17 октября 2016, 04:05 | 1 310 просмотров
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының 1948 жылғы жарғысының преамбуласында: «Денсаулық – бұл дерттердің немесе денелік (физикалық) ақаулардың жоқтығы ғана емес, физикалық, психикалық және әлеуметтік бақуаттылығының жай-күйі» деп жазылса, Президент Дж. Кеннеди 1961 жылы өзінің Конгресске дәстүрлі жолдауында: «Құрама Штаттар үшін №1 проблема – бұл ұлттың психикалық денсаулығы. Жұмыссыздық, материалдық қиындықтар, дағдарыс кезіндегі қысқартулар, отбасындағы түсініспеушіліктер секілді сан сұрақтың түп төркінін иемденген депрессия ертеңгі болашағымыздың бұлыңғыр бейнесіне айналмасына кім кепіл?!» – дейді. Бұл тұжырымдарға жүгінсек, дамыған елдер жан саулығын ертеден басты орынға қойған. Біздің елде психологиялық қызметке тек тәуелсіздік алғаннан кейін көңіл бөлінді. Жалпы, психолог көмегіне сүйенудің маңыздылығы жайлы Алматы қалалық психологиялық сауықтыру орталығының психологі Сәуле Смағұлқызымен ой бөліскен едік.
– Біздің азаматтар неге кәсіби мамандар қызметіне жүгінуге құлықсыз, әсіресе, психологтардан ат-тондарын алып қашады? – Батыста әр адамның жеке гинекологі, стоматологі, шаштаразының болатыны сияқты жеке психологінің болуы қалыпты жағдай. Олар өздерінің жеке мәселесін біз сияқты достары мен туысқандарына емес, психологқа айтып, қиындықтан құтылуда маман көмегіне сүйенеді. Және оның өзіндік артықшылықтары да көп. Қазақстандықтар да бірте-бірте кәсіби маман көмегіне жүгінуге дағдыланса, елімізде үлкен проблемаға айналған суицид, ажырасу сияқты келеңсіз мәселелердің алдын алу мүмкіндіктері көбейер еді. Мұны ғалымдар жоққа шығармайды. Тәжірибеден байқағанымыз, қазіргі уақытта жоғары білімді, жетістікке жетуді қалайтын, алдына нақты мақсат қойған, өз өмірін жақсартқысы келетін және барлық жағынан үйлесімді тірлік кешуді көксейтін адамдар қандай жағдайда да психологқа барудың қажеттігін мойындайды. Шынын айту керек, бізде психологиялық кеңес беру өте кенжелеп қалды. Оған менталитетіміздің де әсері зор. Мысалы, халқымызда отбасы құндылығы қашанда жоғары орынға қойылған. Отбасылық, ерлі-зайыптылар арасындағы мәселелерде көбіне «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қағидасын ұстанамыз. Қандай да бір қиын жағдай бола қалса, біз оны көбінесе сыртқа шығармай, жеңгемізге, әпкемізге, жақын құрбыларымызға құпия түрде айтамыз. Ал, батыс халқы кез келген қиындықта кәсіби маманға барады, оларда жасырып-жабу жоқ. Бізде, керісінше, әр адамның жылап баратын «үйде немесе айналасында өз психологі» бар.– Өз жақын адамдарыңа ғана мұң шаққанның несі жаман? – Жаны қиналған кезде жақын адамыңа барып жылағанның, мұң-шеріңді ақтарып алғанның жамандығы жоқ. Бірақ, бұл тек уақытша жеңілдеуге жақсы көмек. Уақытша нәрсе шын мәнісіндегі мәселені шешпейді. Мысалы, тісің ауырғанда дәрі ішесің, ауырғаны уақытша тыйылады. Бәрібір ол тісті емдеу қажет, бір дәрінің көмегімен емделіп кетпейді. Бұл да сол сияқты танысы жылап келген адамнан көмегін аямайды, тыңдайды, не істеу керектігі жайлы кеңесін береді. Алайда, сіздің өміріңізде еш нәрсе өзгермейді, барлығы сол қалпында қалады.– Оның себебі неде? – Өйткені, біз біреуге кеңес бергенді ұнатамыз, бірақ, берген кеңесті жасағанды ұнатпаймыз. Шағым айтып келген адамдардың өзі кейде сіз берген кеңестің бәрін жоққа шығарады: «ой, бұған менің уақытым жоқ» немесе «мен ешқашан да бұлай жасай алмаймын», «мен бұған шыдай алмаймын», «бұл өте қымбат, менің ақшам жоқ» деген сияқты сылтаулары көбейеді. Немесе күйеуінің жасаған қиянаты жайлы шағымданады, сосын оны басқа құрбыларының күйеулерімен салыстырады. Бұл бір ойын сияқты.