Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АҚ ХАЛАТТЫ ӘЗ ­­АНАНЫҢ АТЫ ӨШПЕСІН


17 октября 2016, 03:55 | 856 просмотров



 Өмір атты тылсым құдірет мына сіздер мен біздер сияқты жеке адамдардың  тағдырынан,  олардың  жиынтығынан  ғана құралады. Біз өмірдің  бар  сыр-сипатын, айналамыздағы жеке адамдардың тағдыр – талайын  білу  арқылы  жете  танып, түсіне  алатынымызды өмірлік тәжірибе көрсетеді  ғой. Өзі қай заман, қай кезең болсын адам баласы өзінің азаматтық парызын  абыроймен  орындауы- ел  алдындағы ғана емес, ұрпақ алдындағы міндеті. Аға  ұрпақтың  парызының  орындалуын  біздер  сезініп, оны еселеп қайтаруды  өзінің  міндет-парызы  деп  білуіміз  керек. Өзінің  қызметін абыроймен  орындаған  Гиппократ  атына  адалдық  танытып,  елі  таныған дәрігер марқұм  Зағипа  Мадиева  Алматы  облысы, Райымбек ауданы, Жалаңаш  ауылдық  ауруханасында  әйелдер дәрігері , акушер-гинеколог болып,  бір елді мекенде  табаны  күректей  54 жыл  халыққа  адал  еңбек еткен  адамды  еске  алу  біздердің  парызымыз.

Біліктілігі  мен  іскерлігімен  ерекшеленген  Зағипа  Мадиеваның бұл  дүниеден өткеніне де  бес жылдан асып барады. Ардақты дәрігер (Семей өңірінің қызы)  Жалаңашқа  Алматыдан  оқу  бітіріп  1957  келгенінен  бастап дүниеден  өткенше  өз мамандығымен  кәсібін  жалғастырды. Аяғы  ауыр әйелдердің   өмірге  аман -есен  перзент  әкелуіне  Зағипа Мадиқызының қатысуынсыз іске  асқан  емес. Ол  кісінің  қасиетті  қолы  мен  өнегелі  еңбегінің арқасында  Жалаңаш  аймағы  бойынша  елу  мыңнан  астам ( өзінің тірі кезіндегі  айтқан  мәліметі) жас  сәбилер  жарық  дүниенің  есігін  ашты. Өмірге  келген  сәбилердің  қанаты  қатайып, ел қатарына қосылуына қамқор болған  «ӘЗ  АНА»  атанды.

1978жылы орта азияда жалғыз     КСРО  халық  дәрігері,  « Еңбек Қызыл Ту» ордерімен, Қазақ ҚСР Жоғары  Кеңесінің  Құрмет  грамотасымен  марапатталған,  1967 жылы Дүниежүзі дәрігерлерінің  Алматыда өткен конференциясының делегаты,  Дербес  зейнеткер  деген  құрметті  атақ  иегері.  Ардақты  дәрігер  Зағипа Мадиеваның  есімі  Қазақстанға  ғана  емес, одан тысқары сол  кездегі Одақтас  Республикаға да кеңінен таныс. Халықтың жүрегіне терең ұялаған  қасиетті  дәрігер.  Перзент  көтере  алмай  жүрген  келіншектердің көбінің  ана  атауына  септігін  тигізген  жоғары  білікті  дәрігер.

