Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Паралимпиада ойындарының тарихы


23 сентября 2016, 10:12 | 1 557 просмотров



Мүгедек жандар спортының тарихы тереңнен тамыр тартады. Сонау XVIII және XIX ғасырлардың өзінде белсенді өмір салтын ұстанатын мүмкіндігі шектеулі жандардың қабілеті қалпына қайта келетіні белгілі болды.

Мүгедек жандарды спортқа тарту жұмыстары алғаш рет ХІХ ғасырларда басталды. 1888-жылы Берлинде саңырауларға арналған алғашқы спорт клубы құрылды. «Саңырауларға арналған Олимпиада ойындары» 1924-жылы 10-17 тамыз күндері тұңғыш рет Парижде өткізілді. Бұл жарыста Бельгия, Ұлыбритания, Голландия, Польша мен Франция және Чехословакияның ресми ұлттық федерациясының өкіл-спортшылары қатысты. Ойынға мұндай федерациясы жоқ Италия, Румыниямен Венгрияның спортшылары да бағын сынап көрді. Ойын бағдарламасына жеңіл атлетика, велоспорт, футбол мен мылтық ату және жүзу жарысы енгізілді.

Саңыраулардың халықаралық спорт комитеті 1924-жылдың 16-тамызында құрылды. Комитет құрамына есту жүйесі бұзылған спортшылардың басын қосқан федерациялар енді. 1926-жылдың 31-қазанында Брюссельде өткізілген Комитеттің алғашқы конгресінде осы ұйымның Жарғысы қабылданды. Алайда, 1924-жылдан бастап аталмыш Комитет әр төрт жыл сайын саңырау жандардың жазғы Дүниежүзілік ойындарын ұйымдастырып тұрады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін комитет құрамына Германия, Швейцария, Дания, Норвегия, Финляндия, Швеция, Австрия, АҚШ, Жапония мен Болгария алынды. Ал 1949-жылы комитет мүшелерінің қатарын Испания мен Югославия толықтырды. Бүгінде саңыраулардың Халықаралық қысқы ойындары да ұйымдастырылып тұрады.

Есту жүйесі бұзылған спортшыларға арналған жарыс бағдарламасы дені сау спортшылардікіне ұқсас болып келеді. Мұндағы басты ерекшелік - төрешілердің қимыл-қозғалысы баршаға көрінуі керек. Мәселен, сөреге (старт) тұрған кезде спортшылар үшін жарық сигналы қолданылады. Ойыншылардың өзара халықаралық дактилологиялық жүйе арқылы аудармашының көмегінсіз сөйлесуі де жарысты ұйымдастырушылардың жұмысын біраз жеңілдетіп берді.

Ал тірек-қимыл жүйесі бұзылған мүгедектер екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін ғана спортпен белсенді түрде айналыса бастады. 1944-жылы жұлыны зақымдалған жандарға арналған Сток-Мандевильдегі қалпына келтіру Орталығында спорттық бағдарлама кешенді емдеу шараларының міндетті бөлігі ретінде енгізілді. Бұл бастаманың авторы профессор Людвиг Гуттман кейін Сток-Мандевильдегі орталықтың директоры болып тағайындалды. Сонымен қатар, тірек-қимыл жүйесі бұзылған мүгедектерді емдейтін Британ халықаралық ұйымының президенті болып қызмет атқарды.