– Клиент проблемаларының ұзақ уақыт шешілмеуі психологқа материалдық тұрғыдан тиімді шығар? – Қателесесіз, сіздің жеке өміріңізде өзгерістер болып, жақсы жаққа ауысуына қызығушылық танытатын жалғыз адам: ол – психолог. Өйткені, ол сізге сапалы психологиялық көмек көрсетсе, бұл – оның жұмысының жемісі. Сіздің жетістігіңіз – психологтің жетістігі. Сіздің проблемаларыңызды ұзаққа созудың психолог үшін еш мәні жоқ. Менің тәжірибемде екі жыл бұрын айырылысқан күйеуін қайтарып алғысы келетін клиент болды. Ал, күйеуінің жаңа отбасы, кішкентай қызы бар.– Екі жыл аз уақыт емес, оның талпынысы қалай болды, күйеуін қайтарып алуға көмектестіңіз бе? – Жоқ, мен оған сұрағын басқаша қоюға көмек бердім. Себебі, оның күйеуін қайтарып алудың астарында басқа психологиялық проблема тұр еді. Әйел күйеуінің өзін тастап кеткеніне еш көндіге алмаған. Мәселенің астарына үңіле келе, оның күйеуін қайтарып алу емес, «мені тастап кетті» деген ойымен жұмыс істеу керек болды Біз осы проблемамен жұмыс жасадық. Соңында ол бұрынғы күйеуі өзіне керек емесін, оның қайтпайтынын түсінді. Және басқа адамды кезіктіріп тұрмысқа шығып кетті.– Өте жақын, яғни, жан досың психологтің орнын алмастыра ала ма? – Жоқ, тіпті, оның психологиялық білімі бар психолог болса да алмастыра алмайды.– Басқалар көмек күтетін психологтардың өзінде де көптеген проблема бар, сонда адамға психологияның көмегі қандай? – Психологтар сиқыршы немесе періште емес, олар да сіз бен біз сияқты қарапайым адамдар. Зерттеулерге сүйенсек, көптеген атақты психологтар психологияны көбінесе өзінің басында психологиялық проблемасы бар адамдар таңдайтыны жайлы тұжырым жасайды. Олар өз проблемаларымен жұмыс жасап, емдеуден өткеннен кейін ғана өзгеге көмектесе алмақ. Ал, өмірде көрген-түйгені аз, көңілі шат адамдар психологияға қызықпайды, психолог мамандығын таңдамайды да. Өйткені, оларға өзгенің проблемасы түсініксіз, оны түсінгілері де келмейді. Өзі өмірдегі көп қиын жағдайлардан өткен, оны шешуден тәжірибесі бар психологтар ғана басқа адамдардың жан дүниесін түсініп, қабылдай алады.– Сонда жақын адамын жоғалтып, күйзеліске түскен жанға, ондай жағдайды басынан өткермеген психолог көмектесе алмай ма? – Міндетті түрде олай емес, бірақ, «мұның бәрі оңай нәрсе» деп қараған адам оған көмектесе алмайды. Кем дегенде сол адамның қайғысын жан дүниесінен өткізе алатындай зерде керек. Бұл психологтің тәжірибесіне байланысты.– Бұрын адамдар психологсыз да жаман өмір сүрген жоқ қой. Соларда психологиялық проблемалар болмаған ба? – Бұрын адамдар теледидарсыз, ұялы телефонсыз, компьютерсіз де өмір сүрді. Демек, қазіргідей ол кезде программистер, дизайнерлер, тағы да басқа мамандықтар болмаған. Бүгінде ақпараттық технология, ғылым, білім қарыштап дамуда. Заман өзгерді, адамдардың сұранысы артты. Адам факторы барда психологиялық проблемалар міндетті түрде қатар жүреді. Бұрын да қазіргідей проблема аз болмаған. Құран Кәрім, қазақтың өлең-жыры, ертегілері, даналық сөздері тұнып тұрған психология. Соларды ол заманның адамдары ұрпақ тәрбиесіне тиімді қолдана білген.– Қазіргі кезде психологиялық көмек алуға кімдер көп келеді? – Бізге психолог ретінде көбінесе 20 мен 60 жастың арасындағы әйел адамдар көп келеді. Бірақ, кейінгі уақытта бұрынғы 5 жылмен салыстырғанда ер-азаматтар көбірек келе бастады.– Оларды маман қызметіне жүгінуге көбіне не мәжбүр етеді? – Көбінесе психологқа жеке бас мәселелерімен, махаббат машақатымен, отбасылық, тұрмыстық жағдайды жақсарту т.