне ие болды. Көпбалалы отбасылар, қарттар мен жетімдер, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды іздестіре жүріп, оларға көмек қолын созатын, сонымен бірге бар жұмысты еш қайтарымсыз тегін жасайтын қоғам қызметкерлері керек-ақ мына заманда.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін қарапайым жұрт арасында «еріктілер» деп атау қалыптасқан. Қариялардың үйіне не болмаса жетімдер үйіне барып, көпбалалы отбасыларға материалдық және моральдық көмек көрсететін мұндай адамдарды біз волонтерлер ретінде танимыз. Оларға тағайындалған арнайы жалақы немесе сый болмайды. Таза ары мен қоғам ұйытқысы үшін қызмет атқарып жүрген жанкештілер олар. Еңбегі үшін еш ақы сұрамайды да. Осындай қаһармандығы мен мейірімділігін бағалаған елбасы 2011 жылдың 20 қазанында кезекті жиында жарлық шығарған еді.
«Алдыңғы дөңгелек қайда барса, соңғы дөңгелек сонда жүреді» деген қазақтың сөзі осы орайда жақсы келетін сияқты. Қоғамда көзі ашық, көкірегі ояу деп айтуға болатын халық саны аз емес. Дегенмен барлығы деп айтуға да болмас. Өз құқығын, міндетін, мақсат-мүддесін білместен өмір жолында адасып жүргендер қаншама. Қолдауы жоқ, қолы қысқа, тағдыр талқысына түскен немесе өмірдің ащысы мен тұщысын көріп, ауыр халді өткеріп жүрген адамдарды бірі іздеп қолын созғанмен, бірі ондайларға бұрылып та қарамайды. Ал жоғарыда аталған қызметкерлер легі үшін әр адамның қиын тағдыры – аз да болсын, қолдан келгенше шешуге болатын мәселесі мол есептей. Қаржылай болсын, рухани жағынан болсын жәрдем беретін адамдар мен арнайы ұйымдар санының артуы да қоғамда өмір сүріп жатқан жандардың адамгершілігіне тікелей байланысты. Бармаған жері, баспаған тауы қалмастан, әр мемлекеттік ұйымның табалдырығын тоздырған еріктілер жағдайы нашар жандарға көмектесуге талпынып, тартылып-ақ тұрады.
Біздің қоғам – әлсіз бен күштінің арпалысқан қоғамы. Мұнда қорғаны жоқ жалғыздың жеңіске жетуі екіталай. Ал артында қолынан демейтін еріктілер мен мемлекет барда ештеңе де қорқынышты емес олар үшін. Өмірден өз орнын тауып, бақытқа талпынған адамдардың шаттанған жүзі – әлеуметтік қорғау жүйе қызметкерлерінің бар төлемі секілді. Себебі волонтер болу – басшылықтың талабымен емес, жүрегіңнің қалауымен жететін қызмет.