Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ ...


23 сентября 2016, 04:08 | 2 199 просмотров



«Әйел- отбасы ұйытқысы» деген сөз бар қазақта. Кез келген отбасыны шағын мемлекет деп қарайтын болсақ, ері ел басқарар президент те, әйелі елбасынан кейінгі екінші тұлға. Яғни жанұядағы әйелдің рөлі ерінен еш кем емес. Ал сол «мемлекеттің» кішкене тұрғындары үшін бірден-бір үлгі – ата-анасы. Мөлдір махаббат пен шексіз сыйласымдылықты көріп өскен сәби – ең бақытты сәби,  әрі келешекте үлгілі отбасының тірегі.

Елімізде былтырғы 2015 жылы 148 769 неке тіркелген болса, сол жылы-ақ  53 293 жұп ажырасуды қалаған. Әр түрлі отбасылық жағдайлар, мінездерінің сай келмеуі немесе материалдық қиындыққа төзбеушілік... Айта берсе себеп те көп, салдар да аз емес. Сонымен қатар отбасының шаңырағын шайқалтып, ажырасуға алып келетін тағы бір себеп бар.  Ол - тұрмыстық зорлық-зомбылық. Кейінгі уақытта өз үстемдігін көрсетуге тырысатын «еркектер»  сүйген жарларын кемсіту арқылы, қорқыту, тіпті ұрып-соғу арқылы қорлайды. Баласы үшін не болмаса өзге жұрттың сөзіне қалмайын деп үнсіз төзіп жүре беретін нәзік жандылар қаншама.Әйелдің үнсіз жүргенін көріп есіретін күйеулері де жетіп артылады...

Ақпарат құралдарына сүйенер болсақ, жылына орта есеппен алғанда 500 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып, өмірімен қош айтысуға мәжбүр. Елімізде соңғы жылдары ашылған көмек қолын созатын орындар мен бейімдегіш орталықтардың ашылуына қарамастан, өз қорқынышын жеңе алмаған қыздар мен келіншектер тағдыры әлі де үлкен сұрақ үстінде. Өз бетімен арнайы мекемелерге жолығып,көмек сұрай алатын не болмаса сотқа беру арқылы өз құқығын кез-келген әйел қорғай алмайды. Көбісі қазан-ошақтың түбінде, бала тәрбиесімен айналысады, одан қалса күйеуінен зәбір көреді. Көзі ашық, көкірегі ояу жандардың қатары толмай жатқаны өкінішті-ақ...

Бүгінгі таңда жарынан қорлық көрген келіншектер қатары жылдан-жылға жиілеп келеді. Ал жұбайларының заңды негізде жазалануы біраз қиындық туғызады. «Өз әйелім, не істесем де өз шаруам. Бұл – отбасы мәселесі» дегендей сөздер сылтау ету арқылы жазадан оңай құтылып кетеді. Оның үстіне балаларының әкесі, жанұя асыраушысына арыз жазып, соттатуға қандай әйел барсын? Бәрі де отбасы «ұйытқысы» үшін емес пе?!

Мемлекет тарапынан қаншама көмек, қолдау көрсетіліп жатса да, ескі ағым принципіне сүйеніп, қорғансыздың күнін кешіп жатыр әлі де апа-сіңлілеріміз. Үйде отыратын әйелден ел алдында жарқырап жүрген жұлдыздарға дейін күйеулерінің алдында дәрменсіз екендігін мойындайды. Жақында ғана елдің жағасын ұстатқан Баян Есентаеваның жағдайы да өзгелерден еш айырмашылығы жоқ. Халық алдында көрініп жүретін танымал продюсер, бизнесвуманның 10 шілде күні ауыр халде емханаға жатқызылғандығы жөніндегі хабар бүкіл дерлік елді дүрліктірді. Күйеуі Бахытбек Есентаевтың соққысынан бірнеше күн бойы ауруханада жатқан еді. Динара Сатжанға берген эксклюзивті сұхбатында Баян ханым Есентаевтар отбасындағы қисыны күрделі оқиғаларды айтып беріп, өткен іс бойынша өз пікірін қалдырды. Дегенмен, әрбір қазақстандық әйел экран тұрмақ, арнайы маман алдында да ішкі сырын ақтарып айта алмайды...

Отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық еліміздің әр өңірінде орын алатын жағдай. Талдықорған қаласы тұрғындары арасында осы тақырып бойынша сауалнама жүргізген едік. Орталық алаң, демалыс саябағы және «Арбат» бойынан кездескен нәзік жандыларға осы уақытқа дейін бірнеше сұрақтар қойылған болатын. «Отбасыда кездесетін зорлық-зомбылық жайлы не ойлайсыз? Оның тууына не себеп болуы мүмкін? Өз басыңыздан өткердіңіз бе? Әлде мұндай халді басынан кешкен таныс жағдайларды білесіз бе?» деген біраз сауал қою арқылы қала тұрғындарының пікірін білген едік. Алайда «жанұядағы жағдайды өзгелердің біліп қажеті жоқ» деген сөзбен біразы жауаптан бұлтарып кетті. Нақтырақ айтқанда 60%-ға жуығы сұраққа жауап беруден бас тартты. Ал сауалнамаға қатысушы қалған тұрғындардың бірі мүлде мұндай жағдайға куә болмағанын, сонымен қатар өз басынан өтпегендігін айтса, екіншісі мүлде өзге жауап қайырды. Жақын құрбылары, туған-туыс, көршілерінің, өкінішке орай, зәбір көретінін, қорлықпен өмір сүріп жатқандығын баса өтті.

Бағила, 28 жас, Өтенай ауылының тұрғыны:

  • Баян Есентаева жайлы естіген едім осы жақында. Бұл жағдайға өз ойымды айтар болсам, қатігездік қой бұл. Себебі, нәзік жаратылған әйел затына қол көтеру деген сұмдық. Әсіресе, халық алдында жүрген адамға.Қызғаныштан істесе де, басқа ниетпен істесе де, көк ала қойдай етіп ұруды кім ойлаған.

Жанар, 23 жас, сатушы:

  • Шынымды айтсам мұндай жағдайға тап болып көрген емеспін. Және де ондай таныстарым жоқ. Ал осындай қылмысқа баратындар жайлы айтар болсам, мен оларды нағыз ер азамат деп айта алмас едім. Қол көтеру, ұру, кемсіту деген сұмдық қой. Күн сайын жаңалықтардан көріп, қоғамнан қорқа бастадық...

Қайыржан, 37 жас, такси жүргізушісі:

  • Мен үйленгелі 15 жылдан асты. Қанша ашулы күйде болсам да, өзімді ұстауға тырысамын. Отбасы болған соң әр түрлі жағдайлар болады. Ренжіседі, үйден кетеді. Бірақ қүш қолдануға дейін баратын жағдай әлі кездеспеді. Кездеспейді деп үміттенемін. Ал жұбайларын ұрып соғатын жігіттерді танимын. Өзіммен бірге оқыған дос балалар кейде мақтана айтып отырады. Өздерін күшті деп есептейді екен сол арқылы. Ондайларға жиіркенішпен қараймын өз басым. Еркектігіңді дәлелдегің келсе, дұрыс істермен дәлелде. Өміріңде орын алған бақытсыздыққа әйелің кінәлі емес қой. Кемшілікті өзіңнен іздеп, оны түзетуге тырысу керек. Ал жарыңды соққының астына алып, оны қорлағаннан қандай пайда таппақ? Түсінбеймін.

Роза Мұқаметжанқызы, 18 жас, студент:

  • Әйел затына қол көтеру, ұру соңғы кезде көбейіп кетті. Тіпті жұлдыздардың өзінде де. Дүркіреп шыққан жаңалықтан белгілі продюсер Баян Есентаева туралы хабар есіттім. Араларынан қыл өтпестей болып көрінетін бұл отбасыда мұндай жағдай болады деп мүлде ойламадым. Мұны естіген кезде, шыны керек, қатты таң қалдым. Баян ханымның қазіргі жағдайынан да хабардармын,ауруынан тез айығып, экранға қайтып келгеніне қуаныштымын. Алла сәтін салып, сотта жеңіп шыққанын қалаймын.

Ғалия, 54 жас Талдықорған қаласының тұрғыны:

  • Жалпы бұл қоғамда жиі кездесетін жағдай ғой. Жасыратын несі бар, қай үй болмасын, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ ұрып-соғуға дейін бару миға кірмейді енді. Өз басым, күйеуім ешқашан қол көтеріп көрмепті. Әрине ұсақ-түйек ұрыс-керіс, түсініспеушілік болады. Десе де, арты мұндайға барған емес...

Әйелін күн сайын жоқ нәрсеге бола ұратындар жайлы айтар сөзім жоқ...  Біздің аулада жас отбасы тұрады. Үйленгеніне талай жылдың жүзі болса да, келіншегі жиі көзі көгеріп немесе ақсаңдап жүреді. Бірде шайға шақырып, ашық әңгіме құрмақ болғанымда «Ештеңе болған жоқ. Уайымдамаңыз. Бұл өз арамыздағы мәселе» деп тұрып кетті. Балалары көпкөрім өсіп қалды. Солар үшін шыдап жүр ғой. Енді қайтсін?