1948-жылдың шілдесінде Олимпиада ойындарымен қатар, Ұлыбританияда доктор Людвиг Гуттманның басшылығымен Сток-Мандевиль ойындары ұйымдастырылды. Бұл жарыста денесі тартылып, сал болып қалған 16 еркек пен әйел садақ атудан мергендік сынады. Олардың барлығы да бұрынғы әскери қызметкерлер еді. Осыдан кейін сайысқа қатысушылардың саны ғана емес, ұйымдастырылар спорттық ойындардың да саны түрлене түсті. Мүгедектердің арасында жарыс өткізу идеясын халықаралық қауымдастық құп алды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылар спорттық мерекеге айналған бұл Ойындарға 1952-жылдан бастап, Нидерланды, ГФР, Швеция, Норвегияның мүгедек спортшылары тұрақты түрде қатыса бастады. Бірақ ойын бағдарламасын жүйелі түрде үйлестіріп, мүгедектер жарысының даму бағытын айқындайтын нақты басқарушы орган жоқ болатын. Араға уақыт салып құрылған Халықаралық Сток-Мандевиль федерациясы осы олқылықтарды реттеді. Кейін аталмыш федерация Халықаралық олимпиада комитетімен (ХОК) тығыз байланыс орнатты. 1956-жылы Мельбурнде өткізілген Олимпиада ойындары кезінде ХОК Халықаралық Сток-Мандевиль федерациясын гуманизмнің олимпиадалық идеалын насихаттағаны үшін арнайы кубокпен марапаттады. Бұл өзгерістерден кейін қоғам спорт ойындары тек он екі мүшесі сау адамдарға ғана тиесілі еместігін түсінді. Осыдан кейін омыртқасынан ауыр жарақат алған мүгедектер де байрақты бәсекелерге белсене қатыса бастады.

Сток-Мандевильде мүгедектер мен зейнеткерлердің және қайырымдылық шараларынан жиналған ақшаға мүгедек-спортшыларға арналған стадион бой көтерді. Ал 1960-жылы Италия астанасы Римде өткізілген параплегиктердің алғашқы халықаралық жарысында 23 мемлекеттен келген 400 спортшы бағын сынады.

Л.Гуттман 1959-жылы «Сал ауруына шалдыққан азаматтарға арналған Сток-Мандевиль ойындарының» кітабын жазып, басып шығарды. Мұнда әр спорт түріне қатысты ережелері қамтылған. 1989-жылы жүрегін ауыстырған азаматтар арасында алғашқы спорттық жарыс өткізілді. Ал 1990-жылы өзге адамның жүрегі өмір сыйлаған азаматтар Каракас (Венесуэла) қаласында марафондық жүгіруге қатысты.

Паралимпиада ойындарынан бөлек ақыл-есінің дамуында ауытқушылығы бар адамдар үшін Арнайы Олимпиада ойындары да ұйымдастырылады. Сыйақы төленбейтін, ойынға билеттері де сатылмайтын бұл ұйым ерікті түрде берілер жарналар мен жанашыр жандардың көмегімен қаржыландырылады. Жарыста спортшылардың дербес мүмкіндіктері ғана анықталып, жеке жетістігі ғана тіркеледі. Ал жеке мемлекеттердің медальдары есептелмейді. “Спешиал Олимпикс” 8-80 жас аралығындағы барлық спортшылардың мүмкіндіктерін бірдей қарастырады. Қозғалыс белсенділігі бағдарламасы бойынша өткізілер жарыстар ақыл-есінде ауытқушылығы бар жандарды (олигофрендер), соның ішінде ересектер мен кішкентай балаларды, жасөспірімдерді де түгел қамтиды. “Спешиал Олимпикс” сайыскерлерді дене дайындығына қарап, бөліп-жармайтындықтан, жеңістен үмітті азаматтар саны айтарлықтай көп.

“Спешиал Олимпикс” ұйымын ХОК 1988-жылдың ақпан айында Калгариде өткізілген XV қысқы Олимпиада ойындарында ресми түрде мойындады. ХОК президенті Х.А.Самаранч “Спешиал Олимпикс” дербес ұйым ретінде жариялады, осылайша бұл ұйымға “Олимпиада” атауын қолдануға мүмкіндік берілді.

Мүгедектердің Дүниежүзілік Ойындары, яғни, I Паралимпиада ойындары 1960-жылы Римде (Италия) XVII Олимпиада ойындары аяқталғасын, іле-шала өткізілді. Алайда, “паралимпиада спорты” ұғымы спорт әлемінде қолданысқа тек 1964-жылдан бастап қана енді. “Паралимпиада” терминіндегі “раrа” – префиксі латын тілінде «қосылған» деген мағынаны білдіреді. Осылайша, “паралимпиада” сөзі мүгедектер Ойыны Олимпиадамен қосарланған деген ұғымды береді. Дегенмен, 1968-1994 жылдар аралығында Паралимпиада ойындары түрлі себептермен Олимпиада ойындары өткізілуі тиіс жерден басқа орында өткізілді.

Алғашқы паралимпиада ойындары Италия астанасы Римде 1960-жылы ұйымдастырылды. Ойынның ашылу салтанатын 18-қыркүйек күні “АкваАцетоса” стадионында бес мыңдай жанкүйер тамашалады. Дүбірлі додада 23 елден келген 400 спортшы бағын сынады. Олардың ішінде Италия спортшылары саны жағынан басым түсті.

Римдегі Ойындар бағдарламасында жеңіл атлетика, жүзу, семсерлесу, баскетбол, садақ ату және үстел теннисі секілді спорттың сегіз түрі қамтылып, сайыскерлер 57 медальді сарапқа салды. Жарыс алаңына шыққандардың ішіне жұлыны зақымданған спортшылар да бар.

Бұл сында Италия намысын қорғаған Ф.Росси семсерлесуден, ұлыбританиялық Д.Томсон (жеңіл атлетика), т.б. тамаша ойын өрнегін көрсетті. Бейресми командалық есеп бойынша Италия бірінші орыннан көрінсе, екінші және үшінші жүлделі орындарды Ұлыбритания мен АҚШ өзара бөлісті. Ойын нәтижелерін қорытындылаған Л.Гуттман «Римдік ойындар сал ауруына ұшырағандар қоғаммен кірігіп келе жатқанын айқын көрсетті» деп оң бағасын берді.

II Паралимпиада ойындарына (Токио, Жапония, 1964 ж.) 22 мемлекеттен 390 спортшы келді. Ұлыбритания командасы (70 адам) және АҚШ (66 адам) атлеттерінің көптігімен ерекшеленді. Жарыс бағдарламасы арбамен жарысу, ауыр атлетика және диск лақтыру секілді жаңа спорт түрлерімен толықтырылып, барлығы 144 медаль сарапқа түсті. Бейресми жалпыкомандалық есеп бойынша АҚШ спортшылары жүлделерді көптеп иеленіп, қарсыластарынан басым түсті. Ал Ұлыбритания мен Италия екінші және үшінші жүлделі орындардан көрінді.

Ойындардың «паралимпиадалық» деп жаңаша аталғанын да айта кету керек. Сондай-ақ жарыс кезінде паралимпиадалық атрибутика (жалау, гимн мен символ) алғаш рет қолданылды. Ал сайыс аяқталған соң, жапондық мүгедек спортшылардың көбісі жұмысқа орналастырылды.

III Паралимпиада ойындарына (Тель-Авив, Израиль, 1968 ж.) 29 мемлекеттің 750 атлеті үмітін үкілеп келді. Токиода өткен ойындармен салыстырғанда бұл жолғы жарыс бағдарламасы анағұрлым ауқымды болғанын айта кету керек. Мәселен, баскетбол, жүзу мен жеңіл атлетика бойынша өткізілген жарыстарда классификациялық өзгерістер енгізілді.

Израильде өткен Ойында италиялық спортшы Р.Марсон көпшілік қошеметіне ие болды. Токиода (1964-ж.) өткен жарыста екі бірдей алтын медальді иеленген спортшы мұнымен шектелмей, жүзу және семсерлесуден де бағын сынады. Осылайша, Тель-Авивтегі тартысты додада Р.Марсон спорттың үш түрінен 9 алтын медальді қанжығаға байлады. Ал австралиялық Л.Дод небары бір күннің ішінде жүзу спортынан үш бірдей әлемдік рекорд орнатты. Америкалық Е.Оуен де қарсыластарын қапы қалдырды. Ол жалпы саны 7 медальді иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

1968-жылы өткізілген Паралимпиада ойындарында турнир кестесінде АҚШ бейресми командалық есеп бойынша көш бастады. Ұлыбритания екінші орынды қанағат тұтса, Израиль үшінші орынды олжалады.

IV Паралимпиада ойындарында (Хайдельберг, Германия, 1972 ж.) барлығы 44 елден келген 1000 спортшы бағын сынады. Олардың ішінде ойыншыларының саны көптігі жағынан Германия, Ұлыбритания және Франция ерекшеленді.

Жарыс бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі ойыншылар қарым-қабілетіне қарай спорттың жаңа түрлері мен жаңа ережелермен толықтырылды: голбол, көзі көрмейтін спортшылар арасында 100 метрге жүгіру және т.б. Бұған қанаттанған мүгедек жандар ойын кезінде бірнеше әлемдік рекорд орнатты. Бұл ретте жаңа техникалық құрылғылар қолданылған жүзу спортын айта кетуге болады. Бұл жолы да америкалықтардың мерейі үстем болды, неміс спортшылары да тамаша ойын өрнегін көрсетті. Оңтүстік Африка Республикасынан (ОАР) келген мүгедек-спортшылар үшінші орынға табан тіреді.

1972-жылы Паралимпиада ойындары өткізілгеннен кейін техникалық комитеттің ұсынысы бойынша, мамандар жарыс ережелерін барынша жетілдіру ісімен жұмыстанды. Мәселен, Хайдельбергте өткізілген Паралимпиада ойындарында түрлі мәдение бағдарламалар ұйымдастырылды. Сайысқа қатысушылар реабилитациялық орталықта арнайы құрылған алып шатырда кешқұрым бас қосып, өзара көңіл көтеріп бір жырғап қалды.

V Паралимпиада ойындарында (Торонто, Канада, 1976 ж.) 42 елден 1600 спортшы (олардың 253-і қыз-келіншектер) қатысып, жарыс аясы бұрынғыдан да кеңейе түсті. Байрақты бәсекеге ОАР спортшыларының қатысуын қаламаған кейбір елдер бұл сынға өз ойыншыларын жіберуден бас тартты. Дегенмен, бұл жолғы сында аяқ-қолынан айрылған 261 спортшы мен 167 зағип атлет жарыс жолына шықты.

Торонтада өткізілген Паралимпиада ойындарында алғаш рет мүгедек спортшылардың жарысына орай телетрансляция ұйымдастырылды. Бұл жарысты көгілдір экраннан 600 мыңнан астам адам тамашалады. Сонымен қатар, жарыс бағдарламасы да кеңейтіліп, спортшылар 200, 400, 800 және 1500 метр қашықтыққа арбамен жарысты.

АҚШ спортшылары бейресми командалық есеп бойынша медальдарінің көптігі жөнінен өзгелерді артта қалдырып, жалпыкомандалық есепте үлкен айырмашылықпен көш бастады. Ал Нидерланды мен Израиль командалары жүлделі екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

VI Паралимпиада ойындарының (Анхем, Нидерланды, 1980 ж.) салтанатты ашылуын “Папендаль” стадионында 12 мыңнан астам жанкүйер тамашалады. Бұл жолы 42 елден 2500 спортшы келіпті. Түрлі классификациялар бойынша бағын сынаған мүгедек спортшылар 3 мыңнан астам медальді сарапқа салды.

Бұл жолғы Паралимпиада ойындарының бағдарламасында спортшылар алғаш рет отырып волейбол ойнады, сонымен қатар, төрт мүгедектік тобы бойынша өнер көрсетті. Зағип спортшылар үшін голбол жаңа паралимпиадалық спорт түріне айналды. Осы Ойында Халықаралық үйлестіру комитеті құрылды. Әдеттегідей, жүлделі орындарды АҚШ, Германия мен Канада мемлекеттерінің спортшылары иеленді.

Паралимпиада ойындары 1984-жылы Америка мен Еуропада өткізілді: Нью-Йорктегі бәсекеде41 елден келген 1780 спортшы бағын сынаса, Сток-Мандевильде 45 мемлекеттің 2300 өкілі жарыс жолына шықты. Барлығы 900 медаль сарапқа түсті. Бұл шара мемлекет пен жекелеген қаржы көздерінен қаржыландырылды. Дотацияның елеулі бөлігін АҚШ үкіметінің ақпараттық агенттігі ұсынды. Әлемге әйгілі Би-Би-Симен қатар, голланд, неміс және швед телевидениесі төрткүл дүниеге хабар таратты.

Спорттың 13 түрі бойынша өткізілген жарысты Нью-Йоркте 80 мыңнан астам көрермен тамашалады. Жекелеген топтар бойынша өнер көрсеткен мүгедектердің нәтижелері бұл жолы өте жоғары болды. Жарыс қорытындысы бойынша осы жолы да АҚШ командасы 276 медальді еншілеп, бейресми жалпыкомандалық есеп бойынша жеңіс тұғырынан көрінді. Ал ағылшын спортшылары 240 медальді місе тұтып, екінші орынмен шектелді.

Сток-Мандевильдегі жарыстар спорттың 10 түрі бойынша ұйымдастырылды. Спортшылар әсіресе жеңіл атлетикадан әлемдік және паралимпиадалық рекорд орнатты. Сток-Мандевильдегі жарысқа олар қысқа уақыттың ішінде, небары 4 ай дайындалғанына қарамастан, үлкен нәтижеге қол жеткізді. Шараны ұйымдастырушылар осыдан кейін Паралимпиада ойындарына төрт топтағы барлық мүгедектерді түгел қатыстыру керек деген шешімге келді.

VIII Паралимпиада ойындары (Сеул, Оңтүстік Корея, 1988 ж.) үміткерлердің көптігімен ерекшеленді. Бұл жарысқа 61 мемлекеттен 3053 адам қатысты. Спортшылар мен бапкерлер, техникалық персонал 1316 пәтері бар 10 тұрғын үйден тұратын, арнайы жасақталған елді мекенге орналастырылды. Халықаралық үйлестіру комитетінің президенті Джеймс Броман Ойынның жаңа паралимпиадалық жалауы керектігін ұсынды.

Жарыс бағдарламасы спорттың 16 түрін қамтыды. Алғаш рет арбаға таңылған мүгедектер теннис ойнап, көрермен көзайымына айналды. Сеулде жекелеген спортшылар спорттың жекелеген түрлері бойынша бірнеше медальдан иеленді. Бейресми жалпыкомандалық есеп бойынша әдеттегідей АҚШ (268 медаль) көш бастады, екінші орын Германияға бұйырса (189 медаль), Ұлыбритания (179 медаль) үшінші орынға табан тіреді.

IX Паралимпиада ойындары (Барселона, Испания, 1992 ж.) 3-қыркүйек күні олимпиада стадионында салтанатты түрде ашылды. 65 мың көрермен тамашалаған рәсімде 90 делегация салтанатпен шерулетіп өтті.

Олимпиада ауылына 3000 спортшы мен мыңдаған бапкер, ресми тұлғалар мен менеджерлер қоныстандырылды. Спортшылардың барлығына да қажетті дәрігерлік қызмет көрсетілді.

Жарысқа қатысушылар 12 күн бойы спорттың 15 түрінен бағын сынады. Ойын кезінде 1,5 млн. жанкүйер түрлі жарыстың куәсі болды. Сайысқа келген 3020 спортшының шамамен 50% жүзу спорты мен жеңіл атлетикаға бейімін көрсетті. Барлығы 279 әлемдік рекорд орнатылып, 431 алтын медаль сарапқа түсті. Барселонада оздырылған Паралимпиада ойындарынан кейін ақыл-есінің дамуында кемістігі бар спортшыларға арналған жарыс Мадридте өткізілді.

Х Ойындарға (Атланта, АҚШ, 1996 ж.) 3195 спортшы (2415 еркек пен 780 әйел азамат) және 103 мемлекеттің 1717 өкілі келді. 16-25 тамыз аралығында спорттың 20 түрінен жарыс өткізілді. Олардың үшеуі демонстрациялық сипатта болды. Алғаш рет ақыл-есінің кемістігі бар 56 спортшы жеңіл атлетика мен жүзуден сынға түсті.

Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған Ойындарды шамамен 400 000 көрермен тамашалады. Ойынның салтанатты ашылуы мен жабылу рәсіміне 60 мың адам қатысты. Аккредитациядан өткен 2088 журналист жарыс туралы шартарапқа хабар таратты. Олардың 721–і газет-журнал қызметкерлері болса, 806–сы радио мен телевидение өкілдері, тағы 114–і фотографтар.

Ойын басталмастан төрт күн бұрын өткізілген Үшінші Паралимпиадалық конгресте саяси һәм экономикалық проблемалар кеңінен қарастырылды. Мүгедек спортшылардың қоғамдағы азаматтық құқының қорғалуы мен мүгедек спортшылардың қозғалысының өзге де мәселелері талқыға түсті.

Атлантада паралимпиадалық спорт пен өнердің ортақ екендігін паш еткен үлкен мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, мүгедектердің туындылары көрсетілді.

XI Паралимпиада ойындары (Сидней, Австралия, 2000 ж.) олимпиада паркінде ұйымдастырылды. Әсерлі шоуға австралия эстрадасының жұлдыздары мен танымал спортшылар қатысты. Жарыс бағдарламасы спорттың 18 түрін қамтыды. Мұның ішінде 14 олимпиадалық спорт түрін айта кетуге болады. Бұл жолғы Ойындар боччи, голбол, пауэрлифтинг және регбимен ерекшеленді.

2000-жылы ұйымдастырылған Паралимпиада ойындарына 127 елден келген 3843 спортшы, 2000 ресми тұлға, 1300 ақпарат құралдарының өкілдері, 1000 техникалық қызметкер және Халықаралық және ұлттық комиттерден келген 2500 мейман, сонымен қатар, 10 мың волонтер қатысты. Бұл жолы ойыншыларының саны көптігі жөнінен Австралия (303) алға шықты. АҚШ 288 спортшы әкелсе, Германия 262, Испания 224, Ұлыбритания 219, Канада 172, Франция 158, Жапония 157, Польша 114 және Голландия 105 ойыншысын қатыстырды. Спортшылар ең көп қатысқан спорт түрінен 1043 спортшы қатысқан жеңіл атлетиканы айтуға болады. Жүзуден - 570, пауэрлифтингтен - 278, үстел теннисінен - 270, арбада отырып баскетбол ойнаудан - 240, велоспорт-шосседен - 177, велоспорт-тректен -152, отырып волейбол ойнаудан - 140, мылтық атудан - 139, голболдан – 116 спортшы бақтарын сынады.

XXII Паралимпиада ойындары өткізілген Афиныда (Грекия) 17-28.09.2004 ж. 136 мемлекеттен келген 3800 атлет 11 күн бойы тартысты бәсекеге түсті. Қорытынды есеп бойынша мүмкіндігі шектеулі қытайлық атлеттер өз шеберліктерінің жоғары екендігін көрсетіп, барлығы 141 медальді (олардың 63-і жоғары жүлде) қанжығаға байлады. Екінші және үшінші орындарды Ұлыбритания мен Канада құрамасы өзара бөлісті.