Жалаңаш  учаскелік  ауруханасында  көп  жыл  бас  дәрігер  болып еңбек етті. Соңынан  ерген  жас  дәрігерлерге  өзінің  білімі  мен тәжірибесін молынан  үйретіп, баули білді.                Жалаңаш  аймағында  Зағипа  Мадиеваның  жоқтығы білініп-ақ тұр. Көзі  тірісінде Саты, Қарабұлақ, Алғабас, Тоғызбұлақ, Жайдақбұлақ  секілді шеттегі елді мекендерде  аяғы ауыр әйелдер босанатын амбулаторияларды жабдықтап, өзі тікелей бақылап, басшылық жасап еді. Ал осы күндері аудан орталығынан  Құрметі – Саты- 170 шақырым, Жалаңаш – 100 шақырым қашықтықта.    Елдің  бағына біткен қайран  Зағипа Мадиқызы уақытпен санасуды білмеуші еді. Аяғы ауыр  әйелдердің денсаулығын үнемі қадағалап, қажет болса кінәрат барларын ауруханаға әкеліп емдеп, жас аналарға ауруханада ақыл-кеңесін айтып жігерлендіруші еді. Қазір аяғы ауыр аналар аман -есен  босану үшін аудан, облыс орталығы мен Алматы, Шелек ауруханаларына сапар шегуде.                               Өз кәсібін құрметпен, халқын сүйген, еліміздің келешегі болатын сәбилерге  деген шынайы сүйіспеншілікпен қамқор болған ардақты КСРО халық дәрігері - кейінгілерге үлгі болу керек- ақ. Білікті дәрігерлердің артында  істеген  игі  істерінің  ізі  сайрап  жатыр. Халықтың  сүйіктісіне айналған  білікті  дәрігердің  есімін  Жалаңаш  селолық  ауруханасына есімін беру  туралы  осыдан  бес  жыл  бұрын  аудан, облыс, республикадағы биліктегілерге халық атынан ұсыныс жасалған. Енді осы халқы  қолдаған ұсынысты тиісті орындар қолдау көрсетер деген үміттеміз.

Зағипаның  есімі өзінің еңбегі сіңген ауруханаға берілуі оңын рухымен елдің зәрулік көріп отырған проблемасына да жол ашылып қалар.

Топырағың торқа, Рухың пейіште шалқығыр Зағипа – сен өмірге әкелуге себтігін тигізген сәбилердің біріне қасиетің, біліктілігің қонып, аяғы ауыр аналардың  көптен күткен армандары орындалып, олардың да көңіліне ұялап қалар. Қазір көңілдеріміз толмай жүрген мәселелер көп. Сіздің кезіңізде Жалаңаш қазақ орта мектебінде оқушылар саны 1500, орыс орта мектебінде 800 – 950 оқушы болушы еді. Жылына Жалаңаш қазақ орта мектебі 100 – 150 оқушы бітіруші еді. Қазір осының жарым жартысына әрең жетеді. Осы күні екі орта  мектепте 500-ге  жетер-жетпес оқушы окиды. Аталып отырған аймақтағы елді мекендерде де құлдырау бар. Мысалы, 1970 жылы Жалаңашта 13 000, 1986 жылы 8 500 тұрғын тұрушы еді.

Қазіргі тұрғын саны 4 500 ғана адам.

Зағипа Мадиеваның өзінің қызметіне беріліп істей жүріп, өмірге бір ұл, бір қыз әкеліп еді Қайрат  және Құралай. Дәрігер Құралайы Кеңес үкіметі тараған жылы аяқ асты қаза болды. Қанша  ауыр  қаза  болса  да сіздің сабырлығыңызға бүкіл жұрт тәнті болды. Аллаға  шүкіршілік еттіңіз.

«Менің  Құралайым өлсе, маған қөңіл айтып жылы ықылас білдіргендеріңізге  рахмет. Мен өмірге көп  ұл мен қыз әкелдім. Құдай қалғанына амандық берсін»  деген оң тілеуіңізге елдің бәрі сүйіспеншілікпен қарап еді.

Өзіңізді қайғыға жібермей тік ұстап жүргеніңіз қандай кереметтік. Ішіңіз қайғырсада  сыртыңыз бұрынғы қалпында өзгермей тұрды. Сіз атақ алғанда да  кеуде көтеріп, тәкаппарланған кезіңізді көрмедік.Қайғы келгенде де мұңға шалынғаныңызды сезбедік.

Сіздей асыл ана, ардақты халық дәрігері, білікті акушер – гинеколог енді біздің ұрпаққа кезіге ме?

Қазір ауылда сәби дауысы естілген үйде  сіздің   есіміңіз  айтылмай қалмайды . Зағипа апай сізден жақсылық көрген аналар, халқыңыз, бірінші Алла Тағаладан,  екінші денсаулық сақтаудың басындағы билікте отырған басшылардан,  Президентімізден елге істеліп жатқан қамқорлақ бұрынғыдан құлдырамай, одан да мықтырақ болып өркендеуін қалайды.

Автор:
Берік Халықұлы Алиев ШЖҚ «Райымбек аудандық орталық ауруханасы» МКК Жалаңащ ауылдық ауылдық Ауруханасының меңгерушісі