Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Еркін күрестен республикалық турнир өтті


7 октября 2016, 05:02 | 2 555 просмотров



Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Талдықорған қаласының «Жастар» сарайында 4-6 қазан аралығында үлкен шара өтті. Социалистік Еңбек Ері және қоғам қайраткері Зылиха Тамшыбаеваны еске алуға арналған республикалық турнир еркін және әйелдер күресінен болды. Еліміздің 11 облысынан жиналған үздік спортшылар үш күн бойына бақ сынасып, өз өнерлерін көрсетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жасөспірімдер өз облысының намысын қорғап, биік нәтижерлерге жетті.

Қазақтан шыққан еңбекқор қыз Зылиха Тамшыбаеваны бүгінде халық ішінде сыйламайтын адам кем де кем. Еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін аты таныс ел анасы кезінде ауылын көркейтуде үлкен жұмыс атқарды. Белсенді жас ретінде алғаш бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды. Сол қызметті атқара жүріп, жанына тоғыз қызды ертіп, сиыр фермасында сауыншылар бригадасын ұйымдастырған-ды. Сөйтіп ауылдағы мал шаруашылығының пайдасын арттыра түседі. Бұл жайлы газеттер мен өзге басылымдарда көптеген мақалалар мен мақтау сөздер айтылады. Өнер қайраткерлері Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаев тіпті «Беу, қыздар-ай» пьесасын жазып шығарады. Бірі білсе, бірі білмес, шығармадағы басты кейіпкер Айсұлудың прототипі Зылиханың өзі болып табылады. Дәл осы халықтың қызы 20 жасына жетер-жетпес шағында ферма меңгерушісі ретінде тағайындалды. Ал 1959 жылы ауылдастарының алға шығаруымен небәрі 23 жасар бойжеткен Қазақ КРС Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

Осыған дейін мал шаруашылығының маманы болып келген Зылиха Тамшыбаева «Еңбекші» совхозын да аяққа көтерді. Төрт баласының анасы бола тұра ел жұмысымен айналып жүрді, соынмен бірге қызылша өнімінің де қыр-сырын меңгерді. Өнім салмағын 170-180 центнерден әр гектар бойынша 600 центнерге жеткізген ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атанды. Тек шаруашылық саласына ғана емес, мәдениет пен өнер, білімге де көңіл қойған жаңа директордың бастауымен бүгінде әлі де жұмыс жасап келе жатқан мәдениет сарайы салынды. Аталған ауылды 30 жыл бойы басқарған Зылиха Тамшыбаеваның уақытында нарықтық мәселелер де ауыл тұрғындарына ауырпашылық әкелмеген-ді. Өзін емес, өзгенің қамын жеп, ел мерейі үшін еңбек еткен ана - нағыз құрметке лайық жан.

Республика бойынша Зылиха Тамшыбаеваны еске алу үшін ұйымдастырылып жатқан шаралар жетерлік. Еліміздің әр өңірінде әдеби кеш, спорттық турнирлер өткізілуде. Сондай кештің бірі Талдықорған қаласындағы «Жастарда» өткендігі қуанта түседі. Еркін күрестен ерлер мен әйелдер категориясынла бақ сынасқан қыз-жігіттер осы шараның болуына негіз болған ел анасы үшін, жалпы өз облысы мен халқы үшін аянып қалмады. Қазанның 4 күні басталған жарыс үш күннен кейін өз мәресіне жетті. Болашақта осы тектес шаралар жиірек ұйымдастырылып, көбейсе деген сенмідеміз!

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА Алматы облысы «Ішкі саясат басқармасы» ММ тапсырысы бойынша