Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Адамзат денсаулығы соңғы деректер


17 октября 2016, 04:13 | 2 011 просмотров



Әр бір мемлекет үшін әлемдік рейтингтерде жақсы көрсеткіштерге ие болу мәртебелі. Бұл көрсеткіштер мемлекеттің даму деңгейі, әр саладағы атқарылған жұмыстардың нәтижесі болмақ. Мемлекет, шекара, азаматтық деген түсініктерді өшірсек, жер жаһанның проблемалары адамзатқа ортақ екенін түсінеміз.  Денсаулық бірінші байлық екенін әлемдегі әрбір адам білетін шығар. Ендеше біз жеке бір мемлекеттің емес, жалпы Жер планетасы тұрғындарының денсаулық деңгейінің соңғы жылдардағы көрсеткіштеріне үңілсек. Бұл адамзаттың соңғы 15 жылдағы денсаулығының статистикасы мен есебі. Оның ішінде өмір сүру ұзақтығы мен аурулар, туу және өлім көрсеткіштері, жалпы деректер кіріктірілген. Статистика сендіреді демекші, әлем сарапшыларының бірнеше жылдар бойы жасаған зерттеулер мен анализ қорытындысына көңіл аударайық.

 Жақында  The Lancet журналы Жер планетасы халықының денсаулығы туралы 2015 жылғы егжей-тегжейлі есебін жариялады. Бұл статистикалық есепті дайындауға 127 мемлекеттің 1870 маманы қатысып, нәтижесінде әлемнің әр түпкіріндегі нақты көрінісі мен аурудың негізгі трендтерін айқындауға  мүмкіндік берді. Осы анализ  1990-2015 жылдар аралығындағы ұлттық статистика мен түрлі ғылыми зерттеулер қорытындысы кіргізілді, оның ішінде 249 дерек өлім көрсеткіші бойынша, 315 түрлі аурулар мен жарақаттар бойынша, әлемнің 195 мемлекеті бойынша 79 тәуекел факторы қарастырылған.  Соңғы 15 жылда жер шары халқының  денсаулығындағы кейбір көрсеткіштер жақсарды, мысалы өмір сүру ұзақтығы. Ал басқа көрсеткіштерде жағымсыз өзгерістер орын алған, оның ішінде тамақтану сапасы мен семіздікке байланысты аурулар бар.  Әлемде өмір сүру ұзақтығы жоғарлай түсті. 1980 жылдан бері жер халқының өмір жасы орта есеппен 10 жылға ұзарған. 2015 жылы ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы деңгейі 69 жасқа жетсе, әйелдердікі 74,8 жасқа дейін жетті. Жер бетінде өмір сүру ұзақтығы көрсеткіштердің жоғарлауының басты себебі –инфекциялық аурулармен күрестегі жетістіктер болды. 2005 жылмен салыстырғанда АҚТҚ/ЖҚТБ-мен (ВИЧ/СПИД) ауыру 33,5%-ға, маляриямен –  37%-ға азайған. Сонымен қатар адамзат инфекциялық диарея, онкологиялық және жүрек-қантамыр ауруларымен күресте айқын жетістіктерге жетті.  

Әлем халқының негізгі дерттері: бас ауруы, тіс жегі, зағиптық, кереңдік.  

1990 жылдан бері денсаулықтан айырылу  себептері өзгерген жоқ. Мойын және бел ауруы, зағиптық пен кереңдік, депрессиялық ауытқулар мен анемия адамзаттың 2015 жылдағы басты дерті болды. Сондай-ақ, ғалымдар халықтың 10%-ынан астамы шалдығатын 8 ауруды айқындады:  

  1. Тіс жегі: 2,3 миллиард адам ауырады
  2. Бас ауру қысымы: 1,5 миллиард жапа шегеді
  3. Теміржетіспеушілік анемиясы: 1,47 миллиард шалдыққан
  4. Есту қабілетінің төмендеуі немесе кереңдік: 1,2 миллиард адамда кездеседі

5.Бас ауру, бас сақинасы: 959 миллион халықта кездеседі

  1. Сыртқы жыныс ағзалары герпесі: 846 миллион шалдыққан
  2. Көру қабілетінің рефракциялық бұзылуы : 819 миллион тұрғын жапа шегеді
  3. Аскаридоз (гельминтоз): 762 миллион адамда кездеседі.

 Жақсы көрсеткіштердің бірі ретінде созылмалы 14 ауруға шалдығу деңгейі төмендегені туралы айтуға болады. Ғалымдар бұл аурулар қатарына астма, жатыр мойын ісігі, созылмалы өкпе ауруы және жүрек ишемиялық ауруын жатқызды. Жер шары тұрғындары санының өсуіне қарамастан, осындай диагноз қойылған адамдар саны көбейген жоқ. 

Өмір сүру ұзақтығы мен сапасы

Жоғарыда айтып өткендей, 1990 жылдан бері адамдардың өмір сүру ұзақтық көрсеткіші 10 жылдан артық, нақтырақ 10,1 жылға  көтерілді. Өкінішке орай, дені сау өмір жас ұзақтығы 6,1 жылға  ғана ұлғайды. Яғни, халықтың өмір сүру жасы өсті, бірақ түрлі аурулар қосыла түсті. Егер инфекциялық ауруларға шалдығу өткен күндердің кеселі болса, қазіргінің кеселі - жүрек қантамыр аурулары, остеортроз және егде жастың өзге аурулары.  Кәріліктің емі жоқ демекші. Өмір сүру ұзақтығы жоғарлағанмен сол ұзақ өмірдің сапасы қуантарлық емес.

