Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тұмаудын алдын алу


28 октября 2016, 03:20 | 1 739 просмотров



Тұмау – дене қызуының көтерілуі (t 38С дейін және жоғары), жалпы интоксикациямен сипатталатын, тыныс алу жолдарын зақымдайтын,  ауа тамшы жолымен берілетін жіті вирустық жұқпалы ауру. Тұмаудың жасырын кезеңі 1 күннен 5 күнге дейн созылады, орташа есеппен 2 күн.

Жұқпа көзі - ауру адам, әсіресе науқас сырқаттанғаннан бастап алғашқы күндері айналасындағыларға қауіпті.

Тұмау вирустары ауада 2-3 сағат және сыртқы ортада 4 күннен аса жұқпалық қасиеті мен тіршілігін сақтайды. Вирустар залалсыздандыру құралдарының, ультра күлгінсәулесінің әсеріне сезімтал келеді.

Дене қызуының жедел көтерілуі, тамақтың жыбырлауымен жүретін құрғақ жөтел, қалтырау, іш өту, бұлшық еттің ауырсынуы, бас ауруы, мұрынның бітелуі тұмаудын негізгі белгілері болып табылады. Жөтелген кезде төсте ауру сезіну белгісі болады. Бұл белгілер науқаста 3-5 күн сақталады, бірақ аурудың жеңіл түрінде науқастың жағдайы жақсарғандай болғанымен шаршау, әлсіздік сезімі көбінесе ересек адамдарда сақталады. Кейбір жағдайларда ауру өкпеге таралып бронхит және пневмонияны тудырады. Бұл көбінесе қарт адамдарда, шылым шегетін, денсаулығы нашар, демікпесі немесе басқа да созылмалы өкпе аурулары бар адамдарда жиі кездеседі.

Тұмауды алдын алудың ең тиімді шараларының бірі – халықты иммундау болып қала береді. 5 жасқа дейінгі балалар мен кейбір ересек адамдарда тұмау күрделі асқынуларымен қауіп тудырады, сондықтан тұмаудың эпидмаусымдылығының алдында тұмауға қарсы арнайы иммундау жұмыстарының маңызы зор.

Тұмауға карсы иммундаудың ең оңтайлы уақыты сырқаттанушылықтың жоғарылау кезеңіне дейінгі күз мезгілі (қыркүйек-қараша) болып табылады. Биыл облыс бойынша Ресей елінде өндірілген «Гриппол» вакцинасы қолданылады. Вакцинаны енгізгеннен кейін қорғаныс әсері 8 -12 күннен кейін басталып, 12 айға дейін сақталады. Жыл сайын тұмауға қарсы иммундаумен медицина қызметкерлері, медицина ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған балалар, әлсіз және алты айдан асқан көп ауыратын балалар, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйі контингенті және мүгедектері, жүктіліктін екінші немесе үшінші триместірінде және эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша жүкті әйелдер қамтылады. Вакцинация 6 айдан кіші балаларға, тауық жұмыртқасының ақуызына және вакцина компаненттеріне аллергиялық реакциясы бар адамдарға және осыған дейін тұмауға қарсы екпеге реакция берген адамдарға жасалмайды.

Сырқаттың алғашқы белгілері пайда болғанда дереу дәрігерге қаралу қажет. Тұмаудың алдын алуының қол жетімді және ең тиімді жолы бар екенін ұмытпағаныңыз да жөн: оксалин жақпа майын колдану,мұқият қолды сабынмен жуу, бір реттік сүлгі қолдану, түшкірген және жөтелген адамдармен қатынаста болуды шектеу, түшкірген кезде ауызды немесе мұрынды бет орамалмен жабу, қоғамдық телефондарды қолданбау.

Салауатты өмір салтын ұстану қажет: толық қанды ұйқы, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, көп мөлшерде сұйықтық және С дәруменін қабылдау. Әсіресе көкөністерде, жеміс – жидектерде С дәрумені көп мөлшерде болады (итмұрын, жасыл бұршақ, қарақат, қызыл бұрыш, бүрген жидек, қырыққабат).

Сырқаттанған кезде ағзаның улануын болдырмас үшін көбірек шырын, компот, морс сияқты сұйықтықтар ішу керек. Көкөністердегі, жемістердегі, қышқыл сүтті өнімдердегі табиғи дәрумендер ағзаға көптеген пайдасын тигізеді.

Жүйке жүйесі ауыратын, күйзеліске жеңіл ұшырайтын адамдар ауруға жақын болады.Сондықтан жақсы көңіл-күй және психикалық тепе-теңдікті сақтау  тұмаудың алдын алудың тағы бір шарасы болып табылады.Салауатты өмір салтын ұстаныңыз, белсенді болыңыз, күйгелектенбеңіз, дұрыс тамақтаныңыз, барлық жағдайда позитивті болыңыз және жыл сайын тұмауға қарсы егіліңіз – сол кезде тұмаудан қорғануға болады.

Автор:
Е. Сыдыманов, ҚР ҰЭМ ТҚҚК Алматы облысы ТҚҚ департаментінің басшысы