Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алматы облысы журналистері мен блогерлерінің әлеуетін күшейту


7 октября 2016, 05:05 | 2 108 просмотров



Алматы облысының үкіметтік емес ұйымдарының, журналистері мен блогерлерінің әлеуетін арттыру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасы және «Атамирас» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 30 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Қапшағай қаласында арнайы тренинг өтті. Қалалық және аудандық газеттердің тілшілері, блоггерлер және үкіметтік емес ұйымдар Қапшағай қаласының туристік кешендерінің бірінде бас қосып, өзара тәжірибе алмасты.

«Алматы облысының журналистері мен блогерлерінің әлеуетін күшейту» атты тренингке облысымыздағы республикалық, аудандық газет тілшілері, сонымен қатар танымал блоггерлер мен ІТ мамандар қатысты. Шараға Балқаш,Қарасай, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Жамбыл, Талғар аудандарының БАҚ өкілдері жиналды. Сонымен бірге 2012 жыл блогері, жүйелі жоғарылау жөніндегі кеңесші Жанна Прашкевичпен тілдесуге мүмкіндік болды.

Тренинг аясында ұялы телефон мүмкіншіліктерін қолдану, SEO іздеу сайттары, SMM-ге қажетті технологиялар жайлы баяндама жүргізілді. Szh.kz сайтының негізін құрушы, ІТ маман Ербол Серікбай өзінің сайт жасау мен оны дамыту жайлы тәжірибесінен сыр шертсе, әріптесі танымал блогерлердің бірі әрі «Жаңа Ой» орталығының директоры Нұрлан Жанай сайтты басқару мен интернет журналистиканың қыр-сыры жайлы әңгіме тарқатты. Кез-келген сайтты құру кезінде міндетті түрде алдын-ала жоспар керектігін, іздеу сайттары мен ақпаратты тексере білудің маңыздылығы жайында қатысушылар үлкен мағлұмат алды. Баспа бетінде жарияланатын мақалалар мен ғаламтордағы блогтың айырмашылығы жер мен көктей екенін әрі тақырып таңдай білу, оны дұрыс құрастыру, жазбамен бірге шығатын арнайы суретті жүктеу мен өңдеу, сонымен қатар мобильді телефондарға арналған арнайы қосымшалармен қалай жұмыс істеуді түсіндірген тренерлер екі күннің ішінде қаншама пайдалы ақпаратпен бөлісіп, журналистер қауымының сауалдарына жауап қатты.

NUR.KZ жаңалықтар порталының алғашқы тілшілерінің бірі Жанна Прашкевич өзінің журналист әрі блогер ретіндегі тәжірибесінен сыр бөлісті. Газет-журнал басылымдары мен сайт бетін безендірудегі артықшылықтар мен кемшіліктерді баса айтып, блог жүргізудің де біраз сырын ашты. Журналистика саласында жүргеніне біраз жыл болған Прашкевич ханымның басынан өткен тәжірибесі мен бөліскен ойлары қатысушы журналистер мен қонақтар үшін үлкен пайда әкелгені хақ. Ал Ербол Серікбай Қазақстандағы танымал сайттардың бірі әрі бірегейі болып табылатын «Сұрақ-жауап» сайтының құрылу тарихына, алда кездескен қиындықтар мен белестерге көз жүгіртіп өтті. Сол арқылы сайтпен жұмыс істеп отырған не болмаса болашақта сайт ашуды көздеген мамандарға көптеген мәлімет берді. Өз кезегінде Нұрлан Жанай фактчекинг мәселелері жайлы сөз қозғады. «Ғаламтор беттерінде жарияланатын кез-келген жаңалықтың ақиқаттығына көз жеткізу қазіргі таңда көп уақытты талап етпейді, бар болғаны қалай және қайдан іздеу керек екенін білсеңіз болды. Сонымен бірге шет тілін білу көптік етпейді»,-дейді блоггер.

Екі күнге созылған өткен трениг Қапшағай қаласының туристік орындарының бірінде болғанына байланысты, қатысушы журналистер мен блогерлер оқыту бөлімінен бөлек керемет демалыс уақытын да өткізді. Тау арасында орналасқан кешен ерекше безендірілген үйлер мен кең жағажайдан құралған. Алматы облысының әр ауданынан жиналған тілшілер қауымы аз уақыт ішінде тіл табысып, жақсы байланыс орнатты. Ал шараны ұйымдастырушы жақ болашақта мұндай тренингтер мен бас қосулардың әлі де жалғасатынын айтты.

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА