Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бас прокуратура алимент өндірудің тиімді жүйесін жасамақ


17 октября 2016, 04:09 | 992 просмотра



Жасыратыны жоқ, алимент төлеуден жалтарып, бұқпантайлап жүргендер қазір елімізде аз емес. Олардың теріс іс-әрекеттеріне қарсы қаншалықты заң қабылданғанымен, расы керек, айтарлықтай нәтиже шығып жатқан жоқ. Демек, мұндай қоғамдық кеселге қарсы басқа да тиімді бір амалдар қолдану қажет. Соның жаңа жолдарын еліміздің құзырлы органы – Бас прокуратура тапқан сияқты. Анығында осы түйткілді мәселеге қатысты Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің өткен кезекті отырысында алименттерді өндіру бойынша өзекті жайларды шешу жолдары айтылды.

Кеңесте сөйлеген Бас прокурор осы мәселенің өзектілігін және оның теріс жақтарын атап өтті. Ол бүгінде 32 мыңға жуық бала мемлекеттік балалар үйінде тәрбиеленіп жатқанын, олардың 70 пайызының ата-аналары барлығын, 4 млн отбасының әр 8-шісі толық емес, яғни онда не әке жоқ, не шеше жоқ екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, 5 жылдың ішінде 200 мың отбасы немесе әрбір үшінші неке бұзылады екен. Сонда әр бесінші бала некесіз туған. Ал біле білсеңіз, 350 мыңнан астам бала өзін тастап кеткен ата-анасына ақшалай тәуелді болып отыр. Ақыры алимент бойынша қарыз 2 млрд теңгеге жуықтаған.

Осыған орай Жақып Асанов соңғы үш жылда 13 мың борышкердің құқықтары шектелгенін атап өтті. Алайда, бұл шаралар жағдайды жақсартпай отыр. Сондықтан, жоғарыда айтқанымыздай, Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірігіп «Алименттер. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасын әзірлепті. Оның мақсаты – балалардың пайдасына алименттерді өндірудің тиімді жүйесін құру. Жобаны іске асыру шеңберінде заңнамалық деңгейде алимент мөлшерін белгілеу тәртібін қайта қарау, мәжбүрлі жұмыс түріндегі жаңа қылмыстық жаза түрін енгізу, мемлекеттік қызмет көрсетулерді алуға шектеу шараларын арттыру ұсынылып отыр. Бұл шаралар баланың мүддесін қорғауға және  борышкердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Ал неке бұзу кезінде психолог-медиаторлардың қатысуларын көздеу,  бірлескен қамқорлық институттарын енгізу ұсынылды.

Отырыста айтылғандай, алиментті төле­меу­дің бірнеше себептері бар. Мұндай себептер­ді жою үшін ортақ қамқорлық институ­­тын енгізу ұсынылды дедік. Онда баян етілген­­­дей, әлеуметтік зерттеулер деректері бойынша, алимент төлегісі келмеу себептерінің бірі борыш­­керлердің өз балаларымен араласу мүм­кін­дігінің болмауы көрінеді. Сонымен қатар, әкелер мен балалардың қарым-қатынасы қан­шалықты тығыз болса, алимент төлемеу жағ­дай­ларының соншалықты сирек болатыны дәлелденген. Ортақ қамқорлықтың мәні – ажы­рас­қаннан кейін баланың ата-анасымен қарым-қатынасын сақтау. Бала қайда оқиды, қай­да оқуға түседі, оқуына ақшаны кім және қалай төлейді – осының барлығы жұбайлар ара­сында талқыланады және келісіледі. Өйткені, әлеу­меттік сауалнамалар деректері бойынша, борыш­кер­лердің 25 пайызы егер балаларын жиі көруге және тәрбиесіне араласуға мүмкіндік берілсе, алимент төлейтіндерін білдірген. Әйел­дердің 60 пайызы ортақ қамқорлық инсти­тутын енгізуге оң көзқарас танытқан.

Ал Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель: «Бұл жағдайдың себептері жалпыға белгілі. Төлемеушілер арасында, теріс өмір салтын ұстанатын – маскүнемдер, наша­қорлар, тұрақты мекен-жайлары жоқ адамдар көп. Борышкерлердің басым бөлігі, әсіресе, ауылдық жерлердегі борышкерлер – жұмыс­сыздар. Дегенмен, көпшілігі – табыстары бар адамдар. Олар саналы түрде алимент төлеуден жалтарып, еңбек құжаттарын ресімдемей, жалақыны «жасырын түрде» қолма-қол алып, табыстарын төмендетіп көрсетеді. Кейбіреулері қалай да алимент төлемеуге тырысады. Тіпті өз баласы мен әйелінің өміріне де қауіп төндіруден тартынбайды. Орал қаласындағы 70 жастағы кәсіпкер алимент төлегісі келмей, өзінің 8 жасар қызы мен бұрынғы азаматтық некедегі әйелін өлтіру үшін киллерге 5 мың доллар төлеген. Поли­ция қыл­мыстың алдын алды, ашкөз әке мен оның сыбай­ласы 15 жылға сотталды», -дейді.

Осылайша, күрделі мәселе талқыланған ал­қа­лы жиын соңында Бас прокуратура Әділет, Ішкі істер министрліктерімен, Жоғарғы сотпен және басқа да мемлекеттік органдармен алимент­терді төлеу бойынша проблемалы мәселелерді түбе­гейлі шешуге бағытталған 30 шараны бекітті. Кеңес жұмысына Парламенттің Сенат және Мәжіліс депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызмет­кер­лері, Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қыл­мысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөнін­дегі үйлестіру кеңесінің және Бас прокура­тура­ның жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі консультативтік кеңестің мүшелері, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен халық­аралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Автор:
Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»