Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Міндетті сақтандыруды енгізу мерзімі шегерілді


17 октября 2016, 04:18 | 1 071 просмотр



Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының таныстырылымы болып өтті. Оған Парламент депутаттарымен қатар, мемлекеттік органдардың, еліміздегі барлық дәрежедегі қоғамдық ұйымдардың, партиялардың, жұмыс берушілердің өкілдері қатысты.

Комитет отырысында Ден­сау­лық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары жобасының негізінде елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2017 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізілу міндеті қойылғандығын атап көрсете келіп, халықаралық тәжірибеде бағаланған бұл жүйенің Қазақстан тәжірибесіне енгізілудегі алғышарттарына тоқталды. Денсаулық сақтауды қаржыландырудың жаһандық модельдері бойынша медициналық сақтандыру жүйесінің үш түрі – мемлекеттік, қоғамдық және жеке сақтандыру түрлері бар. Мәселен, Ұлыбритания, Италия, Испания және Швецияда медициналық сақтандырудың мемлекеттік түрі жұмыс істейді. Яғни, халықтың медициналық қызметтермен қамтылуы мемлекеттік бюджеттің есебінен қамтамасыз етіледі. Ал Германия, Франция, Бельгия сияқты мемлекеттерде қоғамдық сақтандыру түріне басымдық берілген. АҚШ-та денсаулық сақтауды қар­жы­ландыру жеке сақтандыру тәсілі бойынша қаржылан­дыры­лады. Орталық және Шы­ғыс Еу­ропаның 16 елі, сондай-ақ Түр­кия денсаулық сақтау жүйесін қар­жы­ландыруға ре­фор­­малар жүр­гізе отырып, бюд­жеттік қаржы­лан­дырудың орнына міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру (МӘМС) моделіне тоқтады. Қазақстан да тәжі­ри­беден өткен осы жүйені таңдады.

МӘМС-тің қазақстандық мо­де­лі қаржыландыру көздерін әр­та­рап­тандырудың есебінен ор­нық­ты және жүйелі жұмыс жүр­гі­зуді көздейді. МӘМС бойын­ша елімізде тегін ме­дици­налық көмектің кепіл­ден­дірілген көлемі толық сақталады. Сонымен бірге, қазақстандықтарға міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесіндегі меди­циналық көмек көлемі көрсетілетін болады. Атап айтқанда, оған ам­бу­латория­лық медициналық көмек: БМСК және КДК, жоспар­лы түрдегі ста­ционарлық медици­налық көмек, жоспарлы түрдегі стационарды алмастыру көмегі, дәрілік қам­та­масыз ету және бас­қалар кіреді.

Бұдан бұрынғы қабылданған жобада жаңа жүйе бойынша келер жылдың 1 қаңтарынан мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған аза­мат­тар міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру қорына жарна төлей бастауы керек еді. Бүгін­гі отырыста Денсаулық сақ­­тау және әлеуметтік даму ми­нис­трі Тамара Дүйсенова атап көр ­­с­ет­кендей, жаңа заң жоба­сы бо­йынша аударымдар мен жар­на­ларды төлеу, сонымен бірге МӘМС жүйесінің барлық үдеріс­­терінің жұ­мыс істей бастау мерзім­дері өз­геретін болды. Сөйтіп, МӘМС қо­ры­на (бұдан әрі – Қор) тө­лене­тін жарна 2017 жылғы 1 шіл­де­ден 2018 жылғы 1 қаңтарға ауыс­тырылады.

Автор:
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»