Дегенмен мені бәрінен қатты толғандыратын жайт балалардың жағдайы... Үлкен әйел былай тұрсын, жас қыздар мен бүлдіршіндерге қол тигізетіндер бар емес пе?...

Ғалия апайдың айтып отырған бұл жағдайы Қазақстанда соңғы жылдары тұрмыс зорлығымен қатар дамып келе жатқан педофилия мәселесі. Жалпы педофил деген кім өзі ? Халық арасында педофил деп психиклық тұрақсыз, кішкентай қыздар, кей жағдайға ұлдарға да жыныстық құштар адамды атау қалыптасқан. Одан бөлек қандас туыстары, тіпті өз әкесі не ағасынан жәбір көретін бойжеткендер мен кішкене балалар жайлы, шынымен, көптеген жан шошытарлық оқиғалар кездесіп жүр.

Әсіресе, халық көп шоғырланған облыстарда мұндай оқиғалар көптеп кездесуде. Мысалы, ОҚО облыстық соты соңғы 3 жылда балаларға қатысты зорлық бойынша 56 қылмыстық іс қозғалыпты. Соңғы үш жылда осынша адам балаларға қатысты жасалған зорлыққа кінәлі деп танылған. Мұндай деректер 2010 жылы -12, 2011 жылы — 24 болса, өткен жылы 12 рет тіркелген. Қазіргі таңда,бұл есеп жылдан жылға өсуде.  Солардың кейбіреуін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз. Осы жылдың 20тамызында Ақтаулық полицейлер 6 жастағы қызды зорлаған педофилді қолға түсірген. 32 жастағы азғын ойын баласын айуандықпен азаптаған.Оның кішкентай қызға сексуалдық қысым көрсеткенін арнайы сараптамамен дәлелденген.Сонымен қатар,Жамбыл облысында үш жарым жасар баланы зорлаған 55 жастағы  қарт, өлі қыздың денесін үйінде тоңазытқышта сақтаған. Мұны жасырған әйелі 5 жылға, күйеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал, Алматыдағы Тастақ-1 ықшам ауданында жергілікті тұрғындар қыз баланы құшақтап, алып кетпекші болған педофилді өз қолдарымен ұстап полицияға тапсырды. Бағына орай, жеткіншек айласын тауып, педофилден қашып құтылған. Бұл жағдайға көрші тұрғындармен қатар, сәбидің әкесі де куә болған.

Тек Қыркүйек айынан бері республикамызда 5-тен астам іс белгілі болды. Тағы бір айта кетер жайт аталған оқиғалар арасында соңы өліммен аяқталған оқиғаларда кездесіпті. Көңілге қонымды жаңалық айтар болсақ, соңғы мәліметтер бойынша, мұндай жағдайларға төтеп беру, алдын-алу мақсатында көптеген жаңа заңдар мен іс-шаралар қарастылуда.

"Соңғы жылдары сексуалдық зорлық проблемасы ушығып кетті. Әсіресе балаларға қатысты жасалған деректер қорқынышты. Себептер мен шарттар адамгершілік және құқықтық мәні бар бірқатар проблемалардан туып отыр. Осыған байланысты мемлекет қылмыстың бұл түрін азайтуға бағытталған шараларды қабылдады. Шетелдік тәжірибе қолданылды", - делінген ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитеттің хабарламасында.

Бұдан өзге жаңалықтар топтамасында, ғаламтор парақшаларында өрбіп жүрген оқиға жетерлік. Осыдан бірнеше ай бұрын Ақтөбе қаласында мынадай сұмдық жайт болды.  Туыстарының үйіне келген 22 жасар жігіт үйде жалғыз қалған 8 жасар немере қарындасына зәбір көрсеткен. Арам ойын іске асырған қылмыскер қазіргі таңда заң бойынша сотталып, абақтыда өз жазасын өтеуде.  Мұндай оқиғаның бір ғана мысалы . Айтылмай қалған сыр қаншама әлі .

Адам – қоғамның бір бөлшегі. Күннен-күнге арсызданып бара жатқан мына қоғам адамдарын «адам» деп атауға бола ма өзі? Бірі ақ некелі аялы жарын, бірі бесіктен белі шықпаған жас баланы қорласа, оған физикалық күш көрсету немесе балағаттау арқылы өз үстемдігін көрсетуге тырысатындарды «еркек» деп атауға келе ме? Әлем де, еліміз де күн санап өсіп келеді, дамып келеді. Ал азғындар саны азаяр емес, әттең...

Автор:
Аймарал ДАУЛЕТБЕК, Назерке ТЛЕУБАЕВА