б. проблемалармен келеді. Кей жандарға отбасын сақтауда, сүйіктісімен арақатынасын жақсартуда немесе ажырасу кезінде қолдау қажет болады. Психологтар негізінен өзін-өзі бағалау деңгейімен, қорқыныштармен, мазасызданулармен, депрессиямен жұмыс жасайды.– Қорқыныштарды нақты айта кетсеңіз… – Көбінесе адамда жалғыздықтан, өлімнен, айырылып қалудан, өзгерістен, белгісіздіктен қорқу болады. Сондайда адам қорқынышқа бой алдырып, одан өздігінен шыға алмай қалады. Мұндай жағдайда міндетті түрде маман көмегі керек.– Көбіміз психологқа қай кезде баруды да түсінбейміз, мысалы, қандай жағдайда психологтың көмегі шұғыл түрде қажет болады? – Травмалық жағдай болған кезде, қайғыруды бастан кешіргенде, шешімі жоқ қиындыққа тап болғанда психологтің көмегі керек болады. Ешқашан да өз қайғыңызбен жалғыз қалмаңыз. Одан шығудың жолын іздеңіз және оның басты жолы кәсіби маман қызметіне жүгіну екенін естен шығармаған жөн. – Қоғамымызда психолог пен психиатрды шатастыратындар да бар. Тіпті, көбісі психологқа баруға ұялады. «Психологқа баратын мен жынды емеспін» деген сөздерді жиі естиміз. – Өкінішке қарай, адамдардың арасында мұндай түсінік бар. Бірақ, психиатрия мен психологияның айырмашылығы үлкен. Психиатр психикалық ауруларды емдейді, ал, психолог психикасы сау адамдармен жұмыс жасайды. Бұл мәселеде тағы бір айта кетерлік жайт, көп адамдар психологқа тек қана жолы болмағандар барады деп ойлайды. Психологқа көбінесе ақылды, білімді, жетістікке қол жеткізген, бірақ, өмірде, жұмысында, бизнесінде, отбасында, өзінде қандай да бір сұрақтар туындаған адамдар келеді. – Психологқа біреудің сүйреуімен мәжбүрлеп әкелудің пайдасы бар ма? – Психологқа күшпен әкелудің қажеті жоқ. Бұдан адамда қарсылық туады, сосын ол маман кеңесін тыңдағысы да келмейді. Онымен қоса, сіздің көндіріп алып келгеніңізден де ешқандай әсер болмайды, бұл уақыт пен ақшаны босқа жұмсауға әкеледі. – Неге олай? – Психолог жұмысының бірегейлігінің өзі осында, яғни, клиентпен бірігіп жұмыс жасау. Тіс дәрігеріне барғанда «дәрігер, тісім ауырып тұр, бір нәрсе жасаңыз» деп креслоға жайғасасыз – болды. Қалғанын дәрігердің өзі жасайды. Сіздің міндетіңіз – оның айтқанын істеп тыныш отыру. Психологияда бәрі басқаша. Психологтың клиентпен жұмысының нәтижесі бірігіп әрекет жасауда ғана көрінеді. Сондықтан да, психологиялық жұмыс табысты болуы үшін клиентке екі шарт қойылады. Біріншісі – клиент көмекті өзі сұрауы керек. Екіншісі – клиент өз ақшасын төлеуі қажет. Осы екі шарт орындалғанда міндетті түрде нәтиже болады. – Мен «психологтар кеңес бермейді» дегенді естідім. Бірақ, психологқа кез келген адам ары қарай не істеу керегі жайлы кеңес алу үшін бармай ма? – Шындығында, психологтар кеңес бермейді. Психологтің мақсаты – адамның өмірде не қалайтындығын бейсаналық деңгейден саналы деңгейге шығаруға, жете түсінуге мүмкіндік беру. Өзіміздің мінезімізді, сезімдерімізді, қажеттіліктерімізді жете түсінген кезімізде ғана бізде таңдау жүреді. Мысалы, бұрыннан жасап жүргенімізді жасай береміз немесе басқасын көреміз. Өз проблемаларымызды және оның себептерін жете түсінген жеткіліксіз. Бұл – ішкі дүниемізге деген алғашқы қадам.– Біздің оқырмандарымызға не айтасыз? – Мемлекет басшысының «Ұлт саулығы – табысты болашағымыздың негізі» деген сөзі бар. Елімізде психолог мамандар бар, қандай да бір шешімі табылмай, ұзаққа созылған қиын жағдай болса, тартынбай мүмкіндікті пайдаланыңыздар. Жан саулығы мен тән саулығын сақтау өз қолдарыңызда.