Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бүгінгі жас қалай ойлайды?


7 октября 2016, 05:03 | 2 029 просмотров


Салауатты өмір салтын ұстану кім-кімді болсын ойландыратын мәселе. Бірақ, қазіргі қарбалас заманда бұл жайға мән бере қоймайтынымыз анық. Неге? Біреуіміздің уақытымыз болмаса, біріміздің денсаулығымыз жарамайды дейміз, ал кейбіріміз тіпті қоғамды кінәләйміз.Мұның салдары қаншалықты ауыр екенін ойласақ та, бей-жай қарауға болмайтынын түсінсекте, шара қолданбайтынымыз өкінішті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) сарапшыларының дерегі бойынша халық денсаулығының 49-53%-ы өмір салтына, яғни адамның өз денсаулығына қалай қарайтынына тәуелді,           17-20%-ы қоршаған ортаға (аймақтың экологиялық және климаттық-географиялық ерекшеліктеріне), 18-22%-ы тұқым қуалау себептеріне, біздің денсаулығымыздың тек 8-10%-ы ғана медицинаға тәуелді екен. Бұл дегеніміз, сен денсаулығыңа қалай қарайтын болсаң, болашағыңда, өмір сүруіңде өзіңе байланысты деген сөз.

Қазіргі таңда салауатты өмір салтын сақтау мәселесі қоғамда  жетекші орындарда тұр десек қателеспейміз. Мысалы,Салауатты өмір салтын қалыптастыру орта­лықтары республика бойынша барлық аймақтарда 1997 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.Ел денсаулығына ерекше мән беру Елбасының жыл сайынғы Жолдауында ерекше атап айтылады. Солардың бірі, «Денсаулық» атты 2016-2020 жылдарға арналған ден­саулық бағдарламасы. Бағдар­ла­маның негізгі мақсаты – ауруды емдеуден бұрын аурудың алдын алуға, еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін, барлығының денсаулығын жақсартуға бағытталған. Иә, әрине ең алдымен жастардың өмір сүру салты- маңызды. Мұны бүгінгі жастар түсінеді ме? Олар салауатты өмір салты деген түсінікті қалай қабылдайды ? СӨС ұстанады ма? Деген сауал көкейіңе келеді. Сол сұрақтарға жауап алу мақсатында біз, студенттер арасында сауалнама жүргізген болатынбыз...

-Назым, 3курс студенті

Салауатты өмір салты дегеніміз, менің ойымша, ең алдымен дұрыс тамақтану. Бұл артық салмақ қосатындай заттарды,яғни майлы тағамдарды, сонымен қатар Fast food  өнімдерін қолданбау. Бес уақыт тамақтану керек, бірақ кез келгенін емес, ағзаға пайдалы тағамдармен және де буға піскен тамақтар жеген  жөн. СӨС –ның тағы бір элементі дене шынықтырумен айналысу.Ал, мен өз басыма келер болсам, салауатты өмір салтын ұстанбаймын. Себебі,біз студент болғандықтан, уақытымыз тығыз болады да, мен көбіне Fast food өнімдерімен тамақтанамын.

-Жұлдыз, студент, 3 курс

-СӨС дегеніміз, ең алдымен жеке бас гигиенасынан басталады. Бұл дегеніміз көбіне бізде студенттер жатақханада тұратындықтан, жеке бас гигиенасы ұсталмай жатады. Студенттер көбіне тез дайындалатын тағамдарды тұтынады, ол денсаулықтарына өте зиян екенін білсе де, кейде жалқаулық болса, кейде шыныменде уақыт болмайтын кездерде қолданады. Ондай сәттерде, жеміс-жидек қолданса, сол пайдалырақ болар еді. Менің ойымша, адам күніне 3 рет ғана тұрақта тамақтану керек, бұл дене салмағының төмендеуіне және адамның күні бойына сергек жүруіне көмектеседі.Және де, спортпен шұғылдану керек деп есептеймін.Өзімді айтар болсам, мен салауатты өмір салтын ұстанамын деп айта алмаймын, көбіне Fast food тағамдарын  жеймін. Ал, спортқа келер болсам, кейде уақыт болмай жатады, кейде тіпті дене шынықтыру сабағына барғың келмейтін кездер болады. Дұрыс емес екенін білсек те осылай жасаймыз. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанамын деп айта алмаймын.

Нұрбақыт, студент, 3 курс

-Салауатты өмір салты дегеніміз, жалпы, менің түсінігім бойынша «Бірінші байлық – денсаулық дейміз». Иә, денсаулыққа не керек? Ол үшін біз салауатты өмір салтын толыққанды ұстануымыз керек. Ол неден тұрады? Ол ең алдымен, дұрыс жүріп тұрудан,дұрыс тамақ ішуден, дұрыс ұйықтаудан және спортпен шұғылданудан. Мен салауатты өмір салтын ұстанам деп айта алмаймын. Бірақ, ұстануға тырысам. Спортпен шұғылданам, дұрыс тамақтануға тырысам, кола, fanta  секілді газды сусындарда өзімді тежеймін. Соның өзі әзірше жеткілікті деп ойлаймын.

Ақтоты, студент, 3 курс

-Салауатты өмір салты дегенде, менің ойыма ең бірінші, дұрыс тамақтану, жеке бас гигиенасы, спортпен шұғылдану сияқты ойлар келеді. Ал мен өз басым салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардың қатарынанмын. Тамақ мәзіріне аса мән берем. Майлы заттарды жемеуге тырысамын. Және таңертең міндетті түрде таңғы жаттығуларды жасап, жүгіремін. Жастарға да, кеңес беремін. Себебі, біздің денсаулығымыз мықты болса, болашақта елімізге көмегімізді тигізе аламыз деген ойдамын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінгі жас ертеңгі елдің болашағы. Еліміздің ертеңі жарық болсын десек, салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығымызға үлкен мән бергеніміз дұрыс болар. «Ұрпақ саулығы – ұлт болашағы» демекші, ата-анада бала денсаулығына, оның өмір сүру дағдысына  бей-жай қарамағаны жөн. Себебі, бүгінгі  ұрпақ нені көріп өссе, келешекте солай қалыптасады. «Ауырып ем іздегенше – ауырмайтын жол ізде» дегендей, бар денсаулығымызды бағалай білейік.