I қысқы Паралимпиада ойындары 1976 жылы Орнсколддсвикте (Швеция) ұйымдастырылды. Аяқ-қолынан айрылған және көзі нашар көретін спортшылар үшін жарыстар арнайы трек пен далада өткізілді. Және алғаш рет шанамен сырғанап жарысқа түсті.

Табысты өткізілген алғашқы қысқы ойындардан кейін Гейлода (Норвегия) жалғасқан II паралимпиадалық ойындарда шанадан сырғанау ұйымдастырылды. Осы сында барлық топтағы мүгедектер сынға түсті.

III қысқы Паралимпиада ойындары Инсбрукте (Австрия) 1984-жылыөткізілді. Алғаш рет 30 жігіт үш шаңғымен алып слаломнан төмен сырғанады.

1988-жылы IV қысқы Паралимпиада ойындары тағы да сол Инсбрукте (Австрия) жалғасын тапты. Жарысқа 22 елден келген 397 спортшы қатысты. Алғаш рет кеңестік ойыншылар да өнер көрсетті. Сайыскерлер отырып шаңғымен сырғанаудан жарысты.

1992-жылы V қысқы Паралимпиада ойындары Франциядағы Tignes, Albertville өлкесінде өткізілді. Бұл жолғы дарыстар тау шаңғысы, шаңғымен жарыс және биатлонмен шектелді. КСРО спортшылары біріккен байрақ астында өнер көрсетті. Тірек-қимыл жүйесі бұзылған мүгедектер бұл сынға алғаш рет қатысты. Құрама команда жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көрінді. 10 алтын, 8 күміс және 3 қола алқаны иелеген шаңғышылар олжалы оралды.

VI Қысқы Паралимпиада ойындары 1994-жылы да Лиллехаммерде (Норвегия) жалғасын тапты. Техникалық тұрғыда мүгедектерге барынше бейімделген ауылдарда шамамен 1000 атлеторналасты.

Мүгедектер хоккейді отырып ойнап көрген осы Ойындардан кейін хоккейдің паралимпиадалық түрі кеңінен танымал болып кетті. Шаңғы жарысы мен биатлон сайысы жергілікті шаңғы стадионында өткізілді.

VII Қысқы Паралимпиадалық ойындар алғаш рет Азия құрлығында–Наганода (Жапония) өткізілді. Бұл жарысқа 32 елден келген 1146 адам қатысты (571 спортшы және 575 ресми тұлға). 10 күн бойы спорттың 5 түрінен (тау шаңғысы, коньки жарысы, шаңғы жарысы, биатлон мен хоккейден) медальдар сарапқа түсті. 22 елдің үмітін үкілеген атлеттері қарсыластарынан озық шықты. Алғаш рет паралимпиадада ID шаңғышылары бақтарын сынады. Ал Норвегия спортшылары осыған дейінгі жарыста жеткен жетістігін қайталап, бейресми есеп бойынша алғашқы жалпыкомандалық орынды иеленді (18 алтын медаль), Германия 14 алтын медальмен екінші орынды, ал АҚШ 13 алтын медальге қол жеткізіп, үшінші орыннан көрінді.

VIII қысқы Паралимпиада ойындары, Солт -Лейк -Сити (АҚШ, Юта штаты), 7-16 наурыз, 2002 ж.

Ойынға 416 спортшыдан жасақталған 36 команда қатысты. Олардың ішінде бұл сынға алғаш рет келген Қытай, Андорра, Чили, Грекия мен Венгрияның спортшылары да бар. 56 ойыншысын сайлап әкелген АҚШ құрамасы әдеттегідей көш бастаса, 37 атлетін дайындаған Жапония екінші орында тұрды. Ал Германия, Канада мен Норвегия командаларының мүшелері 27 адамнан аспады. Ресей бұл сайысқа 26 атлетін қосты. Жарыс қорытындысы бойынша 22 елдің спортшылары жүлделі орындарды иеленді.

Автор:
Дереккөз: www.olympic.kz