Лас су, анти санитария, аштық пен нашақорлық

Әлем халықтары қаншалықты өркениетке ұмтылса да, шешілмей жүрген мәселелер жеткілікті. Дамыған мемлекеттер тұрғындары бұл проблемаларға көз жабуға тырысқанымен, әлі де болса олар кездеседі. Үшінші әлем кеселдері бүгінгі күнге дейін миллиондаған  адамдардың өмірін алып кетуде.

2015 жылы мезгілсіз қазаның негізгі факторлары ретінде мыналар белгіленді:

  1. Шылым шегу
  2. Гипертониялық ауру
  3. Қант диабеті
  4. Артық салмақ
  5. Балалардың тамаққа жарымауы

 Сондай-ақ, 1990 жылдан бері салыстырғанда денсаулыққа әлемдік негізгі қауіптер тізімінде тропикалық инфекциялар мен антисанитариядан гөрі, қозғалыс аз өмір салты, өндірістік канцерогендер, ауаның ластануы және нашақорлыққа ауысты.

Дұрыс тамақтанбау әсерінен келетін қауіп  бүгін әлемдік аурушаңдықтың 10% себепкері болды. Бұл бірінші кезекте тамақтану үрдісіндегі тұз мөлшерінің көп болуы және көкөністер, жеміс-жидектер, өсімдік майларын, жаңғақтар, теңіз өнімдерін жеткіліксіз пайдалану салдарынан. Халық денсаулығын жақсартудағы мемлекеттік қарқынды іс-шаралар және жаппай сауаттылық нәтижесінде шылым түтінінің әсері соңғы 15 жылда едәуір азайды. Десе де әлі күнге дейін шылым шегу маңызды проблемалардың бірі болып тұр. Таза ауыз су мәселесінің жағдайы, санитария және ауаның ластану мәселелері бір шама жақсарды, бірақ бұл бағытта да жеңіс ауылы әлі  алыста.  

Жүктілік пен босану

1990 жылдан бері ана өлімі үш есе азайды, 100 мыңға 282 өлімнен, 100 мыңға 196 өлімге дейін қысқарды. Бірақ 2015 жылы 275 мың әйел босану үстінде қаза болған, бұндай салдардың барлығын  алдын алуға болар еді. Жалпы 2000 жылдан ана өлімі көрсеткіші әлемнің 24 елінде жоғарлаған. Олардың ішінде соғыс болып жатқан Ауғаныстан мен Палестинадан бөлек дамыған мемлекеттер да бар. Бұл қайғылы тізімде АҚШ, Греция және Люксембург бар. Үшінші әлем елдерінде босанған әйелдер негізінен қан кетуден өледі. Ал бай мемлекеттерде босану үстінде ана өлімі тромбоз, жүрек патологиялары және созылмалы аурулардың асқынуынан болады.  

 Бала өлімі  

Бала өліміне келетін болсақ, 1990 жылдан бері жер бетінде әр түрлі себептерден 5 жасқа дейін  12,1 миллион  сәби көз жұмған. 2015 жылы бұл сан екі есеге азайып, 5,8 миллионды құрады. Сонымен қатар бай мен кедей мемлекеттер арасындағы алшақтық қысқарды, малярия, инфекциялық диарея және қызылшамен күресте жетістіктер жоғары.  Неонаталдық өлім  (бір айға дейінгі нәресте) көрсеткіші бұл есепте ерекше көңіл бөлу қажет етеді. Жалпы бұл көрсеткіш төмендей түскені байқалады. Бірақ көңіл қуантатындай тез емес. 2015 жылы өмір жасы бірі айға жетпеген 2,6 миллион нәресте өлген. Бұл жағдайдағы ең нашар статистикамен «ерекшеленген» 3 мемлекет бар. Олар: Мали -1000 хылыққа 40,6 өлім; ОАР бұл 1000-ға 40,2; Пакистанда 1000-ға 37,9 жағдай тіркелген. 

Солтүстік Американың сәтсіз көрсеткіштері

Таңғаларлық, бірақ факт. Денсаулық туралы бүкіләлемдік есеп АҚШ пен Каанада халқы үшін  түңілтетіндей болды. Солтүстік Америка сапалы өмір сүру ұзақтығы көрсеткішінде басқа дамыған мемлекеттерден артта қалды. Ер адамдарда 67,1 жас, әйел адамдарда 69,8 жас.  Сондай-ақ, 2015 жылы АҚШ пен Канада 5 жасқа дейінгі бала өлімі деңгейінде де дамыған мемлекеттерден нашар көрсеткішке ие болды. Соңғы жылдары американдықтар арасында нашақорлық деңгейі әсіресе, кокаин және опиоидтарға тәуелділік өсті. Сарапшыларды АҚШ-тағы қант диабет статистикасы тіптен таңғалдырды, бұл батыстағы ең нашар көрсеткіш. Есептегі тағы бір қызық дерек, Гренландия алкоголизм мен суицид бойынша әлемдік көшбасшы болып шықан.

Автор:
Мадина ОМАРҚҰЛОВА